Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Акция қорытындысы дайындалу үстінде...

06.10.2022 1376

Акция қорытындысы дайындалу үстінде

Акция қорытындысы дайындалу үстінде - adebiportal.kz

2022 жылдың 3 қазанынан бастап Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Мен қазақша сөйлеймін!» акциясын қорытындылау жөніндегі жұмыс тобы дүркін-дүркін отырысын өткізіп жатыр. Байқау барысында үміткерлер ұлт ұстазының бір шығармасын мәнерлеп жатқа оқуы тиіс болатын.

Додаға қызығушылық танытушылар қатарының көптігін мекемеге жиі түсіп жатқан телефон қоңырауларынан аңғару қиын емес. Бәріне дер кезінде жауап қайтарылуда. Әйтсе де әр үміткердің артында жүздеген жанкүйері тұрғанын ескерсек, олардың көкейкесті сан сауалы бары өзінен өзі түсінікті. Осы орайда Орталық Бас директорының міндетін атқарушы Лиза Есбосынованы тілге тартуды жөн көрдік:

– Лиза Қожаққызы, акция шартында дауыс беру 30 қыркүйек күні аяқталады деп жазылған. Содан бері үнсіздік орын алғандай. Мұны қалай түсінуге болады?

– Дұрыс аңғардыңыз, акция үстіміздегі жылдың 30 қыркүйегінен 1 қазанға қараған түні ресми түрде жабылды. Яғни, «лүпіл» басу арқылы дауыс беру мүлдем тоқтатылды. Осыған қарамастан әрі қарай жалғастырушылар болған жағдайда, жүлдегерлерді анықтау қорытындысына кері әсерін тигізбес үшін барлық қатысушылардың лүпіл саны скриндеу әдісі арқылы тіркелді. Сөйтіп комиссия мүшелері сол түні барлық 171 адамды сүзгіден өткізіп шықты деуге болады. Бұл әділдікті қамтамасыз етуге арналған алғашқы қадам болса, бұдан кейін жалған дауыс берудің жолын кесу үшін боттарды тексеру басталды. 170 үміткерге дауыс берушілер жеке-жеке қаралды.

– Жаңа ғана 171 адам деп едіңіз ғой?

– Бір адам екі рет тіркелгендіктен, әрі қарай 170 қатысушы туралы ғана сөз болады.

– Жалған дауыс жағы қалай екен?

– Комиссия мүшелерінің мұқият қарауының нәтижесінде, өкінішке орай, мұндай жағдайлар анықталды. Қазіргі уақытта дауыс қорытындысынан шегеріп тастадық.

– Акцияға қызығушылық зор екені байқалады. Бұл туралы не айтасыз?

– Сауалыңызға мына деректер дәлел бола алады ғой деп ойлаймын. Барлығы 125 әйел, 45 ер адам қатысқан екен. Егер этностық құрамына назар аударсақ:

1. Орыс – 67

2. Әзірбайжан – 15

3. Өзбек – 13

4. Неміс – 11

5. Татар – 8

6. Украин – 6

7. Түрік – 6

8. Күрд – 5

9. Белорусь – 3

10. Қарақалпақ – 3

11. Тәжік – 3

12. Ұйғыр – 3

13. Башқұрт – 2

14. Дүнген – 2

15. Кәріс – 2

16. Қырғыз – 2

17. Армян – 1

18. Лезгинка – 1

19. Марий – 1

20. Молдаван – 1

21. Поляк – 1

22. Рутул – 1

23. Түркімен – 1

24. Шешен – 1

25. Чуваш – 1

Он қатысушы өзінің ұлтын көрсетпепті. Ең жасы 4 сынып оқушысы болса, көш басында көп балалы анамыз тұр.

– Ұлт ұстазының қандай шығармасы жиі оқылғанын білуге бола ма?

– Үміткерлер ұлы тұлғаның барлығы 34 өлеңін пайдаланған. Соның ішінде «Анама хат», «Аққу, шортан һәм шаян» шығармалары жиі кездеседі. Ал «Оқуға шақыруды» 33 үміткер мәнерлеп жатқа айтты.

– Байқаудың қорытындысы қазір қандай деңгейде?

– Акция Ережесінің үшінші тармағының бірінші бөлімінде: «Қатысушы өлең жолдарын мәнерлеп жатқа оқуы тиіс. Қатысушының Акция аясындағы материалы көркемсөз оқу талаптарына сай келмеген жағдайда, қазылар алқасының шешімімен «лүпіл» саны ескерілмейді» деп жазылған. Яғни, комиссия мүшелері барлық бейнематериалмен жеке-жеке танысып барып қана соңғы шешім қабылдайды.

– Десе де оқырман қауым тағатсыздана тосып жүр ғой...

– Акция жеңімпаздарының есімі 14 қазан күні Қарағанды қаласында өтетін «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» байқауы кезінде жария болады. Бірден БАҚ бетінде жарық көреді.

Барша үміткерлерге сәттілік тілеймін!

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұқбатты жүргізген С.Әбілмәжін


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар