Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
АҚШ-та Бекзат жайлы кітаптың тұсаукесері өтті...

13.06.2025 1052

АҚШ-та Бекзат жайлы кітаптың тұсаукесері өтті 12+

АҚШ-та Бекзат жайлы кітаптың тұсаукесері өтті - adebiportal.kz

Калифорния штатының Девис университетінде ерекше рухани шара өтті. "Болашақ" бағдарламасы аясында тағылымдамадан өтіп жатқан қазақстандық ғалымдар мен мамандардың бастамасымен жазушы Бейбіт Сарыбайдың шығармашылығына арналған әдеби кеш ұйымдастырылды. Кештің басты тақырыбы — автордың «Бекзат. Шаршы алаңнан тыс өмір» атты жаңа романы болды.

Туындыда қазақ боксының жарық жұлдызы, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың жарқын ғұмыры мен ішкі жан әлемі көркем тілмен бейнеленген. Кеш барысында "Бекзат романы: Көркем сөз бен рухани ізденістің жаңа кеңістігі" атты әдеби талқылау өтіп, шығарманың мазмұны мен көркемдік ерекшеліктері жан-жақты сараланды.

Әдеби кештің жоғары деңгейде өтуіне Калифорния кітапханалар жүйесі, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы және Жамбыл атындағы Қалалық жасөспірімдер кітапханасы қолдау көрсетті.

Шараға АҚШ-тағы қазақ қауымдастығы мен Девис университетінің профессор-оқытушылары қатысып, Zoom арқылы әлемнің әр түкпірінен оқырмандар қосылды. Кеш аясында Қазақстанның Сан-Францискодағы бас консулы Нәзира Нұрбаеваның құттықтау хаты оқылып, жылы лебіздер жолданды. Сонымен қатар, Калифорния университетінің халықаралық бөлім директоры Жейкоп Хосиер, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы және ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызы өз құттықтауларын білдірді.

Кештің ерекше қонағы — Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыгүл Саттарханова ұлының есімін ұлықтап, рухын ардақтаған туынды авторына және жиналған қауымға жүрекжарды алғысын жеткізді.

Іс-шараның ғылыми бөлімінде әдебиеттанушы ғалымдар Әлімжан Хамраев, Ақбілек Мыңбаева және Жаңагүл Сәметова Бейбіт Сарыбай шығармашылығына арналған мазмұнды баяндамалар жасап, "Бекзат" романының көркемдік және тәрбиелік мәніне терең үңілді.

"Бекзат" романы – тек бір тұлғаның ғұмырнамасы ғана емес, бұл – жас ұрпаққа үлгі боларлық рухани бағдар, жеңіске жетелейтін мотивация, ұлттық рухтың көркем көрінісі.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар