Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Баян Жұманова. Ит қуанышы...

09.12.2022 816

Баян Жұманова. Ит қуанышы 14+

Баян Жұманова. Ит қуанышы - adebiportal.kz

Дәрігер, ғалым, ұстаз, тәлімгер бола жүріп, балалық шақтағы «Жазушы боламын» деген арманын ұмыт қалдырмай әңгімелер жазып, кейде жариялап тұратын адамдар жоқ емес. Сондай жандардың бірі – Жұманова Баян Мұсақызы. 1963 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. 1978 жылы орта мектеп бітірген соң, 1982 жылы медициналық орта білім алып, 1989 жылы медициналық жоғары оқу орынын тәмамдаған. Автордың екі әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз. 

ИТ ҚУАНЫШЫ

Бір күні нағашым ауылға сүп-сүйкімді сұр күшік ертіп келді. Екі бүйірі бұлтиып, құйрығы шолтиған күшікті Жолбарыс деп атадық. Күшігіміз күн санап өсіп, көз алдымызда ит болды.

Сол жылдарда Сырдарияда су азайып, егіншілікпен айналысатын ел өмірінен мәніс кете бастаған еді. Ауылда қалғандар азын-аулақ бақша өнімдерін өсіретін. Біздің үйдегілер – біріміз жұмыс іздеп, екіншіміз оқуға түсіп, біртіндеп облыс орталығына ауа бастадық. Тек анамды жалғыз қалдыруға қимаған маған тете апайым, ауылда бар жұмыспен айналысты. Анда-санда ауылға барғанымызда апайым қайда барса да Жолбарыс соңынан қалмай еріп жүретінін көріп, достықтарына қызығатынбыз.

Кейін тұрғындары мүлдем азайған ауылымыз жойылып, анам мен апайым да бізге қарай көшіп келерінде Жолбарысты жолай аудан орталығындағы нағашымның үйінде қалдырыпты. Осылайша біз үй-ішімізбен қалалық болып кеттік. 

Арада 5-6 жыл өтіп, нағашымның біз ауылдан көшкенде туылған ұлдарының сүндет тойына шақырылдық. Тойға ертерек келіп, үйге кіріп сәлемдесіп болған соң аулаға шықтық. Осы кезде қаз қатар қойылған самаурындар мен қазан-ошақ маңында жүрген жеңгелерімізбен әңгімелесіп тұрған апайым, кенет арқасынан қатты итерген күштің екпінінен екпетінен құлай жаздағаны.

– Өй мынау адамды отқа түсіре ме-ей? – деп ошақ жанынан қолына іліккен отын ағашын ала жеңгелеріміздің бірі тұра ұмтылған итке қарасақ – өзіміздің Жолбарыс. Жұрт назарын өзіне аударғанына масайрағандай, сәл алшақтағанымен, ұрмақшы болған кісіден тайсалып та тұрған жоқ. Оны таныған апайым:

– Жолбарысым, Жолкам менің – деп, итке қарай құшақ жая ұмтылды. Ит те өзін таныған иесіне жүгіріп келіп, алдыңғы аяқтарын шағын денелі апайымның екі иығына салып, тұмсығын мойнына тығып тұра қалды. Осылай, иесі оны құшақтаған күйі тұмсығынан сипалап, екеуі біраз тұрды. Содан соң Жолбарыс апайымның иығынан сыдырылып түскен бойда ауланың арғы басынан бергі басына ойқастай, ауық-ауық алдыңғы екі аяғын көтергенде басын бұлғақтата, қосаяқтап секіріп қойып, жүгірсін келіп. Болған жайды көріп, Жолбарыстың «шаттық биін» тамашалап тұрғандар:

– Иий, итті иесімен қина деген-ай, қуануын қарашы – десе, дарбазадан кіріп, тойға енді келіп жатқандар бұл көріністі түсінбей:

– Өй, мынау иттің көзіне жын көрінді ме? – десті.

Қазаннан түсірілген ет табақтарға жасалынып, бұрқылдап қайнаған самаурындардың кернейі алынып, үйге кіргізілді. Қонақтар да түгел дастархан басына жайғасқанда, табалдырыққа тұмсығын салып, үйдегілерді көзімен бағып жатқан Жолбарысқа нағашым:

– Әрі жат, шыққан адамдарды шошытарсың – деп қуса да, сәл ығысқаны болмаса, сыртқы есікке қарсы бөлмеде отырған иесінен көз тайдырмаған Жолбарыс, қайтадан сол жерге келіп, апайымның шығуын күтумен болды. Біз кешкі поезға шыққанға дейінгі уақыта мауқын басқандай апайымның жанында жүрген Жолбарыс, вокзалға дейін бізге еріп келіп, вогондар жүріп кеткенше күтіп тұрды.

ҚҰБЫЖЫҚ МЫСЫҚ 

Жасөспірім кезім болатын. Үйде жалғыз отырғанмын. Есік жақтан түсініксіздеу дыбыс шыққан соң жақынырақ барып тыңдасам, ұрып емес тырнап тұрғандай ма. Есікті ашып қалғанымда алдымда екі басты, мысық денелі құбыжық тұрды.

Зәре-құтым қашып қорыққаным соншалық, жалғыз отырғаным есімде, сыртқа атып шығып, үйді айнала қаша жөнелдім. Артыма қарап қойып, жүгіріп келемін. Құбыжық болса мияулаған тәрізді жалынышты дыбыспен менің соңымнан қуалап, қалар емес. Сол қашқан бойы үйді айналып, есік алдына қайта келдім де, ішке жылдам еніп, дереу ілгекті іліп ала қойдым. Қорқыныштан жүрегім тарсылдап, жүгірген алқынысымды баса алар емеспін. Кірген бойда төргі бөлмеге барып тығылғыныммен, сәлден соң аптығымды басып, есікке қайта оралдым.

Есіктің көзінен қарасам, ешқайда кетпестен мияулағандай дыбыс шығарып жаңағы мақұлық әлі тұр. Енді басы екеу болғанымен, денесі мысыққа ұқсас құбыжыққа жітілеп қарай бастадым.

Мәссаған, мынау біздің мысық қой! Оның басы біреу еді ғой, екіншісі қайдан пайда болған?

Сөйтсем, мысығым далада жатқан өз басының көлеміндей ірі мал жілігінің басына тіс салған сияқты. Жілік басының ұлпасына тістері терең бойлаған күйі кері шықпай қалған. Мысығым өз бетінше тісіне жабысқан сүйектен құтылғысы келіп, оны жерге де, ағашқа да, қышқа да сүйкелеп көргенге ұқсайды. Әдеттегі ақ түсті алқымы қарайып, иесі танымастай кірқожалақ болуына қарағанда, сірә, сүйекті түсіремін деп сүйрелеп, біраз әуреге түскен. Болмаған соң өзін бұл пәледен адам құтқарар деп, иесінен көмек сұрап келіп тұрған түрі осы болар.

Қорыққанға қос, үріккенге үш көрінер демекші, өз мысығымды өзім танымай үйді айнала қашқаныма, әліне қарамай өзінен зор сүйекке бас салған мысығымның қылығына күлкімнің келгені-ай.

Жайлап есікті ашып, сыртқа шықтым. Жақын жерде көмек сұрай қоятын ересек адамдар көрінбеді. Аянышты халдегі мысығымды ұстап алып, оның сүйек басына тереңдей кіріп кеткен тістерін шығаруға кірістім. Әрине, бұл іс маған оңайға түспеді. Ол үшін мысықтың жағын барынша кеңірек ашу керек болды. Осылай, байғұс мысығыммен біршама уақыт алысып, ақыры оның тістерін сүйектен ажыратып алдым. Мысығым алғашында не болғанын түсінбегендей есеңгіреп тұрды да, басын сілкіп-сілкіп шайқап алып, бұрылып кете барды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Podcasts

Көп оқылғандар