Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Айгүл Үсен. Тобырлық мәдениет һәм өнердегі пессими...

25.08.2023 1313

Айгүл Үсен. Тобырлық мәдениет һәм өнердегі пессимизм 14+

Айгүл Үсен. Тобырлық мәдениет һәм өнердегі пессимизм - adebiportal.kz

Мені ХХ ғасырдың соңы ХХІ ғасыр өнері ерекше қызықтырады. Өйткені қазіргі кезеңді түсіну үшін оның рухани дамуы мен өнерін түсіну керек. Осы бір алуан бағыттар мен ағымдар арласып кеткен, жанрлар өзгерген, көркемдік сапасы мен эстетикасы күрделенген, идеясы мен ойы сан-саққа жүгірген кезеңді түсіну философтар мен өнертанушыларға, жалпы оқырманға да қиындық келтіріп отырғаны даусыз. Зерттеуші ретінде, оқырман ретінде заманауи руханияттағы, өнердегі құбылулар мен түрленулерді түсіну қазіргі ізденісімді айқындайды. Бұрынғы түсініп дағдыланған классикалық әдебиеттің заманауи шығармаларда формасы өзгеріп, идеясы түрленіп, танымы мен талғамы мүлде жаңарған. Қазіргі кезең тынысы сан тарапты, құндылығы өте күрделенген қоғам мен адам болмысын көркемөнер қалай бейнелеуде?  Менің қазіргі сұрағым осы. Осы сұрақтың жауаптарын табу үшін философия, әлеуметтік, әдебиеттану салаларындағы еңбектермен қатар баспасөз, әлеуметтік желілердегі шығармаларды оқып, тыңдап жүрмін. 

Испан философы Хосе Ортега Гассет «Өнердің дегуманизациялануы» еңбегінде ХХ ғасырға дейінгі өнер яғни классицизм үрдісіндегі өнер жалпыға түсінікті, эстетикалық ләззат пен этикалық ықпалы күшті болды. ХХ ғасырда модернизмнің келуімен өнер жалпыға емес, белгілі бір ортаға не таңдаулы адамдарға түсінікті болып, эстетикалық сипаты анық сезілмей, этикалық сипаты маңызды болмай қалды. Бұл әрине сурет пен мүсін өнерінде аса дамыған түрде көрінді. Бұрын өнер адамға сұлулық, адамилық пен ізгілікке бағыттаса, ендігі өнерде сұлулық, гуманизм мен моральдің құны түсіп кетті. Поэзияда символизмнің пайда болуы, өнерде дадаизмнің орын алуы мәнді артқа итеріп, мәнсіздікті, антиэстетика мен дегуманизацияны ұсынды. Осы тұста Хосе Ортега Гассеттің «Тобырдың бас көтеруі» деген әлеуметтік философиялық еңбегі өнердегі осы үрдістің себебін табуға бағыттайды. Бұл эмоционалдық-экспрессивтік реңкі күшті еңбек қазіргі қоғамдағы құндылықтардың жойыла бастаған кезінде жазылған. Философтың өз қоғамы мен болашаққа болжам жасай отырып, адамзат өзі құрған өркениетінің тұтқынына, құрбанына айналатындығына жаны күйеді. Тобыр ма, әлде көпшілік, болмаса жалпы деген түсініктегі адам өзгеден ерекшеленбейтін, болмысы мен сипатын жоғалтқан, және ол жоғалтуына күйінбейтін, қайта көңілі тоқ жан. Ол ештеңе іздемейді, себебі бәрі оның алдында. Ол ойланбайды, өйткені оған оның қажеті жоқ. Оған жайлы өмірі, алатын рахаты мен қызығы ғана керек, ішіп-жегеніне мәз, жауапкершілік дегенді сезінбейді. Бұл қауым өзіне ұқсамайтындарды, өзгеше ойлайтындарды қабылдамайды, жек көреді. Тобырдың жаппай бас көтеріп, гуманизмнің құлдырауына, өнердің адамнан алыстауына автор ХІХ ғасырды кінәлайды. Бұл кезде Еуропада өндіріс дамып, үлкен жұмысшылар тобы, бір-біріне өмір салты, көзқарасы ұқсас топтар қалыптаса бастады. Бұрын әлем жалпы мен жалқыдан тұратын, қазір жалқылар жалпыға сіңіп, көрінбейді. Жалпының, яғни ойсыз тобырдың үстемдігі күшейіп, оның құндылығы маңызды болды. Жаңа дәуір туралы Гегель «Тобыр басып келеді» десе, «Бүкіл әлемдік нигилизм ағымын көріп тұрмын» деп Ницше күңіренеді. Біз қазір сол массаның ең гүлденген шағында өмір сүріп жатырмыз. Техникалық прогресс қарыштап дамып, адамдардың рухани болмысы әлсіреп барады. Өнерді кез-келген талантсыздар да таласып, елдің алдына шығып, тобырды табындыратын болды. Олардың өнерін талғам мен танымнан алыс тобырлар биік бағалап, алдыңғы қатарға шығарды. 

Модернистер жаңа дәуірдің болмысын табу, көрсету үшін түрлі бір-біріне ұқсамайтын дүниелер ұсынуда. Олардың бәрі классиктер айқындаған биік эстетикалық жүйеге сай емес, оған сай болуды қажетсінбейді де. Хосе Ортега Гассет тобырдың пайда болуына ықпал еткен либералды демократия, экспиременталды ғылым мен өндіріс екенін атап көрсетеді. Тобырдың бас көтеруін вертикальді «жабайылану» деп бағалайды. Автордың бұл ойымен келісуге болады, себебі қазір елдің алдына шыққан адамдар кімдер? Сахна мәдениетін сақтамайтын, ойына келгенді жасап, ойына келгенді айтатын мәдениеттен жұрдай адамдар қазір біздің жастрды неге тәрбиелеп жатыр? Әндердегі мәтіндердің сапасы төмен. Бұл жаппай жабайыланудың бір ғана көрінісі. Өнегелі сөз, әдемі үлгіні емес, жеңіл әзіл, қысыр әңгіменің салмағы артты емес пе? Сондықтан театрға, балет пен операға көрермен баруды ұмытты. Х.О.Гассет тобырдың психологиялық ерекшелігі ретінде оның өмірлік қажеттігінің тоқтамай өсуі мен оның өмірін жеңілдететін факторларға риза болмау екендігін атап көрсетеді. Бұл екі қасиет ерке баланың есірік болмысын бойына жинаған тобыр, яғни тауар мен ақшаға, материалдық құндылыққа бас ұрған тобырлар қоғамында тұтынушылық пен тойымсыздық, қанағатсыздық орын алып, ол өзін толыққанды бақытты сезінбейді. Бұл адам рухының жеңіліс табуына әкелді. Адамзат рух пен денеден тұратыны белгілі. Рухтың қалауы емес, тәннің қалауы басым түскен адамда рухани әлсіздік, рух тапшылығы орын алатыны заңды. Қазір адамзат осындай тапшылықты сезінуде. Өнердің қызметі адамзат үшін орасан зор. Ол адамды өсіреді, емдейді, дұрыс жолға салады. Қазақ поэзиясындағы негізгі сарын дидактика болған. Ол Абай мен Шәкәрімде шарықту шыңына шықты. Қазіргі ақындарда бұл сарын жоқ десем, қателеспеймін. Сондықтан Абай мен Шәкәрім біздің дәуірде де ерекше өзекті. Қазіргі ақындар не жазады, олар өнерден не іздейді, олардың мақсаты не? Көп талантты ақындардың шығармашылығын шолып, олардың қайғысы адами рухты жоқтау, рухтың жеңіліс табуы екенін байқадым. 

Абай қазіргі ақындардан көрі әлдеқайда оптимист болған, себебі оның мақсаты «адамды түзету», яғни ақында адамды түзетуге болады деген үміт сәулесі өшпеген. Білім мен ғылым арқылы адамды парасатты тұлға деңгейіне жеткізіп, заманды түзету ұлы ақынның шығармашылық кредосы болды. Ал қазіргі барлығы сауатты, ғылым мен өндіріс дамыған кезеңде адамзат парасат биігіне шыға алмады. Қайта кері кетіп, азғындап, өзі тозып, өзге қоршаған дүниені де тоздырып барады. Қазіргі поэзия мен проза, жалпы өнерде жарық сәуленің әлсіздігі, пессимизмнің тереңіне батуы рухтың шалажансар күйінен.

Талантты ақын Ұмтыл Зарыққаның «Қоңыр көлеңке» атты жыр жинағына енген «Теректер құлаған түн» деген реквием поэмасындағы жолдар испан философының поэзияда көрінген жанайқайы емес пе? 

... «Біз бәрібір адасқан ұлмыз» дегенмін сонда мен 

(өзіме өзім)

Қайта оралар ұямыз да, 

Қайырыла қауышар анамыз да жоқ енді, 

Біз құрбандыққа қимайтын не қалды!? деп, 

Ышқына айғайлағаның 

 Есімде 

«айтшы...

Күмбезді болшақ па?

Тозған лентадай әуені»

 

Мен осы қалада сан рет болғанмын, 

Осы далаға сан рет қонғанмын. 

Мен осы пәниге мың рет келгенмін. 

Мен осы пәниден мың рет кеткенмін, 

Келместей болып.

Қайта-қайта қыстай беретіні несі екен?

Бірімен бірі жүйіткіп, 

Сабылысқан 

Көлік.

Поэмадан Мағжанның «Мені де өлім, әлдиле» деген символдық өлеңінің әуені естіледі. Оралханның табиғатпен үндескен дүниетанымы байқалады. Адамзат мына шексіз ғаламда өзін-өзі іздеумен болады. Оның тұрақтар мекені Жаратушының ізгі әлемі болса керек. Ал қазіргі адамзат өмір сүрудің орнына жалған дүниенің соңында жанын, арын салып, адасып жүр. Материалдық құндылықты құдай көрген адамзат рухынан айырылып, айуан қалпына түсуде. Онда хаос орнап, тіршілігінде береке болмай, өзін де, өзгені де жоқ етеді. Ақын осы рухсызданған қоғамның трагедиясын сезінеді, жалпымен күресуге Жалқыда дәрмен жоқ. Бұл жалпы адамзат қоғамын топан судай қаптап, құрдымға тартып барады. Адамзат ақын сөзін ұғып, өзгере ме, белгісіз.  

Заманауи тұрмысты, құлық пен ниетті бейнелеп, адам мен қоғамның келбетін танытып жүрген автордың бірі талантты жазушы – Есбол Нұрахмет. Автордың «Жар басындағы алтын тақ» атты жинағындағы әңгімелер қазіргі өміріміздің пазылдары сияқты. Әсіресе, «Жазушының өлімі» деген әңгімесі рухтың езілген жантүршігерлік халін, өнердің құнсыздануын, ойыншыққа айналуын, ақшаның мен дүниенің құдіретіне бас иген ұятсыз, арсыз, кері кеткен қоғамның шыңдығын жеткізеді. Қазіргі жазушылардың махаббат туралы әңгімелері махаббатты емес, махаббатын жоғалтқандарды жазады. Бір-бірімен сөйлесе алмайтын, түсінісе алмайтын, жан дүниесі жұтаң, адамдығы аласарған жастардың алдамшы сезімі туралы. Өткен ғасырдағыдай бір-бірі үшін өлімнен де қорықпайтын, жалынды, сезімді жастар басты кейіпкер болудан қалған.   Ұлы Абайдың: «Тамағы тоқтық, жұмыс жоқтық аздырар адам баласын» деген терең байламын қазіргі өмір шындығы дәлелдеп отыр. Адамзаттың мүмкіндігі көбейіп, байып, жетілген сайын оның қайғысы да күшейіп, проблемасы көбейді. Ол сыртқы факторлар емес, ішкі мазмұннан, яғни бүкіл проблема жеке адамның психологиялық, ойлау, түсіну жүйесінен туындауда. Поэзияда Ұмтылдың өлеңдері оның эмоционалдық, көркем сипатын, идеялық желісін айқындаса, прозада Есболдың сюжеттері мен композициялық құрылымы, идеялық- көркемдік негізі анықтайды. 

Шын таланттардың өнерінің бағаланбай, күресінге тасталуы тобырлық мәдениеттің қалыптасуының айқын көрінісі. Теледидарды ортанқол, төмен деңгейлі сериалдардың басып алуы нағыз өнер туындысына жасалған қастандық. Өнердің болмысындағы биік идея мен мінсіз эстетиканың бағаланбай, оның орнына попкорн жеп көретін жеңіл тауар- шығармалардың қаптауы, оны жасаушылардың мәдениетте жетекші орын алуы қоғамды рухани, мәдени дағдарысқа әкеліп отыр. Ал мәдениеттің жұтаңдығы, жеке адам мәдениетінің құлдырауы экономиканы да, қоғамды да дамытпайтын факторлар. Ақша табуға, рейтинг қуалауға маңыз берген шығармашылық адамдар, топтар сұранысты арттыру үшін, пайданы еселеу үшін адам сенгісіз тәуекелдерге барып, кейде ол адам санасы қабылдайтын шындықтың шекарасынан шығып кетіп жатыр. Оқырман, көремен, жалпы қызығатын, тұтынатын адамдардың алдындағы жауапкершілікті мүлде ұмытып барады. Бұл қоғамның дамуына, рухани баюына кедергі келтіріп, моральдық, этикалық, жалпы мәдени тұрғыдан кері кетуіне соқтыруда.

Хосе Ортега Гассеттің, Жак Бодриярдың капитализм философиясын көркем әдебиетте айнытпай бейнелеген Дж.Оруэллдің «1984», Олдос Хакслидің «О ғажап жаңа әлем» атты роман антиутопияларын оқыу үстіндемін. Бұл шығармалар өткен ғасырдың 30-40 жылдары жазылса да қазіргі тұрмыс-салт, мінез-құлық, ниет-армандарын айнытпай бейнелейді. Хакслидің шығармасы фантастикалық дегенмен, ментальді түрде заманауи шындық. Шығарманың идеясы адамзат құрған, армандаған ғажап әлем адамзатқа бақыт әкеле ме? - деген сұраққа жауап іздеу. Бұл әлемде адамдар табиғи жолмен емес, ғылыми өркениеттің ұсынғн жолы арқылы өмірге келеді. Олар пробиркада альфа, бета, гамма, эпсилон деген топтарға бөлініп жасалады. Олар ештеңеге қажетсінбейді. Тамағы тоқ, көйлегі көк, соғыссыз, қажетсіз мамыражай өмір сүруде, олар бір-бірінен ерекшеленбейді, бір типті. Фабрикадан шыққн тауарлар сияқты, стандартталған. Олардан бөлек ешкімге қажетсіз болып, елеусіз қалған «жабайылар» әлемі де бар. Онда бұрынғыша табиғи жолмен өмірге келген бейбақ жабайының да бостандығы жоқ, өзінің рухы өлген, ызалы адам. Жаңа әлем де, ескі әлемде ұмыт қалғандар да рух еркіндігі жоқ, шектеулі жандар. Бірін ғылыми жетістіктер жасаса, екіншісін қоғамды қалыптастырушы саяси ойыншылар шектеген. Екеуі де тоталитарлық кеңістікте өмір сүруде, біріншілері тұтынушылық жүйенің жалған қызығына алданса, екіншісі саяси әлеуметтік зорлықтың зардабын тартушы. Бұл екі шығарма авторлары өзара хат алмасып, пікірлесіп, адамзат алдындағы қауіпті көрсетеді. «1984» романы саясаттың адам санасына теріс ықпалын, саяси жүйенің адамға қиянатын бейнелесе, «О ғажайып жаңа әлем» ғылым мен техниканық адамға кері әсерін көрсетеді. Екеуі де ең көп оқылатын, ойландыратын, интеллектуалды романдар. Саясат, саяси-әлеуметтік мәселелер ойшылдарды ойландырып, болжам жасап, салдарын көрсететін шығармалар оқырмансыз қалмайды. Бізге де осындай саяси-әлеуметтік шығармалар, интеллектуалды ромндар қажеттігі байқалады. 

Әдебиеттің саясаттан тыс болуы мүмкін емес. Сонау көне түркі дәуіріндегі ескерткіштерден бастап, Әл Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» атты еңбегі, Ж.Баласағұнның «Құтты білік» шығармасы, жыраулар поэзиясы саяси салмағы мықты көркем дүниелер. Жыраулардың саясаткерлігі жыраулығынан маңызды болды.  Ханның өзінің қателігін айтып, сабырға шақыруы, тәртіпке тартуы дала демократиясының негізі болды. Біз осы сөз өнерінің зор күшінен кеңестік кезеңде айрылып қалдық. Әдебиетті еркіндіктен айырып, өздерінің саясатының құралына айналдырды. Ендігі әдебиет белгілі топтың, бір идеяның құралы емес, еркін, шындықты айтып, жол нұсқайтын шын мәнінде халықшыл, ұлтшыл әдебиет болу керек. Саясаттан алыс жүру керек деген ой, шығармашылықты тежейтін, кеңестік жүйенің қамытын ұсынатын трагедия. 

Тағы бір назар аударып, оқып жүрген бір бағыт – кеңестік кезеңдегі әдеби шығармалар. Олар кеңестік кезеңдеде атүсті зерттеліп, ал жаңа кезеңде мүлдем қаралмады. Себебі ол кезеңде кеңестік дәуірдің идеясынан басқа не жазылды деген атүсті жасалған байлам. Біраз жыл бұрын Ә.Тәжібаевтың мерейтойы болғанда мен ол кісінің шығармашылығы туралы пікір айту үшін Астана-Қызылорда деген телекөпірге қатыстым. Дайындық барысында ақынның бүкіл шығармашылығын қайта қарап шықтым. Сонда ол кісінің шығармашылығынан 10-15 пайызы ғана кеңестік мәселеге арналған, қалған бөлігі ұлт, адам, табиғат құндылығы. Сол кезеңдегі қаламгерлердің шығармашылығы оқылмай қалды, ұғынылмай қалды. Қаншама тұлғалардың шығармашылығы мүлдем зерттелмей, бағасы берілмей қалды?  Кеңестік идеологияның батпағында көп асылдарымыз жатыр. Оларды аршып, шын асылын алып, тың зерттеулер жасап, жаңа өмір сыйлау қажет.  Университетте диплом жұмыстарының мәселесі ретінде білім алушыларға ұсынып келемін. 70 жылдық тарихты, оның рухани өрісін танытқан ақын-жазушылардың шығармаларын әдебиет тарихынан алып тастау мүмкін емес. Бұл кезең қаламгерлері ерекше трагедиялық тұлғалар. Себебі олардың шығармашылығына қиянат жасалып, «тілін кісендесе», жаңа ұрпақ қажетсіз деп күресінге лақтыра салмақ. Әдебиеттануда осы бағытқа да түрен салынып, ақын-жазушылар олардың трагедиясын жеткізуге назар аударар шақ туар. 

                                                                                   Айгүл Үсен

                                                                     филология ғылымдарының докторы 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар