Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Әр сөздің өз ұяты бар

29.12.2021 1451

Әр сөздің өз ұяты бар

Бүгін әйгілі қаламгер Асқар Сүлейменовтің туған күні. Жазушының ел ішінде кең тарап, бүгінде қолданыста жүрген қанатты сөздерін назарларыңызға ұсынамыз.

* Кем талант – кемтар талант.

* От пен түтін, адам мен қылмыс – жатырлас.

* Ай айнасын бұлт басса, жан айнасын мұң басқан.

* Әр сөздің өз ұяты бар.

* Жақсы кітап – ұлттың антологиясы.

* Қаланың паспорты – такси мен базар.

* Бала тапқандікі емес – бала қаққан мен баққандікі.

* Пытыра қазақ: шүрегей атады, өзбек – жалғыз оқ: бұлан атады.

* Ұл өсіріп, қыз асырап отырмыз.

* Өтірікті кешіруге болады – тек ақтауға емес.

* Дін құрыса – тіл сақтайды, тіл құрыса – үн сақтайды, бәрі құрыса – діл сақтайды (иаһуди-еврейлер, мысалы).

* Таранбаған әйелде – бір мекиеннің, таранған әйелде – екі мекиеннің миы бар.

* Экономикалық қауіпсіздіктің мәселесі, ең алдымен, - ұлттық қауіпсіздіктің мәселесі.

* Келіншектің сұлу кезі – ұйқыдағы кезі. Айтып та болмас әлгінің, айтпай да болмас әлгінің тұсындағы кезі емес. Әсіресе сол кезі емес.

* Қазақтың радиомаразмы: «махаббаттың сүйіспеншілігіне бөленіп...»

* Неге Америкада жершілдік күшті? – Американың жершілдігі – ұлттың қынжығасында, бізде, асып кетсе – регионның.

* Алға – ұмытар, берген – ұмытпайды. Қазақстанның психологиялық халі: аз да болға алғанын – ұмытпайды, мол болса да бергенін – ұмытады. Кең қолтықтың бір ірілігі.

* Отау көтеріп оңаша тұрып алмай достастықтың құшағына қойып кету – саяси логика,а қиналып сыйысады.

* Білмеген – мін емес, білместікке көнген – мін.

* Түс – күндіз бұққан ойдың ойыны.

* Қоғамның кеселінің бір емі – оған тіке қарау.

* Мұқағали:

- Екеумізге жүз жүрмейді. Бізге 99 не 101 жүреді.

-Неге?

- Біліп тұрып сұрау – Қадырдың еншісі.

* Кейбір адамдардың бағасын жауының санымен де өлшеуге болады.

* Мәтіннің дәмін алудың төте жолы – талмай оқу.

* Оқушыны қасқыр көрген тазыдай қалтырат.

* Сөйлемдегі өмір мен сөйлемнің өмірі бірікпегесін – тірі тіркес тумайды. Өмірдің тамыр солқылы мен сөйлемнің тамыр солқылын лингвистикалық проза ғана қоса алады.

* Қазақтай психофизикалық типтің азасын «Жігердей» кемерлейтін күй, «Қаракесектей» шыңғыртар ән жоқ.

* Араға адам жүргенде: менімен тілдескісі келген – менімен өзі сөйлесуі керек.

* Стилі жоқтың жазғанын оқу – арпа талқанды құрғақ асағандай. Стильсіз жазушы, стилін таба алмаған жазушы – іріге еліктеп көлеңке-калькаға барады да, сорпаның сорпасының сорпасы болады.

* Кісілігін жоғалпаса – жауыңның қайсыбір иттігін кешіруге де болады.

* Тағы да стиль туралы. Мемлекетке тақырыппен, концепциямен қарсы шығар мүмкіндік қалмағанда – көмекке стиль келеді... Жаңа форма, жаңа стилистика іздеу таза эстетиканың иіріміне сүңгу, рухани пластиканы меңгеру – бұлар өзі бағынбаудың энергиясы.

* Қақсауық бар, ділмар бар, оттампаз бар, шешен бар: төртеуі – төрт жұрттан.

* Библияның күй басы: алдымен туған сөз еді – сол сөз «құдай» болатын.

* Шын режиссура – жүрек сияқты: соққаны білінбейді.

* Айша Бибінің сағанасындағы жазуды аударса – «Сүмбіле». Су суыды. Өмір – сұмдық».

* Ажал келмейді – ажалға барасың.

* Өнердің өмірден айырмашылығы – өнер өмірден үйренбейді. Өнердің өз өткені, өз бүгіні, өз логикасы мен динамикасы бар.

* Қанша сүмірейткенмен: ой ойнамай – сөйлем жоқ.

* Ел дертті – зар шықпаа, тән дертті – зәр шықпаса.

* Бабы мен бағы бұққан тұяқ та бір – ойға суарылмаған әуен мен әуез де бір: нені айту бір пара, қалай айту бір пара, кімге айту, қашан айту бір пара.

* Байлық – барлық болғанда, өнер – мұрат. Байлықтан мұрат шықпаған. Ал, мұрат – тірлік.

* Зады, адамның соры – өзін өзгемен өлшеуі.

* Достық, ең алдымен – еркіндік.

* Тірлік кешкен адамның сол тірліктен алып кетері - жат тізені кеудесіне шығармау.

* Сауалы бұйрық тектіге – солқылдақ жауап жүрмеген.

* Сөз – құлын да, ой – жылқы.

* Бұл ғаламда тұзақты да, тұсау-тұсамысты да туабітті танымасқа жаралған біреу бар: ол – адам.

* Тәңірінің бір аты – шындық.

* Адамның рухани ізденіс-сілкіністері үш-ақ сауалдың аясына сияды:

А) не біле аламын?

Б) не істеуім керек?

В) үміт артарым не?

* Өлімге бере жаным бар – пендеге берер арым жоқ.

* Кәміл болу қиын, бірақ ой қашады: халық екі ұғымның құлы – кеткен мен келердің.

* Жүректің соғысы – физиология, ал жүректің не қуаныштан, не үрейден барып бас алатын лүпілі – эстетика, өнер, өмірге бергісіз қайран сөз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар