Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Бақытбек Қадыр. Шаштараз...

25.04.2024 1667

Бақытбек Қадыр. Шаштараз 14+

Бақытбек Қадыр. Шаштараз - adebiportal.kz

әңгіме

Далада жаңбыр төпелеп тұрған. Әкелі-балалы екеу шаш салонына кірді де, бір мезет аңырып тұрып қалды. Әкесі бұрылып сыртқа қарады. Күзгі қара нөсер. Сөйтті де, екеуі есік жақтағы ұзын орындыққа жайғасып, амалсыз кезек күтті. Бала үрпиіп әкесіне қарай тығылды. Сәлден кейін бойы жылынған бала әкесінен әрнені бір сұрай бастады:

– Әке, шаш қайдан шығады?

– Мүмкін мидан шығар.

– Онда мұрт қайдан шығады?

– Білмеймін.

Алдындағы адамның шашы тез алынып бітті. Кезегі жеткен соң әкесі баланың сырт киімін шешіп, шаштаразға қарай алып барды.

– Біз бұрыннан осында бір кісіге тұрақты шаш қидыратын едік.

– Ол кісі енді мұнда істемейді. Бұл – жаңа салон. Қане, баланы отырғызыңыз. Тәк, балақай, міне, осылай. Үлкеніңіз бе?

– Үлкенім де, кішім де осы.

– Таудай жігіт болсын!

– Әумин! Мойнымызға бұршақ салып, әулиеден әулие аралап көрген жалғызым еді.

Шаштараз баланың шашын тарап жатып, жып-жылтыр сары айдарына қайран қалды. 

– Атың кім, батыр?

– Айдар.

– Айдарың да өзгеше екен. Нешедесің?

– Жетіде.

– Дұры-ыс. 

Күз нөсері бір сәт демін ішіне тартқан. Шаш та қиылып бітті. Айдар күндегіден де сүп-сүйкімді болды. Бұлар соңғы келуші-тұғын. Рақметін айтып, шығып кетті. 

Жұмыс уақыты аяқталған. Шаштараз жұмыс орнын ретке келтіріп, түскен шаштарды сыпырып жатып, кенет манағы өзгеше айдардан түскен шашты көзі шалды. Бір уыс сары шаш жарыққа шағылысып, болмашы жылт-жылт етіп көзді арбайды. «Мүмкін алтын болар» деген ойы басында  күлкілі көрінген. Бірақ бөлек түскен сары шашты целлофан пакетке салып жатқанда есіне Марат деген танысы түсті. Оның жұрт білмейтін аса бір құпия жұмысы бар-тын. Ол – алтын қорыту. Әртүрлі техникалық құралдардың қалдығынан болымсыз алтын шығарып алатын ұста-тұғын. 

Шаштараз жұмыстан кейін айдарды соған алып барды. Бір уыс шашты әртүрлі химиялық элемент құйылған құтыларға салып, әрі-бері сапырыстырып шайқап көрді. Тағы бір ыдысқа марганцовка тәрізді бір сұйықтықты құйды.

– Мынау кәдімгі құйма алтын болды! Ненің қылшығы-ей, бұл? – деді ұста микроскоппен сығалап тұрып.

– Баланың.

– Мынау – жоғары сападағы алтын. 

– Рас па?

– Рас. Мұны қайдан алдың?

Шаштараз ойланып қалды. Ішіне қулық бүкті. Әрине, мұны ұста да ұғып тұр.

– Қайдан алғанымды қайтесің, әкеліп тұрсам болды емес пе, жақсы бағаға алсаң, әрине.

– Болды.

– Басқа әңгіме болмайды деп сенемін.

– Сен!

Ғайыптан тайып қолына қомақты қаражат түскен шаштараз бұл оқиғаға әлі таң-тамаша. «Енді ол әке мен бала қайтып мұнда келе ме, жоқ па? Мүмкін басы толған алтын шығар?.. Оны иемденсем... Ен байлыққа кенеліп, балқып-шалқып өмір сүрер едім» деген ой миынан шықпай қойды.

***

Қаланың шет жағындағы тығыз орналасқан шағын ауданда елеусіздеу ғана күн кешіп жатқан әкелі-балалы екеудің бұйығы да тыныш өмірінің шырқы бұзыла бастады. Селеуленіп өскен арпаның басындай сары жылтыр айдары желкілдеген бала қаннен-қаперсіз аулада әрі-бері жүгіріп ойнап жүрген. Бір күні әкесі баласының жанында тұрған бөтен біреуді көзі шалды. Әуелі терезені ашып, сәлем бермек болып оқтала беріп, тоқтай қалды. Өйткені оның әрекеті күмәнді көрінді. Қайта-қайта айдарын сипап, басқа бір жақты нұсқап, алдап-арбап тұрғандай. Айдар ештеңе ұқпады ма, жүгіріп достарына қосылып, ойнап кетті. Мұндай күдік туғызарлық әрекетті әкесі екі-үш рет байқап үлгерді. Сөйтсе бұл әлгі шаштараз екенін, баласын қақпақылдап торып жүргенін ұқты, бірақ неге өйтіп жүргенін түсіне алмады.

– Балам, манағы бейтаныс кісі не сұрайды, не айтады?

– Әлгі шаштараз кісіні айтасыз ба?

– Иә, соның дәл өзі?

– Қашан шаш қидыруға келесіңдер дейді. 

– Тағы да не дейді?

– Жүр, шашыңды мынауский қылып қиып берейін дейді. Өзі қызық, шашымды сипай береді. Онысы маған ұнамайды.

Әкесі іштей тынды. Түс ауа екеуі базарға шыққан. Жолай көрші кемпірге ұшырасты.

– Амансыз ба, апа!

– Бақуатты болыңдар, айналайын.

Кемпір сәл тұрып, әке мен баланың бетіне барлай қарады:

– Әй, әбіржіп жүрсің ғой.

Әкесі қипақтап, жорта күлді:

– Артынып-тартынып қайдан келе жатырсыз? – деп сөзін бөліп жіберді.

– Базардан келе жатырмын, – деп кемпір, айдардың басынан сипады. – Алтын айдарлы бала, алтын бала өзі. 

Кемпір пакетін қайта көтеріп жүріп кетті. «Алтын айдарлы бала, алтын бала» деген сөз әкесінің құлағында қайта-қайта жаңғырып тұрды.

Бұлар базардан тез қайтты. Бірақ әкесіне ту сыртынан әлдебіреу аңдып баспалап жүргендей, өкпе тұсынан өңмеңдеген екі көз қадалып тұрғандай сезілді. Ол әлсін-әлсін артына бұрылып қарай берді.

– Әке, неге артыңа қарай бересің?

– Қойшы, Айдар, сұрамайтының жоқ сенің. Бол, бас аяғыңды.

Әкесі баласын жуындырып, шашын тарап отырған. Әлгі адамның әрекеті, манағы кемпірдің «алтын айдарлы бала» деген сөзі және жып-жылтыр сары айдары әкесіне: «Мүмкін бұл рас алтын шығар» деген ойға қалдырды. Сол-ақ екен әкесінің бойын үрей билеп, зәресі ұшты. Дегбірі қашты. Жар дегенде жалғыз ұлының тарғалаң тағдырына налыды.

***

Жетім ұлын жетелеп салонға тағы барды. Бұл жолы да ел аяғы арылған, кешкі уақыт еді. Кезек күттірген жоқ, ылдым-жылдым алтын айдарлы ұлдың шашын мейлінше тақырлап алған. Әшекейлеп, әспеттеуді шаштараз мүлде ұмытқандай. Баланың шашын жерге түсірмей, салып алды.

– Ер баланың шашын аяққа бастырмау керек, – деді ол әкесі сезік алып қалмасын деген оймен. Әйткенмен, әкесі әлде нені сезіп те отыр... 

– Рақмет, міне, мынау ақшаңыз. Баламның шашын өзіме берсеңіз, – деді әкесі, шаштараздың жүзін барлап. Шаштараздың сасып қалғанын да әкесі қалт жібермей бағып тұрған. Бекер шаш емес екенін ұққан әкесінің де ішіне біртүрлі ой жүгіріп өткен-ді. «Оның иесі менмін, өзім неге игілігін көрмеймін...» деген. Баласына қарады. Ол бір сәт бауыр еті баласы емес, құтты бір құнды бұйым секілді көрінген... Мұның ойын баланың жәудірген көзі бөлді.

– Жо, саспаңыз... Шашты аяқ асты қылмаймыз, өртеп отырамыз.

– Баламның шашын жинап жүретін едім.

Шаштараз сәл кібіртіктеп:

– Шаш иесіне қайтарылмайды мұнда!

Әкесі бұдан әрі сұрамауды ұйғарды. Шашының бағалы екенін білмеген сыңай танытуым керек деп түйген. 

Сөйтіп, шаштаразға бұл жолғы шаш та оңай олжа болды. Ол одан бетер құныға түскен. Дүниеде қарақұрдымнан кейінгі терең нәрсе болса, ол – қанағатсыз адамның құлқыны шығар, сірә. Ал іштегі күдігі шындыққа айналған бейбақ әке баласын жетелеп, тұрған жерінен бір-ақ түнде ізін суытты. 

***

Осынау үрейлі қара бұлт барған сайын ұлғайып, төніп келе жатқан аждаһаның аузынан жырақ кетуге жігері жеткенімен, қолдың үпі-тәпі қысқалығы алысқа құлаш ұрғызбады. Сол қаланың келесі бетіндегі іркес-тіркес қаланған итарқа пәтерлердің бірін паналаған. Әкесінің ендігі мақсаты – баланы адам көзінен таса, тығып ұстау-тұғын. 

Күн артынан күн өтіп, ай артынан ай өтті Айдардың сары жылтыр айдары желбіреп өсе берді. Оны өріп қоятын болды. Бала тысқа шығып, күннің көзін көргісі келеді, алайда бәрі тас жабылған. Есікте екі қабат құлып, терезеге жапсырылған үлкен көкала газеттер бөлмені тұмшалап тұр. Баланың бар көретіні сол. Газеттердегі әдемі суреттер. Жарқын жүздер. «Шіркін, ержетіп, осынау жарқын да жарық әлемді көрсем ғой» деп қиялдайды. 

Газеттерге қарап тұрған ұлына:

– Балам, бұл газеттердің арғы жағына қарауға болмайды. Терезені мүлде ашпа! 

– Неге, әке?

– Өйткені оның ар жағы өте қорқынышты, онда бізге өмір жоқ, өлеміз.

– Өлу деген не, әке?

– Ол анаңның кеткен жағы.

– Ол жақ жақсы ма?

– Білмеймін...

– Сол анам жүрген жаққа кетіп қалайықшы.

– Тек! Олай айтуға болмайды.

– Айтуға болмайды, қарауға болмайды, шығуға болмайды, ойнауға болмайды. Болмайды, болмайды, болмайды... Мына телевизордан жалықтым, әке, – деп бала бұртиып, төсегіне бүк түсіп жатып алды.

– Жарайды, балам, мен базарға барып келейін. Сен мултигіңді көріп, тып-тыныш отыр. Саған базардан мынауский ойыншық алып келем, – деді.  «Ура-а-а!» деп бала айғайлап, үйдің ішін айналып жүгіре жөнелді. 

– Тыныш, балам, айғайлама, көршілер шағымданады. 

Айдар состиып тұрып қалды. 

– Жарайды, әке, ақылды болам. Маған базардан автомат алып келіңіз. «Дұ-дұ-дұ» деп атам оларды, – деді бала айбар шегіп. 

– Кімді атасың?

– Бізді өлтіргелі жүргендерді. 

– Тәйт, ары. Қайдағыны айтпа.

Бала әкесінің мойнына асылып, еркеледі. Әкесі де жұмсарып:

– Жарайды, балам, мен саған күшті автомат ойыншық әперейін. Тек тыныш отыр, келістік пе?

– Келістік. 

Әкесі есікті сыртынан бекітіп, базарға тартты. Біраздан соң ауладағы армансыз айғайлап, шуылдап ойнаған балалардың дауысы Айдарды еріксіз еліктіре түсті. Бірақ әкесіне берген уәдесінде тұрамын деп, тек терезеден даладағы қызыққа құлақ түріп тың тыңдады. «Шіркін, анау бақытты балалармен емін-еркін жүгіріп ойнар ма едім...» деген ой келді. Кенет құлағына өзінің есімі естілгендей болды. «Айдар, Айдар, Айдар!» деп тұрғандай. Әлде Айбар, Қайдар ма? «Дар-дар-дар» деген дыбыс қана анық естілді, қалғаны балалардың шуылымен араласып кетті. «Мүмкін балалар әкемнің кеткенін көріп, мені шақырып тұрған шығар» деп бір ойлады. Газеттің бір шетін тырнап, сығалап көргісі келді. Бірақ оны әкесі көрсе, таяқ жейтінін біледі. Не де болса, порточканы ашуға бекіді. Ақырын ғана жартылай саңылаулатып ашқан. Даланың таза ауасы бөлме ішіне лап қойды. Көптен даланы көрмеген баланың көзі жарыққа қарлығып тұрып қалды. Оған қоса қаланың батыс жағына қызыл шашын жалбырата төккен ащы күн сәулесі баланың көзін қарып жібергендей болды. Әлдене уақыттан кейін көзін ашса, бір топ ұл күресіп ойнап жүр екен, қызығып кетті... 

Кеш түскен уақытта есік тықырлағандай болды. Бала жалма-жан телевизордың алдына отыра қалды. Бірақ есікті әлдебіреу бұзып жатқандай, тықыр-тықыр етеді. Әдетте әкесі үйге тез кіретін. Есік саңылауланып жартылай ашылды. Әуелі мылтықтың басы көрінді, содан кейін екі көзі ғана жылтыраған, қара тымақты басып киген біреу кіріп келді. Бала баж етті.

– Ха, ха, ха! 

Әлгі адам басындағы бүркенген тымағын алғанда барып, өзінің әкесі екенін таныды. Қорыққаны басылған бала тез қуанды. Автомат ойыншығын бас салды. «Өзі күндегіден көңілді, қунап алыпты. Баламысың деген, ойыншыққа мәз болып қалған шығар», деді әкесі іштей. Алайда терезенің арғы жағындағы әлем әкесі айтқандай құбыжық емес екенін ұққан бала алғашқы тәжірибеден кейін ебін тауып сыртқа шығуды да ойлап қойды…

***

– Әке, автоматтан да жалықтым. Менің ғалым болғым келеді. 

– О-о-о, міне, жаңалық, – деді әкесі. 

– Маған бүгін базардан телескоп ойыншық әкеліп беріңізші, мен ғарышты зерттеуім керек. Әкесі сәл ойланып тұрды да, оған да көнді.

Айдар терезенің саңылауынан далаға армансыз қарап, балалардың ойынын қызықтады. Базарға кеткен әкесі кешікті. Кеш түсті. Кенет есік өткендегідей қорқынышты тықырлады, тіпті біразға дейін есікті аша алмай тұрғанын түсінді.

– Әке, – деді бала есікке жақын келіп. Үнсіз... Тағы да бірнеше рет «әке» дегенімен, ешкім тіл қатпады. Үнсіздік үрей шақырды. Айдар автоматын қолына алып, есік жаққа таяды. Әлі тықырлатып жатыр. Сосын жүгіріп, терезені ашып, сығалап еді, дала тым қараңғы болып кетіпті. Сөйткенше есік те ашылды. Басында қара тымағы бар, бірақ бетін бүркемеген екен.

Бала автоматын кезеп:

 – Қозғалма! Атып тастаймын, – деп зекіп қалды.

Анау шындап састы. Басы алтын адам өзін қорғау үшін, расында, қолына қару алып тұрған болар деп ойлаған сыртан кірген адам. Бірақ бала оның жүзтаныс екенін тез аңғарды.

– Шаштараз? – деді көзі бақырайып.

– Иә, балақай мен ғой. Қане, түсір андағыңды шошаңдатпай, – деді ол да көлгірси күлімдеп. Өзіне төніп тұрған мылтықтың араны төмен түскенде барып, оның ойыншық екенін бір-ақ білді. 

– Сіз қайдан жүрсіз, әкемді көрдіңіз бе? – деді бала, дәп бір жанашырына тап болғандай.

– Иә, әкең біздің салонда. Маған Айдарды алып кел, шаш қидырамыз деді.

– Міне, көріп тұрсыз ба, басымда шаш аз ғана. Өткенде ғана әкем өзі алып тастаған.

– Ой, қайдан білейін, әкең алып кел деген соң келіп едім.

– Сонда далаға шығамыз ба?

– Енді ше?

– Онда мен қазір тез киінейін.

Бала жүрігіп, асығыс-үсігіс киіне бастады.

– Айтпақшы Айдар, әкең шашыңды қайда қояды?

– Білмеймін, аға. Пакетке салап, тығып қояды. Әр кез базарға кеткен кезде үйден қоқыс шығарады. Сол кезде тастаған шығар.

– Ә, солай ма? Бол, бол, кеттік, әкең күтіп қалған болар.

*** 

Олар сүлікқара мерседеске отырды да, салонға жетті. Бала ішке жүгіріп кірді. «Әке-е-е» деп дыбыстап еді, ешкім көрінбеді. Бала бірдеңеден секем алғандай: 

– Әкем қайда, күтіп отыр деп едіңіз ғой?

– Қазір келеді, бір жаққа шығып кеткен болар. 

Ол жорта жымиып, жылпылдап:

– Қазір мен саған шай қояйын, алтыным, – деді де бір бөлмеге кіріп, тез шықты.  – Айдар, бері кел, әкең келгенше мен сенің шашыңды әдемілеп реттеп қояйын, қане-қане, кел.

Бала көңілі алабұртып, амалсыз басы салбырап айнаның алдына жайғасты. Әжептәуір өсіп қалғандай сезінді өзін. 

Алдына алжапқышын жапқан шаштараз да арт жағынан келіп қалыпты. Кенет қарақұстан ыршыған қан айнаға шашырады... Шаштараз баланың бас терісін сойып, кішкентай миды целлофан пакетке салып алды да, жүріп кетті...

Қара пакетті ұстаның алдына тастай салды. Ұста ми мен бас тұлыпты ұстап көрді де, көзі шарасынан шығардай болып: 

– Ойпыр-ай, бұл не бәле тағы? – деді қолы дірілдеп.

– Баланың миы, алтын ми. Іші толған байлық! – деді шаштараз нығызданып.

– Астапыралла! Қой, атама, аулақ!

Шаштараз міз бағар емес. 

– Ержан-ау, сен түрмеден шыққан соң не деп едің? Енді қылмыс істемеймін, шаштараз болып, адал ақша тауып, тыныш өмір сүремін деп ант-су ішкенің қайда? Мынау неткен қаныпезерлік?! – деді ұста.

– Ей, шал, көп сөзді қысқарт! Мен қылмыс жасайын деп жасамаймын. Қылмыс өзі келіп маған жабысады, а-ха-ха-ха! Қане, тексер анауыңмен. 

– Қой, мен мұны тексере алмаймын, – деді ұста қан болған қолына қарап.

– Көп сөзді доғарыңыз, – деді шаштараз ышқырына қыстырған жан құралын сыртынан қолымен сипап-сипап қойып. 

Ұста баланың миын әрі-бері шайып көрді. Қолында діріл бар. Шекесі шып-шып терлеп те кеткен. 

– Мұнда түк жоқ, – деді амалсыз басын көтеріп.

– Жоғы қалай? Бұған дейін әкелген шаштан алтын шықты емес пе?!

– Қайсы әлгі жылтыр сары қылшықты айтасың ба?

– Иә, сол осы бастан шыққан! Әлде сен ол шаштан алтын тапқаның өтірік пе?!

Ұста күмілжіп қалды. Сөйтті де, ойына бірдеңе түскендей:

– Мүмкін алтын басында емес шығар. Өйткені, адам бойында түрлі метальдің болатыны рас. Бірақ ол қанша мөлшерде, қайда болатынын мен білмеймін. Мәселен, шаш пен бауыр – тығыз байланысты ағзалар. Бәлкім, бір болса, бауырда не қанның құрамында болар... 

Шаштараз бұл уәжге сәл түйткілсі де, «мен, қазір» деп ұстаханадан шығып кетті. Ол салонға келіп, баланың мүрдесін алып кетпекші болған. Алайда салон ішінде мүрде жоқ болып шықты. Айнаға шашырап, айғыздалған қанның ізі ғана қалған. Бала ізім-ғайым жоқ болып кетіпті. Шаштараз не істерін білмей, аңырып тұрып қалды... 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар