Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Асқақтай бер, әнұран!...

24.10.2024 1040

Асқақтай бер, әнұран! 14+

Асқақтай бер, әнұран! - adebiportal.kz

Әнұран, гимн – көне грек тілінде hymnos – мадақтау ән деген мағына береді. Әнұран – мемлекеттің негізгі рәміздерінің бірі. Әнұран – сол елдің азаттығының, тәуелсіздігінің айқын көрінісі. Әнұранның әскери, діни тағы басқа жағдаяттарға сай салаланған түрлері де кездеседі. Кейбір опера, симфония, балет, хорлардың соңы асқақ әнұранмен аяқталатыны бар. Айталық, Бетховеннің 9-симфониясы И.Шиллердің «Шаттық» одасына арнаған әнұранмен түйінделсе, орыс композиторы М.Глинка «Иван Сусанин» операсын атақты «Даңық» хорымен аяқтайды. Бұндай сәтті, алысқа ат арытпай өзіміздің «Қыз Жібек», «Біржан-Сара», «Қамар Сұлу» сынды операларымыздан да оңай ұшырата аламыз. Ең бастысы әнұранның сөзі де, музыкасы да рухты, екпінді, жігерлі, салмақты, салтанатты болып келуі басты мұрат.

ХVIII ғасырдағы қазақ халқының басынан өткен ауыр кезеңді бейнелейтін «Елім-ай» әні де, белгілі дәрежеде сол кезеңнің әнұраны болып саналары сөзсіз. Өйткені, ол сол дәуірдегі елдің басынан кешкен қиындықты, нәубетті, азалы жылдарды суреттейді. Күні бүгінге дейін «Қаратаудың басынан көш келеді...» деп ән басталса тұла бойымыз шымырлап, жүрегімізді мұң кернейтіні содан.

1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында, Орынбор қаласында екінші жалпықазақ құрылтайы өткені белгілі. Сонда көтерілген мәселелердің негізгі тіні – Алаш автономиясын жариялау, «Алаш Орда» үкіметін құру және Алаш халықтық милициясын жасақтау еді. Соның нәтижесінде, 1918 жылдың 25 маусымында Алаш полкы ресми құрылады. Алаш әскері болғасын, оның басшысы, жетекшісі, әскерге қуат пен жігер беретін ұран әні, әскери маршы болатыны заңды құбылыс. 

Арғы атам – ер түрік,
Біз қазақ еліміз.
Самал тау, шалқар көл,
Сарыарқа жеріміз. – 

деп басталатын, ел арасында «Алаш маршы» атанып кеткен бұл өлең сол Алаш әскерінің әнұраны болған. Ән сөзінің авторы – Жүсіпбек Аймауытұлы. Әні Алаш әскерін құрушылардың бірі – Міржақып Дулатұлыныкі делінеді. Бұл ән бізге Мәдәлім Байқонақұлының айтуымен жеткені тарихтан аян. Осы әнді алғаш орындаушы Алаш қайраткерлерінің бірі – Ғаббас Нұрымов. Өзі әнші, өзі сал Ғаббас Алаш әскерінің алдына шығып, осы әнді әуелете бастағанда, тұтас жасақ рухтанып бірге шырқаған деседі. Алаш әскерінің әнұранына Міржақып Дулатұлының «Заман-ай» әнін де жатқыза аламыз. Жалпы Алаш ұранды ән төңірегінде айтылар әңгіме қысқа қайырып, келте шолуға келмейді. Біз бұл туралы «Арғы атам – ер түрік» деп аталатын мақаламызда барынша жинақы баяндап беруге тырысқан едік. Көңілі түскен оқырман, сілтеме арқылы таныса жатар деген ниеттеміз. 

ХХ ғасыр басындағы қоғамдық формациялардың өзгеруі, жаңаруы, әлеуметтік, қоғамдық, саяси қозғалыстар қазақ халқының болмысына, тарихи санасына айтарлықтай әсер етті. Осының нәтижесінде ұлттық музыкамызға гимин, марш сынды жаңа музыкалық жанрларда келіп қосылды. Бұлардың ел өміріндегі елеулі орнына байланысты ойларымызды жоғарыда азда болса тілге тиек еттік. 

Сонымен, ендігі қазақтың әнұраны советтік өмірмен тікелей қатысты болмақ. 1943 жылы Совет үкіметі одақтас елдердің өз алдына гимны болу керек деген арнайы бұйрық шығарады. Сонымен әр республика өз әнұранын дайындауға кіріседі. Конкурстар жариялайды, келіп түскен мәтіндерді, музыканы талдайды, талқылдайды. Соның нәтижесінде 27 жастағы Қайым Мұхамедхановтың өлеңі жеңімпаз атанады. «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп басталатын, ән мәтінінің арғы астарына үңілсеңіз, Қайым Мұхамедхановтың жазған өлеңі Аймауытұлы Жүсіпбек, Дулатұлы Міржақып жазған алаштық әнұранмен үндесіп жатқанын аңғару қиын емес. Бұл әнұран 1943 жылдан 1992 жылға дейін қазақ даласында жарты ғасырға жуық шырқалды. 

Жаралған намыстан қаһарман халықпыз,
Азаттық жолында жалындап жаныппыз.
Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен
Аман-сау қалыппыз, аман-сау қалыппыз. –

деп басталатын 1992 жылғы Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы әнұранының мәтінінен де, Алаштың азат рухының бейнесін көруге болады. Ел Тәуелсіздігінің бірінші жылында Қазақстан Республикасының рәміздерін жасақтау барысында әуелі әнұранның сөзіне конкурс жариялайды. Байқау барысында Қазақ КСР гимнінің музыкалық құрамы сақталады. Сөйтіп Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди бірігіп жазған музыкаға, Қайым Мұхамедханов, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Жадыра Дәрібаева бірлесе жазған ән мәтіні жеңіске жетеді. Содан «Жаралған намыстан...» деп басталатын рухты ән қазақ аспанында 2006 жылға дейін шырқалады. Небір биік мінбер мен тұғырда шырқалып ел мерейінің куәсі болады. 

2006 жылы 6 қаңтарда, ҚР Парламенті «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті өзгертулер енгізіп, жаңа әнұранды бекітеді. Жаң әнұранға халық арасында кеңінен таралған патриоттық ән «Менің Қазақстаным» таңдап алынады. Бұл әнді өткен ғасырдың бел ортасында композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Жұмекен Нәжімеденов жазған болатын. Бұл әннің де өзіндік шығу тарихы бар. Ән 1956 жылдың соңын ала жазылған. Ән авторы Шәмші Қалдаяқов ол туралы былай деп баян етеді: «Кезінде біздің мынау терістіктегі, солтүстіктегі бес облысымызды Целинный край деп бөлмекші болған еді, сол кезде қазақ жұрты шулады, орыстар бөліп алайын деп жатыр деп. Міне сол кезде «Менің Қазақстаным» деп жазған ұран әнім еді». Ән жазылып болғасын әнші Жамал Омароваға көрсетеді. Жамал Омарова әнді бірден ұнатып, радиоға жазады. Сонымен, Шәмші радиодағы достарына: «Мына әнді күніне бір-екі рет беріп тұрыңдар, жұртты құлағына сің берсін» - деп ескертіп қояды. Осылайша отаны бөлшектеніп жатқанда, Шәмші өз әнімен араша түскендей, ел алдындағы парызының бір пұшпағын өтегендей әсерде болады. Кейін бұл ән, тұтас халықтың кәрі-жасы бірдей айтатын елдік, ұлттық сипаттағы рухты әнге айналады. Әсіресе 1986 жылғы желтоқсанда алаңға шыққан жастар жаппай осы әнді айтқанда алаң теңіздей толқып, жиналған жастың бәрі осы әнмен қанаттанып, осы әнмен жігерін жаныған еді. 

Осыдан 34 жыл бұрын, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстан Республикасының егемендігі туралы декларация қабылданған еді. Бұл еліміздің тәуелсіздікке жасаған алғашқы қадамы-тұғын. Содан бері 25 қазан – Республика күні ретінде тарихқа өз қолтаңбасын қалдырды. Аталмыш ұлық күнде, қазақ елінің тарихы мен тағдырына куә әнұрандардың жүріп өткен жолына шағын шолу жасаған едік. 

Ел іргесі бүтін болып, Егеменді елдің еңсесі түспегей дейміз!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар