Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Әдебиетті тану – әдебиет оқулығынан басталады...

16.01.2024 2313

Әдебиетті тану – әдебиет оқулығынан басталады

Әдебиетті тану – әдебиет оқулығынан басталады - adebiportal.kz

Оқулық сапасына көңіл тола ма?

Әдебиетке деген құштарлық әдетте мектептен басталады. Мұғалімнің өзі пәнін жақсы көріп сабақ берсе, соған сай әдебиет оқулығы қызықты, мазмұнды болса, екеуі бірігіп бала танымына әсер етіп, қиялын байытып, тілін ұстарта алса, ол баланың әдебиетке құштар болмауы, әдеби шығарманы оқымауы, кейін өскенде адамгершілік мәселелеріне сергек қарайтын азамат болып қалыптаспауы мүмкін еместей. Ал бірақ қазіргі балалар арасында, әсіресе, қалаларда қазақ әдебиеті сабағының ондай құрметке ие болмай отырғаны неден? Әрине, бұл алдымен тіл мәселесіне қатысты, қазақ тілін дұрыс білмей жүріп, әдебиетін қайдан оқиды дерсіз? Шынымен де қазақша сөйлемейтін, сөйлесе қойыртпақ қылатын қазақ балаларының әдебиет оқулығындағы мәтіннің жартысын да жеткілікті түсінбейтіндігін жоққа шығара алмаймыз. Сонымен бірге басқа да факторлар болуы мүмкін ғой, мысалы, әдебиет оқулығының мазмұнына, сапасына, мұғалімнің деңгейіне байланысты, т.б. 

Осыған қатысты әдебиетші мұғалімдердің өздері не дейді екен, соны білгіміз келді. Айтпақшы, біздің сауалымызға жауап берген адамдардың өздері әдебиетті сүйетін, бала бойына әдебиет арқылы ізгілік пен мейірім дарытуға болады деп есептейтін,  білім беруде талай жылғы тәжірибесі бар республикаға белгілі әдебиетші-мұғалімдер екендігін ескерте кетейік (арасында ақын-жазушылары бар). Төменде Талдықорған қаласы  «Құлжабай Қасымов атындағы  № 28 ІТ мектеп-лицейі» қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-шебер, филология ғылымы магистранты Раушан Құрманғалиевамен сұхбатты жариялап отырмыз.

– Раушан ханым, тәжірибелі мұғалім ретінде бүгінгі күні мектепте оқытылып жүрген әдебиет оқулығының мазмұнына көңіліңіз тола ма?

– Оқулық жазу – өте күрделі процесс. Оқулықтың  сапалы болуына  ықпал ететін бірінші фактор – оқу бағдарламасының дұрыс құрылуы. Оқулық – оқу бағдарламасына негізделініп жазылады. Сондықтан бағдарламаға қойылатын талап пен білім мазмұны бір-бірімен сабақтасып, жүйелі тақырыптар мен басты мақсат оқушының сапалы білім алуына қолайлы болуы тиіс-ті. Алайда білім жүйесінде оқулыққа қатысты кемшіліктерге жол берілгені айтылып  та, жазылып та жүргенімен, әзірге қуантарлық дәрежеде емес.

Сол кемшіліктерді санамалап көрсетіп бере аласыз ба?

 – Бірінші кедергіге тоқталайық; 1-тоқсанда 8-сыныптың  «Қазақ әдебиеті» сабағында  Шалкиіз жырау «Би Темірге бірінші толғауы»  (19.10.2023 ж.)  тақырыбына берілген   оқу бағдарламасына сәйкес оқыту мақсаты: «8.3.1.1 шығарманың тақырыбы мен идеясын осы тектес басқа шығармалармен салыстырып, тарихи және көркемдік құндылығын бағалау»;   сабақ мақсатына сәйкес тақырыпты ашу қиындық келтірді. Оқу бағдарламасы спиралдық қағидат бойынша құрылғаны  – осындай тұста білім меңгертуге кері әсер береді.   Осы тектес басқа шығармамен салыстыру арқылы тарихи және көркемдік құндылығын бағалау мақсатында  ұқсас тақырып іздедім. Ал, ол керек тақырыпқа қажетті осы тектес сәйкес шығарма үшін 1 жыл артқа шегініс жасап,   7-сыныптың  қазақ әдебиетінде  (10.10.2023ж)  оқып кеткен материалды    еске түсіріп салыстыруға тура келді. Яғни,  оқушы екі жыраудың өмір сүрген кезеңін анықтап, ортақ ұқсастығын табады. Шалкиіз жыраудың «Би Темірге айтқан бірінші толғауының» тақырыбы мен идеясын – Жиембет жыраудың «Еңсегей бойлы Ер Есім» толғауымен салыстырдым.

Ұқсас шығармалары

тақырыбы

Идеясы

ортақ үндестік

«Би Темірге айтқан бірінші толғау»

Әміршінің кейбір кемшіліктерін сынайды, оған кеңес береді.

Бүкіл елдің жағдайын сөз етеді, би Темірді елдің әділ әміршісі ретінде көрсету

Әміршіге тікелей сөз арнап, оған деген өкпе-ызасын толғайды.

«Еңсегей бойлы Ер Есім»

Хан мен би арасындағы келіспеушілік

Ел ішінде болып жатқан алауыздықты тыю, мәңгілік ел болуға үндеу

Шалкиіз жырау мен  Жиембет жырау толғауларының  көркемдік ерекшеліктерін бағалап, оқушының функционалдық сауаттылығын дамытуға ықпал ететін тапсырма орындатамын. Тапсырманы орындау нұсқауын ұсынып, орындау барысын қадағалаймын.  Екі жыраудың тілдік қолданысында қандай ортақ ұқсастық барын анықтап, амалдап тақырыпты алып шығуға тура келеді. 

       Мұндай қиындық тудыратын оқу мақсаттары көп. Бала жыл бұрын өткен осыған ұқсас тақырыпты ұмытып қалады. 5,6,7,8,9-сыныптарға бір-бір жыраудан шашып жібермей, баланың жасына, қабылдауына сәйкес 8-9-сыныптарда бірыңғай жыраулар поэзиясын өтуге болар еді. Бізде қалай? 

5-сыныпта: Дулат Бабатайұлының «О, Ақтан жас, Ақтан жас» өлеңі беріледі.

6-сыныпта: Доспанбет жыраудың «Қоғалы көлдер, қом сулар», «Айналайын, Ақ Жайық»  толғаулары, 

7-сыныпта: Жиембет жырау Бортоғашұлы «Еңсегей бойлы Ер Есім» жыры, Қазтуған Жырау Сүйінішұлы  «Қазтуғанның қонысымен қоштасуы»  жыры. 

8-сыныпта: Ақтамберді жырау  «Күлдір-күлдір кісінетіп» толғауы мен «Балаларыма өсиеті» және Шалкиіз жыраудың  «Би Темірге бірінші толғауы» беріледі. 

9-сыныпта: Бұқар жырау «Тілек», «Әй, Абылай, Абылай», «Асқар таудың өлгені»...

Екінші кедергі: «Қазақ әдебиеті» пәндік білімнің мазмұны бөлімдерге бөлінген: түсіну және жауап беру, анализ және интерпретация, бағалау және салыстырмалы анализ, сонымен қатар, дағдыларды қалыптастыратын бөлімшелерден тұрады. Бағдарламаның бұл бөлімі де жоғарыда атап өткендей, пән бойынша оқу мақсаттарынан тұрады. 11-сыныпта оқытылатын көркем шығармалардың ішінде баланың жас мөлшеріне сай емес, әрі өте ұзақ уақыт талқылауға тура келетін қызықсыз шығармалар бар. Мысалы, көркемдік қуаты да, идеялық мән-мағынасы да орташа деңгейдегі  «Дала, сенің ұлыңмын» өлеңін немесе «Өмірзая» романын, «Тиын» әңгімесін,  «Тойдан қайтқан қазақтар» комедиялық драмасында, «Пәтер іздеп жүр едік» әңгімесіне   8 сағат бойы несін айта береді. 

Негізі, 7-сыныпқа арналған  қазақ әдебиеті оқулығын Қ.Бітібаева жасаған болатын. Сол кісінің  тұсындағы жазылған оқулықтар мықты еді. Қазір созып жібереді. Бала түгіл, өзің жалығып кетесің. Соның орнына 2-3 тақырыпты қамтуға болады.   Әттең…

–        Оқулыққа енгізілген авторлар мен шығармалардың жас ерекшелігіне сәйкес келмейтіндері немесе бала танымына ауыр не қызықсыздары бар ма?

–        5-сыныпта: М.Қабанбай «Бауыр» әңгімесі, Т.Нұрмағамбетов «Анасын сағынған бала» әңгімесі, Н.Ақыш «Нағыз әже қайда?» «әңгімелері – осы 3 тақырып та 5-сынып оқушысына өте ауыр тиеді. Қазір көпшілік отбасында ажырасу, жұмыссыздық жайлаған. Одан қалса,  «тойып секіргендер мен тоңып секіргендер» ашық көрініп тұратын кезге тап болдық. Жаны нәзік бала тез жараланады. Осы тақырыптарды оқу, талдау барысында баланың көңілі босап, өзің не айтарыңды білмей тіліңді тістеп “әттеген-ай” деп қалатын сәттерге тап боласың. Оның орнына бұрынғы әдебиеттегі  «Әжемнің әңгімесі» сияқты  («Абай жолынан» алынған) шығармалар енгізсе жөн болар еді.

6-сыныпта А.Алтайдың «Пропискасы» желтоқсан тақырыбына арналған, идеялық мазмұны бәрі жақсы, бірақ 6-сынып баласының қабылдауына  ауырлау тиеді. Түсініксіздеу, мұны сәл жоғары сыныпқа қойғаны дұрыс.  Қ.Мырзалиевтің бір өлеңі жоқ. Бұрынғы басылымдарда «Қазақ осы» деген шетелдіктерге қазақты таныстыратын әдемі шығармасы болатын. Шығарма оқытылу керек, бірақ қысқартылып керекті жерлерін баланың жас ерекшелігін ескере отырып берсін. 

7-сыныпқа Мағжаннын басқа шығармасын бергенде, қызықтырақ болар ма еді. 

8-сыныпқа Ж.Сахиевтің «Дабыл» фантастикалық әңгімесін төмендеу сыныпқа беріп, оның орнына шетелдік авторлардың аудармасы немесе 14-15 жастағы жеткіншекке қызықты болатын тақырып алынса. 

9-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» пәнінің оқу бағдарламасында К.Гамсунның «Аштық» романының орнына Қажығали Мұхамбетқалиевтің «Тар кезең» романы енгізілген.  «Тар кезең» тарихи романы  мен Н.Айтұлы «Бәйтерек» поэмасы  6 сағатқа ұзақ, әрі қабылдауға қиындық тудыратын шығармалар. Бұл 2 шығарманы оқуда біраз күш салуға тура келеді.  Жалпы орта білім беру деңгейінің жаратылыстану-математикалық бағыттағы 10-11-сыныптарына арналған «Қазақ әдебиеті» пәнінен оқу бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ұзақ мерзімді жоспарда: «Зобалаң заман шындығы» бөлімінің атауы «Заман шындығы» және сол бөлімде оқытылатын Лира Қоныстың «Тиын» әңгімесі Ерболат Әбікеннің «Пәтер іздеп жүр едік» әңгімесімен ауыстырылды. Жалпы орта білім беру деңгейінің қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 10-11-сыныптарына арналған оқу бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ұзақ мерзімді жоспарда: «Аңызбен өрілген көркем сөз» бөліміндегі Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» романының орнына Ш.Айтматовтың «Алғашқы ұстаз» повесі; М.Райымбекұлының «Көшбасшы» поэмасының орнына Т. Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» әңгімесі енгізілді. Біз оқу барысында  бір-бірімізден үйренеміз. Баланы қинап, өзің де күшпен қабылдап оқуға тура келетін шығармалар мен  араздық атмосферасы жоқ болса, оқушы жұмысында белсенділік болатыны байқалды. Оқушылар мұғалімнің бақылау үшін емес, көмек үшін екенін сезінуі керек. Өйткені, балалар – болашақты басқаратын біздің құнды ресурстарымыз.

– Егер өзіңіз сияқты мұғалімдердің пікір-көзқарасымен санасатын болса,  әдебиет оқулығына қандай өзгерістер енгізген болар едіңіз?

–        М.Дулатов «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегеніндей, жас ұрпақтың білім сапасы деңгейін, білім негіздерін меңгеруіне мұғалімнің тапқырлығына, икемділігіне, көшбасшылық қабілетіне тікелей байланысты. А.Байтұрсынұлы: «Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана, шәкірт жанына нұр құя алады» дегенді сол себепті де айтқан болар. 

Негізінен, әдебиет оқулығына бірқатар өзгерістер енгізсе дұрыс болар еді; 

1.  Қазір бір тақырыпты алды 7-8 сағат, соңы 19-20 сағатқа созып жібереді. Бала түгіл, өзің жалығып кетесің. Соның орнына қызықты  2-3 тақырыпты, қосымша бірнеше   авторларды қамтуға болады. 

2.  5-9 сыныптардың қазақ тілі мен  әдебиетінің басы ә дегенде бірінші тақырыптарын Тасқа жазылған дастандардың тарихынан, Көне күндер күмбірі, Түркітілдес халықтар, Көне түркі ескерткіштері «Алып Ер Тұңға»,  «Күлтегін» жырларынан бастамағаны дұрыс.  Бұл тақырыптарды  әдебиетті түсініп оқитын жеңілдеу тақырыптарға үйретіп барып сәл кейінірек бастаса, баланың әдебиетке деген  қызығушылығын жоғалтып алмауына септігі тиеді. 

3. Қазіргі білім берудегі тенденциялар бойынша функционалдық сауаттылықты қалыптастыру оқытудың инновациялық формалары мен әдістерін қолдануды талап етілетіндіктен, білім алушылардың оқу сауаттылығына дамыту бойынша танымдық, шынайы, қажетті материалдарды қамтыса; 

4. Цифрлық мәтіндермен, оның ішінде интернет-ортада жұмыс істеу дағдыларын дамытуға машықтандыруда білім сайттарын, естелік-хаттар, аудармаларды пайдалану. Бұл – пәнді оқыту шеңберінде білім алушылардың цифрлық сауаттылығын дамытады.

5.       Жазылым дағдысының ең күрделі әрі шығармашылықты қажет ететін түрі – эссе. Эссе жазу білім алушыларға өз ойын, жеке көзқарасын, пікірін тиянақты жеткізе білуді қалыптастыру қажет. Сонда ойын қорытындылап, шешім шығаруға дағдыланады.

Қазіргі балалардың әдебиетке қызығушылығына қандай баға бересіз?

–  Біз неге ұрпақ тәрбиесінде ең әуелі ұлы адамдардың сөзін, ісін үлгі етеміз? Өйткені,  «мәуелі ағашқа бәрі де қарайды». Өмір болған соң біз кейде бірді білсек,  бірді білмей жатамыз, қиындықтан шыға алмай дағдарып қаламыз. Сондай сәттерде  ұлы халықтың ұлағатты сөздері, жүрген жолы бағдаршырақ тәрізді адастырмас жарық сәуле нұсқайды. Айтылған ойдың астарына үңілсек, кітап оқуға келіп тіреледі. Біз әр баланың үніне құлақ асуымыз қажеттігі мен   жас ұрпаққа білім беріп, олардың жан-жақты дамыту – біздің басты мақсатымыз. Біз білімді ұрпағымыз ғаламдық кеңістікте өз орнын тауып, жоғары жетістіктерге жеткенін үміт етеміз. Бәріміз ұл-қызымыз білімді, ақыл-ойлы, абыройлы болғанын қалаймыз. Десе де, ұлттық болмысынан айрылмау, тіліңді, салт-дәстүрің мен түп-тамырың секілді құндылықтарды қадірлеу – бәрінен жоғары тұрғанын ұмытпау керек. «Бала көргенін істейді» дейміз. Осы күні жас жеткіншек не көріп, нені танып-біліп жатыр, соған қатаң қараған жөн. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды. Осы орайда өз тәжірибемнен  кітап оқытуға қалай қызықтыруға болатынын айтқым келеді. Оқушылар оқыған кітабының мазмұны бойынша комикстер, анимациялық мультфильмдер түсіреді. Бірі жасанды интелект мүмкіндіктерін пайдаланып сурет салып келеді, бірі үйде үлкендердің көмегіне жүгініп мәтін мазмұныны өз шығармашылығымен өзгерте отырып киносюжет жасайды  деген сияқты.  «Балалар әдебиеті» жанры бойынша «Ең үздік оқырман» , «Comic Con -  ІТ №28» – комикстер индустриясы, кинематография, аниме және өзге де заманауи бағыттарға арналған байқаулар өткізіп тұрамын.  Әрқашан білім мен мәдениеттің бір қазанда қайнап, бірлесе дамуын дұрыс деп бағамдаймын. Жалпы тәжірибемде соның дұрыстығына көз жеткіздім десем де болады. Неге десеңіз, мұндай байқаулар  арқылы балалардың абстрактілі ойлауы мен санасын дамытуына,  қазақ балалар әдебиетін кеңінен насихаттап, балалардың оқуға деген құштарлығын арттыруға,  кітап оқу дәстүрін сақтау және дамыту мен оқырманның ойлануына түрткі болады.  Абай:  «Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез. Нұрын сырын көруге көкірегінде болсын көз» дейді. Әдебиеттің міндеті – оқырманды тәрбиелеу, оның тілектеріне жауап беру болса, мұндай байқаулар – жаңа ұрпақты сергек, өз ісінен сенетін, кедергілерден қорықпайтын, күрескерлік рухта тәрбиелейді.  Ұлттық код – ана тілімізде жазылған шығармаларды оқып, ол жайлы ой бөлісуге үйретуді көздейді. Ана тілден ажыраудың арты  – қасірет! Адам – ұрпағымен өміршең! Өнертапқыштарды жаңа нәрселер жасауға итермелейді және жаңа ғылыми ашылымдар процесіне тікелей әсер етеді. Сондай-ақ, бұл жанр оқушыны жаңа технологияларға қол жеткізуіне жігер береді, олармен таныстырады, оларды неғұрлым түсінікті ету үшін бар амал-әрекеттерді жасайды.

 Ендеше өз тәжірибеңізден мысалдар келтіріп өтсеңіз...

–  Біздің  оқушылар – ақылды, ғылымды меңгерген, техниканы шебер пайдаланады. Бұл жарыстар мен үшін неге соншалықты маңызды деген сауалға келер болсақ, осы арқылы біз қиял мен «ғылыми фантастикаға» деген сүйіспеншілікті арттыра түсеміз. Оған қоса бұл отбасылық байланысты нығайта түсетіні сөзсіз.  Ақпараттық технологияны тиімді пайдалану арқылы оқушыны кітап оқуға деген қызығуылығын арттырамыз. Әрі оқыған шығармасын талдап таразылауға, мазмұндау шеберлігін арттыруға ықпал етеді. Осындай креативті дүниелер арқылы біз жаңа әлемдерді зерделейміз, кейіпкерлерді талқылаймыз және бір-бірімізді шығармашылық ойлауға баулимыз. Бұл жай ғана іс-шара емес – бұл біздің өмірімізге интеллектуалды тұрғыда ықпал ететін маңызды дүние. Біз қиял мен шығармашылықтың күші арқылы адамдарды қалай тіл табысырып, жаңа идеялар мен жобаларға деген шабытын байқамыз. Бұл балалардың және біздердің идеяларымызды жүзеге асыруға шақыратын маңызды құрал екенін ескеруіміз керек.        Оқушылардың шығармашылығынан; 

Суретте: Қазақ әдебиетінен 5 “А” сынып оқушысы Серік Айша  «CapСut» арқылы шағын жобалар жасады«Менің атым Қожа» фильмнен алынған үзінділерге креативті түрде өз дауысын қосып жаңа мазмұн, түр берген. 

5г сынып оқушылары өздері тәрбиелік тағылымы мол мотивациялық  шағын сюжетті бейнебаян түсіріпті. 

 Сонымен қатар,  оқыған аңыз бойынша анимациялық фильм жасаған  7 «Г» сынып оқушылары Нұрмұханбет Еркежан мен Тоқтаған Мерейдің шығармашылық жұмысы таныстырылды.   

 

Оқыған ертегісінің мазмұндама жасаған оқушы 

 8"Ә" сынып оқушыларының шығармашылық тобының жұмысы

Жеке жұмыс жасаған 8 “Ә” сынып оқушысы жоғары балл алды. 

Балалармен бірге уақыт өткізу, интеллектуалды тұрғыдан даму және шабыт алу сияқты отбасылық құндылықтар біз үшін аса маңызды. Бұл іс-шаралар бізді қызықтырып қана қоймай, мектеп пен отбасы байланысы  ретіндегі қарым-қатынасымызды одан әрі нығайта түсуге көмектеседі. Осындай дүниелер арқылы оқушыларымыз болашақта үлкен және жарқын істерге қанат қағады деген сенімдемін. 

Оқу-ағарту министрлігінің әзірлеген түрлі құжаттары бар. Соның бірі – «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы. Аталған тұжырымдамада «Мектептегі білім берудің сапасы мен тиімділігін сипаттайтын негізгі параметрлердің бірі дарынды балаларды анықтау және дамыту» делінген. Ал,  дарынды баланы пәнді оқыту барысында қалай анықтайсыз және қалай дамытасыз?!  Азды-көпті  еңбек жолымда әр кезеңнің өз сұранысын қанағаттандыратын талаптар болды. Мектептегі білім берудің сапасы мен тиімділігін сипаттайтын негізгі параметрлердің бірі – дарынды балаларды анықтау және дамытуда ең алдымен, жұмыс кезінде уақытты үнемдеуге көмекші құралдарды дұрыс таңдалғаны жөн.

Ұлттық құндылықтар мен көркем шығарма оқыту арқылы  бала бойына біліммен қатар рухани азық болар көркем дүниені меңгертуге күш саламыз. Оқу бағдарламасы бекіткен бірер сағатта міндетті білім стандарттарды орындау жеткіліксіз. Баланың  білімі мен дарынын аша білуге жұмыс істеуге тиіспіз.Ақын Мағжан Жұмабаев: «бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер», – деген сөзінде үлкен мағына жатқаны ақиқат. 

Ойымызды қорыта келсек, қазақ әдебиеті бағдарламасының мақсаты – білім алушыларды креативті ойлауға бағыттау. Олардың ойларын ауызша еркін жеткізуіне және жаза білуіне қолдау көрсету, дәлелдер келтіру, салыстыру және анализ жасау, бағалау дағдыларын қалыптастыру. Білім алушылар әдеби жанрларға эксперимент жасау арқылы драмалық шығарманы проза тілімен, прозаны поэзия тілімен жазу тәсілдерін меңгере алады. «Қазақ әдебиеті» пәнін оқу арқылы білім алушылардың сауаттылығын, олардың әдеби және эстетикалық талғамдары мен сезімдерін дамыту, ойлау қабілеттері мен танымдық және коммуникативтік дағдыларын қалыптастыру бағытында құрастырылған. Сонымен қатар, қазақ әдебиетінің құндылық ретіндегі болмысын, ұлттық мәдениеттегі маңызды орнын құрметтейді және бағалайды.

  Әңгімеңізге рахмет. 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар