Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ақлима Исмаил. Жұмыс іздеп жүр едім...

03.03.2022 2000

Ақлима Исмаил. Жұмыс іздеп жүр едім...

- Рұқсат па? – дедім, қасына барғанша қағаздан басын алмай отырған мектеп директорына.

- Тыңдап тұрмын – көзімен шұғыл бір шолды.

- Мен, жұмыс іздеп жүр едім.

- Қай пән?

- Қазақ тілі мен әдебиеті.

- Сағат жоқ.

- Мен, ҰБТ-ға дайындай аламын, менің дайындаған оқушыларымның көбі мемлекеттік грантқа түседі, сосын...

- Сағат жоқ дедім ғой, өзіміздікіне тауып бере алмай отырғанда!

- Ааа, кешіріңіз, сау болыңыз!

Мұрнының астынан бірдеңе дегендей болды, әлде еміс естідім бе?!

- Сәлеметсіз!

- Айта беріңіз! – деді қағаздан көзін алмаған күйі.

- Жұмыс іздеп жүр едім.

- Қай пән? – басын әрең көтерді әйтеуір.

- Қазақ тілі мен әдебиеті.

Мырс етті.

- Өзімізде жетеді. Математик пен физик керек. Басқа бірдеңе оқып алсаңызшы, не көп қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі көп.

- Жасым қырыққа кеп қалып еді ғой, басқа нәрсені оқу да қиын шығар

- Сағат жоқ, кешіріңіз, гардеробшы болам десеңіз орын бар.

- Не? Мен ҰБТ-ға дайындай аламын, сосын...

- Сағат жоқ, кешіріңіз.

Тыңдағысы келмей қағазына қарады. Үнсіз кетуге ыңғайсыздандым

- Сау болыңыз!

Шыққанша тыныштық бұзылған жоқ.

- Кешіріңіз, кірсем бола ма?

- Әрине! – деп қолын орындыққа қарай нұсқады.

Ондай ілтипатты алғаш көрген менде үміт қылаң ете қалып, жүзім жадырап отыра кеттім.

- Тыңдап тұрмын! – деді көзіме көзін қадап.

- Жұмыс іздеп жүр едім, дедім жымиып

- Қай пән?

- Қазақ тілі мен әдебиеті

- Қиындау екен! Бірақ, ойлануға болады. Қай жақтансыз?

- Алматыда тұрғаныма отыз жылдың жүзі болды, негізі Шымкенттенмін.

- Солай деңіз, дұрыыс. Руыңыз кім?

- Орта жүз.

- Солай деңіз, ммм. Отбасыңыз бар ғой?

- Иә, үш балам бар.

- Күйеуіңіз ше?

- Бар, бар.

- Солай деңіз, қайдан білейін, қазір басы бос келіншек көп болғанға...

- Түсінбедім?

- Осы әңгімені, кешке тамақтың үстінде жалғастырсақ қайтеді?

- Сіз түсінбедіңіз, менің күйеуім бар.

- Қит етсе күйеулеріңді айтып шыға келетіндеріңіз не осы? Бізде де бар, әйелдеріміз бар ғой шүкір, ол басқа шаруа дегендей! Біздің қазақтың қыздары бірдеңені түсіне қоймайды осы ше

Құйындатып келе жатқан жерінен бөліп жіберуге тура келді

- Кешіріңіз, сіз мені сонда да түсінбедіңіз. Сау болыңыз!

- Түйіндемеңізді қалдырмадыңыз ғой?

Есік тарс жабылды.

- Сәлеметсіз бе?

Үнсіздік

- Жұмыс іздеп жүр едім...

Көрнекі сурет: А. Дейнека. «Кітап оқыған қыз». 1934.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар