Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Арманбек Жәкейханұлы. Несіне осы қала деп ауырдым ...

09.04.2024 548

Арманбек Жәкейханұлы. Несіне осы қала деп ауырдым деші… 12+

Арманбек Жәкейханұлы. Несіне осы қала деп ауырдым деші… - adebiportal.kz

Қыстауда

Бұлт мақта, ауа жұпар, тасы мәрмәр,

Күңгейдің бұлақ аққан басынан бал.

Қарашы, ақ сүңгіге ораныпты,

Сонау бір сәуірдегі жасыл аңғар.

 

Баласындай жаны пәк, ойы бұла,

Ақша бұлтты шығарып мойынына.

Қариядай мейірімді қарт Қаратау,

Бар қыстауды алыпты қойынына.

 

Күн көзіне шағылып, қар жармасып,

Сұршоқыдан көлеңке қалғанда асып.

Осы ауылдың құдайы қонағындай,

Сары атандар келеді маң-маң басып.

 

Ауылым-ай, мекені дала, қиыр,

Жақсылыққа қашанда баласы үйір.

Танасына танауы қаңсыған ба?

Үйге асығып келеді мама сиыр.

 

Қыстаудағы ауылдың сәлемі ғып,

Болмасын деп даламда бәле, бүлік.

Тыныштығын ауылдың күзеткендей,

Бөрібасар үреді әрегідік.

 

Маңдайына біткендей балалы үйдің,

Әлі біте қоймаған дала күйбің.

Күн еңкейіп ауылдан, көтерілді,

Мен мұндалап, түтіні қара қидың.

02.01.24 Қаратау қыстағы

 

Шеше

Үрейінен үһілеп бағанағы,

Не болар деп құбылған заман әлі.

Қара пештің түбінде қайран шеше,

Балаларын ойлайды қаладағы.

 

Қабағына сағыныш қатпар салып,

Жанарына түнеген жас қаншалық.

Ала-құла атырған таңдарының,

Қарымына үміті ақталса құт.

 

Тек жақсылық көрсет деп пешенеден,

Тіліндегі тілегін еселеген.

Іштен ғана тілейтін дұғаңдағы,

Мен екенім белгілі бесенеден.

 

Үзік-үзік жылдарды жалғап арман,

Үмітпенен атады таңдары алдан.

Қайран шеше, бағы үшін баласының,

Тағдырынан тауқымет таңдап алған.

 

Жанарына шағылып пештегі нұр,

Қараша үйге келеді төстеп іңір.

Түн ішімен анамды қартайтады,

Тігісінен сөгілген кесте ғұмыр.

03.01.24 Қаратау қыстағы

 

Боранда

Бәрін біліп отырар барлап алдан,

Әке бүгін жаңылып қалды амалдан.

Дала боран, көрінбес ат құлағы,

Әлгі бала не болды малға барған.

 

Малмен ықтап кетер деп бала тағы,

Үйде отырған анасы бал ашады.

«Үйкүшіктеп сен неге шықпай қалдың,

Барсаңшы енді, бала ғой, адасады»

 

Таңнан үйде, дымы жоқ істеген еш,

Мызғымайды, бір амал істер емес.

Күйгелек кемпірінің күңкіліне,

Айтатыны: «Жігіт қой, кішкене емес.»

 

Іш жимай-ақ, дегені бұлай тағы,

Үйде отырған ананы мұңайтады.

Жауабына шалының мұқатқаны,

«Сені саңлақ малшы деп кім айтады?»

 

…Тұл іңірмен танытып селбестігін,

Босатқандай белін сәл жел кешқұрым,

Әке үміті ақталды әне тағы,

Үні естілді іргеден Кербестінің.

09.01.24 Қаратау қыстағы

 

Іңір

Толқын сүйіп таусылған қынай қабақ,

Апай төсін айдынның нұры аймалап.

Жамыраған жұлдыздан сырға тағып,

Сынық Ай тұр төбеде сынай қарап.


Іргеаяғын көмкерген қырмызы құрсап,

Іргесіне іңірдің жұлдыз жусап.

Сай басынан сырғанап түн келеді,

Айласынан тыным ап күндіз бір сәт.

 

Келеді түн.

Айласын Айға асырып,

Өңін ұрлап іңірдің майда тұнық.

Су ағашын іздейді Сырғалы қыз,

Ысқырады бозбала сайда тұрып.

 

…Іңір оңып барады майда тұнық

 

***

Ауылдың кеші

Ауылдың кеші

Баяғы мендей “қала” ма, бауырдың да есі?

Бауырында соның бабамның басы қалғандай,

Несіне осы қала деп ауырдым деші.

Барқыт белдердің,

Бағасын, білем, бәрінен артық көргенмін,

Сонда да сонау сәулелі сәби шағымды,

Құндақтап құмға қалаға тартып бергенмін.

Ертегіде емес,

Өңімде көрген гүл көмген бөртелі белес,

Сағымдай сырғып санама орала қалса,

Өзегімменен кетеді өртеніп өңеш.

Тас қаладағы

Талыққан күнім жанымды жасқа малады.

Жатбауыр болып жүрсем де басқа қалада,

Алақаныңды аяулы жастанам әлі.

Ауылдың кеші

Несіне осы қала деп ауырдым деші…

 08.01.24


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар