Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Алғысты кімге айтамыз, қалай айтамыз?

01.03.2022 1977

Алғысты кімге айтамыз, қалай айтамыз?

1 наурыз – Қазақстан Респубикасындағы Алғыс айту күні. 2016 жылдан бері атап өтіліп келе жатқан бұл күннің мән-мағынасы неде дегенге ой жүгіртелік. Себебі, әр атаулы күннің өзіндік уәждемесі болатыны белгілі. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылдың 14 қаңтарында 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялаған болатын. Міне, содан бері жетінші жыл Қазақстанда Алғыс айту күні атап өтіліп келе жатыр. Алғысты кімге, қалай айтамыз? Бұл күні таң ертеңнен осы өмірде барлығы үшін адам баласы Жаратқанға, ұрпағы ата-анасына, жұбайы зайыбына, шәкірті ұстазына, әріптестер, таныстар, туыстар бір-біріне алғыс білдіру біртіндеп әдетке айналып келеді. Бұдан, әрине ешқандай зиян жоқ. Мына әлемдегі тыныштық пен татулықтың өзі адамгершілікке, адамдардың бір-біріне деген түсіністігіне, жылы қарым-қатынасына, алғаусыз ақпарат алмасуына негізделіп тұрған жоқ па? Қазақтың тілдік қорындағы ризашылық, тілектестік, лебіз білдіру, ізгі тілек арнау, бата беру, т.б. сөздер алғыс айтудың айналасынан табылатын ұғымдар.

Осы жерде мынадай сұрақтың туындауы да заңды. Яғни жылпарақтағы «басы бос» үш жүз қанша тәулік ішінен Алғыс айту күні ретінде дәл наурыздың бірі таңдалды?

1992 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің бір жылдығына орай Қазақстан халқы форумы өткен болатын. Осы үлкен жиында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясын құру туралы идея ұсынады. Бұл ұсыныс – өзінің ғасырлар бойы аңсаған азаттығына енді ғана ие болып жатқан жас мемлекет Қазақстан үшін ұлтаралық қарым-қатынастағаы тыныштық пен татулықтың ауадай қажеттілігінен туындағаны анық еді. Себебі, рухани, экономикалық т.б. факторларды айтпағанда, Қазақстандағы демографиялық ахуалдың өзі аса күрделі болатын. 1989 жылғы ресми санақ нәтижесі бойынша Қазақстандағы қазақтардың үлесі 40,1 пайыз, тәуелсіздік алған 1991 жылы шамамен 42 пайыз болған. Демографиялық тұрғыда күрделі, әрі жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу жолындағы үлкен өзгерістерді бастан өткеретін Қазақстанға әрбір қадамын абайлап баспаса қиын еді. Түрлі тағдыр жолымен қалыптасқан көпұлттылық жағдайында «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей», бейбітшілік пен келісімге сызат түсірмей уақыт ұтып алға жылжудың қаншалықты маңызды болғанын сол дәуірді бастан өткерген буын жақсы біледі. Және бүгінгі ұрпақ та мұны түсінуі тиіс деп білеміз. Қазақстан халқы ассамблеясы құрылуының алғышарты осылай жасалды. Бұл бірден жүзеге асқан жоқ. Идея ұсынылғаннан кейін үш жыл өткенде Қазақстан халқы асамблеясы құрылды. «ҚР Президентінің Жарлығымен 1995 жылы 1 наурыз күні Қазақстан халқы ассамблеясы құрылып, бұл туралы ҚР Конституциясына енгізілді.

Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесшілік сипаттағы бұл орган құрылғаннан бергі 26 жыл ішінде өзінің басты миссиясын – ұлтаралық татулық пен бірлікті қамтамасыз етуге қандай ықпал жасап, қоғам өмірінен орнын ойып тұрып алды?» - деген сұраққа әркімнің әр түрлі жауабы болуы заңдылық. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғанннан бергі отыз бір жыл ішінде аспаны ашық, түтіні түзу ұшқан ел ретінде өмір сүріп келе жатыр. Жүректерді қуанышқа кенелткен небір жақсылықтарымен, жетістіктерімен қатар, көңілге қаяу түсірер келеңсіздіктері қатар алмасқан қалпымызбен отыз бір жылдық тарихымызды жазудамыз. Айналадағы, өз ішіндегі алуан түрлі оқиғалардан сабақ алған Қазақстан жыл өткен сайын есейіп келеді. Ұрпақ алмасуының нәтижесі мемлекетшілдік сананы жаңа биікке шығарғаны айқын сезіледі. Мемлекет тұрақтылығының түп қазығы – қазақ халқының үлес салмағы жетпіс пайыздан асырған тұста да Қазақстан үшін айрандай ұйыған бірлік пен берекенің құны қаншалықты қымбат екенін жыл басы қаңтар айқын ұғындырып кетті.

«Қарғыс алма, алғыс ал», - дейді, халық даналығы. Ата-бабасына, әке-шешесіне өзге біреудің, өзге халықтың, мемлекеттің жасаған жақсылығы, көрсеткен қамқорлығы үшін қашан да болсын алғыс айту – адам баласына тән ізгі қасиет. Тіпті бұл тек адамзат баласына ғана тән емес, жақсылыққа жақсылықпен жауап қайтару – құрлық пен суда тіршілік ететін жан-жануарлардың біразына тән екеніне олардың әрекетіне қатысты сан түрлі оқиғалар дәлел болады. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда тұратын дисапора өкілдерінің бір кезде арып-ашып Қиыр Шығыстан, Кавказдан, Еділ бойынан, Балтық жағалауынан т.б. келгенде қолда барымен бөлісіп паналатқан қазақтардың бүгінгі ұрпағына дәл осы күні алғыс айтуы – ұрпақтық парыз, отанына, отандасқа деген құрметтің белгісі болмақ.

ҚР тұңғыш президенті Н.Назарбаев Алғыс айту күнінің мәнісі, оны атап өту турасында кезінде былай деп көрсеткен екен: «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді».

Қазақстанда тұратын он тоғыз миллион халықтың жиырма тоғыз пайызға жуығын иеленетін жүзден астам ұлт өкілі – диаспоралардың әрқайсысының ата-бабаларының бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің аумағына көшіп келіп мекендеуінің әрқилы тарихи себептері бар. «Туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту» деген тіркестің ар жағында бүгіндері кеңбайтақ қазақ жерінің әр түкпірінде тіршілігін дөңгелентіп бақуатты тіршілік етіп жатқан жүздеген мың корей, неміс, шешен, ингуш, месхет түріктері, әзербайжан, күрд, балқар, поляк т.б. ұлт өкілдерінің ұлы өткен ғасырда ата-әжелерінің сталиндік режимнен көрген құқайлы тағдыры жатыр. Қызыл комммунистік идеология тарапынан тұтастай ұлттар саяси сенімсіз деп танылып, қарулы күшпен жүк вагонына тиеліп, туған жерлерінен көшірілгені белгілі. Олар ұзақ жолда арып-шаршап, өліп-жітіп, сан түрлі қорлықты көре отырып Қазақстанға жетті. Қазақ даласында оларға алғашында жергілікті халық үркектей қарағанымен, жадау-жүдеу халін көріп-білгеннен кейін далаға тастаған жоқ. Жат жерде қақаған қыс пен аптап ыстықта ық пен көлеңке таппай шұбырған жұпыны жұртты кеңпейіл қазақ бауырға тартып паналатып, қолында барын, бір үзім нанын бөлісіп, басына үй, баурына қазан асып, қатарға қосылуына септескені – сол дәуірдің анық шындығы.

«Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді», - дейді, қазақ. Отызыншы жылдардың соңы, қырқыншы жылдардың ортасы аралығында қуғын-сүргін заманды бастан кешіп, көзбен көргендердің қатары қазір сиреді. Бірақ алдыңғы буын қазақ халқының тар заманда жасаған жақсылығын ұрпақтан ұрпаққа айтып жеткізіп кеткендіктен, бүгінгі ұрпағы жақсы біледі, бағалайды. Бұл сөзіміздің дәлелі – бүгінгі күнге дейін өздерінің тарихи отаны Германияға, Грекияға, Израильге, т.б. жаққа көшіп кеткен адамдардың сол жақтан туған елі Қазақстанға деген ыстық сәлемін жолдаған сағынышты бейнежазбалары. Көңіл толқытып, жан тебірентер мұндай бейнежазбалар әлеуметтік желілерде жиі ұшырасады. Бұл – арнайы сұрап, сұратып алған емес, шын жүректен, шынайы көңілден, жылдар бойы айтылған, айтыла беретін ақжарма тілектер, алғаусыз алғыстар. Алғыс айту деген – осы.

«Көрші қақысы – Тәңірі ақысы», «қайғыны бөліссең азаяды, қуанышты бөліссең, көбейеді», - деген бағзыдан бергі гуманистік тұжырымдарды ту еткен, өз жерінде отырып, өзі де талай қиындықты кешкен атам қазақ сол кезде тағдыры тәлкекке түскен халықтардың қасіретін түсінгендіктен де, олардың басына түскен қиындықты бірге көтергендігін ұмытпай, бағалауы бұл. «Не ексең, соны орасың», - дегендей, сол заманда ата-бабасының жасаған жақсылығы бүгінгі ұрпағына алғыс болып қайтуда. Мұны қазақ: «Батасы тисін!» - демей ме! «Жаңбырмен жер көгерер, батамен ер көгерер». Бодандық қамытынан құтылып тәуелсіздік алғаннан бері көк аспан астында көк туымызды желбіретіп отыруымыз – шаршап шалдыққан жұртқа жақсылық жасаған бейнетқор да бейуаз ата-әжелерміздің ақ ниетінің өтеуі, солардан пана тапқан жұрттардың ізгі тілегінің қабылдығы шығар.

Қазақстандағы Алғыс айту күнінің мәнісі – негізінде осылай. Ендеше, бұл күні: «Маған қай диаспора өкілі келіп алғыс айтады?» - деп қазақ баласы ешкімді күтіп отырмайды ғой. Алғыс айтып жатса, айтқан адамның кісілігінің, жоғарыда жазылғанындай, ұрпақтық парызын сезінгендіктің белгісі. Алғысты ешкім ешқашан ешкімнен сұрап алмайды. Ондай жағдайда бұл – алғыс емес, жалыныш немесе мәжбүрлеу болып есептеледі. Сондықтан да алғыс – алғыстық жөн-жосынымен болуы тиіс.

Осы ретте айта кетерлігі, әлемнің көптеген елдерінде біздің Қазақстандағы сияқты саяси, шаруашылық, тарихи т.б. жағдайларға байланысты, әр дәуірде қалыптасқан, «алғыс айту», «ризашылық білдіру» деп аталатын күндер бар.

Осындай ризашылық рәуішті күннің мысалы ретінде, Америка Құрама Штатында атап өтілетін Ризашылық білдіру күнін айтуға болады. Бұл елде жыл сайын 24 қарашада кең көлемде ел болып атап өтілетін Ризашылық күнінің негізінде де жергілікті халыққа алғыс айту жатыр. Екі ай бойы жадап-жүдеп мұхитта жүзген ағылшындық «Мэйфлауэр» кемесі 1620 жылы Америка жағалауына келіп тоқтайды. Жаңа қоныс іздеген жүз адам үшін алғашқы қыс өте ауыр тиеді. Көмек қолын созған жергілікті үндістер оларды аштықтан құтқарады.

Жалпы 21 қыркүйек – Дүниежүзілік алғыс айту күні екенін де біле жүргеніміз дұрыс. Бұл күні Жер шарында мекендеген барша адамзат баласы бір-біріне алғыс білдіріп, шүкіршілік айтады.

1 наурыз - Қазақстандағы диаспора өкілдерінің қазақ халқына алғыс айтатын күні, сондықтан, қазақтар бір-біріне алғыс айтпасын деген шектеу жоқ. Кімге қалай алғаыс айтатыныңызды патша көңіліңіз білсін. Қазақстандағы Алғыс айту күнінің мәні мен маңызы жылдар, дәуірлер алға жылжыған сайын мазмұндана түседі деп білеміз. «Алғыс алған – арымас, қарғыс алған – жарымас». Төрдегі қарттарымыздың берері әрдайым бата, алыс-жуықтағы қаймана жұрттан алатынымыз әрдайым алғыс болсын!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар