Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Асылан Қуанышұлы. Ұлы теңізге сәлем!...

01.11.2023 2008

Асылан Қуанышұлы. Ұлы теңізге сәлем! 14+

Асылан Қуанышұлы.  Ұлы теңізге сәлем! - adebiportal.kz

Түнгі теңізге көз тастау

Жаздыгүні 

қара түнді жамылып 

теңіз жағасына келдім жалаң аяқ.

 

...Шіріген шалаңның иісін қуалап беталды жүре беріппін.

Жып-жылы сұйықтыққа,

бейне бір қан секілді қап-қара һәм жып-жылы суға,

тобығымнан батқанда ғана тоқтадым.

 

«Бұл теңізді атам сүйген,

Әкем несібесін айырған осы теңізден,

Менің де сүймеуге хақым жоқ».

 

Аяғыма үңілдім,

аяғым тобығымнан кесілген секілді...

Еңкейіп, бетіме қарадым су бетіндегі,

астымдағы «қара құрдымнан» басқа түк көрінбеді.

 

Бүгіліп, қос уысымды толтырып су алдым да: 

«Атам сүйген,

Әкем несібесін айырған Ұлы Теңізге сәлем!» – дедім, 

жұтып алдым бір деммен.

 

Теңіздің кермек суы өңешімді бойлап бара жатқан-ды,

әлдене жыбыр етті асқазаным тұсында.

 

Иә, мен сумен бірге теңіздің құртын да жұтып жіберіппін.

Содан бері ол мені кеміріп келеді...

 

Айвазовскийдің «Қара теңіз түні» картинасына қарап жатсам

ішімдегі құрт тәнімді жарып шығардай бұлқынғаны.

Ал оның қаншалықты өскенін білмеймін,

білемін мені мүжіп тауысқанын.

 

Мүмкін 

атам сүйген,

әкем несібесін айырған Ұлы Теңізді сағынған мен – құрт шығармын?

Мүмкін

көкірегін суытайын деп «Түнгі Қара теңізге» үңілген құрт – мен шығармын?..

 

Үй сыртындағы жалғыз ағаш...

 

жапырақтың қалай сарғайғанын жазайын ба

желдің қалай соққанын жазайын ба

қара қарғаның жалаңаш бұтаққа қалай қонғанын жазайын ба

 

біздің ауылда да қарға көп еді

біздің ауылда да жел соғып тұратын үнемі 

біздің ауылда жапырақ сарғайып үлгермейтін бірақ

 

біздің ауылдың жап-жасыл жапырақтары 

өң мен түстің арасындай мезетте 

ауыл шетіндегі мазарстанға көшіп бара жататындай көрінетін

көне де жаңа шаһарға

 

жалаңаш бұтаққа сансыз қарға келіп қонатын

жапырақ орнына өсіп шыққандай қаулап

 

үй сыртындағы жалғыз қарағаш қараша сайын осындай күй кешетін

қара.

 

***
 


Мен өмірімде бір ғана кесірткені көргем
және әр көрген сайын алақаным дір ете түсетін.

Шыңырау...
көр қазғанда да 
күрегімнің оның мойнын қалай үзіп түскенін сезінетінмін.
Сезінген сайын тас төбеден тамып тұрған күн 
Пайғамбарға аузымен от бүркіген кесіртке жайлы аңызды есіме салатын.

Табаным таба құмда балауыздай еріп, 
Сіңіп бара жататын сары кесірткелер әлеміне.
Сонда көз алдыма балбалға айналған өзім емес,
Сүйегіме тісін батырған сары кесіртке келе қалатын.

Туған жердің топырағына есімімді жазып отырып 
осыны ойладым.
Мен ойланып үлгергенше 
жел көміп үлгерді есімімді.

Неге ғана қалды екен біздің топырақта
сары кесіртке?..

Сүйген жар–2

Мені шаққан маса мен сүйген теңіздің балығына жем болса деп тілеймін,

Сол балық мәңгі ғұмыр кешсе ғой теңіз түбінде...

Өртенген су бетіне бір тамшы қан қайрандап,

Зәкір етсе сол балықты!

 

Бір тамшы қан қайрандаған, өртенген су бетінде 

Тәнім шыжғырылып жатса,

Су жыланы буындырып азаптаса!..

 

Мұндай тозаққа түсу үшін қандай күнә жасасам екен?

Сүйсем бе екен ерніңнен!?

* * *

мен енді жылай аламын

бас кейіпкері өлгенде әлдебір шығарманың

әлде бір шығарманың бас кейіпкері өлмей қалғанда жылай аламын

алақаны тершіген терезеге сүйейсің басыңды сосын

қабір басына қойылған бір тал гүлдей

көресің тұманға жұтылған көлеңкелердің елесін

сезесің иісін

қандалалардың дүркірей көшкен үйіңнен

қуана алмайсың

жылай алмайсың 

өліп қалғанда бас кейіпкері 

өлмей қалғанда бас кейіпкері 

түсіңнің...  


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар