Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ДЕГЕН ЕКЕН
Әлібек Асқаров. Әдебиет әлемінің әзілдері - 2...

29.01.2019 6515

Әлібек Асқаров. Әдебиет әлемінің әзілдері - 2

Әлібек Асқаров. Әдебиет әлемінің әзілдері - 2 - adebiportal.kz

Алпысыншы жылдардың басында, жаздың жайма-шуақ бір күнінде Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Кұрманбек Сағындықов және Сырбай Мәуленов Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы Сәлімгерей Тоқтамысов басшылық жасап жүрген кеңшарға қонаққа барады. Сәлімгерей кезінде бірер облыстың бірінші басшысы болған, кейін жазықсыз қудалауға түскен, әдебиет пен өнер десе ішкен асын жерге қоятын заманының көргенді, зиялы азаматы болса керек. Қонақтарды құрақ ұшып қарсы алып, хал-қадерінше күтеді. Күн аптап ыстық болғандықтан ақын-жазушылар түс әлетінде кеңшар іргесіндегі каналға барып, салқын суға түседі. Алдында салқын тиіп, аздап сырқаттанып жүргендіктен

Сырбай суға түспей, жағада отырып қалады. Суға түсіп жүрген Ғабеңді қатты ағыс кенет иірімге қарай қақпақылдайды. Ғабең де барын сала жанталасып, бір бүйірлеп, жиекке қарай ұмтылады. Жар жағалап жүгіріп келе жатқан қалжыңқой

Сырбай:

– Жақсы болсаң, келерсің судан өтіп, Жаман болсаң, қаларсың суға кетіп... – деп өлеңдете айғай салыпты.

Ғабең әзер дегенде діңкесі құрып, жағаға шығады.

Шыққан бойда:

- Біреу иірімде жанталасып жүрсе, сенің өлеңдетіп қуанғаныңа жол болсын! – дейді кәдімгідей ренжіп.

Сонда Сырбай:

- Ау, Ғабе, сізді каналдың суы түгілі, мұхиттың суы да жұта алмасына сенімдімін ғой мен, – деген екен.

* * *

Қазақстан Жазушылар одағының басшылығына қос Ғабең – Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин екі-екі реттен келгені баршаға аян (екі жолы да Ғабитті Ғабиден ауыстырып отырған). Бірінші хатшылыққа екінші жолы сайланғанда Ғабит Мүсіреповті қаламгерлермен “таныстыруға” сол кездегі Орталық Комитеттің хатшысы Нұрымбек Жанділдин ертіп келіпті. Осылай да осылай, сіздерге бірінші хатшылыққа біз Ғабит Мүсіреповті ұсынып отырмыз, соған қалай қарайсыздар дейді ғой, қалыптасқан дәстүр бойынша хатшы топ ортаға ұсыныс тастап.

Жиналған қаламгерлер бірінен соң бірі шығып, Ғабеңді жер-көкке сыйғызбай мақтай бастайды. Сырбай Мәуленов ол кезде Одақтың партия ұйымының хатшысы екен, бір бұрышта үнсіз отырып қалыпты, соны байқаған Жанділдин:

- Бұл жөніндегі парткомның пікірін білсек деп едік, олардың пікірі қандай екен? – дейді Сырбайға шүйіліп.

Сонда Сырағаң иығын бір қиқаң еткізіп, ырғатылып орнынан тұрыпты да:

- Бәрі де жөн ғой... Одаққа бастық болу осы Ғабеңнен қалған шаруа емес пе еді... Бұл кісінің мінезі Памирдің ауа райы секілді тым ыстық та болмайды, тым суық та болмайды. Үнемі жанға жайлы қоңыр салқын боп тұрады. Парткомның пікірі осы! – деп орнына қайта жайғасыпты.

* * *

Халқымыздың аяулы перзенттері Қанабек Байсейітов (1905–1978) пен Күләш Байсейітова (1912– 1957) қазақтың бар жақсы қасиетін бойларына жинаған қонақжай, ақ көңіл, дос-жарандарымен соңғы дүниесіне дейін тең бөлісетін ғажайып дарқан жандар еді деседі. Осы кісілердің үйіне бірде “амандасамыз” деп бір топ ақтөбелік өнерпаз жастар қонаққа келіпті. Қанабек пен Күләш жас артистердің алдына дастарқан жайып, тәтті-дәмдінің бәрін қойып, шама-шарқынша құрмет жасайды. Түннің бір уағы болып, өнерпаз жастардың Ақтөбеге қайтатын мезгілі де жақындайды.

- Күләш, мен іні-қарындастарымды сыртқа шығарып келейін, – деп, Қанабек үстіне желбегей шапан, аяғына кебісті іле салып, жастармен бірге ол да далаға шығып кетеді.

Қанекең сол кеткеннен мол кетіп, бір жеті бойы жоғалыпты.

Сөйтсе, Қанабек жастардың “Қанеке, Қанеке” деп қолпаштауына көңілі елітіп, олармен бірге әуежайға қалай келгенін, Ақтөбеге қалай ұшып кеткенін аңғармай қалыпты.

Ертесінде басы ауырып оянып, көзін тырнап ашып, дауыстап Күләшті шақырады. Лып етіп, Қанекеңнің қасына жігіттердің біреуі жетіп келіпті.

- Сен, бала, кімсің? – депті Қанекең.

- Ойбу, Қанеке-ау, ініңізбін ғой... ініңізбін. Ақтөбелік әртістерміз ғой біздер. Кеше таныстырып едік қой, өзімізді, – деп әлгі жігіт жік-жапар болады.

- Е, есіме енді түсті... Кешір, інім, соңғы кезде ұмытшақ боп бара жатырмын, – дейді Қанекең кешегі жайды әзер дегенде есіне түсіріп. – Сонда сендер біздің үйде қонып қалғансыңдар ма? “Түнде самолетке барамыз, Ақтөбеге ұшамыз” деп отырғандарың қайда? – деп сұрайды Қанекең тағы да.

- Қанекесі-ау, рас айтасыз, біз самолетпен түнде ұшып кеткеміз, – дейді жігіт.

- Қайда ұшып кеттіңдер?

- Ақтөбеге, Қанеке.

- Сонда мен қайда жатырмын?

- Ақтөбеде, Қанеке.

Ол кезде, елуінші жылдары, көлік тапшы, ұшақ Алматыға жұмасына жалғыз-ақ рет қатынайды екен. Содан Қанекең амалсыз ақтөбелік әртістердің арасында қонақтап, бір аптадан соң ғана үйіне қайтқан екен.

* * *

Қазақ поэзиясының шамшырақтарының бірі Қасым Аманжолов (1911–1955) елуінші жылдардың басында сталиндік жандайшаптардың талқысына көп түсіпті. “Ұлтшыл” деп айып тағылып, көп сыналыпты. Осындай жадап-жүдеп жүрген шағында, бірде сырлас бір досына:

- Мені сынап жүргендердің бәрі де менше жазғысы келеді, бірақ, амал қанша, жаза алмайды. Сосын да мені сынайды, – деп мұңын шағыпты.

* * *

Ақын Жақан Сыздықов (1901–1977) аздап ішімдікке әуестігі бар, бірақ ішімдікті оншалықты көтере алмайтын, бір-екі рөмкеге кәдімгідей мас боп қалатын кісі екен. Сырбай Мәуленов сол ағасымен үнемі қалжыңдасып, әзілдері жарасып жүретін секілді. Бірде Сырбай Жақан туралы былай деп өлең шығарыпты:

Кафелерге үнемі,

Кете алмайды түстенбей.

Жүз грамға жүреді,

Екі литр ішкендей.

* * *

Халық ақыны Шәкір Әбенов (1901–1994) қаламы орысшаға да, қазақшаға да, татаршаға да жүйрік айтыс ақыны, белгілі сатирик Тоқтархан Шәріпжановпен қалжындаса береді екен.

- Сен көксоққан тағы бір қатын алды дейді ғой, рас па? – деп сұрапты бірде Шәкең Тоқтарханнан.

- Өзіңізге ұқсаймын деп тағы біреуді жаңарт- қаным рас, – дейді Тоқтархан да айылын жимай.

- Өй, жынды, ұқсамай қал, ұқсамай! – дейді Шәкір кейіп. Сосын ұзақ ғұмырында өзінің де жеті әйел алғаны есіне түсіп:

- Бұл сенің нешінші қатының? – деп сұрайды.

- Небәрі үшіншісі ғана, – дейді Тоқтархан қомсынғандай болып.

Сонда Шәкір аз-кем ойға батып:

- Мұның дұрыс екен, – депті, – кетем деген қатынды ренжімей кетіре бер, келем деген қатынды ренжімей келтіре бер... Әлгі пәлсапада сан сапаға жеткізеді деген қағида бар емес пе. Түбінде көптің ішінен тәуір біреуі сұрыпталып, сапалы қатынға сен де ие боларсың.

* * *

Халық ақыны Омар Шипин (1879–1963) бірде Қостанай облыстық газеті редакциясына келіп, егін орағына орай жазылған екі жүз жолдық өлеңін тапсырады. Ақсақалдың өлеңін қабылдап алып қалған редакция қызметкерлері оның жүз жолын қысқартып, жүз жолын газетке шығарыпты. Омекең келесі жолы редакцияға барған кезде жігіттер:

- Ақсақал, ғафу өтінеміз, өлеңіңіздің жүз жолын ғана басуға мүмкіндік болды, – деп кешірім өтінген болады. Сонда Омекең сәл ғана езу тартып:

- Сендердің қақ жарымын қысқартатын “қасиеттеріңді” біліп, өзім де есеппен көбірек жазып әкеліп ем... Егер газетке шыққан осы жүз жолды әкелген болсам, онда сендер елу жолын ғана қалдырар едіңдер, – депті.

* * *

Ақындар Қабыл Боранбаев (1915–1978) пен Қалижан Бекхожин (1913–1990) жан достар екен. Бірде Қабыл ішіп жүріп, сол мас күйінде Қанабек Байсейітовке ілесіп Талдықорғанға кетіп қалыпты. Қалижан оның қайда кеткенін білмей, жан-жаққа ха- бар беріп, іздеумен болады. Қаперінде түк жоқ, жарты айдан соң Қабыл аман-есен Алматыға қайтады. Оны көрген Қалижанның қуанышында шек болмай, садақа беріп, достарын шақырып, той жасапты. Сол тойда сөз кезегі келгенде ақын Сырбай Мәуленов былай деген екен:

– Қалижан іздеп Қабылды,

Көше кезіп сабылды.

Талдықорған тауынан,

Қанабектің жанынан

Жоғалған Қабыл табылды!

Табылғанға той жасап,

Қалижан тағы шабылды.

Қабыл отыр, шала мас,

Сипап қойып қарынды.

* * *

Туған халқына әсем әуенді әндер сыйлап, тамаша композитор ретінде танылған Әбілахат Еспаев (1925–1975) Қазақ радиосында бірер жыл қызмет жасағаны болмаса, қалған ғұмырында жұмыс істемей, таза шығармашылықпен ғана айналысқан кісі екен. Сол Ахат ағамыз (достары Әбекеңді “Ахат” деп атап кетіпті) радиода қызмет істеп жүрген кезінде аздап ішімдікпен әуестенеді де, дарынды өнер иесінің бұл оғаш мінезі бастықтардың да құлағына шалыныпты. Радио-телекомитеттің сол уақтағы төрағасы К. Шалабаев бірде композиторды кеңсесіне шақырып алып:

- Осы сізге менің бір қолқам болып тұр. Ол менің ғана емес, сізді сыйлайтын, қадір тұтатын халқыңыздың қолқасы деп ұққайсыз, – депті жұмбақтап.

- Айтыңыз, Кәке, айтыңыз! – дейді Әбілахат.

- Айтсам сол... Сіз әлгі ащы суды қойсаңыз деп қолқа сап отырмын. Бүгіннен бастап Еспаев ішті дегенді естімейтін болайын. Келістік пе, Аха!

Сонда Әбілахат тұнжырап төмен қарапты да:

- Оныңыз жөн ғой, Кәке, өте орынды сөз айтып отырсыз. Бірақ заулап келе жатқан экспрессі оқыс тоқтатуға болмайды ғой. Оқыс тоқтатса ол рельстен шығып, апатқа ұшырауы мүмкін ғой, – деген екен.

* * *

Бірде Әбілахат Еспаев өзінің өскен жері – Жамбыл облысындағы Мерке ауданына қонаққа барады. Меркеліктер “композитор жерлесіміз келді!” – деп, Әбілахатты жақсылап күтіп, үстіне су жаңа финн кәстөмін кигізіп жібереді.

Алматыға келген соң да Әбілахат әлгі жаңа кәстөмін үстінен тастамаса керек. Әйелі Назым: “Ахат-ay, бұндай кәстөмді күнде киіп тоздырмай, тойға, сыйлы жерге барғанда ғана киіп, сақтасаң етті”, – деп өтінеді. Әбілахат оған көнбейді: “Жо- жоқ, Назым, бұл маған халқымның берген киімі, сондықтан мен оны күнде кимеуге хақым жоқ”, – дейді касарысып.

Бірде Әбілахат радиодағы жұмысынан түнделетіп шығып, аздап қызара бөртіп үйіне келе жатқанда, бір бұзықтар бұрышта аңдып тұрып, жаңа кәстөмін шешіп алып кетіпті. Сөйтіп Әбекең үйіне жарым-жартылай жалаңаш, ағараңдап ішкиімшең кіреді ғой. Кірген бойда, көзі алақандай боп, шошып қалған әйеліне:

- Назымжан, абыржыма! Халқым өзі киіндірді, өзі шешіндірді... Онда тұрған не бар!– депті де, төсегіне қисайыпты.

* * *

Ақын Ғафу Қайырбеков (1928–1994) – ұзақ жылдар бойы “Жұлдыз” журналы бас редакторының орынбасары қызметін атқарған кісі. Ғафекең- нің қара қылды қақ жарғандай турашылдығы, табан астында айтып салар тапқырлығы, қазақтың қара тілінің майын тамызған шешендігі жөнінде қаламгерлер арасында талай-талай әңгімелер айтылып жүр. Солардың біреуі мынау екен...

“Жұлдыз” журналы редакциясында “лездеме” секілді бір жиналыс жүріп жатады. “Журнал алдағы жылы қандай болуы керек” деген бағытта жігіттер ой-пікірлерін, ұсыныс-тілектерін ортаға салып, жақ-жақ болып айтысып жатады. “Жұлдыздың” атақ-абыройы онсыз да аспандап тұрған кез екен, әйтсе де пәлен деген айдар ашсақ, түген деген мақала жазсақ деп даурығысады ғой жігіттер... Жұрт құсап өңеш жыртып айтыспай, бір бұрышта үнсіз қалған жалғыз Ғафекең болса керек.

- Иә, Ғафеке, сіздің пікіріңіз қандай? – дейді әріптестері бір кезде.

Сонда Ғафекең иегін бір сипап қойып:

- Айтқандарыңның бәрі жөн ғой... Бірақ өстіп даурығып жүріп, аспанда тұрған “Жүлдызымызды” құлатып алмасақ бопты, ағайындар! – деген екен.

* * *

Баяғыда Қарағанды облысында қазақ әдебиетінің күндері өтетін болып, бір топ қаламгерлер ел аралап, жер көріп дегендей, осы облыста қонақ болып қайтады. Араларында Қалтай Мұхамеджанов, Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Қалмұқан Исабаев, ақындар Сабырхан Асанов, Темірхан Медетбек, тағы басқалар бар екен. Қалмұқан қайда жүрсе де қуақы тіл, қалжың сөзімен қаламдас достарын күлкіге кенелтіп жүреді екен. Үшінші күні астаналық меймандар екі топқа бөлініп, бірі Егіндібұлақ, енді бірі Тельман ауданына баратын болып келісіледі. Кімді қай жаққа бөлерін білмей, облыс басшылары дағдарып тұрған кезде Қалмұқан Исабаев топ ортаға шығыпты да:

- Қалмұқан, Қалихан, Оралхан, Темірхан, Са- бырхан сияқты “хандар” мынау автобусқа отырыңдар! Ал Қалтай, балтай, шалтайлар анау автобусқа барсын! – деп жұртты тағы да ду күлкіге батырыпты.

* * *

Жазушы Әнуар Әлімжанов (1930–1993) біраз жыл бойы Ескерткіштерді қорғау қоғамының бастығы болып қызмет атқарғаны мәлім. Әнекең сол жерде жүрген кезде жазушы Қалмұқан Исабаевты жұмысқа қабылдапты. Бірер күннен соң

Әнуар:

- Қалеке, бүгін мен саған сен білмейтін ғажайып бір кафені көрсетейін. Кейін сен де бір кафені көрсете жатарсың, – деп әзілдеп, таудағы бір кафеге апарып, сыйлап, күтіп жібереді.

Арада бірер жеті өтіп кетеді. Бірде Әнуар:

- Қалеке, сенің кафеңді көретін кезек те келіп қалды, – дейді.

Қу тілді Қалекең өтірік қипақтағансып, көзін тө мен салып:

- Әй, Әнуар, кімге тәуелді болсам, сол кісіні не үйге, не түзге қонаққа шақырмаспын деп баяғыда, бозбала күнімде өзіме өзім серт берген едім. Ол сертімді сен үшін бұза алмаймын, ғафу ет! – деп есікке қарай бұрыла беріпті.

- Қалеке, оның оп-оңай жолы бар, – деп Әнуар Қалекеңнің жолын кес-кестейді.

- Сертті бұзар ешқандай да жол жоқ! – дейді Қалекең де қасарысып.

Сонда Әнуар:

Мен сені қызметтен шығару жөнінде қазір табан астында бұйрық жазамын. Сосын екеуіміз емін-еркін кафеге барамыз. Отырамыз. Ішеміз, жейміз сенің есебіңнен. Сосын таңертең жұмысқа келген соң, сені қызметке қабылдап, қайта бұйрық жазамын. Келістік пе? – депті.

* * *

Көрнекті жазушы Мұхтар Мағауин жиырма жыл бойы ерінбей-жалықпай материал жинап, екі жыл бойы үстел басында тапжылмай отырып, әйгілі “Аласапыран” романының екі томын жазып шығады. Осыншалық қауырт жұмыс үстінде кейде жаны қиналған кезде қою етіп демдетіп, деміл-деміл шай іше береді екен. Мұқаңның үйіндегі Бақыт жеңгеміз:

- Шайды неге осынша қою ішесің? Асқазаннан не қалады? – дейді екен жаны ашып.

Ондайда Мұқаң:

“Аласапыранды” аман-есен бітірсем, асқазанның маған керегі болмас, – деп әзілмен құтылады екен.

Кейін “Аласапыран” да бітеді, ол еңбегі том-том болып жарық көріп, Мемлекеттік сыйлыққа да ие болады. Бірде Мұқаңның досы жазушы Сұлтан Оразалинов:

- Иә, Мұқа, шай мәселесі казір қалай болып жүр? – деп сұраса керек.

Сонда Мұқаң:

- Бұрын менде жазу да, шай да, асқазан да бар еді. Қазір соның үшеуі де менен қашқақтап жүр: жазу жоқ болған соң шайды қайтейін. Шай ішпеген соң асқазан да қадірсіз болады екен, – деп жауап беріпті.

Жалғасы бар...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар