Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Асылан Қуанышұлы: «Мәңгілік» мозайкасына тамсану...

18.09.2021 974

Асылан Қуанышұлы: «Мәңгілік» мозайкасына тамсану...

ЖАЛҒЫЗ

Атам тау қопарып, тас кесіпті.

Әкем теңізші боп өмір кешіпті.

Тау шөкті ме?

Теңіз сарқылды ма?


Сол тастардан өрілген қамал ішінде

өзге қамалдың аспанына

босып бара жатқан жұлдыздарды

Көзбен ұзатып саламын үнсіз.


Ұртымда – теңіз суы кермек –

Әкеден қалған жалғыз мұра.


Тағы бір атам ұста болғанда ғой деймін,

Есік қалдырар еді,

жұлдызбен ілесіп шығар.


Жоқ, мен қамал ішінде емес,

жаңбыр тырнап, жел қажаған

жыра ішінде қалған секілдімін.


Қызыл нұр төбемнен түйреп,

лақтырып тастаған секілді оған.

Жаңа ай қашан туады екен?

Шығады екен күн қашан?

БАЛЫҚШЫ

Саусағымды смартфонға малдым,

ілінді:

үміт, достық, махаббат.

Саусағыма, теңіз бетіндей тербелген сызықтар

ештеңе ілінбегенін көрсетті.

Жойылған ескі суреттер мен бейнелер енген

түсім,

бармақ ұшында қираған әлем, –

Төрт қабырғада қамалған шағала дауысымды

не өксікке, не күлкіге жори алмай дал.

Саусағыма қадалған смартфон сынығы

қан тамырымды қуалап,

жүрегіме

теңізге өзім тастаған қармақтай

құныға сүңгіп кеткенін сездім мен.

ТҮС. СӘТ. ҮРЕЙ.

(Еділбек Дүйсенге)

Сол түсті мен де көрдім...


Көзі қашалмаған тас пұттардан қаланған қамал

көкжиекті жағалай қоршап,

сақ-сақ күледі құлақ тұндыра.


Жаңғырыққан күлкі қамал ішінде құйын көтеріп,

Әлдебір бесікті ұшырып әкетті.

Білем,

ол мені де айналдырып кетпек

меңіреу тасқа

немесе

көзі қашалмаған,

алыстан болар-болмас көрінетін күлегеш, заржақ пұтқа...


Есіме

түстің аяқталатыны,

Оны тек қана бақытқа жоритын әжемнің

аспанға көшіп кеткені түсті.


...Қала тағы есінеді,

есінеді

бәрі бірдей түс көретін тұрғындар.

1102

Көк жүзін көлбеген қызылбауыр бұлт –

бейне бір қалам ұшына қатқан мұз;

Біз "жол" деп атаған,

қай жерден бастау алғаны белгісіз,

тарап ағып барып, ұйыған қан

ерімеді әлі.

Үш рет қана соғатын дауыл

төртінші рет қайта оралғанда;

кінәмшіл ғибадатханалар мен

саппас сары сарайлардың көлеңкесі көрінгенде

үздіксіз қайталанған жаңғыз күнге бәддұға оқырмыз бірге.

Әзірге

Күлуге тыйым салынған көшеде,

Жылауға тыйым салынған көшеде

Қарлығаш қанатының сынықтарынан құралған

"Мәңгілік" мозайкасына тамсану бұйырылған бізге.

ПАЗ-672М

Терезесін көтерді жүргізуші жолдас,

Әуелі "Казахстан" маркалы ащы шылымын лақтырып.

Сыртта қалды ұзын сирақ маса –

"Өзіне біткен түсі өзгерілмес"*.

Айнадан соңғы нұрын кезеп

батты күн,

жанды Ильич шырағы.

Ал біздің үйде мүлдем сөнбейтін

Ильичтің шырағы – "Жаралған намыстан"**.

Терезе сыртында – әскери дайындық –

Оққа байланған қып-қызыл ауа.

Терезе ішінде – темекі қорабы сары...

және сіріңке ғана.

Ай неге ораққа ұқсайды?

Балалар не үшін жұлдызға ұқсатып кескіндейді адамды?

Біз қайда барамыз, жүргізуші жолдас?

Жүргізуші жолдас, тірісіз бе?

* – Ахмет Байтұрсынұлының "Маса" өлеңінен

** – ескі әнұраннан (жатталмайды деген желеумен ауыстырылған) үзінді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар