Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
Ақылдының сөзіндей......

29.11.2020 4219

Ақылдының сөзіндей... 12+

Ақылдының сөзіндей... - adebiportal.kz

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан тарих жолындағы күреске толы кезеңде әрұрпақ өзіне тиесілі міндетті толық ада еткенде ғана ел болашағы жарқын, алдыңғыларға артық жүк, соңғыларға борыш қалмайды деген мағынаға саятын қуатты сөзі бар. Бүгінгі қазақ кешегі қазақ емес әрине, сол тектес кешегі қазақ баласы да бүгінгідей болмаған. Жылдар жаңғырып, ғасырлар аунап, дәуірлер көшіп жатыр. Дүркін-дүркін ауысқан ұрпақ, алам кезек сөйлеген тарих мінбері. Бәрі де бір-біріне таңырқаумен, бір-бірінің құпиясын аша алмаумен келе жатқан сапырылысқан адамзат баласы. Бұндай да «жүз жылда қазан, елу жылда ел жаңа» деген ұғымның өзі ұлы уақыт пен кеңістік деңгейінде шанаққа шақ келмесі сөзсіз. Кешегі ұрпақ пен бүгінгі ұрпақты, кешегі заман мен бүгінгі заманды тұтастырып тұратын жалғыз ғана көпір бар. Ол – мәдениет. Ол – өркениет. Ол – ғылым. Адам баласының өз дәуірі деңгейінде ашақан ғылымы. Бір кіндіктен жаралса да, ғасырлар желінің екпінінен бір-бірінен ажырап қалған танымдарды, санадағы ұшқындарды, жүректегі жарылыстарды тоғыстыра алатын осы мәдениет, осы өркениет, ортақ салт-сана, уақыт сүзгісінен өткен дәстүр. Мұның бәрі ұлтқа да, ұлысқа да ортақ құндылықтар. Жоғарыда тарих көшінде әрұрпақтың өз міндеті бар, оны сол ұрпақтың өзі ғана атқара алады дедген пікірді келтірдік. Бір ұрпақтың жүгін бір ұрпақ атқаруы мүмкін де емес. Ол сол уақыттың құрсауындағы ұрпаққа ғана тиесілі үкім. Міндеттер легі толық қанды өтелмей, барар жеріне жете алмай керуеннің жүгі жолда ауатын болса, онда ол келесі ұрпақтың жүгіне жүк қосады, ұлы тұтастықтар мидай сапырылысады. Киелі һәм нақты ұғымдар шатысып, күрделене түседі. Енді ес жиып ойласақ, тарих көпірінен өте алмай, келесі ұрпаққа толық қанды жете алмай, артта қалған асыл мұраларымыз қаншама?! Бүгінгі есті, ғылым тілін меңгердік дейтін ұрпақ оны қанша талаптанғанымен, шаң басқан жолдардың қойнауынан қайыра жеткізе алмауы әбден мүмкін. Мүмкін дегеніміз сыпайы кершілік қана. Тарихтың тылсым иріміне малтыған, өткен уақытқа керексіз, бүгінгі жалғастырушы буынға ауадай қажет, бірақ күре жолдың бойында, ескі құдық басында қаусаған шелектей қалған дүниелер қаншама?!.

Киіз туырлықты, ағаш уықты көшпенді жұртының мәдениетінің баршасы ауыздан ауызға таралып, фольклорлық сарында жеткені түсінікті. Ауызша жеткен мәдениет деп тіл ұшында жеңіл айта салғанымызбен, арғы астарына, болмысына үңіліп көрсек қандай ұлы далалық зерде болғанына таң-тамаша боларың сөзсіз. Айталық, осыдан біршама уақыт бұрын мемлекеттік бағдарлама аясында қазақтың дәстүрлі мың күйі мен мың әні жарық көрді. Бұл әрине ұлттық мәдениетіміздің ғажайып айшықтары. Ұлы далалық өркениеттің шуағы. Баға жетпес мәңгілік мұра. Алайда, бұл бізге жеткен сан мыңдаған ән мен күйдің бір қайырымы, соның таспаға бәдізделген бір парасы ғана. Тарих керуенінен үзіліп түскен інжу-маржандай бізге жетіп үлгірмеген, мына шекесіне күн қадаған ұрпақтың таңдайына татымай қалған руханиятымыз бар. Қош, сонымен, ғалым Ақселеу Сейдімбектің пайымынша қазақта бүгінгі күнге жеткен, ғасыр босағасынан аттап үлгірген бес мың күй бар көрінеді. Әрине күреске толы тарих жолында, ұрпақтардың ауысуымен, замананың бұлғағымен мәдениет өзгеріп, түлеп, тұтынушысының талғамына сай түрленіп отырары анық. Сол түрленген, жаңарған, жол-жөнекей қосылып, нақыштанып жетілген мәдениеттің бүгінге жету барысы туралы айтқымыз келеді. Өйткені, қай заманнан болмасын, тарихты жасаушылардың, мәдениетті жеткізушілердің орыны ерекше болған. Бүгінгі «Ақылдының сөзіндей» сол бір тұлға туралы баянымызды жалғастырмақшымыз.

Ғалым Ақселеу Сейдімбек «Қазақтың күй өнері» еңбегінде: «Нағыз мәдениет әсіресе рухани мәдениет тек қана ұлттық-этникалық төлтумалықта ғана көрініс табады және сол төлтумалық қасиетін тұғыр ете отырып қана дамып, шыңдалады. Ал, басқа елдің мәдени құндылықтарына жалаң еліктеу өзінен-өзі қайталау болып шығада» деп жазады. Әрине, бұл мәдениет атаулының қалыптасып, даму жолындағы бұлтартпайтын қағида. Ұлттық мәдениеттің тірегі қашанда осы төлтумалық, яғыни туған топырағында жатады. Өнердегі төлтумалық қасиет қашанда бабалар танымын, аналар өсиетін, түп-тамырдан бастау алып келе жатқан ұлы арқауды бұзбай, сол арқау негізінде өнерді, күйді уақыт талабы мен тыңдаушының тағылымына сай, өз жан дүниесінің алапатын араластыра уақыт сынына төтеп беретін шынайы өнер туындысын әкеліп, оны арғы ұрпаққа аманат етеді. Бұндай аса өміршең, өнердің ғана емес тұтас ұлттың болмысын тәрбиелейтін төлтумалық қасиеттің бағдарын бұзбауға, өз заманының асып туған күйші-композиторлары себеп болып отырған. ХІХ ғасыр қазақ күй өнерінің алтын ғасыры болып табылады. Осы орайда Тәттібет, Дәулеткерей, Қазанғап, Құрманғазы, Ықылас сынды ұлы күйшілердің қатарында Бейсенбі Дөненбайұлы да тең аталады. Оның күйлерінің философиясының тереңдігі, ойының өткір, қиялының ұшқырлығы, сезімінің нәзік, ирімінің шүңеттігі Абай поэзиясын елестетеді. Он төрт жасында алғаш күй шығарып, он тоғыз жасында ел ісіне араласып дау шешкен Бежеңнің өмір жолы мен күй тарихы туралы мәліметтердің біршамасын, біз бұдан бұрынғы жазбаларымызда баян еткен болатынбыз. «Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, Бежеңнің күй мұрасы зерттеліп бітпеген, уақыт өткен сайын, ұрпақ алмасқан сайын алапаты артып, құпия қатпарлары тереңдеп бара жатқан бөлекше әлем. Біз бүгін назарларыңызға Бежеңнің күй мұрасының қалпын бұзбай бізге жетуі туралы баян етпекпіз. Қазақтың күй мұрасында күйді жеткізушілердің орыны айрықша. Сондықтан ғалым Мидықат Разданұлының тарихи-зерттеу еңбектеріне сүйене отырып, Бежең аманатын арқалап өткен аяулы азаматтар туралы сөз қозғаймыз.

Бұл күнде күй атасы, қазақ шертпе күйінің бас қайраткері Бейсенбі Дөненбайұлының өмірге келгеніне екі ғасырдың ширегінен асыпты. Қай межеден алып қарасаңызда бұл аз уақыт емес. Ортада «байтал түгіл бас қайғы» дейтін аласапыранды кезеңдер өтті. Соңғы екі ғасырда қазақ баласының аттан түскен, ат шалдырып, мауқын басқан тұстары аз. Осы күні де ойы азат, санасы сау азаматтардың дені ат үстінде. Айтайын дегеніміз бұл емес болғанымен осыған жуық әңгіме. Осыншама күрделі кезеңде Бежеңнің және оның айналасындағы күйшілердің күй мұрасы қалыпын бұзбай қалай жетті деген сұрақ төңірегінде. Күйі кісенделген, қызыл тілі құрсауланған заманнан қалай аман өтті деген заңды сауал. Қағаз бетіне түспеген күйдің біздің ғасырда қайта түрегеліп, шанақтан күні кеше туғандай сөйлеп тұруының әуелгі тиянағы, Бежең күйлерінің «ақылдының сөзіндей» ажарлы, айшықты, туған топырағымен үндес, мұңдас, тағдырлас екендігі. Осыншама өміршеңдігінен Бежеңнің бірде-бір күйі жоғалмай, маңдайы жарқырап бізге жеткендігі болып отыр.

Ғалым Мидыхат Разданұлының пайымдауынша, Бежең күйлерін жеткізуші шәкірттерін, уақыт жүлгесіне қарай он екі топқа бөліп жіктеуге болатын сыңайлы. Оның ең бастысы әрине, Бежеңнің өзінен тараған ұрпақтары. Олар әке күйін күллі халық мұрасы деп санап, ұрпақтан ұрпаққа қалпын бұзбай жеткізуге талаптанған. Айталық: Бейсенбінің өз баласы Сыдықай, немересі Мұсылманқұл Сыдықайұлы, шөбересі Жаңкен Қасенұлы, Ағзам Батталұлы, Бекарыс Дікеұлы қатарлы біртуар күйшілерді атап айтуға болады. Бұл күйшілер Бежең күйлерінің түпнұсқасының бұзылмауына айрықша әсер еткен тұлғалар. Осы топтың арасында ең шоқтықтысы Ағзам Батталұлы дер едік. Ғалым Мидыхат Разданұлы өз жазбасында осы күйші Ағзамды көргенін баян етеді. 1944 жылдары болса керек, қасында Мұсылманқұл деген әнші жігіт бар күйші Ағзам Раздан ақсақалдың үйіне қонаққа келеді. Мидыхаттың әкесі күйшіге домбыра ұсынып күй шерткізеді. Ағзам бойы ұзын, бидай өңді, саусақтары домбыраға жаратылғандай ақ салалы екен дейді. Бежеңнің күйлерін бірінен соң бірін орындады, орыстың малалайкасын алып шығып та күй тартты деп еске алады ғалым Мидыхат. Ең ғажабы сол кеште күйші Ағзам Бетховенның атақты «Түрік марыш» күйінде орындап береді. Ағзам шын мәнінде ерек талант болған деседі көз көргендер. Ол алғаш Бежең күй мектебінің айналасына алғаш гармон, балалайка, скрипка сынды эуропалық аспаптарды әкеліп домбырамен үйлестіре орындаған. Тіпті қазақ даласындағы домбыраға домбыра қосып күй тартуды да осы Ағзам салдың әсерінен қалған үлгі екен. Осының бәрі дала қазағына үлкен жаңалық болып, Ағзам өз шәкірттерінің басын қосып алғаш рет «Дала оркестрін» құрады. Сол ағзам басқарған әнсамбілдің бір мүшесі, бертінге дейін өмір сүрген Самиға деген ағамыз да айтулы домбырашы болған деседі. Ағзам туралы мол мағлұмат сол кісі арқылы жетсе керек. 1950 жылдары Алтай қалалық ойын-сауық үйірмесінің күйшісі болған Ілияста осы Ағзам десе ішкен асын жерге қоятын шәкірттерінің бірі болған екен. Көзін көрген кісілердің айтуынша сол Ілияс Ағзамның өнеріне бас иген, шын талантты шәкірттерінің бірі болыпты, ұстазы Ағзам туралы сұрай қалған жанға «Ой, Ажа...» деп көкірегі қарыс айырылатын көрінеді. Бұның бәрін сабақтап айтып отырған себебіміз, осының өзі Бежең салған күй мектебінің жалғастығы, тарихи сабақтастығы болып саналатынын айғақ ету еді.

Бұл ғана емес, қонысы мен туысы басқа болсада заманында Бежеңнің күйлерін үйреніп, күй мектебін жалғастырушылар аз болмаған. Кең сақараны мекен еткен алаш баласы үшін, қашаннан «Өнер ауыс, ырыс жұғыс» емес пе. Бежең күйлерін жалғастырушы ұрпаққа мына үш кісіні арнайы атап айта кету ләзім. Олардың бірі – күйші Мақаш. Яғни, Мақаш Уәлиұлы. Осыдан бір ғасырдан аса уақыт бұрын өмір сүрген адам болса керек, нақты туған жылы мен қайтқан уақыты әлі күнге белгісіз. Ұзақ жылдар Бежеңнің өз ұлы Оспанның ауылында болып, орданың айтулы күйшісі болған. Бұрынғының күйшілерінің бәрі Бежең күйі туралы сөз болғанда осы Мақаш күйшіні ауызға алмай, айналып өтпейтін болған. Қара Оспанның билік құрып тұрған тұсында, Алтай-Тарбағатай-Еренқабырғаның талай жерін аралап, күй өнерін пәш етіп, басқа өңірлерде Бежеңнің күй мұрасының таза сақталуына, шынай шертілуіне үлкен ықпал еткен адам. Бейсенбінің шөбересі Жаңкен Қасенұлының құдалық жоралғысымен күйші Мақаш Еренқабырға өңіріне сапарға барғанында, сол жақтағы күйшілерге көп ықпалын тигізіп, Бежең күйінің кең таралуына көп еңбек сіңірген тұлға болып еспетеледі. Сондықтан да Бежең күй мектебі туралы сөз болғанда ең алдымен ауыз толтырып айтатын күйшілердің басында осы жәдіктің бес байғазысынан тарайтын күйші Мақашты айтпай өту мүмкін емес.

Бейсенбі күй мектебін онан ары ілгерлетуші дәулескер домбырашылардың бірі, осы Мақаш күйшінің үздік шәкірті – күйші Сайыпжамал Тоқаұлы болып табылады. Күйші Сайыпжамал Қыранның Ертіске құяңында 1880 жылы туып, 1945 жылдардың шамасында Алтайдың Шіңгіл өңірінде қайтыс болған. Заманында Бейсенбінің Сыдықай деген ұлы күйші Сайыпжамалдың апайы Жастықбай деген кісіні алған екен. Осы апайының ықпалымен Сайыпжамал өмірінің көп бөлігін Бежең ауылында өткізіп, сонда жүріп Мақаштың қолынан күй алады. Ғалым Мидыхат Разданұлы өз естелігінде күйші Сайыпжамал әкемнің туған нағашысы Қағазбай деген кісінің бауыры екенін, көзі тірісінде өз үйлеріне көп келіп, талай күй тартқанын жазады. Бежеңнің және өзінің бірмұнша күйлерін көп шертетін болған. Және сол жылдар біздің ауылға көшіп келіп, екі жылдай іргелес отырдық, бурыл сақалды, қоңырқай өңді, денелі кісі еді. Ол кісі домбырашылдығымен қатар, өзі әртіс, отырған жерін күлкіге қарық қылатын әзілқой, бірақ көңіліне жақпаған істі кімнің де болсын бетіне айтатын турашыл, әділ адам еді деп баяндайды Мидыхат ақсақал. Қайда жүрседе қарағайдан шауып жасаған кішірек қызыл күрең домбырасын қанжығасынан тастамай, қай ауылға түсседе төрден түспеген дәулескер болыпты күйші Сайыпжамал. Бежеңнің кеңес күйлер шоғырын – «Мұңлы қыз», «Телқоңыр», «Құнанбайдың қос басары», «Әкім батырдың күйі» сынды бірмұнша күйлерін жеткізген де осы Сайыпжамал ағамыз екен. Мидыхат Разданұлының әкесі де айтулы күйші болыпты. Қоңсы отырғанда көп күйлерді осы Сайыпжамалдан үйренсе керек. Дегенмен Мидыхат ақсақалдың әкесі 1948 жылы, Сайыпжамал 1945 жыл қайтыс болып кетіп, күйдің мән-мазмұнын ерте ұғынудан ажырап қалдым деп жазады өз еңбетерінде аталмыш ғалым. Сайыпжамал өзі кедейлеу және кіндігінен бала сүймегендіктен ізін жалғайтын шәкірттері аз болғанға ұқсайды. Мидыхат Разданұлы осындай ортада өскендіктен өзі де айтулы күйші болып өсіпті. Осы тұрғыдан келгенде Мидыхат ағамызды Сайыпжамалдың шәкірті деп атасада болғандай. 1992 жылы Шынжаң халық радиосының музыкалық редакторы музыкант Мұсаттар Мидыхат Разданұлымен аранулы кездесіп, тілшілік сұхбат құрып Бежеңнің 13 күйін таспаға жазып «Алтын қорға» сақтап алуының өзі осы ойымыздың тиянағы тәрізді.

Осы тектес дала төсінен тәрбиеленіп, мыңжылдық мұраның өрнегін бұзбай, биігін аласартпай жеткізуге себепші болған тағы бір айтулы күйші Мықи Асықұлы еді дейді көнекөз жазбалар. Ол молқы елінен қыз алуына байланысты өмірінің көп мезетін Мәми бейсінің (мансап аты) ауылында өткізіпті. 1890 жылдар шамасында туып, 1960 жылы қайтыс болған күйші. Бежеңнің ұрпағы Кәкен тайжы (мансап аты) Мәңкей Мәмиұлымен құдандалы адам болғандықтан екі ауылдың қойы қоралас, қонағы аралас болған екен. Екі ауылдың арасындағы осындай байланыстан күй мәдениетінде ауыс-күйіс көп болыпты. Күйші Мықи Асықұлына Бежең күйлерін түпнұсқадан, табиғатын өзгертпей, бояуын солғындатпай үйренуге мол мүмкіндік осыдан туған. Күйші Мықи өз заманында әнші Жақыпқа еріп Әсет Найманбайұлының алдын көрген. Әсеттің ықпалымен сал Біржан, Ақан серінің әндерін молынан үйреніп Алтай өңіріне осы сал-серілердің өнерінің кең таралуына себепкер болған тұлға. Бәрін айтпағанда Мықи Асықұлы Бейсенбінің «Бұлдыр тау» дейтін көп ешкім біле бермейтін күйін орындап, бүгінгі ұрпаққа жетуіне себепкер болған дәулескер еді. Біз бұл әңгіме Бейсенбі күйлерін жеткізуші ескі күйшілер туралы айттық. Қазірдің өзінде бұл ұлық дәстүр жалғасын тауып келеді. Осыдан он-онбес жыл бұрын ғана Бежеңнің күйлерінің таза былғанбаған нұсқасының жүзден астам күйін радионың қорына жаздырған Бжеңнің ауылдас күйшісі Қолбый ақсақал, Бежеңнің өз топырағынан нәр алып, күй мұрасын талмай нәсихаттап келе жатқан Қалтай, Мүтәліп, Тұрсын сында аймадет ұлдардың еңбегінің өзі бір төбе. Қаншама жылдардың салқыны соғыпғ қаншама жаңа тұрпатты ұрпақтар тарихи сақынаға келсе де Дөненбайұлының күйлері алаш баласымен бірге жасасып келеді. Алтай-Тарбағатай шертпе күйінің ең үздік өкілдері кешегі Уәли Бекенов, Ғабылхақ Барлықов, бүгінгі Мұқаш Таңғытұлы сынды дүлдүл күйшілер осы сөзіміздің айғағы болса керек-ті. Осы орайда айта кететін тағы бір ерекше дерек, күйші Ағзам Батталұлына көп жыл шәкірт болып, қасына ерген айтулы күйші Бекарыс Дікеұлы болатын. Ол кісі бертін 1983 жылдары қайтыс болған, Бежең күйлерін байырғы нұсқадан үйренген және жеткізге дауылпаз күйші болған еді. Сол Бекарыс Дікеұлы бабамыз 1956 жылы жазда Үштас деген жайлауда Әлімхан ақсақалдың шаңырағында қонақта болып, күйшілікке талпынып жүрген Мүтәліп Әлімханұлына жата-жастана жүріп Бежеңнің «Жеке батыр», «Сағыныш», «Арман-ай», «Төрт бидің кеңесі» қатарлы күйлерді өз қолымен үйретіп кетеді. Соның ықпалымен Мүтәліп ағамыз Бежең күйлерінің төлтума қасиетін меңгеріп, күйдің халықтық сипаты мен ежлгі қанық дыбыстарының бояуы өшкіндемей бүгінге жетуіне зор ықпалын тигізеді. Бежеңнің соқтықпалы-соқпақсыз күй мұрасы жолында бұл да бір айтулы тарихи нышан еді.

Ендігі бір сөз Бежең күйлерінің табиғаты, мәні мен мазмұны, құрылысы туралы болмақ. Бежең күйлерінің таралу аумағы кең. Бұрында солай болған, қазір тіпті де солай. Шығыс Түркістандағы қазақ қауымы кең тараған Алтай, Тарбағатай, Іле, Еренқабыраға, Баркол, Боратала, Санжы, Құмыл сияқты аймақтарды айтпағанда, ежелден берігі дәстүрді сабақтастырып, бүгінгі Қазақстан териториясына да кең тарап, күй мұрасы ғылыми айналымға еніп, алты алашты аралап кеткен-ді. Бежең күйлерінің мазмұнына қарап отырсақ, оның күйлерінің ішінде Кеңес күйлер шоғыры мен жылқы түлігіне арналған күйлер біршама мол мазмұнды қамтиды. Себебі Бежең шығарған күйлер көбінесе келелі кеңестерде, ел ішіндегі дау-шараларға шешім жасар алдындағы халық өмірінің ой-қырын, оның бастан кешірген тауқыметін, нақтылы тарихи оқиғалар негізінде жан-жақтылы терең толғанып, кең ойланып әсем әуенді, қоңыр сазды «Бас кеңес», «Кеңес басы», «Жай кеңес», «Төрт бидің кеңесі», «Көк ирім кеңес» сынды қырыққа жуық кеңес күйлерін шығарған. Жалпы, Бежеңнің кеңес күйлер шоғыры, аты айтып тұрғандай, күйдің ойлылығын, тереңдігін, іштен тебіреніп шыққан салмақтылығын, тыңдаушысын ой шүңетіне батыратын қасиетімен еркеше. Ал, тұлпар – көшпелі сақара өміріндегі қазақ халқының жан серігі, қанаты болғандықтан талай-талай жұлдыздай ағып, көсіле шабатын жүйрікті, тайпалған жорғаны, зар желісті, аяңы жанға жайлы жансерік сайгүліктерді мініп, өз заманында сақара салтанатының қызығын бастан кешірген ұрпақтың өкілі ретінде, біте қайнасқан болмысы ретінде талайлаған күйлерін астындағы жансерігіне арнаған. Солардың куәсындай бұл күнде қос ішектен бебеулеп тұрған «Көкшұбар ат», «Алакөз ат», «Қарақасақа ат», «Құлалат», «Телқоңыр», «Майдажал», «Майдақоңыр», «Ақжал» сияқты жиырмаға жуық күйлерін шығарған. Кең дала. Жанға жайлы жасыл жайлау. Асау өзен, асқар тау сынды табиғат аясынан шабыт алып «Долы Қалжыр», «Бұлан», «Кербұлан», сынды күйлерімен қатар «Ой, дүние-ай», «Жылып өткен дүние-ай» сынды өмір толғауларын, мезгілсіз қаза тапқан аяулы жар Әйми сұлудың ажалына бағышталған «Арман-ай», «Әйми», «Арман» күйлерін, ерлік рухты әспеттейтән «Жеке батыр», «Жәнібектің жауға шабуы», «Арқалықты толғау» сында бөгенайы бөлек, аруақты күйлері біз айтып отырған күй мазмұны мен тақырыбы аясындағы әңгімелеріміздің тиянағы болмақшы. Бежеңнің күйлері бай мазмұнды, тақырыбы алуан түрлі әсем болып, күйінің құрылымы бір-екі бөлімді қысқа қайырмалы, терең ой мен сырға толы, мұңлы да тәтті қоңыр сазды, қолма-қол үйренуге қолайлы болғандықтан, халық арасына кең тараған. Ал онда үш бөлімді күйлер сирек кездеседі. Бежең күйлерінің басым көп сандысы жеті дауыс басқышындық үлкен қалып формасында келеді. Кейбір күйлерінде дориялық, эволюциялық формалары өзінің ұнасымдылығы мен жарасымдылығын кеңінен тапқан. Осы үлгіге Бежеңнің «Кеңес басы» күйі әбден лайықты. Бежең күйлерінң өлшем ырғақтары алуан түрлі, көбіне төрттен екі, төрттен үш, сегізден үш, сегізден төрт, сегізден бес, сегізден алты, сегізден жеті, сегізден сегіз, сегізден тоғыз өлшемдері үнемі алма кезек үндесіп отырады. Көлемі жағынан 60 такттен 150 тактке дейін жетеді. Бейсенбі күйлері орындаушылық өнер дәстүріне, қағыс мәнеріне, музыкалық формасына қарай шертпе күйдің тобына жатады.

Ол өзінің туған жер, кең даласын, асқар таулары мен асау өзендерін, қоңыр аң-құстарын, өз халқының асыл арман-қиялдарын, алып тұлғаларын ет жүрегімен жанындай жақсы көріп, әсем әуен мен тәтті күйдің сазына түсіріп, елінің мейманасын тасытқан, күй тілін ана тіліндей сөйлеткен күйші. Ол дауысты сан құбылтып, түрлендіруге шебер болуымен қатар, қос ішекті үндестігін сәтті тауып, әсерлі байланыстырып, дыбыстар қашықтығын орынымен сақтап, дауыстың күші мен бояуын күйдің ең жоғарғы шыңына дейін сақтай отырып, дыбыстағы қатаңдық-ұяңдық жүлгені, екпіндік ырғақ барысындағы нәзік үндестікті батылдықпен пайдаланған күйші. Бежең күйлерінің кейбірі әдемі әңгіме шертсе, кейбірі жыр толғайды, кейбір терең термелік сарынға көшеді. Домбырасының үні далалық бояуға малынған, қайталанбас қазынаға толы. Ол шертпе күйдің терең айшықтарын молына пайдалана отырып, күй тартудың бөгенайы бөлек дәстүрін қалыптастырған. Тарихшы, шежірелі ақсақал Асқар Татанайұлы өз еңбегінде Бежеңнің күйшілігі туралы: «Бейсенбі Дөненбайұлы сөз иесі – шешен, ел иесі – әділ би, күй иесі – асқан домбырашы, қайрат иесі – батыр, құс иесі – құсбегі, ұлт дәнекері» болған кісі деп айрықша жоағары бағалауының бір кепілі осында жатса керек. Жоғарыда айтып өткеніміздей ұлы сазгердің күйлерін өз ұрпақтарынан тыс Қолби Құмаштайұлы, Тұрсын Кәдейұлы, Мүтәліп Әлімханұлы, Қыдырмолла Ақайұлы, Найманғазы Омарқанұлы, Тайыр Белгібайұлы, Бақытқан Тағайұлы, Дәулет Халықұлы, Қытан Көксегенұлы, Жұмжұма Жазиұлы қатарлы сұңғыла күйші-композиторлар біздің заманымызға жеткізді. Белгілі күй зерттермені, музыканыт Қабылалды Абдоллаұлы қазірге дейін Бежеңнің аты-жөні мен жеткізушісі белгілі сексенге жуық күйі мен аты-жөні нақты белгісіз елуге жуық күй бар екенін жазады. Қалай болмасын екі ғасыр бұрын жасаған тұлғаның жүзден аса күйінің жетуі тегін нәрсе болмаса керек деп ойлаймыз.

Дала мәдениетінің осыншама зерделігі мен құныттылығына қарамастан, бейсенбітану, Бейсенбі зерттеу мәселесі кешірек қолға алынған. Бейсенбінің күй мұралары туралы ғылыми зерттеу еңбектері мен радио хабарлары өткен ғасырдың 80-ші жылдарына қарай дендеп қолға алына бастаған. Бежең мұрасын жинап-зерттеуге көп күш шығарған сол елдің ел ағалары Мүтәліп Әлімханұлы мен Қалтай Шалұлы қатарлы қаламгерлер 1963 жылдардан бастап көнекөз қариялардан Бежеңнің күйлері мен тарихи әңгімелерін, аса құнды деректерін хатқа түсіріп, тірнектеп жинап 1983 жылдары «шынжаң газетіне» «Бейсенбі және оның күйлері» атты мақала жариялап күйлері мен күйдің шығу тарихы жөнінде біршама мәлімет беріп, ел ішіндегі әртүрлі таласты әңгімелерге нүкте қойғандай болады. Сонымен қабат, бейсенбітану мәселесіне ең үлкен үлес қосқан айтулы ғалым Асқар Татанайұлы екенін жоғары да тілге тиек еттік. Сонымен қатар Баяқын Әлімбекұлы, Дәулет Халықұлы арнаулы Бежеңнің күй мұрасын ел ішінен жинап, зерделеуге мол үлес қосқан тұлғалар. Алағш Бежең күйлерін нотаға түсіріп, кітап етіп бастырғанда осы екі дәулескер күйші болатын. Соның негізінде 1984 жылы атақты күйші Тұрсын Кәдейұлының орындауында Шынжаң халық радиосынан Бежеңнің тоғыз күйі орындалып, үнтаспаға жазылады. Қалай болмасын Бежең күйлері бұл дәуірге қатарын бұзбай, қаз-қалпында келе қойған жоқ. Ол ауыздан ауызға тарап, қолдан қолға өтіп, ұзақ тарихтың қысаң жолдарын басты. Оның күйлері өзіндік сарыны, кеңістік сипаты, табиғи бітімі өзара қабысып, тыңдарманның зердесіне қонған сәулелі шоғыр іспетті қазына. Бежең күйлерінің ерекшеліктері мен ішкі ирім-қайырымдарын, болмысын, өзіне ғана тән манерасын ашып жазу үлкен жауапкершілікті және зерделік пен мол білімді талап ететін жеке бір бастау жол.

Бұл күнде күй атасы Бейсенбі Дөненбайұлы заман биігіне көтеріліп, тарихтан өз орынын алған ұлы тұлға. Қазақтың шертпе күйін Бежеңнің мол мұрасынсыз елестету мүмкін емес. Бұл күнде Бежеңнің туған жерінде, тоғыз жолдың торабы Буыршынның бойында еңселі ескерткіші орнатылған. Төрт айшықты, төрт қабырғалы ескерткіш мұнараның биіктігі сегіз жарым метр. Басына ай қадаған күмбезі сонадайдан жарық шашып тұрады. Бұл ескерткіш бұл күнде Бежеңнің зор тұлғасымен қабаттасып, айналасы күйдің көркем бақшасына айналып кеткен. Илайым, қазақ күйінің көркем бақшасының мейманасы тасып, алапаты арта бергей!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар