Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Айгүл Үсен. Кішкентай адам – рухы әлсіреген қоғамн...

04.05.2023 3150

Айгүл Үсен. Кішкентай адам – рухы әлсіреген қоғамның жемісі 14+

Айгүл Үсен. Кішкентай адам – рухы әлсіреген қоғамның жемісі - adebiportal.kz

Филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Үсеннің «Қазақ және әлем әдебиеті: Ықпалдастық. Сабақтастық. Диалог» атты монографиясы бүгінгі әдебиеттану ғылымындағы айтулы жаңалықтардың бірі. Монографияның негізгі мәні – қазақ әдебиетінің мәселелерін біртұтас әдебиет әлемінің бөлшегі, бір сипаты ретінде ала отырып, шығармашылықтағы жаңа көзқарас, дүниетаным мәселелерін адамзаттық ортақ құндылық тұрғысынан зерделеу. Жақында ғана баспадан шыққан кітапты қолға ала отырып, ғалыммен қазақ һәм әлем әдебиетінің үндестігі негізінде сұхбаттасқан едік. Әңгіменің қалпын бұзбай назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Ұлы Абайдың поэзиясы қоғамтану, әлеуметтану, адамтану деген 

үш бағытты қамтиды

- Ел мен елді, ұлт пен ұлысты, мемлекеттер арасын шекаралар бөліп тұрады десек те, адам атты ұлы нәсілдің ұрпағы ретінде олардың дүниетанымын өзара үйлестіріп тұратын күштер баршылық. Солардың бірегейі – рухани әлем. Ешбір адам баласы, ешбір ұлттық әдебиет айналасын қоршаған қауымдастықтан бөлек тұрып өмір сүре алмайды. Қайта олар өзара ықпалдасып, сабақтасып бірін-бірі толықтырып өркендей түсетіні анық. Осы тұрғыдан келгенде сіздің қазақ-орыс-еуропа әдебиетінің көкремдік жүйесін ортақ линиядан бақылауыңыз оқырманды қызықтыра түсетіндей. Әңгімеміздің кіріспесін осыдан бастасақ?

- Қазақ халқының рухани дамуында ХІХ ғасырдың алатын орын ерекше. Осы дәуірде орыс әдебиетімен, көркемөнерімен терең танысып, оның жетістіктерін иегріп,  ұлттық өнерді жан-жақты дамытуға есік ашылды. Бұл әрине Орыс империясының қазақ даласын жаулап, оны  ұлттық тамырынан ажырату  үдерісінің белсенді  жүргізіліп жатқан кезеңі еді. Саяси дамудағы дағдарыс рухани байланыстың жаңа бағытына жол ашты. Бұл әрине қазақ халқының прогрессивті ойлайтын алдыңғы қатарлы зиялылардың, реформатор тұлғалардың ізденісі, қажырлы іс-әрекетінің арқасында жүзеге асты. Орыс халқының  рухани қайнарларымен танысып, оның ізгі жақтарын  қазақ халқының руханиятына әкеле отырып, ұлтты әлемдік  рухани дамудың соқпағына шығарған Шоқан, Ыбырай, Абай еді.

ХХ ғасырда әдеби байланыстың, ұлттар әдебиеті арасындағы қатынас өрістеп  биік деңгейде көрінді. Әдеби байланыстың  кең жайылған формасы көркем аударма екені белгілі. Бұл ғасырда қазақ қаламгерлерінің басым көпшілігі аударма өнерімен айналысты. Орыс және еуропа ақын-жазушыларының көркем шығармаларын  аудару арқылы  әдебиет  деңгейін көтеру,  рухани алмасудың ықпалы мен әсерін жоғары бағалап, оның қажеттігі туралы Абайдың концепциясын, жолын жалғады. Аударма мен еліктеуден басталатын қарым-қатынас мазмұны дамып, идеялық сабақтастық пен көркемдік ықпалдастыққа ұласты.

Абай, Ыбырай, Шоқан шығармашылықтарын  орыс рухани және білімі мен ғылымымен ұштастырса, ХХ ғасыр қаламгерлері Еуропа классиктерінің еңбектерін аударып, оқып, үйренуге ұмтылды. Бұл туралы  Ж.Аймауытов «Мағжанның ақындығы туралы» атты мақаласында  айтқан ойлары құнды: «Еліктеу ақынға мін емес, қандай күшті ақындар алдыңғы ақындарға еліктемей жаза алмаған. Пушкин мен Лермонтов Байронға, Шекспирге еліктеген... Абай Лермонтов, Пушкинге еліктеп жазған. Бір ақын көп еліктесе, сол көп еліктеуші Мағжан деуге болады.» ХХ ғасырда еуропа әдебиетінің озық үлгілері аударылып, олардың шығармашылық принциптері мен көркемдік әдістерді пайдалана отырып, ұлттық әдебиет жоғары  деңгейлі шығармаларда  барлық жанрда көріне  бастады. Әлемдік жаһандану ұлттар арасындағы, әсіресе мәдени, рухани даму барысындағы шекараны жойып, бүкіл адамзаттық құндылықтарды дәріптеу. Еуропа әдебиетінің әлемдегі орнын ешкім жоққа шығара алмайды, оның биігін аласарта да алмайды. Ал өзге халықтардың  әдеби дамуындағы ғажап идеялар, көркем образдар, жанрлық түрленістер көлеңкеде қалмауы тиіс. 

Қазақ  әдебиетіне орыс және еуропа әдебиетінің ықпалы мол болды. Қазақ әдебиеті  аз ғана уақытта бар болғаны бір ғасыр ішінде Еуропа мен орыс әдебиеті  бірнеше ғасырлар бойы келген  даму жолын тез игерді. Қазақ қаламгерлері сол әдебиеттердегі, орыс, ағылшын, француз қаламгерлерінің идеялары, көркемдік жүйесі, көркем бейнелері  тұрғысынан диалог орнатып, әлемдік руханият дамуының биігінен көрініп отыр. 

- «Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жақ,
Иілтіп, екі басын ұстаған Хақ». Сөз иесі - Абай. Сіздің қазақ және әлем ойшылдарының ортақ дүниетанымын сабақтастыра баяндағаныңыздан тілі ұшына тиек болып отырған пайым. Шығыстың Абайы да, батыстың Шекспирі де өмір жолы мен шығармашылық жолының объектісі ретінде Адам дейтін күрделі ұғымды «тар соқпақ» пен «бір иген жақтың» ортасындағы тайталаста тануға тырысады? Сіз бұл ортақ концепциядан нені аңғардыңыз?

- Ұлы Абайдың поэзиясы қоғамтану, әлеуметтану, адамтану деген үш бағытты қамтиды. Абай өлеңінде ең көп кездесетін сөздердің қатарында адам, адамшылық деген сөздер. Абай да Шекспир сияқты адамды, оның ішкі мазмұнын, әлеуметтік тұлғасын, психологиялық портретін  терең де, тиянақты зерттеген. Абай шығармалары адамды, қоғамды танудың  ғылыми жүйесі. Абайға дейін, Абайдан кейінгі ақындардың  ешқайсысы адам туралы  жүйелі жазып, адамтану проблемасын  кең толғап, терең таныған жоқ. Шекспир шығармаларының идеялық қазығы монологтарда. Макбеттің, Бруттың, Отелло мен Лирдің монологтары шығарманың негізгі идеясын көрсететін маңызды  жолдар. Гамлет монологы  оның сүйген қызы  Офелиямен кездесу сәтінде беріледі. Гамлеттің драмасының философиялық қазығы іспетті Гамлеттің монологы адамзаттың ойтолғамы. Деспотизм мен езілген-қаналған, қиянат көрген, өмірдің қараңғы қапасында қамыққан адамның жанайқайы. Гамлеттің ойшылдығы, философиялық кемелдігі мен адамзат үшін толғанған тереңдігі осы монологта көрінеді. Кек алуға бекінген жастың қоршаған ортасы мен қоғамдық құрылысқа, әділетсіздік пен қиянатқа қарсы бас көтеруін осы жолдар айқындайды. Адамның ізгі жаратылысының түрлі құмарлықтың кесірінен зұлым күшке айналып, қоғамды,  әлемді күйретуіне  қарсы. 

Абайдың қазақпен қатынасы - күрделі. Өзі туған, өзі  сүйген, өзінің тағдыры болған халықты сүйеді. Бірақ оның сезімінде қуаныштан көрі күйініш басым. Елдің мінін тауып, түзету, оның дамуына кедергі болатын кемшіліктеріне сыни көзбен қарап оның жетілген, жақсарған сипатын көргісі келеді. Халықты өсіруге бағытталған қамқорлығы басым. Абай философиясы Шекспир дәуіріндегідей ағартушылық философия. Қайта өрлеу дәуірінің философиясының мәні ағартушылық. Сондыыцқтан екі ойшылдың арасындағы рухани үндестік пен көркемдік сабақтастықтың негізі де осында, дүниетаным мен көзқарастардың бір бағытта, ұқсас деңгейде болуында. Екеуінің де мақсаты сөз  өнерінде төңкеріс жасау арқылы  адамды  өзгертіп, оны ояту арқылы заманды түзету болды. Адамзатты өзінің  жандүниесіне үңілдіріп, ондағы көп кемшілікпен күнәні көрсету арқылы түзетуге, жетілдіріп дамытуға бағытталған шығармашылық философиясы қос кемеңгердің философиялық қырының сипатын танытты. Гамлеттің болмысынан Шекспирді ғана емес Абайды танимыз. Гамлеттің ойларынан Абайдың ойы танылады.

Еуропа халқы әйелдің  әлеуметтік статусын көтеру үшін ұзақ күресті. 

Бұл күрес әлі тоқтаған жоқ.

- М.Жұмабаев – «Шолпанның күнәсі», Л.Толстой – «Анна Каренина», Г.Флобер – «Бовари ханым». Әйел тақырыбын ұлттық таным мен болмыс тұрғысынан сипаттағанда, осы үш алыпты үндестіретін құпияның күші неде болуы мүмкін?

- Әйел адамның қоғамдық-әлеуметтік дамудағы төмен ролі адамзат дамуын кері тартатын фактордың  бірі еді. Еуропа халқы әйелдің  әлеуметтік статусын көтеру үшін ұзақ күресті. Бұл күрес әлі тоқтаған жоқ. Әйелдің қоғам мен отбасындағы ролі көтерілген жағыдайда ғана еуропаның рухани, экономикалық дамуы биік деңгейге жетті. Әйелдің ұлтты тәрбиелейтін маңызды ролін қазақ оқығандары дұрыс бағамдап, оның ролін арттыруды мемлекет құру мәселесінің деңгейіне шығарды. Бұл  қазақ қоғамында  жиырмасыншы ғасырдың басында  болған үлкен мәдени-саяси, әлеуметтік құбылыс еді. Оның көркем әдебиеттегі  көрінісі орасан болды. Әйелдің теңдігін көтеру туралы әртүрлі жанрларды  шығарма жазбаған қаламгерлер болмады десек қателеспейміз. Қазақ қоғамы әлемдік дамудың  эволюциясын бастан кешіп, оған қоғамдық дамудың барлық саласында үн қосты. Қазақ әдебиетінде  әлемдік әдебиеттің озық үлгілерімен идеялық сабақтастықта болып, ұлттық характер сипатын сақтай отырып, бұл проблеманы әлеуметтік тереңін танытқан қаламгер М.Жұмабаев еді. Орыс әдебиетіндегі Л.Толстой, француз әдебиетінің  шебері Г.Флобер  үшеуіндегі ортақ көзқарас пен таным бұл мәселені ұқсас сюжеттік тұтастықта алғаны таңқалдырады. Әйел опасыздығы, заңды некеге қиянаты арқау болған көркем шығармалар өте көп. Әлемге кең жайылып тереңдігімен, шынайылығымен өзгелерден биік тұрған  француз жазушысы Г.Флобердің «Бовари ханым»,  Л.Толстойдың «Анна Каренина» сияқты романдардың жанынан әйел жандүниесінің тереңіне бойлай білген әңгіме М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» орын алуға лайық.  Бұл проблема  отбасы аясынан шығып,  әйелдің қоғам заңдылығы  мен орта, жүйеге қарсылығы мен  қайшылығы, қақтығысы  ретінде бейнеленіп келеді. Бұл туындыларға арқау болған әйелдерді опасыздыққа итермелеген себептер арқылы қоғам мен заманның әйел таңдырына  қатысты қозғаған өзекті проблемаларға назар аудартады. 

Әлем әдебиетіндегі әйелдің үш озық жасалған бейнесі үш ұлттық әдебиеттің ғана емес адамзаттық деңгейге көтерілді. Олардың тағдыры әлемдегі әйелдердің проблемасын қоғамдық-әлеуметтік, психологиялық-гендерлік контексте аша білді. Әйелдердің отбасы мен қоғамдағы проблемаларын адамзаттық деңгейге шығарды. Шолпан, Анна, Эмма бейнесі әлі күнге дейін талас тудырып келе жатқан  күрделі бейнелер қатарында. Олардың табиғи, шынайы бейнесі оларды жақтаушылар қанша болса, қаралаушылар да жетерлік. Олардың әлсіздігі мен күші, тазалығы мен қателігі, шынайылығы мен шарасыздығы қатар көрінетін шебер жасалған, сенімді сомдалған бейнелері қарама-қайшылығымен, күрделілігімен ерекше. Әйел теңдігі ұлт теңдігінің бір сипаты ретінде қаралып, үлкен саяси-әлеуметтік мәселе ретінде алға шықты. Әйел еркіндігі болмаған жағыдайда ешбір ұлт толық еркіндікке жете алмасы анық. Оны түсінген ХХ ғасыр басындағы  ұлттық саяси  элита оны  еркіндіктің, азаттықтың  алғашқы сапына қойды. ХХ ғасыр басындағы әлеуметтік-саяси, қоғамдық мақалалар мен көркем сөздің барлық жанрларында алғашқы орынға шықты.  Қаламгерлердің барлығы дерлік  бұл теңсіздікті қоғамдық–әлеуметтік тұрғыда қарастырылды. Әлем әдебиетінің озық өкілдері Г.Флобер, Л.Толстой да бұл мәселені қоғамдық-тарихи, саяси-әлеуметтік аяда қарастырды. Мағжан Жұмабаев шығармасында ғана әйел теңдігі әлдеқайда терең көрінеді.

Әйелдің бар арманы қапысыз сүйетін жанға шексіз берілу екендігі шындық. Көп әйел бұл арманның қиял ісі екендігін мойындап, шынайы болмысқа сай тіршілік етіп, содан бақытын тапса, Бовари оған көне алмады. Эмманың да, Аннаның да, Шолпанның да трагедиясы қоғам мен әлеуметтің заңдарына қарсылық көрсетіп, өз мақсаттарына жету жолында  бәрін тәрк етуінде. Қоғамға қайшылық, адамдар әлеміне тән заңдылықтарға қарсылық үш образдың трагедиясы. Осыған сай бұл трагедиялар өз композициялық жүйесін сай түрліше аспектіде көрінеді. Шолпанда аналықты аңсау болса, Эммада мөлдір де, шынайы, жарқын сезімге құштарлық, Аннаның қалауы шынайы өмірді табу.  Әйел өмірінің мәні, әйел арманының негізі. Әйел опасыздығының  мәнін терең зерделеп, ақиқатын тани алған  ұлы қаламгерлердің  шешімі – әйел опасыз емес, ол тоғышар, өзімшіл, қатыгез қоғамның, қатал болмыстың құрбаны. 

- Келесі сауалдың ұшығы да осымен үндес. Қазақ кәсібіи прозасының бастауында тұрған Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы мен Лермонтовтың «Біздің заманның қаһарманы» атты шығармасындағы Ақбілек пен Бэла бейнесіндегі ортақтық ойға қалдырады. Бұл жерде ұлт бодандығын әйел тағдыры арқылы суреттеуден тыс тереңірек жасырынған ұғымдар бар сияқты?

Кеңестік империализмнің зардабын әйел тағдырында бейнелеудің символдық мәні зор. Қай  халықта болмасын, әйел образы Отан бейнесімен теңестіріледі. Әйелді қорлау ұлтқа қиянаттың ең озбыр үлгісі. Кавказ халықтары мен Орта Азия халықтары сынды мұсылман елдерінің  қыздарына зорлық көрсету арқылы  бейнелеу бұл қиянаттың табиғатын  дәл танып, терең  зерделеуге мүмкіндік  береді. Ұлт бодандығын әйел тағдыры арқауында бейнелеу екі үлкен шығарманың  аз ғана  бөлімін қамтығанмен, олардың негізгі мотиві,  идеялық негізі. «Біздің заманның геройы» романындағы  «Бэла» бөлімінде кавказ халқы мен оның  жекелеген өкілдерінің  драмасы мен трагедиясы барынша терең зерделенеді. Өзге бөлімдерде өз заманының жасының, өз дәуірінің  геройының сан түрлі сипаты мен оның  болмыс-бітімін түрлі оқиғалар мен түрлі кейіпкерлермен  әрекетте  ашуды мақсат етеді. Өзінің бүкіл болмысы мен мінез-құлық, іс-әрекетінің себебін Печорин осы бөлімдегі  монологында терең толғана отырып түсіндіргісі келеді.

Ақбілектің масқара мен қорлықпен  оралуы жазушының болашаққа сенген, ұлт бостандығына сенген үмітінің сәулесі. Сондықтан автор үшін бұл  Ақбілектің тағдыры ғана емес, бұл  ұлт тағдыры. Өз халқының  бодандықтан бостандыққа дейінгі  жүріп өткен жолы қорлық пен зорлыққа толы бұралаң болса да шыдамдылықпен,  табандылықпен, алға деген тілек пен сеніммен жүріп өтетін жолсыз соқпағы. «Автор Ақбілек қасіреті арқылы зұлмат жылдар халық басына төндірген қасіретті ашуға ұмтылады. Ары тапталған ардақтаған ару тағдыры – құлдықтың құрдымына бет алған ұлт тағдырының символы іспетті. Ұлт бодандығын әйел тағдырымен сабақтастықта суреттеу әлем әдебиетінде кең тараған үрдіс. Кавказ халықтары мен қазақ халқының тағдыры, қапастағы қиындығы ұқсас. Әйелді қастерлеп, қасиет тұтатын осы екі халықтың империя боданына түсу тарихы көркем әдебиетте осы екі қаламгер арқылы терең ашылып, сенімді суреттелді. Екі жазушы да ұлт бостандығын қолдаушы, қорғаушы азаматтық, гуманистік идеяны жақтаушы. Екі шығарманың көрегендік сипаты әйел тағдырының шешімінен анық  көрінеді. Кавказды шын сүйіп, ондағы ұлттарды құрметтеген М.Лермонтов өзі куә болған әділетсіз соғыстың шындығын біліп, орыс империясының өзге ұлттарға жасаған қатыгез саясатын сезіп, осындай шешім шығарды. Ал Ж.Аймауытов ХХ ғасырдың басында қазақ даласында орын алып отырған не бір зұлматтардың куәсі бола жүріп, ел ертеңіне деген сенімін жоғалтпай,  кейіпкерін жеңімпаз, жасампаз бейнесін көрсетіп, заманының биігіне шығарады.  Автордың бұл шешімі оның  ұлт азаттығы туралы армандарының тереңінен тартылғаны анық. Қорлық пен мазақ көрген Ақбілек ол үшін қазақ қызы ғана емес, қазақтың болашағы. Аңғал, ақ ниетті, тәжірибиесіз, қорғансыз, білімсіз қазақ қызының бар қиындықты сабырлы, шыдамды, қайратты, үмітшіл  ұлттық болмысымен жеңіп шықты.

Кішкентай адам – Адами биігі төмендеп,  мақсаты ұсақталып, рухы әлсіреп,  қайраты кеміп, түрлі қайшылыққа сай  жол табуды көздейтін қоғамның мүшесі

- Б.Майлин – А.Чехов – Ф.Кафка. Үшеуіне ортақ «Кішкентай адам» бейнесінің метаморфозасы туралы ойыңызды білгіміз келеді?

- Капиталистік құрылыстың дамуы, өндірістің пайда болуы, қоғамда сан түрлі топтардың, әлеуметтік деңгейдегі адамдардың, түрлі құндылықтағы, түрлі бағыттағы адамдардың пайда болуының алғышарты еді. Күрделі қоғамдық-әлеуметтік жүйенің шындығын кішкентай адамдардың қатысынсыз көрсету мүмкін емес. Сондықтан бұл кейіпкерлер қажеттіліктен туындаған маңызы күшті көркем категория.  “Кішкентай” деген ұғым күрделі қоғам мен адам қайшылығынан туындайтын, қоғам проблемасының зорайып, оның аясында адамның рухының әлсіреп, ұсақтауын меңзейді. Адами биігі төмендеп,  мақсаты ұсақталып, рухы әлсіреп,  қайраты кеміп,  түрлі қайшылыққа сай  жол табуды көздейтін қоғамның мүшесі. Оның болмысы тек қоғамдық- әлеуметтік  жүйеде ғана танылады. Бұл кейіпкердің бірнеше түрі бар: трагикалық, юморлық, ирониялық.

Қазақ әдебиетінде кішкентай бейнелердің көркем галереясын жасаған Б.Майлин екені даусыз. Өз дәуірінің саяси, әлеуметтік, қоғамдық өзгерісін қалт жібермей, көркем шындығын бейнелей білген ұлы суреткердің кейіпкерінің барлығы кесек емес, сол қоғамның ерекшелігін болмысында бедерлеген қарапайым сан түрлі адамдар. Орыс әдебиетінде қоғам құрылымының алуан түрлі кейіпкерлерінде оның шындығын көрсете білген жазушы А.Чехов болса, әлем әдебиетінде адам мен қоғам арақатынасының  түрлі түйіткілдерін кішкентай адам тағдырында  бейнелеген  Ф.Кафка екені белгілі. Бұл үш қаламгер үшін кішкентай адамдардың өмірі басты назарда. Олар үшін өмірді көркем шығармаға тән пафос пен көркемдік идея тұрғысынан емес, барынша «жалаңаш» көрсету, адамның ішкі дүниесіндегі шынайы үдерісті, қоғамдық-әлеуметтік өмірді «көркемдемей» көрсету мақсат. Сондықтан бұл қаламгерлердің шығармалары қоғамын, уақытын «жалаңаштай» көрсеткен, адамдардың ішкі мазмұнын «теріс аудара» бейнелеген аса шыншыл туындылар екеніне күмән жоқ.

Австриялық жазушы Ф.Кафка шығармаларының шындығы одан да қорқынышты. Өмірді өнерге дәл көшіріп қоюды шығармашылық принципі ретінде ұстанған қаламгер де шығармаларында сөзге сараң, «сезімге сұлық». Өзін барынша бақылаушы ретінде ұстап, шындықты аса ұстамды, құрғақ баяндайды. Тілдік ұстамдылық, суреттегі нақтылық үш қаламгерге ортақ шығармашылық принцип. Олардың шындығы қатал болған сайын сөздері аз, суреттері бояусыз, өздері қатыссыз, аса ұстамды, тілдері «тұйық» бола түседі.

Адамзат дамығын сайын, қоғамдық формацияның түрлі сатыларынан өткен сайын  адамзат өз жүйесіне шырмалып, рухы қысымға түсіп, адамнан көрі ереже мен жүйенің қуыршағына айналып бара жатқанын жазушы шығармалары болжап берген. Жазушының «Үдеріс» пен «Қамал» атты романдары заманауи адамның Жүйе алдындағы дәрменсіздігі мен өзінің адами болмысын жоғалтып, жүйенің ойыншығына айналған трагедиясы туралы. Бұл шығармалардағы Кафканың кішкентай адамы өзі құрған жүйенің тұтқыны. Адамзат жүйесі тоталитаризмге, бір-бірін қорқыту, езу, жаншу, қорлауға құрылған. Ол күн сайын миллиондаған адамның басынан өтіп қалыпты жайға айналған. Адам болмысын постмодерн эстетикасы тұрғысынан таныған жазушы шығармасынан  абсурдты көру Кафканың кішкентай адамы тек бір қоғамның емес, бүкіл адамзаттың сипатын жинаған, оның болмысын тануға ұмтылған терең туынды.

Б.Майлин шығармаларындағы аңғал, қарапайым, дөрекі, жабайы  кейіпкерлер жаңа ел құра ала ма? Бұл аңқау, сенгіш, тым әсірелегіш пысықайлар, болмашы атақ пен қызметте ел танымайтын тоғышарлар, надандар халқымыздың таргедиясына бастамай ма деген ой өзінен-өзі туады. Шығармадағы бейнелердің қараңғылығы, дөкірлігі, тоғышарлығы болашақ қоғамның қорқынышты бейнесін, ауыр трагедиясын меңзегендей. Бейімбет шығармаларындағы осы болжамды, қаламгер көңіліндегі алаңды, оның бейнелеріндегі кекесінді түсінген кеңес жүйесі оны құтқармады. Таптық деген принцип, жабайы социалистік принцип Бейімбет шығармаларында аса үлкен соққыға ұшырады. Өмірдегі көп жайдың өзі абсурдтық шығарманың өзегі болуға лайық. Қайта көркем өнердің шарттылықтары оған белгілі бір мақсат пен  идеалдар ұсынады. Сондықтан көркемдік шындықты жасау өмір шындығынан әлдеқайда қарапайым, әрі түсінікті. Шынайы өмірдің анық та, нақты, толық суреті осыншалық күлкілі, соншалықты трагедиялық, осыншалық жағымсыз, осыншалық күрделі екендігін осы үш алыптың шығармаларынан түсінесің. Адамзат рухының әлсіреп, идеалының күйреген кезеңдері оның өмір сүруінің мәнсіздігін, тірлігінің татымсыздығын жалаңаштап, ол ең алдымен көркемөнерде көрініс береді. Б.Майлин әңгімелері қазақ халқына зобалаң орнап жатқан ауыр кезеңде, А.Чехов шығармалары орыс қоғамының рухани дағдарысқа ұшыраған дәуіріне тап келді. Жергілікті жердегі басқару орындары мен қарапайым халықтың қайшылығы тереңдеп, қоғамдық-әлеуметтік өмірдің тоқыраған уақыты еді. Ал Ф.Кафка шығармашылығының өнімді кезеңі Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына тұс келді. Соғыстан қалжыраған  ел, рухани, тұрмыстық әлеуеті кеміп, шаршау мен сенімсіздік, жігерсіздік пен мәнсіздік жайлаған кезең еді.

Әлем әдебиетінде классик біртуар жазушылар А.Чехов, Ф.Кафка биігінен қазақтың аса талантты қаламгері Б.Майлин  шеберлік пен шындық, көркемдік пен кемелдік, таным мен тереңдік, суреткерлік пен көрегендік тұрғысынан көріне алатынын, олардың шығармаларын  ой, идея, бейнелілік, көркемдік әдіс, шығармашылық ұстаным, шындық пен шынайылық,  шеберлік  тұрғысынан талдау барысында айқындалды. Әлемді, қоғамды жеке кішкентай адамдар тағдыры арқылы тану күрделі қоғамдық қатынастар мен әлемдік даму заңдылығының сан қырлы қатпарына үңілдіріп, оның нағыз шынайы болмысын жасауға мүмкіндік берді. 

- М.Әуезов – Ф.Достоевский – О.Бальзак. Үшеуі де кең құлашты эпикалық жазушылар. Олардың шығармашылық принциптеріне ортақ үндестік тән. Үшеуі де өз заманының энциклопедиялық бітімін жасақтады. Адамзаттың осы үш алыбы арасындағы ықпалдастық туралы не айтар едіңіз?

- Үш қаламгер де реалистік әдістің бар сипатын терең меңгеріп, адамзат өмірінің, қоғамының бар болмысын тұтастай толыққанды бере білген, өз қоғамының эпопеясын жасай білген аса өнімді жазушылар. М.Әуезов әлем әдебиетін терең зерделеген әлем әдебиетін жетік білген қаламгер. Оның аталған екі жазушы шығармашылығымен таныстығы да даусыз. М.Әуезов реализмінің қалыптасуы мен бекінуіне  бұл реалистердің ықпалы зор болған. Екі жазушының қоғамдағы өзгерістерді адамның іс-әрекеті мен мінез-болмысы арқылы суреттеу, адам жандүниесі мен дүниетанымындағы өзгерістердің саяси-әлеуметтік өзгерістерге сай түрлену  үдерісін қалт жібермей бақылап, қоғамның көркем болмысы, ащы шындығын шынайы бейнелеу үш авторды сабақтастырады. 

Капиталистік қоғам орнап, адамдардың оқуы, интеллектуалдық деңгейі артып, қоғамдық-әлеуметтік, тұрмыстық дамуда алға ілгерілегенмен адамның моральдық-этикалық, адами сапасының кері кетуін жазушылар шығармаларында нақты дәлелдеп береді. Яғни буржуазиялық қоғамның материалдық құндылығы мен ақша қатынасы адамдардың адами қасиетіне кері ықпал ететіндігін түсіндіреді. Үш шығармада да қоғамдағы жастардың  проблемасын алға шығарып, олардың  дүниетанымы мен көзқарасындағы қателік, адам болып қалыптасу үдерісіндегі бағыттың бұрыс екендігін көрсетуді мақсат еткен. Өзі көрген қоғаммен олардың әдісімен күресуге бел буып бағытынан жаңылған Растиньяк,  Наполеон сияқты  ұлы мақсаттарды орындап, дүниені  бас идірмек болған Раскольников, дүние үшін жақын адамының анасын тонап, мүлікті иеленген Жұмағұл, оны айыптау орнына қолдаушы болған оқығандар капиталистік қоғамның қате түсініктерін ғана ұққан, өзінше дұрыс деп қабылдаған зиянды адамдар. Олардың жолы теріс екендігінде дау жоқ. Олардың арасында өз ұстанымының қатесін мойындаған Раскольниковты автор өзі де ақтайды. 

Әлем әдебиетіндегі реализмнің негізін қалаған У.Шекспир, О.Бальзак, Л.Толстой, Ф.Достоевский сияқты классиктердің шығармашылық қайнарынан қана ішіп, терең сіңіріп, шығармашылық ұстанымы ету әлем әдебиеті мен қазақ әдебиетінің ықпалдастығының қуатты арнасы екендігі даусыз. Талданып отырған үш қаламгердің шығармашылық сабақтастығы айқын болғанмен, олардың шешімі түрліше. Р.Раскольников Э.Растиньяктың тікелей әсерімен туындаған кейіпкер болғанмен, оның идеясы өзге. Достовский сияқты Бальзакты көріп, аударып, шығармашылық байланысы күшті болмаса да Мұхтардың сабақтастығы көзқарасымен дүниетанымы, көркемөнерге  қойған талабы, шығармашылық ұстанымының сабақтастығы күшті сезіледі.

М.Әуезовтің фанцуз және орыс қаламгерлерінен өзгешелігі жазушы империалистік саясат құрбанына айналған ұлттың оқығандары мен жастардың ұлттық тамырдан ажырау үдерісін аша отырып, жаңа қазақ типінің қалыптасуын көрсетеді. Осылай болуы заңды да. Әр қоғамның  идеологиялық, тарихи-саяси сипатына сай белгілі бір ұлттың әлеуметтік-психологиялық болмысы қалыптасады. Бальзак қоғамында капиталистік қатынас орнап, ол адамдардың  мінез-құлқы, әлеуметтік бағдарына, болмысын өзгертсе, орыс қоғамында феодалдық қоғамның заңдылықтары ескіріп, жаңа қоғамға өту алдындағы өтпелі кезең сипаттарына сай әлеумет психологиясының түрленуі, ал қазақ қоғамында империалистік зардабын тартқан ұлт болмысының күйреуі көрінеді.

Қазақ, орыс, француз қоғамындағы буржуазиялық қоғамның жеке адам тағдыры мен дүниетанымында, көзқарасында өзгеру үдерісі оның көркем шығармашылықта көріну мүмкіндігі, қаламгерлерлердің көркем шындықты бейнелеу, жеткізу, түсіндіру ерекшеліктері сабақтаса, салғастыра талдау жалпы адамзат үшін бұл проблеманы шешудің, қабылдаудың ортақ екендігін, қайбір қоғам болмасын буржуазиялық  заңдылықтың илеуіне көніп, айдауына жүргенін, оның адамзаттың рухани болмысын бұзып, тұңғиыққа тарта беретінін суреттеуге сыншыл реализм принциптерінің мол мүмкіндігін, ғажап орайластығын, тіл мен ой икемділігін көрсетті. Жаңа қоғамдық қатынас тудырған жаңа адамдар, яғни оқыған адамдардың рухани болмысы мен құндылығын көркем жүйеде бейнелеу арқылы оның  ашыла бермейтін, айтыла бермейтін  сипаттарына терең үңілді. Ақшаға табынған адамдардың көркем бейнесін оқырмандаға көрсете отырып, оның жандүниесінің терең сырларын безбендей отырып, олардың тағдырларының  шешімін болжай отырып, оған таңдау жасауды, ойлануды,  өзін құтқаруды ескерткендей.

Миф  - ол ертегі емес, мысал емес. Ол  - халықтық дүниетанымның негізі. Миф адамның санасында берік орныққан, дүниетанымдық бастауы. Ежелде пайда болса да  жаңғырып, адамзаттың  рухани дамуымен бірге алға озатын рухани жадының негізі.

- Мифопоэтика – ХХ ғасыр әлем әдебиетіндегі кең өріс алған көркемдік тәсілдердің бірі. Тәсіл ғана емес көркемдеу амалының тұтас бір жүйесі десек те артық айтқандық болмас еді. Сіз зерттеу нысаны еткен О.Бөкеев – Ш.Айтматов – Дж.Джойс шығармаларында бұл үрдіс қалай көрініс тапқан деп ойлайсыз?

Мифтік таным адамзаттың рухани болмысының өзегі. Осы бір дүниетанымнан рухани болмыстың көрнекі сипаты көркемөнер ешуақытта қол үзген емес. Әлемдік әдеби даму тарихын безбендегенде ежелгі грек мифологиясы мен рим мифологиясының барлық ел мен барлық әдебиеттің ажырамас бөлшегі болғандығына көз жеткіземіз. Грек мифологиясына иек артқан ежелгі герк драматургиясы мен поэзиясы адамзаттың рухани әлемінің негізін қалады. Заманауи көркемөнер миф, ежелгі аңыз-әпсаналарды жаңғыртуының мынадай негіздері байқалады. Грек империясы күйреген соң ертедегі Рим, Флоренция, Генуя сияқты негізгі  мәдени әдеби орталықтарында өмір сүрген озық ойлы ақындардың шығармаларында да аңыздар, мифтер негізгі орын алды. Флоренциялық ақын Дантенің «Құдіретті комедия» атты шығармасы әлемнің жаратылысы, дәлірек айтсақ,  жұмақ пен тозақ туралы діни аңыздың негізінде туындайды. Ағылшын әдебиетінің аса көрнекті өкілі Шекспир шығармаларына да ежелгі аңыз-әпсаналардың детальдары «Карнавал түні», «Макбет»  драмаларында пайдаланылады. Классицизм яғни Қайта өрлеу дәуірі кезеңінде мифтік танымның руханиятта ролі төмендегенмен, әдеби шығармаларда негізгі мәнге ие болды. Бұл кезеңде көп кездеспесе де Гетенің алпыс жыл бойы жазылған, шығармашылығының шыңы болып табылатын «Фауст» драмасының негізінде неміс ауыз әдебиетінде кең тараған доктор Фауст туралы аңыз жатыр. Қазақ әдебиетінде ежелгі ғұн, сақ, түркі тайпаларының аңыздары ғасырдан ғасырға   рухани көштен қалмай ілесіп отырды. XV-XVIII ғасырлардағы жыраулық поэзияның тереңінен Көк бөрі, Ергенекөн, Қорқыт туралы мифтердің іздерін, Абай мен Шәкәрімнен шығыстық аңыздарды, Ж.Шайхисламұлы, Ш.Жәңгірұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларынан діни аңыздарды, Мағжан Жұмабаев пен Ілияс Жансүгіров өлеңдері мен поэмаларынан әлемнің жаратылуына қатысты, Қорқыт туралы аңыздың жаңаша  жаңғырығы естіледі. Әлем әдебиетінен, ұлт әдебиетінен мифтер мен аңыздардың адамзат болмысынан, оның рухани әлемінен қашан да өз орынын алып, заманмен, уақытпен жаңғырып, оның  маңызы мен ролінің артып келе жатқаны анық байқалады.

ХХ ғасырда басталған неомифологизм үдерісі әлемнің барлық елін, мәдениеті мен бар өнерін, оның ішінде әдебиетті де қамтыды. Неомифологизм негізін қалаушылардың бірі Вагнердің пікірінше адамзат миф арқылы өнерді жасады. 20 ғасырдағы  әдебиеттің мифке деген қайта оянған қызығушылығы үш түрлі формада көрінді. Романтизмдегі мифологиялық образдар мен сюжеттерді пайдалану күшейе түседі. Мифтер, әдет-ғұрыптар, архаикалық өнер тақырыбына көптеген вариациалар мен стилизациялар пайда болды.  Мифологиялық романның авторы, осы жанрдың классигі ирланд жазушысы Джеймс Джойс «Улисс» атты роман-мифінде өткен кезең мен қазіргі кезеңнің бірлігіне меңзейді. Оның тұжырымында адам өмірі циклді дамиды, яғни оқиғалар мен проблемалар, олардың шешімі әр заманда  жаңғырып, қайта айналып соғып отырады. Өзінің шығармасын ежелгі миф кейіпкері гректің «Одиссей» деген ел кезушінің оқиғаларына  құрады. Оның бас кейіпкері Леопольд Блум да Одиссей сияқты сүйген жары, түтеткен  отанынан алыстап, әлемді көруге аттанады. Бірақ оның әлемі өзі өмір сүріп жатқан Дублин қаласының аясындағы кеңістік.

“Адамзаттың Айтматовы” деген аса биік мәртебеге ие болған шебер жазушы Ш.Айтматов шығармаларының қолтаңбасына тән ерекшелік  олардың мифтік мазмұны. Әлем әдебиетіндегі озық қаламгерлер мифті идеялық көркемдегіш құрал ретінде енгізу кең тараған құбылыс. Миф адамзат дамуының рухани тірегі ретінде маңызды орын алады. Миф ол ертегі емес, мысал емес. Ол халықтық дүниетанымның негізі. Миф адамның санасында берік орныққан, дүниетанымдық бастауы. Ежелде пайда болса да  жаңғырып, адамзаттың  рухани дамуымен бірге алға озатын рухани жадының негізі. Қаламгерлер түйсініп, түсініп, оны адамзатқа ескерту ниетінен туындап отыр. Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» повесінде айтылған табиғатқа деген адамның аяусыз, қатыгез, ойсыз қарым-қатынасы, оны жоюдағы әрекеті «Жан пида» романында адамның рухани дағдарысымен тереңдей көрінеді. Бұғы ана туралы қырғыз халқының мифі ежелгі түркі, рим мифологиясындағы адамзат жаратылысындағы қасқырлардың ролі туралы мифке ұласады. Миф жеке алып суреттелмей, мифтің кейіпкерлері Тасшайнар мен Ақбара оқиға желісінен қазіргі кезең проблемаларын тарқатады.  «Жанпида» романындағы мифтердің бағыты екі басқа болғанмен, мұндағы мифтер шығарма оқиғасына біріктіріліп, кейіпкерлер арқылы, олардың әрекеті мен болмысы, ойы арқылы көрінеді. Бұл шығармадағы мифтің сюжетпен, идеямен бірлігі күшті. Авдий Иисустың идеясын жеткізуші, оның әрекетін өз заманында қайталаушы. Иисус өлгенмен оның идеясымен болмысының жасампаздығын көрсетіп қана қоймай, адамдар қоғамындағы зұлымдықтың да бітпегеніне нұсқайды. Яғни, Иисустың көркемөнерде қайта-қайта  жаңғыруы оның ізгілікке жасаған сапарының әлі бітпегенін, азғырушы күштен бойын аулақ салмауының  көрінісі. Қай қоғамда  өмір сүрсе де ізгілік пен  зұлымдықтың  мәңгілік майданын көрсетуде мифтік таным мен мифтік санаға жүгіну мінсіз, көркем, толыққанды, әрі дұрыс екенін әлемдік  көркемөнердің озық үлгілерін оқып, көріп, сезіп, түсінген сайын көз жете түседі. 

Шығармашалық өмірін биік мұраттарға арнаған  қаламгердің бірі  Оралхан Бөкей екендігі  анық. Ол өскен мекен, оны аялаған табиғат, оның арманына қанат бітіріп, жігерін жаныған қасиетті Алтай таулары. Оның шығармашылығындағы адалдығы мен әлемдегі тазалығының бастауы - Марқакөл. Тау мен суға қатар еркелеп өскен ұлдың өр болмауы,  жандүниесінің мөлдір болмауы мүмкін емес. Сондықтан Оралхан Бөкейдің шығармашылық ұстанымы ол туылғанда-ақ қалыптасып қойған. Табиғатты қорғау, оның әрбір бөлшегіне пәк махаббат, үлкен құрметпен қарау, оның әрбір  күрсінісіне жаны ауырып,  оған жасаған әрбір қиянатқа қайрат  көрсету жазушы шығармаларының әрбір жолында тұнып тұр. Оралхан Бөкей шығармашылығының екінші кезеңі болмыстың философиялық проблемаларына арналады. Жазушының 70-80 жылдары  жазған «Бура», «Ардақ», «Кербұғы» әңгімелері мен «Айғай», «Өліара» повестерінде, «Ән салады шағылдар», «Біздің жақта қыс ұзақ», «Қар қызы», «Қамшыгер», «Айпара ана туралы аңыз» атты шығармаларында ұлт тамырының жоғалуы, оның руханни құлдырауы, табиғат пен адам арасындағы байланыстың үзілуі, өзіндікитабиғи болмысынан алыстап бара жатқан ұрпақ мәселесі көтеріледі. Көп шығармаларында мифологиялық,  қиял-ғажайып,  және шынайы болмысты астастыра, араластыра отырып, әлемнің адам мен табиғаттың біртұтастығынан тұратынын көрсетеді. Адам-қоғам-табиғат бірлікте алынып, олардың өзара байланысының, бір-біріне ықпал ету деңгейінің күштілігі мен эволюциялық даму зғаңдылығының бір жүйесін құрайтындығын  дәлелдейді. Ш.Айтматов та, О.Бөкей де өз кезеңінің тамырының соғысын терең таныған жазушылар. Адамзаттық проблемаларды ұрпақтың мәңгүрттенуінен деп түсініп сақтандырғысы келеді. Ал қазіргі кезеңдегі мәңгүрттік тіпті қауіпті. Бұрынғы ұлт тамырына балта шабушы кеңестік кезең келмеске кетті. Өзіміздің ұлттық мемлекетіміз бар дегенмен, ұлтқа қатысты мәселелердің  шешімін таппауы, кей ұрпақтың нигилистік көзқарасы мен діни сенімге селкеу түсуі, биліктегілердің жемқорлығы мен қанағатсыздығы... Ел ретінде ертеңіміз бұлдыр. Осы күрделі кезеңде елді, ұрпаққа шамшырақтай жанып, дұрыс жол нұсқайтын, адами мәңгілік мұраттарды насихаттайтын қаламгерлер, рухани жетекші, рухани тірек қажет. Дж.Джойс, Г.Маркес, Ш.Айтматов, О.Бөкей шығармалары ХХ ғасыр адамының шетсіз-шексіз  жалғыздық әлемін терең сезіндіреді. ХХ ғасырдың көркемөнеріндегі  басымдық экзистенцияализм, яғни, оқшаулану, жалғыздық, торығу сезімдеріне терең  бойлаған адамзат тағдыры. «Құдай өлді» деп жариялаған Ницшеның концепциясынан туындаған сырт әлеммен түсінісуден қалып,  өз тұңғиығына  батқан жалғыз адамдардың  күресі. Мұндай көңіл-күй көбінесе үлкен тарихи оқиғалардың, төңкерістер мен диктатураның,  қоғамдық-саяси серпілістер мен  өндірістік  қатынастардан туындайды. Аталған авторлардың өмір сүрген кезеңдері адамзат, мемлекет, ұлт тағдырындағы шешуші сәттермен тұспа-тұс келіп отырады. Джойс Дублин қаласы арқылы, Маркес Макондо қаласы арқылы, Ш.Айтматов қазақ даласы арқылы, О.Бөкей Алтай таулары арқылы дербес белгілі бір ұлт тағдырында біртұтас адамзат тағдырын бейнелейді. 

P.S. Әлем әдебиетін оқу, білу бұл күнде өзекті болып отыр. Мектептерде, өзге оқу орындарында әлем әдебиетін оқуды бағдарламалраға енгізуі де  қазақ мәдениеті мен әдебиетінің әлем әдебиетімен біртұтас қаралуына жол ашқандай. Бұл үшін салыстыра талдаулар, олардың арасындағы ықпаладастық, сабақтастық, диалог мәселесінің алға шығуы заңды, әрі өзекті. Қазақ деген халықты  әлемге таныту тек жер көлемі, пайдалы қазбалары емес, рухын, өнерін, мәдениетін танытудан көрінсе керек. Мемлекетті, жерді білгенмен оның кім екенін білгенмен оның мазмұнын, дүниетанымын, рухани болмысын білмесе ұлтты таныды деп айту қате. Ендігі мақсат осы болуы тиіс. Мына  кітап осы мақсаттарға жасалған қадамдардың бірі.     


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар