Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖОЛДАУ
Азат Шәуеев. Қазақ тілін үйренуде керегі – сіздің ...

08.01.2021 4884

Азат Шәуеев. Қазақ тілін үйренуде керегі – сіздің ниетіңіз 12+

Азат Шәуеев. Қазақ тілін үйренуде керегі – сіздің ниетіңіз - adebiportal.kz

Күні кеше Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарық көрді. Мақалада еліміздің тәуелсіздік алған жылдан бастап бүгінге дейінгі жетістігі мен кемшілігі сарапқа салынды. Өз сөзінде Президентіміз «Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл» екендігін орынды атап өтіп, мемлекеттік тілді меңгергісі келетін адамға қажетті нәрсе «ниет пен ынта» ғана екендігін баса айтты.

Мақаладан кейін ғаламторда кейбір азаматтар тіл үйрену үшін мемлекет тарапынан қолдау мен жағдайдың кемшін екендігін алға тартуда. Әрине, бұл тек қана тілді үйренгісі келмейтіндердің кезекті сылтауы деп ойлаймын. Олай дейтінім, Мемлекеттік тілді дамыту қоры тегін әрі ыңғайлы форматта қазақ тілін үйретуге арналған жобалардың іргесін қалап, жүйелі іске асырып келе жатыр.

«Мәселе - ниетте»

Біз онлайн оқытудың көптеген мүмкіндіктерін ашатын цифрлық дәуірде өмір сүру бақытына ие болдық. Бұл формат қазақ тілін үйренуді жеңілдетіп, оны кез-келген уақытта ыңғайлы әрі қолжетімді етеді.

Осы бағытта қазақ тілін үйрететін ең алғашқы әрі тегін сайт - Soyle.kz жобасын құрдық. Бұл ресурс Қазақстанда қазақ тілін интернет арқылы оқытудың ізашары болды. Мобильді қосымшасы да іске қосылды. Кейіннен сайттың ағылшын-латын нұсқасы енгізілді, түрікше-қазақша нұсқасы да жасалып жатыр. Дәл қазіргі уақытта тіл үйренушілер саны 140 мыңнан асты.

Біздің Soyle.kz қазақ тілін үйренгісі келетіндердің барлығына арналған. Қазақстандықтар да, шетелдік азаматтар да кез-келген уақытта біздің қызметті пайдалана алады. Оқыту құралдарының мол жиынтығы материалды ыңғайлы және тез үйренуге мүмкіндік береді. Сайт үнемі жаңартылып, жаңа бөлімдер қосылып, толықтырылып отырады.

Курс барысында әр сабаққа грамматикадан, орфографиядан, тыңдалымнан өтуге және айтылымды жаттықтыруға 30 минут уақытыңызды бөлсеңіз жеткілікті. Көп ұзамай нәтижесі байқала бастайды.

Бұған қоса, қарапайым ауызекі тілде сөйлеп үйренуге мүмкіндік беретін роликтерді ютуб платформасындағы Soyletube каналымыздан көруге болады. Қазіргі таңда роликтердің қаралымы 1млн-нан асты.

Қ.Кемелұлы: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Ең бастысы, ынта болуы керек» - деп қазіргі қоғамның кемшілігін дөп айтып отыр.

Иә, үйренгісі келген адам әлдеқашан үйреніп шығар еді. Сөзіміздің дәлелі ретінде достары үшін қазақ тілін Soyle-ден үйреніп жүрген канадалық Роман Коулға тіл үйренуге ештеңе кедергі болмағанын, бар-жоғы 6 айда үйреніп шыққанын мысалға ала аламыз. Шынтуайтына келсек, шетелдіктермен салыстырғанда біздің азаматтар қазақтілді ортада өмір сүріп жүр емес пе?! «Мәселе ниетте».

«Тіл игеру үшін балалар

әдебиетінің атқаратын рөлі зор»

«Бала біздің болашағымыз». Тіл үйренуде балаларға ерекше тәсіл ойлап табу керек, олардың жас шамасын, қызығушылығын ескере білуіміз қажет. Осы орайда, Қорымыз кішкентай бүлдіршіндерге тіл үйретуге арналған balasoyle.kz сайтын, мобильді қосымшасын ашты.

Балаларға арналған bala.soyle.kz порталы - мектепке дейінгі бүлдіршіндер мен бастауыш сынып оқушыларына арналған дистанциялық оқытып-үйрету жүйесі. Порталда балалар әліпбимен, аудио-сөздіктер арқылы жаңа сөздермен танысып, санауды үйренеді. «Ертегілер», «Сандықша», «Ойындар» атты қосымша бөлімдерде балалар қазақ тілінде мультфильмдер көріп, ән айтып, ертегі тыңдап, санамақтарды үйреніп, тағы да сан алуан қызықты сабақтарды таба алады.

Президентіміз жас бүлдіршіндерге тілді меңгертуде әдебиеттің рөлі басым болатынын да тілге тиек етті. Бұл орайда, Елбасымыздың қолдауымен жарық көрген, балалар әдебиетінің озық үлгілерін жинақтаған, оның ішінде – ертегілер, өлең-тақпақтар, сахналық қойылымдар топтастырылған «Тәтті алма» жинағының бүгінде 6 томдығы баспа бетін көргендігін, арнайы tattialma.kz сайты ашылып, мобильді қосымшасымен толыққанын айта кеткеніміз жөн.

«...жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі»

Мемлекеттік тілді дамыту қоры қазақ халқының мәдени, әдеби және рухани жетістіктерін дамытуға бағытталған жұмыстарын жүргізіп келеді. Әдебиеттің, мәдениеттің озық үлгілерін жаңа заманға лайықтап шығару да, ұлттық салт-дәстүрлерді цифрландыру да - қазіргі заман талабы.

Осыған орай, Қорымыз «Ұлы дала аңыздары» онлайн жобасы аясында комикстер әзірлеуді қолға алып, қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі «Qazcomics.kz» веб-сайты мен мобильді қосымшасын іске қосты. Ал биылғы жылы комикстерді үш тілде баспа бетіне шығарды.

«Еңлік-Кебек», «Айша бибі», «Алпамыс батыр», т.б. көлемді аңыз-жырларды оқуға жеңіл комикстерге айналдырып, ұлттық құндылықтарымызды заманға сай жетілдіріп, форматын өзгертіп, ең бастысы негізгі өзегін сол қалпында сақтап, жас ұрпаққа жеткізіп отырмыз. Президентіміз де өз мақаласында: «Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі" – деген болатын.

Сонымен қатар, «Қазақстанның ұлы тұлғалары», «Менің Қазақстаным», «Жеті қазына», т.б. қосымшалары да осы мақсатта жасалған жобалар.

Қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы философиялық түсініктер “Жетi қазына” мобильді қосымшасының тұтастай құрылымы мен мазмұнына арқау болды. Қосымшаның «Киелі сандар сыры», «Салт-дәстүр», «Асыл мұра», «Сөз сандық», «Алтын зер», «Тайқазан», «Ұлы дала ғажайыптары» деп аталатын 7 бөлімі қазақ және орыс тілдерінде мол мағлұмат береді. Ресурс ата-бабамыздан қалған мұра ретінде ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп келе жатқан тарихи аңыздар мен шежіреден сыр шертеді, мәдени құндылықтарымызды таныстырады.

«Біз не істесек те, бәрін келер ұрпақ үшін жасаймыз»

«Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек». Бұл да Президентіміздің өз мақаласында тоқталған тақырыбы.

Бұл ретте біздің қор жобалары, атқарған іс-шаралары жастарды тәрбиелеуде, қолдауда жемісті қызмет атқаруда.

Оқушы-жастардың смартфонды білім алуға тиімді пайдалануға жұмылдыру мақсатында 2016 жылы «Кім білгіш?» интеллектуалды-танымдық мобильді ойыны іске қосылды. Жыл сайын әр өңірден ең ақылды оқушыларды анықтайтын онлайн турнир оқушылардың білім деңгейін шыңдауға көмектеседі.

Студенттер мен магистранттар арасында жас ғалымдарды қолдау мақсатында, ұлы Абайдың 175 жылдығына орай «Абай әлемі» байқауы ұйымдастырылды. Бұл байқау Абай шығармаларын насихаттауда, ғылымды дамытуда, жастарға қаржылай қолдау көрсетуде бірден бір жоба болды.

Жас ақын-жазушылар да біздің қолдауымыздан тыс қалған жоқ: жастарды шабыттандыратын, қанаттандыратын «Алтын тобылғы» байқауы да дәстүрлі түрде 2015 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.

Жастарды қолдау, әсіресе талантты да талапты шығармашыл жастарды қолдау – біздің басты міндетіміз.

«Жер жәннатын алыстан іздеудің қажеті жоқ»

«Елі мен жерін сүю үшін жас ұрпақ байтақ Қазақстанның ғажайып жауһарларын білуге тиіс. ...көрікті жерлеріміз жетіп артылады. Жер жәннатын алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бәрі өзімізде бар. Жастарға осындай керемет табиғатымызды танытып, оны қадірлеуге баулуымыз керек».

Өз еліміздің жастарына, бұған қоса шетелдік туристерді отандық тұмса табиғат кереметтерімен таныстыру мақсатында да жобалар жасалды. Осы бағытта қолға алынған «Qazaqstan 3D» жобасы Қазақстанды таныстырудағы ерекше мультимедиялық жолсерік деуге болады.

Қазіргі заманға сай дайындалған веб-сайт пен Android және iOS платформаларындағы қосымша жүйелі құрылымымен, қолайлы интерфейсімен ерекшеленеді, мұнда Қазақстанның танымал туристік орындары 3D моделінде таныстырылады. Жоба үш тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылады.

Сонымен қорыта келе айтарым: бірге қазақ тілін үйренейік тілімізді құрметтеп, қазақша сөйлейік және жеріміздің тәуелсіздігі мен тыныштығы үшін күрескен ата-бабаларымыздың үмітін ақтауға тырысайық. Қорымыздың барлық жобалары тегін әрі ыңғайлы онлайн форматта екендігін ескерсек, тіл үйренуге қажет тек қана сіздің ниетіңіз. Біз қазақ тілін үйрену үшін барлық жағдайды жасадық, жасап жатырмыз және жасай да береміз.

Азат Шәуеев

Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар