Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Алпамыс Файзолланың шығармашылық кеші өтті...

27.11.2023 1151

Алпамыс Файзолланың шығармашылық кеші өтті 14+

Алпамыс Файзолланың шығармашылық кеші өтті - adebiportal.kz

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада ақын, аудармашы Алпамыс Файзолланың «Айдың аппақ жүрегі» атты шығармашылық кеші өтті. Кешке Сұраған Рахметұлы, Айгүл Кемелбаева, Қалқаман Сарин, Ұларбек Нұрғалымұлы, Мақпал Мыса тәрізді аға буын қаламгерлер Алпамыстың «Жүрек-аспанымның жұлдызы» жыр жинағының тұсауын кесіп, ақ батасын берді. Іс-шараға ақын-жазушылардан бөлек, журналистер, студенттер, оқушылар мен оқырмандар қатысты. Сондай-ақ, қалалық филармония өнерпаздары ән айтып, күй тартты. Кеште Алпамыстың өлеңдерін өзі, замандас қаламгерлер және мектеп шәкірттері оқыды. Көрермендер А. Файзоллаға сұрақтарын қойып, емен-жарқын сыр-сұхбат өрбіді. Жас ақынның шығармашылығы туралы пікір білдірген Сұраған Рахметұлы былай деді: «Этика, эстетика, эпика. Осы үш «э»-нің ортасында Алпамыс Файзолла бар. Алпамыс Файзолла болғандықтан, мұнда поэзия бар, мұнда лирика бар, мұнда ұсыныс бар, мұнда сауал бар, мұнда ең үлкен жаңалықтар бар. Алпамыстың өлеңінен аспанды көреміз, Абайды көреміз. Абай – барлық ақынға вакцина. Арықтап, шөлдеп, шаршап, мұңайып, жалғызсырап келе жатқан кезде, Абай атты вакцинаны бір құйғызып алған кезде, мінекей, Алпамыстар пайда болады. Соның ішінде қара өлең. Алпамыста қара өлеңнің ғажайыптары бар. Мұны тастап кетуге болмайды. Әлемдік деңгейдегі ең ғажайып ақын кім десек, ол – өзінің дәстүрін, тамырын, қанын ұмытпаған ақын». 

Алпамыс Файзолла 1995 жылы 6 наурызда Орал қаласында туған. 2012 жылы туған жеріндегі дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 мектеп-гимназияны бітірген. 2012-2016 жылдарда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде бакалаврде, ал 2016-2018 жылдарда Л. Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультетінде магистратурада оқыды. Ол – республикалық әдеби байқаулар мен мүшәйралардың жүлдегері, Қадыр Мырза Әлі атындағы медальдің иегері. «Ақ сезімге ескерткіш» (2021), «Жүрек-аспанымның жұлдызы» (2022) жыр жинақтарының және «Аудармалар мен сұхбаттар» (2023) тәржіме кітабының авторы. Өлеңдері шет тілдерге аударылып, Ұлыбритания, Түркия, Әзербайжан, Үндістан, Жаңа Зеландия әдеби басылымдарында жарияланған.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар