Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Баланы өнер деңгейіне көтеріп тәрбиелеу...

26.09.2024 855

Баланы өнер деңгейіне көтеріп тәрбиелеу 6+

Баланы өнер деңгейіне көтеріп тәрбиелеу - adebiportal.kz

20 қыркүйек күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Тәрбие танымдары» атты ұлттық тәрбиені негіз еткен Оразбек Сапарханұлының жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Тәрбие тал бесіктен деген ұлтымыздың ұлағатты сөзі айтылса да, неге тал бесіктен дегендей сауалға жауап іздеген бұл кітапқа қазақ дүниетанымы тәрбие негізі болып хатталып, қағазға түсіп, қалың оқырманнан өз бағасын алуға жол тартқан еді. Төменде сол күнгі іс-шарада пікір білдірген спикерлер сөзіне кезек берсек.

Сәрсенбек Бақытұлы, кітап редакторы, ұстаз

- Армысыздар, құрметті кітап тұсаукесеріне  жиналған қауым, әуелі істеріңіздің берекесін берсін! Келген қадамдарыңызға нұр жаусын! Әуелі сөз бастамас бұрын өзіміздің де ағарту саласында жұмыс істеп жүргендімізді айта отырып, балаға білім беруді ғана емес, бала тәрбиесіне де бейжай қарай алмайтын сала болғандықтан кітаптың редакторлығын өзіме берілген кезекті міндет деп қабылдадым. Өздеріңіз білесіздер, қазіргі жас ұрпақ өкінішке орай, телефон құшақтап өсіп келеді. Смартфонның ересектерге пайдасы көп болғанымен, санасы қалыптаспаған бала үшін зияны өте көп болып жатыр. Қазір тілі сынбаған сәби баланы телефонға тапсырып қоямыз да, баламның тілі неге басқа тілде шығып жатыр деп таң қаламыз. Естеріңізде болса, бір кездері «Көк кит» деген ойын шықты, сол ойының иіріміне түсіп қаншама жасөспірім бала өмірлерін қиды. Ол аз болғандай, осы жақында тағы да сондай бала психикасына қатты әсер ететін, бұйрық беріп, соңы өзіне қол салуға дейін алып келетін ойын шыққанын жұртшылық дабыл қағып, сақтандырып жатқанынан хабардармыз. Осындай әлемдік ақпарат ағынның зардабынан қазақтың бүлдіршін баласының санасын қалай қорғаймыз, жат, зиян ақпарларға көміліп, жұтылып кетпейтіндей қандай амал-айла жасаймыз деген актуалды сауалдарға Оразбек Сапарханұлы өзгеше бір шығу жолы мен шешімдер ұсынады. Бүгінгі бұл кітап автордың әуелі өз баламды осы ақпарат тасқынынан қалай қорғап қаламын деген ізденістен туындаған дүние еді. Осы ізденісі араға жылдар салып, үздіксіз жетілдірулер мен толықтырулар негізінде кітапқа айналып, үлкен танымдық дүние болып қолымызға тиіп отыр. Өзім ұстаз болсам да, ата-ана ретінде кей кезде бізде тәрбие жағынан тығырыққа тіреліп жатамыз. Тәрбие жағынан тығырыққа тірелу дегеніңіз – ата-ана ретінде алдың тұйықталып, шарасыз күй кешкен дәрменсіздік деген сөз. Осы мақсатта бұл кітап тек баланы тұлғалық қасиетін ғана дамытуды қаузамай, жаңадан отбасын құрып, өмірге алғашқы сәбилерін әкеліп жатқан ата-аналық тәжирбесі аз жас отбасыларға таптырмас бала тәрбиелеу құралы болатынына сенімдімін.

Редакторлық ету барысында осы еңбекпен салыстыру үшін балалар қылмысына зерттеу жасаған әлемдік ғылыми еңбектерді ақтарып шықтым. Сонда байқағаным, көптеген балалардың қылмысқа, болмаса бұзақылыққа баруы ата-анадан кеткен қателіктерге байланысты туындайтынын аңғардық. Сондықтан бұл кітап тек баланың жеке тұлғалық қасиетін ашатын құрал ғана емес, бала тәрбиелеп отырған, немесе немере тәрбиелеп отырған кісілерге де арналған кітап деп айтар едім. Яғни бұл баланы ғана емес, ата-ана ретінде өзіңді де тәрбиелеудің кітабы. Осы арқылы автор тұтас қоғамды, тұтас елді тәрбиелеудің, ел болып бесікті түзеудің бір әліппесін ұсынылды деп қараған жөн секілді.

Ұларбек Нұрғалым, кинодраматург, ұстаз, этнограф 

Сәрсенбек Бақытұлының: «Тәрбие баладан гөрі ата-анаға да көбірек керек», - деген сөзі есіме бір естелікті түсіріп отырғаны. Қытайдың Лючин дейтін балаларға арналған кітап жазатын жазушы әйел бар. Соның бір естелігінде осы ата-ананың тәрбиесі туралы былай дейді. «Бір жолы бір ата-ана:

- Менің балам жап-жақсы ойнап-күліп жүрген бала еді, бірақ соңғы он шақты күннен бері тұйық болып алды. Не сөйлемейді, не бөлмесінен шықпайды. Бізбен, сыртқы әлеммен байланысын үзгісі келетіндей, осыған бір психологиялық кеңес берсеңіз», - деп хабарласты дейді. Сонымен уақыт кестеме қарап отырып, уәделі күнімде бардым дейді. Бардым да, алдымен баламен сөйлесу үшін бөлмесіне кіріп, онымен оңаша қалған уақытта, қолыма өзім шығаратын журналды алып: «Мен осындай өздерің қызығып оқитын балаларға арналған журнал шығарамын. Оның кейбір саны үйлеріңде болу керек. Сен мені тани алдың ба?» - деп едім. «Иә, иә журналды білемін. Ол жақсы журнал», - деп айтыпты бала. Сосын: «Мен сенімен кеңесейін деп келдім. Сол журналға тағы да бір қосымша беттер қоссақ деп едік, соған не жазуға болады?» - деп сұрадым, дейді. Сол кезде тоғыз жастағы бала орнынан атып тұрды да: «Сіздер бәрін бізге жаза бересіздер. Сол қосатын бетке мына әке-шешеме бірдеңе айтыңыздаршы, бірдеңе жазыңыздаршы деп айтыпты. «Оған не жазамыз енді?» - деп едім. Сонда бала: «Мен тоғыз жастамын. Көршінің баласы да тоғыз жаста. Ол дүкеннен сүт, нан алып келе алады. Ал мені ата-анам жібермейді. Бір күні менде сүтке барамын деп сұранып едім, анам әрең дегенде рұқсат берді. Бірақ дүкенге жақындағанда артыма қарасам, шешем еріп келе жатыр екен», - дейді. «Сол кездегі анамның маған сенімсіздік танытып, мүлде еркіндік бермеуі, менің көңілімді әбден қалдырды» деп айтыпты. Бұл көрші елдегі бір бала саясатының жемісі болса, екінші жағынан қазіргі баланы шектен тыс өбектеуден, шектен тыс мәпелеуден туындаған қала баласының психологиясы мен орынды тәрбие жасай алмай отырған ата-ананың айқын мысал болса керек. Сондықтан Сәрсенбек Бақытұлының кітап бойынша тәрбиені баладан бұрын ата-анадан бастау керек деген пікірне алып, қосарым жоқ.

Оразбек Сапарханұлы, кітап авторы

– Армысыздар, кітаптың таныстырылымына келген әлеумет! Бірінші кезекте, бұл еңбектің қандай ерекшелігі бар деген мәселеге тоқтала кетейін. Бұл кітапқа әуелі ұлттық бала тәрбиесін негіз еттік. Осы жерде «неге?» ұлттық тәрбие деген заңды сұрақ туындайды. Өйткені қазір бізде әлеуметтік желі арқылы бала тәрбиесі туралы айтып жүрген мамандардан тартып, молда коучтар аз емес. Өкінішке қарай, солардың ішінде ұлтымыздың ойлау жүйесіне, менталитетіне сай келмейтін дүниелерді насихаттап жүргендер бар. Өзіміздің практикада да болды. Мысалға, Мағжанның «Педагогикасындағы» бесік туралы кейбір критикалық ойларының өзін қорыта алмаған коучтар «Мағжан бесікке қарсы болған» деген пікірлерін ашық айтып жүр. Мағжанды қорытпаған адам шетелден не қорытып ұсынуы мүмкін. Міне, осы тұрғыдан бізге ұлттық бала тәрбиесін қарастыру керек екен деген шешімге келдім. Біз де сан ғасыр ұрпақ тәрбиелеп, сан ғасыр тұлға тәрбиелеп, жетістікке жеткен халықпыз. Біздің де адамзат өркениетінің қамбасында өзіндік қосқан үлесіміз, қорымыз бар. Адамзаттың бүгінгі күнгі деңгейіне жетуіне түркі халықтарының, оның ішінде қазақтың да тамшыдай болсын үлесі бар екені ақиқат. Енді осы дүниемізді өзіміз танытсақ деген оймен бала тәрбиесі туралы танымдарды сүзіп алып шықтық. 

Екінші ерекшелік – бала тәрбиелеуді өнер деңгейінде көтерудің танымдық жолдарын қарастыру. Мысалға, осы отырған дөңгелек үстелді жасаудың өзі – өнер. Мынадай қолымыздағы смартфондардың неше түрін жасау ол да – өнер, бүкіл өнеркәсіптік өнімдер, бүкіл тұтыну бұйымдарының барлығын жасау – өнер. Ендеше, осы дүниенің қожасы болған, осы әлемнің ең ұлы ғажабы болған адамды адам ретінде тәрбиелеп шығу не үшін өнер болмасқа деп таптық. Бұл «Өнердің өнері» деген тараумен ата-аналарды баланың болмыстық деңгейін қалыптастыруды өнер ретінде қарауға жетелейтін дүниелерді бердік. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Адам анадан туа салысымен адам бола қалмайды» дейді. Былай қарасаңыз қисынсыз сияқты көрінгенмен шын сөз. Өйткені қылмыскер де анадан туады, ғұлама да анадан туады. Бірақ не үшін біреу қылмыскер, біреу ғұлама болады деген мәселе тәрбиенің рөліне байланысты. Оны Мәшһүр Жүсіп «қайта туу (екі туу)» дейді. «Қайта туу» концепциясында ол кісі: «Адам ардан тумайынша адам болып қалыптаспайды» дегенді айтады да, оның алты түрлі критерийін (өлшемін) ортаға қояды. Біз соны шамамызша қорытып тарқатып берген болдық.

Сосын, тағы бір айта кететіні Алаш қайраткерлерінің тәрбие мәселесіндегі танымдары қамтыды. Мысалға, Әлихан Бөкейхановтың бүгінгі балаға аса керек тұлғалық қасиетті дәріптейтін «ақыл ұсталығы» танымы, Ахмет Байтұрсынұлының көп тәрбиенің ішіндегі дұрысы қандай екенін, нендей өлшемі барын жеткізетін «дұрыс тәрбие» танымы, Шәкәрімнің «шын адам» танымы, Мәннан Тұрғанбаевтің тәрбие сферасы қалай кеңейіп, қалай тереңдеуі керек екенін түсіндіретін «тәрбиенің жолы» танымы, Жүсіпбек Аймауытовтың жақсы әдетті қалай қалыптастырып, жаман әдеттен қалай арылуға болады, оған қанша уақыт кететіні баяндалатын «әдет заңы», Халел Досмұхамедовтың бүгінгі психологияда қолданылып жүрген «ойын терапиясы» сияқты, ұлттық ойындар арқылы баланың моторикасын, нейрондық жүйесін дамытуды ортаға қойғаны баяндалады. Мағжан Жұмабаевтың «бала миын жастайынан іскер қылып үйрету» туралы өзекті ойлары қамтылады. 

Сонымен бірге, тәрбиеге қатысты бірқыдыру мақал-мәтелдердің ғылыми, психологиялық, танымдық астарын басқаша талдау арқылы арғы таным іздерін анықтауға тырыстық. 

Ал, Абайдың бала тәрбиесіне қатысты, адамның тұлғалық қасиетіне өлшем болатын бірқыдыру танымдары бір тарау болып берілді. Бұл жердегі Абай, ақын Абай ғана емес, халықтың ойлау жүйесіне жаңашылдық әкелген рухани реформатор дегенге де тоқтала кеттік.

Қаншалық сәтті шыққанын оқырман айта жатар, осы мазмұндар арқылы ата-аналарды баланың жанына жақын, қанына сіңетін танымдар арқылы тәрбиелеуге бағыттайтын дүниелерді қамтуға тырыстық.

Алмахан Мұхаметқалиқызы, абайтанушы

- Дүниеде бала тілін табу қиын, ал, балалар тәрбиесіне байланысты бірдеме деу былай тұрсын, балалар әдебиетіне келудің өзі оңай емес. Оразбектің бұл кітабын парақтап шыққанымда Абайға тоқталғаны мені қуантты. Жалпы біздің қоғамның жоғалтып жатқанын танып-білу үшін мектепке бару керек. Кімді тәрбиелеп, не оқытып жатырмыз? Неге балалар қазір кітап оқымайды? Неге қазіргі кездегі балаларда түйсік қалыптаспай жатыр деген секілді сауалдар өте көп. Құр білім беру, оқыту дегендер мәселені шешіп жатқан жоқ. Ал, дала данышпандары, дала мектебі баланың тәрбиесін бесіктен бастап қолға алғанына көз жұма қараймыз, қазір. Біз сол мектептен қалай көз жазып қалдық, солай проблема көбейді. Біз ұлттық танымдық, бір егей тұлғалық қасиеттерді бастауыш мектептің оқушыларынан бастап бойға сіңіре беруіміз керек. Яғни, кісі хақысын жемеу, адал еңбекті сүю, мейірімді болу, кішіпейілді қарым-қатынас жасау секілді қоғамға қажетті тәрбиені бірінші беруіміз керек. Сосын, қазіргі қоғамдағы жоғалтып алған бір дүниеміз ердің серті, уәде еді. Біз мектеп табалдырығынан бастап баланы уәде де тұруға қалыптастыруымыз керек. Адам баласының сөзінде тұруы, уәдеге беріктігі адамдар арасындағы құрмет пен сенімділікті оятады. Сенім сыйластықты оятады. Уәде құдайдың бір аты деп жатамыз. Сондықтан да сіздің Абайға келіп, Абайдан бастап жатқан бұл еңбегіңізді ұлттық тәрбиеге салынып жатқан алғашқы соқпағыңыз деп санаймыз. Әрине, толықтыратын жерлері бар. Бірақ бұл қазіргі  ұлттық бала тәрбиесіне өте қажетті бағдаршам іспетті. Алдағы уақытта бұдан да үлкен сүбелі, тарау-тарау жолдармен шығатын, ұрпақ тәрбиесіне, ұлт тәрбиесіне өзіндік үлес қосатын еңбектер туындайтынына сенімдімін!

Әлия Әшім, блогер, мұрағаттанушы

- Мен төрт баланың анасымын. Біз бес жылдай Америка Құрама Штаттарында өмір сүргенде мені осы сұрақ қатты мазалайтын. Ол жақта тәрбие беру, тіпті тәрбиені ұстап тұру өте қиын. Өйткені бала қоғаммен араласқаннан кейін сол қоғамның контекстінің құлы болады. Сондықтан сіздің бұл еңбегіңізге көп рахмет! АҚШ-та жүргенде байқағаным, ол жақта бұқара оқуға негіздеген қарапайым жазу стиль ізге қойылған екен. Сонда түсінгенім көшедегі кез келген адам, жаңа шыққан еңбекті жатсынбай оқып кете береді. Сондықтан кітапты қарапайым халыққа арнап жеңіл етіп жазу яғни жаппай жазу деген өте маңызды рөл атқарады. Бізде қазір қазақ тілді көпшілікке жазатын авторлар өте аз. Сіздің осы еңбегіңіз көпшілікке арналған  сол бостықты толтырып жатыр. Қазір байқасаңыз біздің жастар, менің қатарластарымнан баласын қалай тәрбиелейтінін білмей отырғандары көп. Абайдың тұнып тұрған философиясын жаймалап, Мағжанның «Педагогикасын» жазыпсыз, Жүсіпбектің «Психологиясын» да өте жеңіл және көпшілік тұтынатындай етіп жеткізіпсіз. Көп халықтың деңгейі терең дүниелерге жете бермейді. Қаласақ да, қаламасақ да осы бір вакуум бар. Сол вакуумды қарапайымнан бастап, біртіндеп, біртіндеп толтыра берейік, жаза берейік. Кітапты оқығысы келетін, іздеген кісілер инстаграмнан да, тиктоктан та табатындай деңгейде болса құба-құп. Кітап тренд болсын. Соған оқырман ретінде үлесімізді бәріміз қоса берейік. Көп рахмет, авторға алғысым шексіз!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар