Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ана – мейірім мекені...

12.05.2025 922

Ана – мейірім мекені 6+

Ана – мейірім мекені - adebiportal.kz

Мамыр айының екінші жексенбісі  - Аналар күні .  Осыған дейін әлемнің көптеген елінде үрдіске айналған Аналар күні 2024 жылдан бері елімізде де бейресми түрде атап өтіле бастады. Аналар күні деп ұлықтап жатқан бұл мереке – аналарымызды ардақтаудың, оған деген алғысымызды, құрметімізді білдірудің тағы бір жарқын үлгісі болмақ. 

Қазақ әдебиеті тарихына көз жүгіртер болсаңыз, ана тақырыбына қалам тартпаған, әйел тағдырына қалм тербемеген ақын-жазушылар кемде-кем болар, сірә? Атап айтқанда Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» сынды әйелдің ауыр тағдырын суреттеген шығармаларынан тыс, тағдыр тауқыметімен күресе отырып, бауыр еті баласына, құрсағынан шыққан ұрпағына деген шексіз махаббатын, аналық мейірімін паш ететін, аналардың қайсар рухын зау биікке көтеріп тастайтын шығармалар легі қаншама? Солардың ішінен өткен ғасырда қағазға түскен Ғабит Мүсіреповтің «Ананың анасы» атты шағын әңгімелер жинағы - ерекше. Бұл жинаққа тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен балалары үшін небір жанкештілікке бара алатын әйел затының өзгеше өжеттігі арқау болады.

«Бала ананың бауыр еті ғой, отқа да, суға да сүйреп салады екен. Өзегіңнен үзіліп түскен балаң үшін қалай отқа түспессің? Былтыр әлі солдат алатында жалғыз ұлым он бесте еді. Алтыбас деген байдың сиырын бағуға жарағалы екі-ақ жыл болған», - дейді Ғабит Мүсіреповтің «Ашынған ана» атты шығармасындағы ашынған ана. Еш қорғаны жоқ жалшы ана баласы үшін байдың қатігез де қараулығынан бір таяқ жесе, кедей болғандығы үшін 15 жасар баласы 1916 жылғы патша жарлығымен еріксіз әскерге алынып екі таяқ жейді. Ол аз болғандай болыс алдында теңдік сұрай келген ана осы зорекер тарапынан мазаққа ұшырап, қорлыққа шыдамаған ашынған ана батыл әрекетке барады. Сөйітп ол болыс пен атшабарын  майып қылады.

«Енді, міне, «жүрегім алып ұшып келеді!» дегенде көзінің қарашығында ойнаған от сәулесі ортада маздап тұрған оттың өзінен де артық жарқырап кетті. Іргеге бұққан балалар қозғала-қозғала әйелдің қасына келіп, тізесіне де асылып, аузына да қарап қалыпты. Манадан бері «балам» деген сөзді әйел осы балалар жайында айтып отырғандай…» Шығарма басталған шақтағы қамаудан енді шыққан ұсқынсыз әйел, ашынған анадан қорыққан балалар, оның ғаріптік кепке баласы үшін түскенін шығарма соңында түсінеді. Түсінеді де бұл әйелдің ертегіде айтылатын жалмауыз емес, баласын қорғаған періштедей көреді.

Жалпы осы іспетті күрескер, жанкешті, аналық мейір-махаббаттың күшімен балапанын қорғаған аналар туралы шығармалар қаншама! Әдебиеттегі аналар туралы деректердің бір мысқалын ғана үзіп алып, аталып жатқан Аналар күнінің куәсіндей әдебиет шежіресін ақтарған едік. Біздің әдебиетімізде  де қаһарманға айналған аналар бейнесінің жарқын мысалы жетіп артылатынын көлденең тартқандай болдық.

Ана – адамзат өмірінің күретамыры іспетті. Бар мейірімнің, шексіз махаббаттың, сарқылмас сабырдың синонимі. Ана – біздің жарық дүниедегі алғашқы ұстазымыз, алғашқы қорғаушымыз, ең жақын сырласымыз. Ана алдында ақталып болған қарыз жоқ. Ол – ұрпақты өмірге әкеліп қана қоймай, сүрінгенде сүйейтін, жығылғанда жебейтін қорғанымыз. Біз, саналы ұрпақ, қандай биіктерге шықсақ та, ол биіктің тұғырында ананың ыстық жүрегімен тілеген дұғасы, төккен тері мен төзімі жатады.

Әр ана – ұлттың ұйытқысы. Ана тәрбиесін көрмеген ұл  мен қыз тасбауыр болады десек, ананың әрбір сөзі мен ісі-әрекеті – бала санасына өтіп, болашақ ұрпақтың сау болмысын қалыптастырады. Сондықтан әр ана – бір мектеп  деп айта алар едік.

Бүгін кеш болса да, «Әдебиет порталы» атынан осы мерейлі күнде, барша аналарымызға шын жүректен алғысымызды білдіреміз... Әмәнда аналарымыз аман болсын! Аналар күні құтты болсын!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар