Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
Бақыт Бәйтібаева. Тарғыл мысық...

07.03.2024 694

Бақыт Бәйтібаева. Тарғыл мысық 12+

Бақыт Бәйтібаева.  Тарғыл мысық - adebiportal.kz

әңгіме

Тарғын деген жүз шақты ғана үйден тұратын шап-шағын ауылдың  тозыңқырап  қалған шапалақтай ғана үйінде тұратын  Тәттікүл әжейдің  мазасы кетті. Жо-жоқ, мәселе жалғыздығында емес, оған үйренді ғой.  Таңғы шәйін де, түскі шәйін де, кешкі шәйін де жалғыз ішіп үйренген. 

Бірде... күздің қара суығы сықырлай еніп, азынай бастаған үйіне от жағудың қамымен  отын алып келмекке есіктен шыға беріп...  о, тоба... сенектегі үстелдің  үстінде тұрған  сұр тегештегі сүттің ішіне сүңгіп кетіп, рахаттана малтып жүрген сұр тышқанды көріп қалды.  Ииии... жиіркенішітісін-ай.... Тәттікүл әжей сұр тегешін көтеріп, көрші тұратын Гүлсинаның ауласына  қисалаңдай кіріп, иттің астауына тышқанымен қоса, сүтті түбімен көтеріп, құя салды.

 Сексенге келіп қалған қарт адам ғой, ұйқысы сақ, бір тықырдан оянды.  Тың тыңдағандай құлағын түріп жан-жағына қарап алып, дыбыстың ас бөлме жақтан шығып жатқанын естіді.  Барып қараса.... еденде тұрған  қазанның ішіне бір тышқан кіреееп алеееп, ішіндегі кеспені өкіртіп  жееееп отыр... сен кімсің дегендей моншақтай көздерімен Тәттікүл әжейге қарап қояды. Тіпті, қашайын, тығылайын деген  ниеті де байқалмайды.  Әжей сасып қалды. Қолына түскен қысқышпен әрі соққылады, бері соққылады, кеспеге тойған тышқан малтығып, әрең қашты.

 Жүгіріп барып, дәрі алып келейін десе базары да  дүкені де жоқ шағын ғана ауыл. Жо-жоқ, бір дүкен бар, қант-шәй сататын, болғаны сол. 

Әжей қол-аяғының сырқырап, белінің бастырмай тұрғанына қарамастан,  ертесінде жолға шықты.  Ауылдан екі сағаттық жердегі қалаға. Дәрі-дәрмегін көтеріп әкеп, азын-аулақ зейнетақысына ортақтасқандарды құртпақшы. Бұйыртқанда, күздің қара суығында  аялдамада, желдің өтінде автобус күтіп тұрған әжейді әрлі-берлі ойқастап жүрген бір таксиші бала ала кетті.  Жол-жөнекей жөн сұрасып қояды. Әжейге де керегі сол екен, не мазалап жүргенін жайып салды. «Дәріні қайтесіз, одан да бір мысық алып келсеңіз, өзіңізге де жақсы, әйтеуір серік болады» деп, ақылын да айтып қояды. Қалаға  жетісімен, автостанцияға тиіп тұрған базардың кіре берісіне түсіріп кетті. Тәттікүл әжей жан-жағына қарап, қалай жүрерін ойластырып тұрғанда, «берите котенка, приученный котенок» деген  әйел дауысын естіп, қолындағы таяғын тықылдатып, солай қарай бұрылды.  Әйтеуір, бір адамның жақындағанын көріп, әлгі әйел қуанып кетіп, «берите бесплатно» деп біраз өсіп қалған бала мысықты әжейге тықпалап жатыр. 

Тәттікүл әжей енді жалғыз емес, тарғыл мысығы бар. Ол да пысық неме екен, бір күн маңайды барлап алғаннан кейін, кеспе көже жегіштерді тықырлатып тұрып қуалай бастады. Ойыны қанып болғасын, пештің түбіне жатып, пырылдап ұйқыға кетеді. Енді қазір Тәттікүл әжейдің ұйқысы да тыныш. Екі аптадай өткенде, Гүлсина көрші үйге сөйлей кірді:

- Әже, анау мысығыңызды біраз уақытқа бізге бере тұрыңызшы.  Аналар түнімен жиналып алып,  сықылықтап тұрып күлеме-ей өздері, әлде, өлеңдете ме, болмаса тансы ұйымдастыра ма, қыздарын ұзатып жатыр ма, ұлдарын үйлендіріп жатыр ма, білмеймін, әйтеуір, тура табалдырыққа жиналып алып, бірдеңені мейрамдатып жатады. Әрлі-берлі жортқанда, құдды бір тай жарыс өтіп жатқан сияқты, тапырақтайды-ай келіп рахаттанып. Ұйқы кетті бізден, жатарда қасымызға қолғап, шәпкі, байпақ сияқты бірдеңелерді қойып аламыз да  қалқан құлақтар жиналыстарын енді аша бастағанда жібереміз-ай келіп соларға қарай. Бір-екі сағатқа тыншып қалады. 

 Көрші сұрап тұрғасын, тарғыл мысық Гүлсина көршінің үйіне кетті.  Бір аптадан кейін Гүлсина көрші келіп тұр жыламсырап: 

- Обал екен, тіпті. Түнімен сықылықтап ұйқы бермесе де, біраз үйренісіп қалыппыз. Мынау тарғыл, төсегіміздің түбінде жатқан еді, қалқан құлақтар әндете бастағанда тура ғана атылды дейсіз. Шыңғыртып байғұстарды қуалады дейсіз. Тіпті, жаным ашып кетті соларға. Түнімен, жүрегім ауырып шықты. Тағы біп апта жүре тұрсыншы, қорадағы бидайымыздың да түбі тесіліп қалып еді...

Екі аптадан кейін тарғыл мысық Тәттікүл әжейдің үйіне қайтып келді.  Күндіз терезеден түсетін күн шуағына бүйірін жылытып, керіліп-созылып  жатады, кешкісін пештің түбіне қонжияды. 

Қара күз кетер-кетпестен, қақаған аяз басталды. Тарғыл мысықпен Тәттікүл әжейге көңілді. Кешкі асын ішкенде тарғылына да сүт құйып, кеспе көжесінен салып береді. Сондай кештердің бірінде ауылдың ано-о-оу басында тұратын,  жөпшеңкі ешкімді менсіне бермейтін, бәріне бұйырып сөйлейтін, демікпесі болғандықтан ысылдап жүретіндей көрінетін адуынды  сары бәйбішенің  шынашақтай ғана қара торы келіні кірді амандасып. 

- Әжей, амансыз ба. Апам жіберді, өткенде Гүлсина айтып еді, тарғыл мысығыңызды алып, бір тыншып қалдық деп. Биыл қыс қатты басталды ғой, содан ба, тышқандар үйге өріп кетіпті. Тіпті, шыдай алар емеспіз.  Қоймадағы қаптардың бәрін тесіп тастапты. Жаз бойғы еңбегіміз ғой, тіпті, қоймай бара жатыр бұлар.  Ренжімесеңіз, анау мысығыңызды бере тұрыңызшы, қалаға барып алып келейік десек, борасыннан жолды жауып  тастапты.  Анау, үйдегі отағасы барып еді, жол ортадан қайтарыпты... Өткенде соғым сойып едік, апам сізге бір асым ет беріп жіберді...

Тарғыл мысық қара торы келіншектің шәлісіне оранып, сары бәйбішенің үйіне біраз уақытқа қоныс аударды. Қора-қопсысы көп, ауласы ат шаптырымдай, ауласы малға толы  ауқатты тұратын жандар ғой, тарғыл мысық сол үйде бір айдай жүріп қалды. Тәттікүл әжейдің қолына  бала мысық әжептәуір қоңданып, есейіп, ересек мысық болып оралды. Алып келген де сары бәйбішенің өткендегі қара торы келіні.

- Рахмет апа, мысығыңыздың арқасында құлағымыз тыншып қалды. Өткенде сиырымыз бұзаулап еді, міне, сізге біраз уыз ала келдім.   

Уызды естігенде  Тәттікүл әжейдің сілекейі ағып, көздері жасаурап  кетті. Уыздың дәмін татпағалы қай заман... кем дегенде он жылдай өткен шығар... ақсақалы бар кезде, жыл сайын уызға да, басқасына да қарқ болып отырушы еді... енді, міне... 

Тәттікүл әжей қалтыраған қолдарымен уызды орамасынан шығарып, жыламсырап, дәмін татып көріп жатыр... 

Қыс қаһарына мініп, борасындатып, үріп тұрған қаңтардың бір кешінде:

- Апа, қалайсыз? Есен-аман жүріп жатырсыз ба? Денсаулығыңыз  жақсы ма? Ештеңеден таршылық көріп отырған жоқсыз ба? Отын-көміріңіз жете ме? Мына үйіңіз суық емес пе? Ас-суыңыз жеткілікті ме?- деп, бастырмалата сөйлеп, әкімшілікте істейтін  жасы отыздарға жетіп қалған мұртты бала кірді.

Тәттікүл әжей таң-тамаша. Әншейінде, іздеп барсаң, орнынан таппайтын неменің екі кештің арасында  үйге кіріп, амандық-саулығын сұрап жатқаны несі-ей? Жұрт деген қыстың қамын жаз ойлап, ерте-бастан қамданып алмас па. Әлде... жоғары жақтағылар жалғызілікті қартаң жандарға көмек беріңдер деп нұсқау жіберді ме?

- Кешкі шәйімді ішейін деп отыр едім. Дастарханға жайғас. Жәй жүрмеген шығарсың, бұйымтайыңды айт, – Тәттікүл әжей кісі қара келсе деп тығып қойған кәмпит-сәмпиттерін шығарып,  дастарханға салып жатыр.

Әкімшіліктегі мұртты бала  жәй отырмай, жан-жағына қарағыштап отырады екен:

- Мына ас үйіңіз от жағатын болғасын ба, аздап кіршеңденіп қалыпты. Ертең безработниктерді жіберейін, ағартып, қағып –сілкіп берсін.

Тәттікүл әжейдің таңданысы арта түсті. Мына немелердің үстінен біреулер шағымданып, жоғары жақтағылардан сөгіс естіді ме, әлде, аязбен бірге ақылдары да кіріп, қарттарға қарауды қолға алды ма екен, мынасы несі?

- Апа, былай ғой... тышқан жылы болғасын ба, әлгілер үйде атой салып кетті. Үш-төрт күн бұрын, тапырақтап менің жастығыма шығып алып, құлағымды кеміріп жеп қоя жаздады. Өзіңіз білесіз, қаладан дәрі-дәрмек алдыртқанға жол жабық,  оның үстіне, кішкентайымыз еңбектеп жүр ғой, сол неме бірдеңесін аузына салып, жұтып қоя ма деп қорқып... келініңіз Гүлсинадан естіпті, тарғыл мысығыңыз ерлеп тұрған көрінеді, соны сұрай келіп едім. Бес-алты жылдай бұрын болған мысығымыз, келініңіздің ортаншымызға аяғы ауыр кезде аллергиясы шығып, содан тауға апарып тастадық, - Тәттікүл әжейдің құйған шәйінен ұялыңқырап ұрттап қояды. – Малмен айналысатын шаруа қожалығы, өзіңіз білесіз, біздің ауылдық округке қарайды, қыстық соғымыңыз жоқ шығар, содан бір қой алдыртып берейін. Еш қорықпаңыз, бір-екі безработниктерді жіберем, өздері сойып, ішек-қарнын тазартып береді. Қар да аулаңызда үйіліп қалыпты... келіп, немесе звандап айтсаңызшы, безработниктерді жіберем ғой,  келіп, ауланы тазартсын... шатырыңыздан су ақпай ма, тесіліп тұрған жоқ па? Жаратын отыныңыз бар ма, айтайын безработниктерге, келіп, жарып берсін...

Тарғыл мысық мұртты баланың үстіндегі тонның ішіне сүңгіп, басқа үйге жол тартты. 

Кешегі келген әкімшіліктегі бала айтқанын екі етпейді екен. Отын жарамыз, қар күрейміз деп, алпамсадай болмаса да сүймен-күрегін ұстаған, қырықтың қырқасына жетіп қалған екі азамат келіп, ауладағы қатып қалған қарға сүймендерін кірш-кірш қадап, келген шаруаларына қызу кірісіп кетті. Олармен қатарласып, білектерін сыбанып, үйді әктейміз деп екі келіншек келді. Әй-шәйға қаратпастан, үйдегі көрпе-төсекті шығарып, қағып-сілкіп, терезенің перделерін жуып, кеш батқанша үш бөлмені, ас үйді әктеп, жуып-шайып тастады. Тәттікүл әжейдің  пісіріп дайындап қойған қуырдағына да қарамады. «Ұят емес пе, оныңыз не?»  деп қояды біреуі. Тәттікүл әжейдің  көздері жасаурап шыға келді:

- Кісі-қарамен отырып, шәйімді ішпегелі қай заман. Көпшіл жан едім,  сендермен әңгімелесіп, кешкі ас-суымды ішейін дегенім ғой.

- Болмайды, апа. Әкімдіктегілер білсе, ұрсады. 

- Әжейдің көңілін қимадық дей саласыңдар, ұрсып жатса, мен өзім айтып түсіндірейін, - деп Тәттікүл әжей үйді ағартқан екі келіншекті әрең көндірді. Аулада жүрген азаматтар азарда-безер болып, әжейдің  дастарханына жоламай, үйлеріне кетті.

Бір аптадай өткенде, есіктің алдына салдырлап-күлдірлеген ескілеу машина бүкіл көшені басына көшіре шиқылдай тоқтап, жүк салғышынан тыпырлатып бір қойды  шығарып жатқан біреуді көріп қалды әжей терезеден. Көнетоздау тонын иығына жамылып, шоңқайып қалған пимасын  тартқылап киіп үйден шығам дегенше,  қойды өңгеріп алған,  елуді еңсеріп қалған, бет-жүзін жел-күн қағып, аяз қарыған беті күреңітіп кеткен біреу сенекке кіріп келе жатыр.

- Мынаны сізге  апарып берсін деп айтты, қай жерге байлайын? 

Тәттікүл әжей сасқалақтап, жөпшеңкіде жіп тапсайшы. Әйтеуір, қолына іліккені халатының белбеуі болды. Қойды сенекте тұрған үстелдің сирағына байлап, қош айтысып, «үйге кірсейші» деген Тәттікүл әжейдің сөзін жүре  тыңдап, адымдай басып ауладан шығып, қас пен көздің арасында жоқ болды. Сенектен қойдың маңыраған дауысы естіліп, Тәттікүл әжей отағасымен өткен өмірін, аула толы малдарын, көктем шыға қорадан жамырап шығатын қошақандарын, терезенің алдында күн шуақтап секеңдеп, шұнаңдап жүретін лақтарын  есіне алып, тәтті ұйқыға кетті.

Таңертең, салқындап қалған үйіне от жағумен әлектеніп, пештің күлін шығарып, отын тұтатып, мұржасынан түтін сыздықтата будақтай бастағанда  Тәттікүл әжеймен амандасып, өткенде ауладағы  қарды шығарған азаматтың бірі кіріп келе жатыр. Қасында әжей танымайтын, басына орамал  тартқан  тыриған арық бір келіншек.

- Әкімдіктегілер жіберді, қойыңызды сойып берсін деді.  Пышағыңыз бар ма, біз өзіміздікін ала келдік, - әжейдің жауабын күтпестен, әлгі неме еш уайымсыз тұрған қойды бақыртып, далаға сүйрей жөнелді.

Тыриған келіншек те тегене-табақтың қайда тұрғанын сұрап, тұз толы ыдысты қолына ұстап, шығып кетті.

Әжей,  сенекте пысылдап, бақытта күндерін есіне салған көк қойға бір түнде бауыр басып қалған екен, союға қимады. Көк қой, әкімдік жіберген адамдармен біраз айтыстан кейін қайтадан сенекке оралды.

Наурыз айы кіріп келе жатқанымен, қыс аяғы ұзарыңқырап, қайтқысы келмей, еркелеп, күндіз болмаса да, ара-тұра, түн мезгілінде қаһарына мініп, өзінің бар екендігін көрсетіп қойып, отын-көмірдің ортайып қалған, жаймашуақтана шыққан күн шуағынан шатырда қатқан мұздар тамшылап тұрған,  көктем ентелей енгісі келіп, торғай біткен пырылдай ұшып, көктемнің келгенін барша жұртқа жариялап жүрген күндердің бірінде, мұртты баланың құшағына тығылған тарғыл мысық Тәттікүл әжейдің үйіне қайтып келді. Қоңданып, жон-арқасы күжірейіп, түгі жалтырап қалған тарғыл мысық мұртты баланың қолынан шығысымен, пештің түбіне жайғасып, пырылына басты.

- Апа, амансыз ба? Денсаулығыңыз дұрыс па? Міне, мысығыңыз, дін-аман. Балаларға да ұнап қалыпты, бар ғой, жібергілері келмейді өздері, әрең деп алып келдім. Өзіміз ұстайық десек, әлгі... келініңіздің аллергиясы бар емес пе... түшкіріп-пысқырып әбден есі шығады, бірдеме етіп, дәрісін ішіп, әрең шыдады... ренжімеңіз, апа, иә, жарай ма... отын-суыңыз жете ме, көміріңіз азайып қалған жоқ па? Әлі біраз от жағуға тура келер. Айтыңыз, бір-екі тонна алдыртып берейін, сіздей қарияларға тегін, әкімдіктің атынан алдыртамыз ғой.  Мына мысығыңыз жақсы екен, балалар да ермек етіп, ойнап, бір қарқ болып қалды... қызық, бұрынғы кезде ел-жұрт түйесін, жылқысын мақтанып айтатын еді, сәйгүлік атын сұраған пұлын қалап алатын еді, енді, міне,  заман өзгерді ме, мысығыңызды қалап алатын болдық...  мал емес, терісі бағалы аң емес, мысыққа да күніміз түсетінін білсекші...  бір қап ұн әкеп тастайық...

Тәттікүл әжей  күліп жіберді:

- Шырағым-ау, мені жас деп тұрмысың, бір қап ұныңды қайтем? Нан жауып жатқам жоқ, бауырсақ пісіріп жатқам жоқ, одан да балаларыңа апар.

Мұртты бала сасып қалды:

 - Ә-ә... солай  екен-ау... онда, ауылдық округе қарайтын шаруа қожалығынан бір қап кәртоп алдыртайын немесе бір қап макарон ба... жәрайды, айтайын, әкеп береді ғой, оны енді жейтін шығарсыз...

Тәттікүл әжей  күліп жатыр:

- Қалай екен бәлем, мазаларыңды алды ма шиқылдақ немелер. Мына тарғыл мысығымның арқасында үйге адам кіріп, тірі екенім білініп қалды... әйтпесе, жоламайтын едіңдер... 

Көктем шығып, күн жылынғасын тарғыл мысық шатырға шығып, маужырап, ұйқыға  басады. Қыс бойы қалқан құлақтарға тойып, қоңданып шыққасын ба, шатырдың қуыс-қуысына кіріп-шығып, пыр-пырлап ұшып, ұя салудың қамына кіріскен торғайларға еріне қарап қойып, ұйқысын жалғастырып жатқан кезде, Тәттікүл әжейдің үйіне  шиқылдақтардан әбден шиқысы шыққан, ауылдың «соңғы жаңалығы» Гүлсинадан тарғыл мысықтың ерлігін естіп, шағын ғана мектептің шағын ғана кітапханасында істейтін Шәйгүл келді...

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар