Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ДЕГЕН ЕКЕН
Әлібек Асқаров. Әдебиет әлемінің әзілдері - 1...

29.12.2021 10221

Әлібек Асқаров. Әдебиет әлемінің әзілдері - 1 12+

Әлібек Асқаров. Әдебиет әлемінің әзілдері - 1 - adebiportal.kz

Қызылорда жақта баяғыда сыйлы бір кісі қайтыс болып, ол кісінің қазасына халқымыздың сүйікті ақыны Асқар Тоқмағамбетов те (1905– 1983) қатысады. Соңынан үйге қайтып келе жатқан кезде бұжыр бет, масаңдау бір жігіт ақынға тиісіп, көргенсіздеу бір сұрақ қойыпты:

- Асеке, сіз ажалдан қорықпайсыз ба, соңғы кезде ауырғыштап жүр деп естимін? – дейді тілін шайнап мүләйімсіп.

Сонда Асекең бар денесімен бұрылып, әлгі сұрақ қойған жігіттің бетіне бажырая қарапты да:

- Шырағым, іріген ауыздан шіріген сөз шығады. Шіріген сөзді біреу мастықпен айтады, біреу қастықпен айтады. Қастықпен айтқандардың сeн секілді бетінің бұжыры, ішінің қыжылы, арақ пен шараптың қызуы болады, – депті.

* * *

Өзінің сатиралық, юморлық шығармаларымен танылған ақын Дүйсенбек Еркінбеков (1905–1961) бірде таңертең жұмысқа бұлқан-талқан ашуланып келіпті.

- Кеше газеттен бір жаманның мақаласын оқып, түні бойы ыстығым көтеріліп, қаным тасып шықты, – депті гүжілдеп.

- Дүйсеке, соншалықты не бүлініп қалды? – дейді қызметтестері бәйек болып.

Сонда Дүйсенбек:

- Осы қазаққа таңым бар. Абайды кілең орыстардан үйренді дейді. Абайдан да бір орыс үйреніп еді десе ауыздары қисайып кете ме! – деген екен.

* * *

Көрнекті аудармашы, француз әдебиетінің тамаша білгірі, Бальзактің, Мопассанның бірнеше шығармаларын қазақ тілінде “сөйлеткен” Хасен Өзденбаев 80 жасқа толып, астаналық бір ресторанда үлкен той жасапты. Хасекең сексенге келсе де томағалы бүркіттей сыр бермеген, түзу жүріп, тік отыратын, шашына қылау түспеген келбетті кісі екен. Сөз кезегі тигенде, ол кісіге ақын Сырбай Мәуленов былай деп тост көтеріпті:

– Өзденбайдың Хасені,

Жан біткеннің әсемі.

Ақ түспеген шашына,

Сексенде де жас өңі...

Тиді ме әлде, кім білсін,

Мопассанның әсері.

* * *

Қазақ поэзиясының ірі өкілінің бірі Ғали Орманов (1907–1978) Жамбылға біраз жыл хатшылық қызмет атқарған адам ғой. Сол кісінің қолжазбаларының арасында 1939–1940 жылдардағы Жәкеңнің күнделікті тірлігі, ел-жұртпен қарым-қатынасы, ерекше мінезі туралы құнды мәліметтер кездеседі. Соның бір-екеуін оқырман назарына ұсынуды біз де жөн көріп отырмыз.

1940 жылдың 6 ақпаны екен. Жәкең өкімет салып берген жаңа үйіне кіріп, көңілі шалқып, бір топ меймандармен кеу-кеу әңгімелесіп отырады. Талшыбықтай бұралған қыпша бел, көзі мөлдіреген көрікті бір жас келіншек бұларға қызмет қылып жүреді. Әлгі келіншекке қарағыштай берген қарт Жәкең сәлден соң домбырасын қолына алып, былай деп төгілтіп жырлай жөнеліпті:

– Өлмейтін пенде болмас жаратқанда,

Күн шығар, шыр айналып таң атқанда.

Қанбай ма көз құмарың құралайдай

Бұрылтып қиғаш қасты қаратқанда...

Қатын деген еркектің бауыр еті,

Қыз құшақтау көңілдің ғанибеті.

Жөні келсе Жамбылды ескере жүр,

Келіншектен қалған жоқ әлі ниеті.

Өлеңім, ор қояндай жортасың ба?

Өр көңіл өлең айтпай қорқасың ба?

Талайдың екі көзін жаудыраттың,

Жиырма мен отыз жастың ортасында.

Жүрген жақсы жақынмен араласып,

Жеңге жүрер ойнаса жанталасып.

Жеңгеден де ойнауға келін тыныш,

Жаулығымен жататын бетін басып...

* * *

Жамбылдың денсаулығын бақылап, үнемі қасында жүретін Рақымжан Досымбеков деген дәрігері бар екен. Жәкең бірде сол дәрігеріне былай деп өлең шығарыпты:

– Докторым, отыр бермен белің шешіп,

Бұл өмір әр нәрсеге берген несіп.

Аймалап қиғаш қасты құшам ба деп,

Алаңдап бара жатыр күнім көшіп...

Әкелсең маған арнап қатын тауып,

Сүйгеніңе келерсің атпен шауып.

Ұрғашыны көргенде бас айналып,

Естен танып кетемін ауық-ауық.

* * *

Медицина ғылымдары академиясының кор- респондент-мүшесі, профессор, қазақ жастарына тәрбиелік мәні зор “Қырық сұрақ” кітабын жазған әйгілі ғалым-дәрігер Ишанбай Қарақұлов (1909– 1992) әзіл мен қалжыңға келгенде алдына жан сал- майтын өткір, тілге де шешен кісі болған екен. Ишекең жетпістің төріне шыққан шағында, бірде таяғын тықылдатып Алматының көшесін қыдырып жүріп, қызықтап “Мұхит” дүкеніне кіріп кетеді. Заманның кең кезі ғой, бір бұрышта суға толы бөшкелерді бірінен соң бірін тізіп қойып, ішінде жүзіп жүрген балықтарды ожаумен сүзіп, тірі күйінде шоршытып сатып жата- ды. Кезек те көп емес екен, Ишекең де қатарға тұра қалады. Кезегі келген кезде бөшкеде жүзіп жүрген балықтарды шұқып көрсетіп:

- Девушка, скажите, пожалуйста, у вас эти рыбы свежие? – деп сұрапты.

Сатушы қыздың басына қан шапшып, көзі атыз- дай айналып, шамданып қалады.

- Вы что, старик, не видите что ли, они же жи- вые? – дейді шаптығып.

Сонда Ишекең келіспегендей басын шайқап, сабырмен:

- Ну и что же? У меня дома старуха есть... Она тоже живая, но далеко не свежая, – депті де, ке- зекте тұрған жұртты қыран-топан күлкіге батырып, дүкеннен шығып жөнеліпті.

* * *

Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан ақиық ақын Абдолла Жұмағалиев (1915–1942) 1939 жылы Қызылорда қаласына жұмысқа бара- ды. Пәтер табылғанша алғашқы бірер күн мейман- ханада жатады. Бірде таңертең ояна келсе, – мей- манхана әкімшілігі бұдан сұрамай түнде үстіне бір адамды кіргізіп жіберіпті... көрші кереуетте бөтен біреудің пыс-пыс ұйықтап жатқанын көреді. Аб- долла атып тұрып, әлгі жігіттің көрпесін жұлып алыпты да:

- Әй, ұйқышы, өмір деген не? – деп айқайлай сұрақ қойыпты. Ана жігіт не болғанын түсінбей, тілі күрмеліп, көзі жыпылықтап, бүрісе түседі.

Сонда Абдолла көрпені былай серпіп тастап, ша- быттана қолын сілтеп:

- Өмір деген өрелі шың, адам деген тасбақа... Сол шыңға қарай жанталаса өрлейді жұрт қырқысып, бәрібір жете алмайды тырмысып... Солай, қарағым, ендеше бар ма арағың? – деген екен.

* * *

Кеңес Одағының Батыры, дарынды әдебиет зерттеушісі, академик Мәлік Ғабдуллин (1915– 1973) жиналыстарда, ғылыми кеңестерде отырған кезде өлеңмен хат жазғанды ұнатады екен... 1971 жылы болашақ классик жазушы Мұхтар Мағауин Ғылым академиясына аға ғылыми қызметкер болып қабылданады.

Ол кез Мұхаңның сақал-мұрт қойып, бой түзеп жүрген дәурені екен, оның бұл сақал-мұрты Мәлікке ұнай қоймайды. “Әй, Мұхтар, сапситпай алып тастасаңшы”, – деп бір рет ескертсе керек, бірақ оған Мұхаң көнбепті. Кезекті бір ғылыми кеңесте отырған кезде Мәкең сақалды інісіне мынадай бір өлең жазып жіберіпті:

“Мағауин Мұхтарға!

Сақалың мен мұртыңды

Жыл бойына өсірдің,

Таңдандырып қыздарды,

Сұлуланып көсілдің.

Әдемі бұл жігіт деп,

“Старшийге”* өткіздік,

Нағыз ғалым інім деп,

Мақсатыңа жеткіздік.

Олай болса, бауырым,

Алып таста сақалды.

Разы болсын ауылың,

Шығартпа жаман мақалды.

Жаңа жылда тілегім

Шарықта ғылым өріне,

Еңбегіңмен еліңе

Көріне бер, көріне!”

Сыйлы ағасының осы бір өлеңінен кейін Мұхаң амалсыз шаштаразға барып, сақалын сол күні алғызып тастапты.

* * *

Жиналыстарда шешендердің сөздерін құлағымен ғана тыңдап, көзін әсте көтермей, үнемі қойын дәптеріне бірдеңе шұқылап жазып отыратын Мәлік Ғабдуллин бірде жазушы Мұхтар Мағауинге тағы бір тілдей хат жолдап жіберіпті:

“Мұхтаржан, сен шынайы ғалым едің,

Халқыңа еңбегіңмен мәлім едің.

Келесі бейсенбіде бір хабарды Жасар деп,

Келеді саған қолқа салғым менің.

Бұған қалай қарайсың?

Дай келісім!

Мәкеңнің бұл хатының мәнісі – келесі бейсенбіде көне әдебиет жөнінен бір баяндама жасап берсеңші деп інісі Мұхтарға өтініш жасаған екен.

* * *

Оқырман қауымға “Қажымұқан” кітабымен жақсы таныс жазушы Қалмақан Әбдіқадыров (1903–1964) өзбек тағамдарын жасауға келгенде, алдына жан салмайтын шебер болыпты. Көркем әдебиет баспасында істеп жүрген кезінде ол кісі бірде ақын інісі Сырбай Мәуленовті үйіне қонаққа шақырады:

- Жеңешең үйде жоқ еді... Сенің талантыңа тәнті боп жүрген ағаң едім, үйге барайық, саған өз қолымнан дәмдеп ас істеп берейін, – дейді.

Сырбай “ас істеймін дегені несі екен?” – деп бір ойлайды да, соңынан еріп, Қалекеңнің үйіне барады.

- Сен кітап қарай тұр, мен ас істеп, палау баса қояйын, – деп, Қалмақан ас үйге шығып кетеді.

Арада бір сағаттай уақыт өткенде:

- Қалеке, палау қайда? – дейді қарны аша бастаған Сырбай.

- Палауды баптап жатырмын, күте тұр, – дейді Қалекең ас үйден дауыстап.

Арада тағы бір сағат өтеді. Сырбай тықыршып, қарнын сипап:

- Палау не болды, Қалеке? – дейді.

- Баптап жатырмын... аздан соң әзір болады, – дейді Қалекең.

Сырбай тағы да бір сағаттай күтеді. Палау келмейді.

- Қалеке, палауыңызға не болды? – дейді Сырбай шыдамсызданып, ас үйге қарай жақындап.

- Нағыз бабына енді келейін деді... Сәл күте тұр! – дейді Қалекен бұлк етпей. Үш сағат бойы күттірген палаудың мұндай “қорлығына” төзе ал- маған Сырбай сол жерде:

- Қазаннан ас түскенше, Сіздің палау піскенше, Шыдар едім мен пақыр, Әттең, соған іш көнсе, – депті де амалы құрып, сылқ етіп отыра кетіпті.

* * *

Ақын Жақан Сыздықов (1901–1977) пен жазушы Ғабдол Сланов (1911–1969) екеуі бірде, қар еріп, көктем шығып жатқан лайсаң мезгілде көшеде кездесіп қалып, біраз жерге дейін бірге барыпты. Жақан допша домаланған шағын денелі, кішкентай кісі екен. Жол бойы өлеңдерін оқып, Ғабдолды шаршатып жіберсе керек. Қоштасар шақта Ғабдол:

- Жақа, осы сіз ылғи да жұртты сынап өлең шығарасыз. Бұл жолы мен сізге өлең шығардым, – дейді.

- Иә, оқы ендеше! – деп Жақан жақындай түседі.

Сонда Ғабдол былай деген екен:

– Басып батпақ-балшықты,

Шашыратып шалшықты,

Базар жаққа баруға,

Үйден шидей шал шықты.

Жол бойы оқып өлеңін

Құлағымды сарсытты.

* * *

Баяғыда Қызылордада әйгілі Нартай Бекежановтың жақын досы Әлібек Бәйкенов (1889– 1944) деген халық ақыны болған еді. Тілге шешен, өлеңді табан астында суырып салатын Әлекеңді облыс басшылары үлкенді-кішілі жиын-тойларға шақырып, сөз сөйлетіп, жұрттың көңілін бір көтертіп алады екен. Бірде қалада болатын сондай бір жиналысқа шақыртып, бастықтар қолқа салған кезде ақын төсек тартып, қатты ауырып жатады. Ауырып жатса да шабарман жігіттен бастыққа мынандай бір хат ұстатып жіберіпті:

“Даңқым таныс өзіңе,

Менің атым Әлібек...

Риза болып сөзіме

Қол соққан ел “пәлі!”деп.

Жиналысқа баруға

Әлібектің әлі жоқ.

Үйден шықпай жатырмын,

Тауық болып... тары жеп”.

* * *

Халқымызға аты мәшһүр әйгілі атбегі, ұзақ жыл ел басқарған ардагер, шежіре ақсақал, Социалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбаев таяғын тықылдатып бірде Алматының көшесінде келе жатса, алдынан әдебиет сыншысы, талантты жас ғалым, әрі композитор Тұрсынжан Шапай кездесе кетеді. Аман-саулықтан соң Бошекең:

- Иә, Тұрсынжан, мынау өмірде не жаңалық? – деп сұрайды.

- Не жаңалық болушы еді... Тыныштық!.. – дейді Тұрсынжан не айтарын білмей.

- Қайдағы тыныштық? Горбачев отставкаға кетейін деп жатыр емес пе?!

- Е, ол кісі ертең ғой... Ертең, сәрсенбі күні кешкі сағат 10-да теледидардан мәлімдеме береді деп естідім.

- Бүгін емес, ертең сөйлемек пе?

- Ертең, Бош-аға, ертең дейді... Сонда Бошекең:

- Япырмай, бұған қарағанда Михаил Сергеевич те сәрсенбінің сәтін күтейін деген екен ғой, – деп таңдана басын шайқапты.

* * *

Қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов (1900–1973) үстел басында жұмыс істеп отырған кезде де қасындағы телефонның құлағын көтеріп сөйлесе береді екен. Сөйлесіп отырып та жазуын жаза береді екен. Сәбең осылайша қауырт жұмыс істеп жатқан кезде, бірде оған әйгілі партизан-жазушы Қасым Қайсенов телефон шалады. Жазу жазып отырған Сәбең телефонды көтеріп, немқұрайды көңілмен:

- Әллеу! – дейді.

- Ассалаумағалейкүм, Сәбе! – дейді Қасым.

- Уәликүмсәлем! – дейді Сәбең ойын жазуынан аудармаған күйі. Одан арғы әңгіме былайша жалғасады:

- Сәбе, бұл Қасым ініңіз ғой...

- Е, дұрыс болған екен.

- Сәбе, өзіңізбен бір мәселе жөнінде ақылдассам деп едім.

- Е, дұрыс болған екен.

- Өзіңіз білесіз, мен соғыста оқ тиіп, бір көзден айырылып келдім ғой.

- Е, дұрыс болған екен.

- Сол оқ тиген көзім соңғы кезде ауырып, мүлдем мазамды алып жүр...

- Е, дұрыс болған екен.

- Дәрігерлерге көрініп едім, “көзіңнің ауруы асқынып кеткен” деді.

- Е, дұрыс болған екен.

- “Операция жасап көзіңді ойып алып тастаймыз” деді.

- Е, дұрыс болған екен.

- Сәбесі-ау, көзімді ойып алып тастаса, оның несі дұрыс деп отырсыз? – деп осы сәтте Қасым шамданғандай болып, дауыс көтеріпті. Сонда Сәбең түсінен шошып оянғандай селк етіп:

- Ай, Қасым, “көзімді ойып алып тастайды” дедің бе?.. Онда ол дұрыс болмаған екен, – депті жалма-жан ақталып.

* * *

Баяғыда Қызылорда обкомы Асқар Тоқмағамбетов пен Қалмақан Әбдіқадыровты (1903–1964) шақырып алып, он күн бойы оқытып, саяси сауаттарын жетілдіріп – дайындап, шопандарға лекция оқуға аттандырып қоя береді.

Екеуі алғашқы күні-ақ Аралдың арғы шетіндегі, ит арқасы қияндағы бір қойшының үйінен бір-ақ шығады. Аты белгілі ақын-жазушылар келген соң қойшы жазған қойын сойып, етін асып, арағын құйып дегендей, жаны қалмай құрақ ұшып қонақ етеді. Асекең ішімдікке жоқ екен, оның есесін Қалекең қайырып, біраз жерге дейін барып қалады ғой... Содан удай мас Қалекең түн ортасында ұйықтап жатқан жерінен атып тұрып:

Ей, жатқандар,

Құдай атқандар,

Бүйтіп жатпаңдар,

Мал басын сақтаңдар! –

деп тақпақтап айғай салыпты. Бала-шаға шошып оянып, үй иелері абыржып қалысады. Сонда Асекең:

- Жолдастар, бұ кісіге көңіл аудармаңдар, әншейін обкомның лекциясы өтіп кеткен ғой, – деп Қалекенді қайыра орнына жатқызыпты.

* * *

Ақын Сырбай Мәуленов (1922–1993) бірде Алматының орталық моншасына барса, көп адамның ішінен Сәбит Мұқановқа көзі түседі. “Қой, Сәбеңді жалаңаш көргенім ұят болар” деп ойлап, Сырағаң түкпірдегі бір бұрышқа барып, теріс қарап жуына бастайды. Сөйтсе Сырбайды Сәбең де байқап қалған екен:

- Әй, Сырбай, менің сенен жасыратындай еште- ңем жоқ. Жасырайын десем де тыр-жалаңашпын. Одан да сен бері келіп, арқамды ысып бер, – деп інісін қасына шақырып алыпты.

* * *

Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, көрнекті әдебиет зерттеушісі, профессор Есмағамбет Ысмайылов (1911–1966) бірде көлемді мақала жазып, ол мақаласында бір топ жазушыларды сынап кетеді. Сол сыналғандардың ішінде өзінің ұстазы Сәбит Мұқанов та бар екен. Сәбең Есмағамбеттің сынын көңіліне ауырлау алып, келесі күні оған телефон шалады. Бір-бірінің амандық- саулығын, хал-жайларын ғана сұрап, екеуі де “негізгі мәселеге” жоламай, аз-кем әңгімелесіп қалады. Сөз арасында Есмағамбет:

- Ертең Семей жаққа, Абай ауданына командировкаға жүрейін деп отырмын, – дейді.

- Абай ауданына дейсің бе? Онда мен бір шаруа тапсырайын, соны біле келші, – дейді Сәбең.

- Пәлі, Сәбе, айтсаңыз болды ғой, қатырып орындап қайтамыз! – дейді Есмағамбет.

Сонда Сәбең:

- Әй, Есмағамбет, орындасаң сол, Абайда: “Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты. Біреуге мылтық үйреттім, ол мерген болды, мені атты”, – деген өлең бар еді. Сол өлеңді Абай не үшін жазды екен, соны біле келші, – деп телефон трубкасын ақырын ғана іле салыпты.

* * *

Қырқыншы жылдардың соңында ақын Сырбай Мәуленов Қостанай облыстық газетінде редактордың орынбасары болып біраз уақыт қызмет атқарады. Бастығы демалысқа немесе бір жаққа іссапарға кет- кен кезде Сырбай ыңғайын тауып, газеттің бір бетіне тұтастай “Әдебиет бетін” салып жібереді екен. Осы жайт төрт-бес рет қайталанған соң, мұны байқап жүрген облыстың бірінші бастығы Сағалбай Жанбаев (1904–1972) Сырбайды өзіне шақырып алады:

- Сен неге әләуләйщинаңа басасың? Газеттерің партияның органы, саяси газет... Ал, сен болсаң әләуләйщинамен айналысасың! – депті ұрысып.

Сырбай ауызша сөгіс естіп, үндемей шығып кетеді.

Арада жылжып жылдар өтеді.

Жанбаев біраз жерде басшылық қызметте болып, соңынан Орталық Комитеттегі партиялық комиссияға жұмысқа ауысады. Сол қызметте жүрген кезде бірде Қырымға барып дем алыпты. Демалып жүріп бір топ өлең жазыпты. Алматыға қайтып орал- ған соң Қырымда жазған әлгі өлеңдерін құшақтап “Жұлдыз” журналының редакциясына әкеледі ғой.

Ол кезде “Жұлдыздың” бас редакторы Сырбай Мәуленов екен. Сырағаң өлеңдерді оқып көрсе, көркемдік дәрежесі төмендеу, нашарлау дүниелер екен:

- Ақсақал, біз мұндай әләуләйщинаны баса алмаймыз. Біз қоғамдық-саяси журналмыз, – дейді Сырбай.

Сонда Жанбаев мырс етіп күліп жіберіпті де, басын бір шайқап, бөлмеден үнсіз шыға жөнеліпті.

* * *

Әйгілі Шашубай ақын – Шашубай Қошқарбаев (1865–1952) әнші, жыршы, сал-сері, композитор, айтыс ақыны ғана емес, мың бұралтып би билей алатын, жүз құбылтып сиқыр ойын да көрсете алатын, әсемдеп акробатика да жасай алатын сан қырлы өнер иесі болған кісі екен. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жыл- дар болса керек, сол Шашекең сырнайын арқалап, жаяулатып бірде жолға шығады. Үлкен жолда анда- санда өткен машиналардың бір-екеуіне қол көтерсе, алмай, зу етіп қасынан өте шығады. Шашекең ақыры қулыққа көшеді: қара жолдың қақ ортасына төбесінен шаншылып, аяғын жоғары көтеріп тұра қалыпты.

- Ойбай, ақсақал, сізге не болды? – дейді ма- шинасын амалсыз тоқтатып, жерге түскен жүргізуші.

Сонда Шашеке алақандағы шаңды қағып:

- Қол көтергендерге сендер тоқтамайды екенсіңдер. Сосын, тегі, шопырдың жөні осы шығар деп, аяғымды көтердім, – деп жауап беріпті.

* * *

Ғали Орманов іркілдеген мол денесімен Жазу- шылар одағы үйінен мамырлап басып шығып келе жатса, қалбаң қағып шағын денелі Қайнекей Жар- мағамбетов (1918–1974) қарсы ұшыраса кетеді.

Қайнекей:

- Ассалаумағалейкүм, ақсақалым! – деп айқайлай амандасыпты.

Сонда Ғали:

- Уәлийкүмсәләм, тап-тапалым! – деп өте беріпті.

* * *

Баяғыда Өтешқали Атанбаев деген ұзақ жылдар бойы партия, совет саласында үлкен қызметтер істеген бір кісі болыпты. Өзі қалжыңбас, әзілкеш, әдебиет пен өнерден хабары мол зерделі азамат екен. Бойындағы бар міні – шашы сирек, желкесіндегі көзге көрініп тұратын ұрасы бар, лақса кісі болса керек. Сол кісі Қаражат министрі болып қызмет жасап жүрген шақта әдебиет зерттеушісі, білгір ғалым Ілияс Омаров (1912–1970) Мәдениет министрі екен де, әзілдері жарасқан соң екеуі қалжыңдасып ойнай беретін көрінеді.

Бірде Үкіметтің жиналысында отырған кезде министр Омаров министр Атанбаевқа мынадай “за- писка” жазып жіберіпті:

“Шашың бар көк текенің қылшығындай,

Желкең бар жесір әйел тұмсығындай,

Қыз көрсең айналасың үйіріліп,

Кемпірдің жіп иірген ұршығындай”.

* * *

Ақын Нұтфолла Шәкенов (1928–1983) бірде таңертең маңдайы құрысып, желкесі тырысып, басы мең-зең төсектен тұрады. Тұрған бойда:

- Бәйбіше, шалыңды өлтірмейін десең бас жазар бірдеңе тапсаңшы! – дейді әйеліне дауыстап.

- Үйбай-ау, Нүкесі-ау, біздің үйде не тұрушы еді, кеше достарыңмен бәрін сарқып қойдыңдар емес пе! – дейді әйелі алақанын жайып.

Мұндай тығырықтан шығудың жолын ойлап, басы қатып отырған Нұтфолла:

- Әй, бәйбіше, кеше үш сом бар еді ғой сенде, соны берші, дүкенге барып басымды жазып келейін, – дейді.

Әйелі азар да безер болып:

- Нүкесі-ау, ол үш сомға кеше нан жаятын оқтау алып қойып ем, – дейді.

Сонда Нұтфолла:

- Сен де бір қызық адам екенсің!.. Өзі ақша жоқта үйге мебель алып... – деп әйеліне Нүкең қатты ренжіпті.

* * *

Жазушы Ғабдол Сланов (1911–1969) баяғыда “Жұлдыз” журналында қызмет істепті. Бірде бір жетіге оңтүстік жаққа іссапарға кетіп, сол кеткеннен мол кетсе керек. Хабар-ошар жоқ, арада бір жарым ай өткен соң ғана сүйретіліп Алматыға жетеді ғой.

- Иә, Ғабеке, қайда болдың, қайдан келдің, сайра, кәнеки? – дейді “Жұлдыздың” сол кездегі бас редакторы Сырбай Мәуленов жоғалған қызметкерін шақырып алып.

- Басеке, айып менен,– дейді Ғабдол кешірім өтініп, – Қызылқұмның қиыр бір шетіне шығып кетіп... бір қойшының үйінде “тойлаңқырап” жіберіппін. Қойшы да бір аңқылдаған сабаз екен, уақыттың қалай өткенін аңғармай қалыппын.

Сонда Сырбай алақанын жайып, көкке қарап:

– Айналайын, Ғабдол,

Әйтеуір бар бол!

Құдай тағала бұл Ғабдолды

Жоғалтпай тағы, жар бол! –

деп бата тілеп, бөлмесінен қуып шығыпты.

* * *

Жазушы, аудармашы, әрі танымал журналист Сарбас Ақтаевтың әкесі тоқсаныншы жылдардың басында тоқсан жасқа жетіп дүние салыпты. Әкесі тірі кезінде Сәкең Көкшетауға барған сайын қалаға соқпай, алдымен аудандағы әкесіне барып, сәлем береді екен. Сосын әкелі-балалы екеуі әзіл-қалжың аралас әңгіме-дүкен құрып, өткен-кеткенді еске алып бір жасап қалысады.

Сәкең ел жаққа бір барғанында тоқсанға таяп қалған, әйтсе де мықтылық көрсетіп, сыр бермей шапқылап жүрген әкесіне:

- Мына ұлыңның да елудің ішіне молынан енген жайы бар. Әке, сен енді ақырына дейін шыдап, пенсияға шыққанша мені асырай тұр... Содан кейін пенсиясын беріп, өкімет өзі-ақ асырай жатар,– депті әзілдеп.

Сонда ақсақал кеңк-кеңк күліпті де:

- Оған мен шыдар едім-ау. Бірақ ажал деген баяғы баянкаматтың пәбескесі секілді ғой, ай-шайға қарамай ала жөнелсе, пенсияға жеткізбеді деп ренжіме, балам, – деп жауап беріпті.

* * *

1958 жылдың көктемінде Ғабит Мүсірепов КСРО Жоғарғы Советіне депутаттыққа кандидат болып тіркеледі де, қасына ақын Мұзафар Әлім- байды ертіп, шағын ұшақпен Мәскеуге ұшады. Бірақ ұшақтары апатқа ұшырайды да, абырой болғанда, Қызылқұмның шағылына құлап, жолаушылар аман қалады. Аман қалған жолаушылар торғайдай тозып, құмды кешіп әлдебір ауылға жетеді. Бой жазып, дем алған соң Ғабең мен Мұзағаң ауылдың дүкеніне кіреді. “Іш киімім тозып жүр еді”, – деп, Ғабең ағараңдаған бірдеңені құлаштап өлшеп жатқан кезде, Мұзағаң оның бағасын біліп алып, сатушыға ақшасын төлейді. Мұны байқап қалған Ғабең:

- Әй, кедей (ол кісі Мұзафарды ылғи да осылай атайды екен), сен не істеп жатырсың? Немене, байып кеттің бе? – депті.

Сонда Мұзағаң:

- Әлі байи қойғам жоқ, Ғабе. Бірақ “қазақтың Ғабитіне дамбал сатып алып бергем” деген атақтың өзі неге тұрады. Сол атақ үшін ақша төлеп жатырмын, – деген екен.

* * *

Ақын Сырбай Мәуленов ұзақ жылдар бойы басшы қызметтерде болған кісі ғой. Сол Сырағаң зейнеткерлікке шыққаннан кейін, бірде өзінің жақсы көретін талантты інісі Ұлықбек Есдәулетті қасына ертіп, көше бойлап келе жатса, қарсы алдынан құрдасы Жұбан Молдағалиев (1920–1987) ұшыраса кетеді.

- Иә, Сырбай, денсаулығың қалай? – дейді Жұбағаң амандасып.

- Жаман емес... Бірақ осы соңғы кезде тізем қақсап, болмай жүр, – дейді Сырағаң да кұрдасына мұңын шағып.

Сонда Жұбан:

- Кезінде талайларға тізеңді батырғасың ғой, тегі... Тізең ауырса, соның акысы да, – депті қалжыңдап.

Жалғасы бар...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар