Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Өткен күнде белгі бар...
Алтын кілт немесе Құң-зы даналығы һәм «Өзен иірімд...

04.09.2024 564

Алтын кілт немесе Құң-зы даналығы һәм «Өзен иірімдері» 14+

Алтын кілт немесе Құң-зы даналығы һәм «Өзен иірімдері» - adebiportal.kz

2000 жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше екі басылым болды. Бірі  Атырау шәрінен шыққан «Алтын Орда» газеті болса, екіншісі Алматы қаласынан шыққан «Жас қазақ» газеті еді. Бұл қос газеттің біріне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал екіншісіне Талғат Ешен есімді қазақтың қос интеллектуал азаматы бас редакторлық қызмет етті. Екеуі де елге белгілі ғажайып ақын.  Баз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын еш жарытып  газет шығара алмайды», - деген сыпсың сөзінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы ағаларым болды. 

Сонымен біз «ӨТКЕН КҮНДЕ БЕЛГІ БАР...» айдарымен тек осы екі басылым ғана емес, 2000 жылдардың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық сұхбаттарды сұрыптап алып, оқырман жадысында қайыра жаңғыртуды жөн санап отырмыз.

“Әдебиет порталы”

Әр халықтың өз тарихында иығынан түсірмеген, түсірмегенімен қоймай үздіксіз салмағы ауырлаған қоржыны болады. Ол қоржын – дәстүр. Дәстүр дегенге көзқарас әртүрлі, кейде тіпті «қоржын еңсемізді басып, жүрісімізді баяулатып жіберді, оны лақтырып тастайық» дейтін кездер де болады. Алайда ешкім де ол қоржынды лақтырып тастаймын дегенмен лақтырып тастай алмайды, қайта уақыт өте келе сен иығыңдағы қоржынды билемейсің, қайта сені иығыңдағы қоржын билейді. Мұның себебі, дәстүр деген – өлі дүние емес, қайта дәуір сайын, ұрпақ сайын жаңаланып, түлеп отыратын тірі дүние. Дәстүрдің бойындағы мұндай сөнбес күш-құдіретті ең ерте сезінген адамның бірі қытай философы Құң-зы (Конфуций) болыпты. 2002 жылы қараша айында Қытайдың көрнекті кинорежиссері Жан Имоудың «Қаһарман» деген фильмі АҚШ пен Қытайда бір уақытта көрерменге ұсынылды. Біздің жыл санауымыздан бұрын, Қытайды тұңғыш бірлікке келтіріп, империя құрған Шын Шихуанға қастандық ұйымдастырылғаны турасындағы аңызды өзіне арқау еткен картина, Шын Шихуан жағынан жойылған өз бектіктерін қалпына келтіруді көксейтін батырлардың Ханды өлтіре алмай қалуына қатысты аңыздағы түрлі-түсті болжамдарға жаңаша түсініктеме жасайды. «Әсілінде, Ханды батырдың біреуі емес, екеуінің де өлтіруіне орайы болған, алайда олар ақырғы сәтте бұл ойларынан қайтқан. Оларды бұлай істеткен Қытай өркениеті» дегізгісі келеді фильм. «Қытай өркениеті» дегенге де кинотуынды өзінше жауап береді.

Адамзаттың ежелгі өркениеттері – Грекия, Рим, Бабыл, Египет, Майя өркениеттерінің бәрі де үзіліп қалды. Олар уақыттың сынынан өте алған жоқ. Солардың ішінде тек Қытай өркениеті ғана бүгінге дейін үзілмей сақталған. Мұндағы сыр – Қытай өркениеті мемлекетті ұзақ уақыт орнықты басқарудың кілтін таба алғандығында деп қарайды зерттеушілер. Ал бұл алтын кілтті соғушы – басқа емес, Құң-зы еді.

Құң-зының «Сөз тәпсірі» еңбегін ел билеудің қыры мен сырын ашқан, билеушілер үшін жазылған оқулық деуге болады. Шын Шихуанның біртұтас ел құру идеясы да дәл осы кітаптан келген. Орнықтылығы ұзақ уақыт сақталатын мемлекет болу үшін билік орталыққа шоғырлануы керек, билеуші тұтас елді өз отбасындай көріп мейіріммен қарауы, аялай білуі, көңіл қойып, ескеріп отыруы керек деп кеңес береді Құң-зы әміршілерге. Қытайда екі мың жылдан бері ондаған патшалық ауысса да Құң-зының орны баяғысынан бір мысқал да төмендеген емес, кайта сол ондаған патшалық оған арнап пұтхана салып, оған түрлі-түсті атақ-мәртебе әзірлеп, атын атап қошеметтеп отырған. Бұл жағынан алғанда Лу Синьнің «Құң-фузыны әкімият басындағылар әспеттеп, пір етіп көрсеткен» дейтіні тегін емес. 

Құң-зы ел билеуді заңға да, түзімге де емес, ең әуелі салтқа жатқызған. Ал салттың артында заң мен түзім өзгергенімен мың жерден өзгермейтін салт-дәстүрдің жататыны белгілі. Отбасынан басталып, мемлекеттік сипат алып кететін мұндай салт-дәстүрлер Қытайда дәл бүгінге дейін басым санды ұстап отырған қытай диқандарының қанына сіңіп кеткен қасиет. 

Жыл санаудан бұрынғы 206 жылы Шын Шихуан елді бірлікке келтіріп, біртұтас мемлекет құрғаннан кейінгі екі мың жылдан бері сан патшалық ауысса да, билікті орталыққа шоғырландырған мемлекеттік жүйе өзгерген емес, немесе Лу Синьнің сөзімен айтқанда, «Алтын тақ өзгермей сол күйінде қалған». Ол өзгермейді, өйткені, ол – Қытай үшін өзгертуді қажет етпейтін мәңгілік нәрсе. Ал патшалықтардың ауысуына қашанда диқандар көтерілісі тұрақты түрде себепші болып отырған. Ел билігін ұстаған жемқорлыққа шіріктесіп, баяғы «Нәпсіні тиып, салтқа оралудай» (Құң-зы) ежелгі ел билеудің жол-жосынынан жаңылған тұста диқандар тұс-тұстан көтерілгенде, шіріктескен патшалықтың шаңырағын ортасына түсіріп, жаңа бір патшалықтың іргесін қалап отырған.

Қытайдың классикалық романы «Су бойында» (бізде «Өзен иірімдері» деген атпен көрсетілген фильмнің әдеби түпнұсқасы) – диқандар көтерілісін тақырып еткен шығарма. Романдағы «Теңбіл шайхы Лу Зышынның Қабылан бас Лін Шуынды құтқаруы», «У Соңның жолбарыс соғуы», «Қара құйын Ли Күйдің жаза майданын шабуы», «Тоғыз жолақты айдаһардың қанжар сатуы» сияқты оқиғалар Солтүстік Сун патшалығының (б.д. 960-1126 ж.ж.) ақырғы жылдары мен моңғолдар құрған Юань патшалығы (б.д. 1279-1368 ж.ж.) тұсында-ақ халық арасында аңыз-әңгіме боп кең тараған. Ел аузындағы осы аңыз-әңгімелерді Юань патшалығынын соны мен Мин патшалығының (б.д. 1368-1644 ж.ж.) алғашқы жылдарында жасаған Шы Найән мен оның шәкірті Луо Гуанжоң сұрыптап жазып шыққан. Роман жөнінде де, авторлар жөнінде де кейін туған аңыздар баршылық. Өйткені, романның жүз тараудан, бір жүз жиырма тараудан, жетпіс бір тараудан тұратын үш нұсқасы бүгінге жетіпті. Шежірелерде жазылуынша, кітапты алғаш жүз тараудан тұратын роман етіп жазып шыққан Шы Найән. Бұл нұсқада ойдан-қырдан жиылып Лиан Шан қопасында бас қосқан батырлардың «Тәңір жолын ұстап», аспан астындағы жемқор ұлықтарды түгел жойып, әлемде әділет орнату үшін серт байласып қасам ішкенінен тартып, «Әділеттің жаршысы» Сун Жиаңның бастауында ордамен елдесіп, одан орданың сойылын соғып жат жұрттық Лиау еліне карсы аттанып еңбек сіңіргені, одан ордаға бағынбай қойған басқа диқандар көтерілісін бастықтырғаны жазылады. Соңында батырлардың ордадағы ежелгі жауы – залым уәзірлер жағынан қастандыққа ұшырап торғайдай тозып, ақыр аяғында күйреп жоғалғаны баян етіледі. Екінші нұсқада ордамен елдескен батырлар әуелдегі өздері сияқты ордаға қарсы шыққан бір емес, үш бірдей диқандар көтерілісін жаныштағаны айтылған. Ал соңғы нұсқада батырлардың тек Лиан Шан қопасында қалай бас қосқаны ғана жазылған да, оқиғаның қалған бөлігі алынып тасталған.

Бұдан ел аузындағы аңыз-әңгімелердің қағазға түскенде өзгеріске ұшырап, авторлар жағынан едәуір «өңделгенін» көруге болады. Романдағы жеке батырлар жөнінде айтылған, ел аузында кең тараған оқиғалардан халықтың сол тұстағы ордаға, билеуші топқа деген наразылығы анық аңғарылады. Бұл тарауларда халық арасынан шыққан көсемдер қоғамдық әділетсіздікке қарсы әр тұстан бас көтереді, «Әділетке жаршы болу», «Тәңір жолын ұстану» Кұң-зының жолына қайта оралуды ту етіп ұстанып, сол ұстаныммен халық мұратын әйгілейтін «әділетті қиял патшалығын» орнатпақ болғаны айтылады. Бұлар – Қытай диқандарының бейсанадағы арман-тілегін бейнелеген тамаша парақтар. Осы арман-тілекті қағазға түсіру барысында авторлар оған өздерінің қытай оқымысты қауымының позициясын қосқан. Олар диқандар көтерілісінің тарихында аты-жөні қалған, нақты өмір сүрген адамдар негізінде айтылатын осы әңгімелерді өндеген. Әсілінде, көтерілісші диқандар ордаға қарсы емес, орданы меңгеріп алған залым уәзірлерге қарсы еді; олар патшалық түзімге карсы емес, жеке адамдарға карсы көтерілген. Олар «Жеңсе хан, жеңілсе қарақшы болады» (қытай мақалы), түптеп келгенде кім әділетшіл, кім Тәңір жолын ұстана алса соның жолы болады дегенге сайдырған. Мұндай түзетімпаздықты кос автордың Қытайдың Монғол бодандығынан құтылып, ұлттық тәуелсіздігін қалпына келтірген тұста өмір сүргендерінен бөле қарауға болмас.

Мұнан тыс кейінгі бірнеше ғасырда «Су бойында»-ға қатысты ел арасында екі кітап таралған. Оның бірі - «Су бойында туралы соңғы аңыз». Мин хандығының соңы мен Шын хандығының (б.д. 1644-1912 ж.ж.) алғашқы жылдарында жазылған бұл кітап орданың қастандығынан тозып кеткен батырлардың Қопада қайта бас косып, әділетсіз зұлым ұлықтармен тағы да алысқаны, соңында Оңтүстік Қытай теңізіне сапар шегіп, бүгінгі Сингапур, Малайзия сияқты елдерге ірге тепкені турасында баяндайды. Сегіз том, қырық тараудан тұратын бұл романда екінші рет ұлттық тәуелсіздігін жоғалтқан халықтың дағдарған көңіл-күйі бар, шіріктесіп, өзара бақталастықтан ел тағдырын жат жұрттықтарға беріп қойған билеуші топқа деген күшті ашу-ыза да бейнеленген. Мұнан тыс Шын патшалығы тұсында «Қарақшылардың жойылу тарихы» атты кітап жазылған. Бұл кітаптың тағы бір аты - «Су бойындағылардың ойраны». Автор өзі қытай болғанына қарамастан, жат жұрттық билеушілер мәнжүрлердің үстемдігін қорғауда атшабар-ұлық, талай рет мәнжүрлерге қарсы көтерілген ұлт-азаттық көтерілісін жаныштауға қатынасқан, қытайлардың сөзімен айтқанда, «Ұлт сатқыны – жендет» болған адам. Жиырма тараудан тұратын кітапта автор «Су бойында» да қастандықтан аман қалған батырларды орданың кейінде қалай ізіне түсіп, қалай бір-бірлеп қастап құртқанын майын тамыза отырып суреттейді. Кітаптың өн бойынан диқандар көтерілісіне деген өшпенділіктің исі аңқып тұрады. 1850 жылы Хун Шучуан басшылық еткен қытай тарихындағы ең ірі диқандар көтерілісі бұрқ ете түскен тұста, көтерілісшілер өздері басып өткен қалалардың бәрінде осы кітапты жұрт алдына шығарып өртеп отырған.

Дегенмен диқандар көтерілісі һәм «Су бойында» турасында жазылған түсіндірулердің ішіндегі жұрт санасына орныққан ең өткірі ХХ ғасырдын басында, Батыс өркениетінің Қытайға келу қарсаңында айтылыпты. Қытайдың осы заманғы жазушысы Лу Синьнің қытай тарихы мен мәдениеті, қытай қоғамы турасында айтқан көптеген ойлары тікелей немесе жанамалай «Су бойында»- мен байланысып жатады.

«Су бойында» романының 62-тарауында мынадай жолдар бар: «Әлқисса, төрт жақтан лап қойған жасауылдардан құтыла алмаған Ли Жуни мен Шы Шіуді шеріктер байлап-матап, аудан жамбылына айдап әкеледі. Аудан әкімі сонда: «Жаза майданын шапқан қарақшыларды айдап әкеліндер», - деп дауыстағанда, төменде қаумалаған шеріктердің ортасында бұлқынған Шы Шіу жолбарыстай ақырып: «Құлдың құлағы кесік кұлы! Оң кұлағымен есті, Ағайым қол бастап кеп қалаңды талқан, орданды ойран етеді, өзінді шауып-шауып итке тастайды. Көрем сонда өрекпіген әуселенді, тұра тұр бәлем!» - деп айғайға басады. Шы Шіудің бұл сөзінен жасқанып қалған әкім әуелгі ойынан дереу кайтып: «Екі сүмелекті байлап-матап көр зынданға тастаңдар, олардың тағдырын кейін шешемін!» деген кесім айтады. Образды, ойнақы болып келетін, шешен халыктық тіл молынан қолданылған романдағы Шы Шіудің «Құлдың құлағы кесік құлы!..» деп келетін осы айтулы боқтығын Қытай зерттеушілері көбінде Лу Синьнін: «Төңкерістің алдында құл едім, төңкерістен кейін құлдардың құлына айналдым!» - деген әйгілі сөзімен шендестіріп үңіледі. Мұның себебі, бұл екі сөздің тарихи артқы көрінісі ұқсап кетеді. «Су бойында» романындағы оқиғалар Сун патшалығы тұсында өткенімен, оның ел арасына кең таралып, қағазға түскен тұсы қытайлардың моңғолдарға бодан болған, одан ұлт тәуелсіздігін енді ғана қалпына келтірген дәуірімен тұспа-тұс келеді. Ал Лу Синьнің жоғарыдағы сөзі қытайлардың екінші рет жатжұрттықтардың бодандығынан құтылған, бодан кезде жатжұрттықтардың «сілтесе найзасының ұшы, шапса қылышының жүзі» болған Қытай милитаристері билікті иемденіп алып, бас-басына би болып, елді біртұтастықтан айырып, қырык жылға жуық аздырып-тоздырған тұсқа (1912-1949 жж) сәйкес келеді. Қытай тарихы турасында беделді де кесімді сөз айткан Лу Синь «Су бойында» романы турасында былай деп жазған:

«Кұң-зы – Мо-зылар өз тұсындағы жағдайға наразы болып, оған реформа жасамақшы болған, олар бұлай етудің бірінші қадамы патшаларды сөзбен еріту, ал патшаларды қысыммен көндіретін нәрсе «Тағдыр» боп есептеледі деген екен. Кұң-зының шәкірттері білімпаз, Мо-зының шәкірттері жаужүрек екен. «Жаужүректерден» келе-келе қарақшылар шығыпты, бірақ жаужүрек дегендерін де «Тәңір жолын ұстау»-ды жалау қылып көтерген екен. Олардың қарсы тұратыны патша емес, сатқындар, бұлап-талайтыны әскербасылар емес, жай халық болыпты. Ли Күй өлім жазасы майданынан серігін алып шыққан кезде, көзі түк көрмей қалып төңірегіндегілерді айбалтасын үйіріп қынадай қырғанда, көруге келген көрерменді қырған екен. «Су бойында» романында мынадай жайт айқын баяндалады: көтерілісшілер патшаға карсы болмағандықтан, патша қолы келісімен-ақ тынши калып мемлекет үшін басқа қарақшыларға «Тәңір жолын ұстау»-ға көнбеген қарақшыларға қарсы соғысқан. Айналып келіп малай болған». (Лу Синь, «Содырлардың өзгерісі»). 

Бұл сөздің тасасында Лу Синьнін: «Бүкіл тарихымыз – уақытша құл болу, одан қожайындыққа ұмтылу, жиып айтқанда, құлдардын алтын таққа таласқан тарихы. Одан басқа түк те емес» деген сөзі тұр.

Ардақ НҰРҒАЗЫҰЛЫ, «Жас қазақ» газеті  2005 жыл


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар