Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Әбу Насыр әл-Фараби трактаттарындағы «бақыт» катег...

14.02.2024 2660

Әбу Насыр әл-Фараби трактаттарындағы «бақыт» категориясы 12+

Әбу Насыр әл-Фараби трактаттарындағы «бақыт» категориясы - adebiportal.kz

Күллі түркі жұртына мәшһүр Әбу Насыр әл-Фараби бірнеше ғылым саласын, әлеуметтік-қоғамдық мәселені зерттеп зерделеп, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз саналып, жалпы адамзаттың дамып, жетіліп-өркендеуі, ғылым салаларының қарыштап шарықтауы жолында өлшеусіз үлес қосты. Осы мақсатта біз ғалымның барлық еңбектерін зерттей келгенде, оның айналыспаған ғылым саласы жоқ екендігіне көзіміз жетті, ол сонау сөз өнерінен бастап астрономия ғылымына дейін жіліктеп, бұтарлап, майын ішіп зерттеген, тіпті таң қалып, мың ғасырда бір туатын алып тұлғаларға бас иеміз. Қазіргі ғылымтануда осы ойшылдар салған теориялық негізді ұстанып жүргеніміз бесенеден белгілі. Ғалым кез келген мақаласында, трактатында да «бақыт» ұғымын кірістіреді. Ал әлеуметтік-философиялық трактаттарының арасында тек қана «бақыт» ұғымына қатысты ғалымның екі еңбегі бар. Олар – «Бақыт жолын сілтеу» және «Бақытқа жету жайында» трактаттары. Енді өзіміздің әлімізше «Бақыт жолын сілтеу» атты еңбегін талқылап-талдап көрелік.

«Бақыт – әрбір адам ұмтылатын мақсат, өйткені ол белгісіз жетілу болып табылады» деген ұранмен басталатын «Бақыт жолын сілтеу» еңбегінде ғалым қалаулы игілікті талпынудың арна басындағы ең игілікті нәрсе деп бақытты көрсетеді. Ғалым игілікті жетілу деп тектен-тек айтып тұрған жоқ. Себебі жетілудің бәрі игілікті болмайды, ұмтылудың бәрі жақсылыққа бағытталмауы да мүмкін, себебі адам игіліксіз мақсаттарда да өзін «жетілу» сатысында пайдалануы мүмкін, алайда оның бақыты баянсыздыққа ұшырайды. Ұлы Абай былай дейді: «Ақылмен ойлап білген сөз, Бойыңа жұқпас сырғанар, Ынталы жүрек сезген сөз, Бар тамырды қуалар». Осы жолдардағы ақылмен ойлаған сөз неге бойға жұқпайды десеңіз, ақылмен адам небір зұлымдықты да, озбырлықты да тудырады, ал ынталы жүрек арқылы жасалған іс – ең игілікті, жанға жақын, игілік пен ізгілікке толы ұғым екенін білдірсе керек. Сол секілді әл-Фараби еңбегінде де бақытқа жетудің ең бірінші баспалдағы ретінде игілік үшін жұмсалу ұғымы көрінеді. Адам баласы бақытқа қол жеткізгеннен кейін шүкір айтып, осы биігін сақтап қалу үшін әрекеттер жасайды, оның негізгі формуласы – қанағат ету дейді ғалым. Бақытқа жеткеннен кейін адам сол өзі қалаған формасында қалып, «кедей бай болсам, бай құдай болсам дейді», - деген түсінікте емес, сол биігін місе тұтса, бақыт оған ұзақ қызмет етіп, басында бес елі болып оралып, бақыт құсы мәңгі сайрары анық. Бірақ адам баласында қанағат бар ма, бір жеткізген биігінен кейін келесісіне бой ұсынады, «арманыма талпынып жатырмын» деген желеумен, сол қанағат ұғымына «өзгеріс» енгізіп, өзін-өзін алдап, қанағатсыздыққа бой ұрады. Әл-Фарабидің бақыт формуласындағы ең басты қазық – қанағатта деп көрсетіліуі міне осыдан деп ойлаймыз. Ғалым бақыт туралы айта келе, соған жетудің формуласын тайға таңба басқандай, соқырға таяқ ұстатқандай түсіндіріп береді: «...адам бақытының шыңына жету өзі үшін соған жетуді қалайтын адамнан оны игерудің әдісі мен амалын табуды талап етеді. Алдымен, ескертіп алайық, адам өмірінде кездесетін жағдайлар мыналарға бөлінеді: артынан мадақтауға және жазғыруға болмайтын жағдайлар және мадақтауға немесе жазғыруға болатын жағдайлар». Қарапайым тілмен айтқанда, оң және теріс пиғылдар, немесе Абайша айтқанда, тән рақаты мен жан рақаты. Әл-Фарабидің неліктен екінші ұстаз болғаны бәріне белгілі болар. Әлемдегі алғашқы ұстаз Аристотельдің еңбектері түсініксіз, қарапайым халыққа ұғынықты болмады, тіпті ғалым дегеннің өзі Аристотельді түсіне бермеді, ал әл-Фараби осы Аристотель еңбектерін ұғынықты тілмен екінші қайтара «тудырып», жаңа өң беріп, қайта жазып шыққаны үшін оған екінші ұстаз лауазымын берді. Алайда, соның өзінде, әл-Фарабидің еңбектері орыс тіліне жақсы аударылған, осы жұмысты жазу барысында алдымен орысша мәтінімен танысып алдым, ал қазақша аудармасы ұғынықты тілмен, қарапайым, халықтың қарабайыр тілімен жеткізілмеген. Бұл жерде біз аудармашыны сөгуден аулақпыз, Ахмет Байтұрсыновша айтсақ, әл-Фарабидің еңбегін түсінуге өреміз жетпеуінде, оның пікірін түсінуге санамыздың кей қатпарларының әлсіз жұмыс жасауында деп ойлаймын. Енді, жоғарыда айтқан Фарабидің бақытқа жету жолындағы жағдаяттарға тоқталайық. Адам тек қана мадақтауға немесе жазғыруға болатын әрекеттермен жүрсе бақытқа жете алмауы мүмкін, ал әрі мадақтауға, әрі жазғыруға болатын әрекеттерді қатар пайдаланып, саралап, білімін орынды жұмсаса, бақытқа жетуге болады деп көрсетеді ғалым. Осы ретте ол мадақтауға әрі жазғыруға соқтыратын әрекеттерді үшеу деп көрсетеді: 1. Әрекеттер (адам өзінің дене мүшелерін орынды пайдалану, мәселен, көру, есту, тыңдау, сөйлесу т.с.с); 2. Жан аффектілері (қуану, сүйсіну, іздену, оқу, өзін дамыту т.с.с); 3. Ақыл-парасат (бұл форманы ғалым кей адамда болып, кей адамда өмір бойы болмайтынын баса айтады). Шынында, адам осы айтылған үш формуланы игілікті жұмсаса, бақытқа жетуге қабілеті толық бар деп есептейміз. Ғалымның айтпағы, осы аталғандардың ішіндегі мақтауға лайықты іс істесе, адам бақытқа кенеледі, мәселен, әрекеттерді алайық. Немесе тән рахаты. Әрекеттерді игілікті пайдалансақ, мәселен, көру, есту, айту деген әрекетті игілікті жұмсасақ, жақсыны көріп, жақсы нәрсені жасап, естіп, айтып, жаман нәрсені көрмей, айтпай, қосылмай, естімесек, бақытқа жететін баспалдақтың бір сатысынан өткен болып саналамыз. Екінші көрсеткен, жан аффектілерін алсақ та, жазғыруға алып келетін қызғаныш, көре алмаушылық, жек көру, ғайбаттау, мұңаю, депрессияға түсу, түңілу секілді аффектілерден ада болып, мадақтауға соқтыратын жақсылық ойлау, қуану, өмірдің рахатын сезіну, тәубеге келу, шүкір айту, рахмет айту, алғыс айту секілді оң істермен басың «қатса», екінші бір сатыдан өткендейсің. Ал ғалымның үшінші ақыл-парасат деп көрсетуі – ол кез келген адамның басында бола бермейтін, бірақ адам тырысса, өзімен жұмыс жасаса, қолынан келетін ең бір жауапты сатысы деп бағалауында. Ақыл-парасатқа жетудің биік өлшемі – ақиқатқа сену дейді, ал ақиқат деп отырған – жаратушы. Ғалымның жалпы, философиясының басты арнасы – дін, осы дін философиясын таратып ғалым кез келген игіліктің, бақыттың бастау арнасына ақиқатты көрсетеді. Ғалым: «Адамның танып-білгісі келгені ақиқат па немесе жалған ба, оған оның көзі жетпесе, онда ақыл-парасаттың жаман болғаны», - деп, ақыл-парасаттың ең биік шыңы – ақиқатты тану дейді, ал ақиқат – хақты тану, хақты тану – Жаратушыны игілікпен тану. Түркі дүниесінде Қожа Ахмет Яссаудің ақиқат ілімі де, Ахмет Йүгнекидің «Ақиқат сыйы» да осы идеялармен үндес. Әл-Фарабидің ерекшелігі – бақыттың не екенін көрсетіп қоймай, формаларын, ерекшелігін, қандай болғанда жетуге болатынын, жету жолындағы процестер секілді барлық детальді нәрселерге мән беріп, осы бір филсофиялық ұғымды бүге-шүгесіне дейін талдайды. Ғалым бақытқа жету үшін жоғарыда айтқан әрекеттерді «тамаша әрекеттер» деп көрсетіп, оны адам кездейсоқ, ықтиярынсыз жасайтын кездер болатынын айтады. Иә, шынында, кейде адам өз пайдасы үшін немесе сол сәттегі жағдаятқа орай, өзін «ақтап» алу үшін кездейсоқ бару мүмкін, бірақ ол ерекшелік өмір бойғы болмысында тіпті кездеспеуі мүмкін. Міне, осы бір әрекеттер мақсатқа жеткізбесі анық. Қарапайым мысалды алайық, адамның бір құнды нәрсесі, ақшасы жоғалса, сол сәтті пайдаланып, «садақа болсын» деп шығатын жандар арамызда жоқ емес бар, яғни осы бір кездейсоқ сәтті жақсы әрекетпен ұштастырып әкетіп, «жалған жақсылыққа» ие болғысы келеді. Өмір бойы садақа бермей, тек жоғалған сәтті пайдалану секілді қарапайым мысалдар өмсірде жетерлік. Сол себепті, жақсы әрекетті адам әдетке айналдырса, ол өміріне азық болары сөзсіз. Адамның ақиқатқа сенуін де әдейі және жасанды деп көрсетеді осы еңбекте. Шынында, адам ақиқатты танып-білсе де, шынайылықпен, жүрекпен, ықтиярынсыз, игіліксіз түсінуі мүмкін. Осы жерде ақылды адам және ақиқатты таныған адам деген екі бөлек ұғымды көреміз. Ақылды адамның бәрі ақиқатты түсінеді деген сөз емес, керісінше, сол ақиқаттың атын жамылып, игіліксіз істер жасауы мүмкін. Бұл жерле рационалдық сананы әл-Фараби басты орынға қоймайтынын көреміз, рационализмнің өзі шын бақытқа жеткізетін фактор емес екенін де бағамдаймыз. Ал иррационалистік түсінік те бақытқа алып келеді деген сөз емес, сол себепті, ғалымның айтпақ ойы – ақиқатты жүрекпен, шын болмысымен ұғып, адам баласына пайда, адамзатқа жақсылық әкелетін құбылыс екенін түсінгенде ғана бақытқа жетеді деген идея. Әл-Фараби бақытқа жету үшін тек осы үш ұғымды атап қана қоймайды, осы үшеуін қатар ұстаудың жолын да көрсетеді. Міне, нағыз ғалым белгілі бір нәрсенің шешіміне жету үшін баспалдақтың әр сатысын ерекше сипаттап, тәптіштеп баяндайды. Жоғарыда атап өттік, ғалым бақытқа жетелейтін әрекет, жан аффектілері, ақыл-парасат атты ұғымдардың игілікті жұмсалуында деп біледі. Атап қою басқа, ал енді оны қалай іске асырмасқа керек? Ал шындығында, осы үш нәрсе ненің арқасында бақытқа жетеді? Бақытқа жету үшін не істемек керек? Әл-Фараби оның жауабын қабілет деп көрсетеді. Осы қабілет адамды не өшіреді, не өсіреді. Менің ойымша, ғалымның қабілет деп тұрғаны – сана-сезім. Қазақ «бала бер, бала берсең, сана бер, сана бермесең, шетінен ала бер» деуші еді, сол секілді адамның ішкі қабілеті не бақытқа жеткізеді не бақыттан қол үздіреді. Ал адамда игілікті қабілет болмаса, қанша жерден тыраштансаң да, бақытқа жете алмақ түгіл, орта жолда болдырып, сүруінің әбден мүмкін. Ғалым осы қабілетті дұрыс жұмсағанда ғана діттеген мақсатына жететінін айтады. Әл-Фарабиде қабілет пен күй деген ұғымдар бар. Қабілетті туа бітті және күйді жүре келе пайда болады деп топшылайды. Қабілет – адамның қанымен берілетін, сүйегіне сіңген өзіндік болмысы, оны өзгертпек мүмкін емес. Ал күйді жүре-бара пайда болады деп отырғаны – оған әсер ететін түрлі факторлардың «қызмет» ететінін көрсеткені. Ғалымның бұл ойын ұлы Абай өз қарасөздерінде өте дұрыс айтып өтті. Оның жетінші қарасөзінде мынадай жолдар бар: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі - ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген». Міне, ұлы Абайдың шығыстың шынарынан нәр алып, оны қазақ халқына ерекше философиямен түсіндіруінің мәні ерекше. Тән мен жан таласып, өмір бойы күресіп өтетінін белгілі, Абай да жанды тәнге байлап беріп, соның құлы болып, талай уақытты бос өткізіп, босқа далақтап, босқа өмір сүру – адамның тән рахатын жан рахатынан жоғары қойып, санасыздықпен, жауапкершіліксіздікпен, алға ұмтылмаумен салыстырады. Әл-Фараби бақытқа жеткізуші тағы бір фактор ретінде адамшылық қасиеттерді атайды. Жалпы Фараби еңбектерін оқып отырып, нақты бақытқа жету үшін мынау-мынау деген қатып қалған қағида, теорема, стереотип жоқ, бұл дегеніңіздің өзі – ғалымның ұғымға кешенді түсінік танытуында, шынында әрбір адам – жеке индивид, сол секілді ол математикалық формула емес, барлығына ортақ қолданатын, әр адамның қабілеті, танымы, алымы, білігі, санасы, мінезі әр түрлі, сол себепті де ғалым трактатында «жол сілтеу» деп бағы-бағдарлар ұстанады. Ғалымның бұл еңбегінде адамшылық қасиетке ерекше мән беріледі, адамшылық қасиеттің формуласы ретінде ол жақсы мінез бен ақыл күшінің қосындысын келтіреді. Ғалым түсінігінде, жақсы мінез-құлық – қасиет. Адамның жақсы қасиеті деп айтып жатамыз ғой. Әл-Фарабиде де, Абайда да деистік түсінік басым, яғни олар, жаратылған тірі жанның жақсы болуы, жақсы мінезге тап болуы, өмірлік игіліктер мен әрекеттерді қолдана білуі – қоғамға, айналына байланысты, ешнәрсе туабітті пайда болмайды, басқа факторлар әсер етеді деген түсінік. Ғалым осы жерде әдет деген ұғымға ерекше түсінік береді. Әдет былай қарағанда, қарапайым түсінік болғанмен, адамның түзелмеген немесе түзелген мінезі әдетке айналады дейді. Шынында, адамның өзгеруі өз қолында, егер жақсы мінезге ие болғысы келсе, сол мінезді санасына байлап, сонымен жұмыс жасаса, ол әдетке айналады. Мәселен, жалқаулықты алайық. Адам туа бітті жалқау болып тумауы мүмкін, бір кездері еңбекқор болған адам уақыт өте келе, жағдайының жақсаруына, дүниеге деген көзқарасының өзгеруіне орай жалқауға айналып, тіпті депрессияға түсуі мүмкін, ал осы жалқаулықтан қаншама әдет шығады – салақтық, олақтық, немқұрайлылық, жинақысыздық, бейбереткетсіздік, жоспарсыздық т.с.с. Ал керісінше, адам осы жалқаулықты жеңіп, санасына сигнал беріп, күнде өзін тәртіпке келтірсе, ол әдетке айналады, ал әдет – күнделікті салтына көшеді, ал күнделікті салты – оның салауатты өмір сүру формасына айналады. Міне, осылайша ғалым әдет ұғымын мінездің қабы ретінде көрсетеді. Жақсы әдет – жақсы мінез-құлықтың, жақсы қасиеттің кепілі ретінде көрсетеді. 

Ғалымның осы еңбегін оқып отырып, көп нәрсе ұқтым. Кез келген түсініксіз нәрседе өзіңді жетілдіруге бағыт береді. Рухани жетілу – адамды бақытқа апарады. Ол жетілудің жолын жоғарыда талдап өттік. Ғалымның енді бір ерекше түсіндіріп өткені – осы бақыт ұғымын денсаулықпен ұштастыру. Кез келген нәрсенің өз биігі болады. Орысша айтқанда, «золотая середина». Артық кетсе де, кем болса да, кез келген әдемі нәрсе сүйкімділігін жоғалтады, сол себепті ортақ баланста болу керек. Міне, осы бақыт та – шамадан ауытқуды қаламайтынын денсаулық арқылы түсіндіреді. Бақытқа жетудің ендігі бір амалы – адамның тәнін таза ұстау, тәнді сүю. Тән мен жанды біркелкі баланста ұстау. Ғалым былай дейді: «Адамның мінез-құлқын жетілдіретін әрекеттер оның өз денесін жетілдіру үшін жасайтын әрекетіне ұқсайды. Адамның денесінің жетілуі – денсаулық: егер денің сау болса, онда оны сақтамақ керек, ал егер болмаса, онда денді сауықтыру керек». Біздің денсаулығымыз сыр берсе, біз емделеміз, мөлшермен тамақтанып, уақытылы тамақтанып, денемізді шынықтырып, дұрыс тамақтанып, сауықтырамыз. Міне, ғалымның да айтпағы да, денсаулықты қолға алу – жақсы әдетке ұластыру, жақсы әдетке ұласса – мінезге айналады, жақсы мінез – бақытқа бастар жол. Ғалым бұл еңбекте кез келген нәрсенің өз биігін, өз ортасын ұстауды ұстанады. Батырлықтың жақсы қасиет екені белгілі, алайда батырмын деп «бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» дегендей, батырлықтың ең биігі - біреуді жығып, нокаутка түсіру емес, ол өз нәпсіңмен күресіп, сол қасиетті белгілі бір деңгейде ұстап қалу.

Сайып келгенде, әл-Фараби былай дейді: «Бізге тамаша көркемдік тән болған күнде ғана біз бақытқа жететін болғандығымыздан, ал тамаша көркемдік философия өнерінің арқасында ғана бізге тән болатын болғандықтан, осыдан лажсыз туатын қорытынды – атап айтқанда, біз философияның арқасында бақытқа жетеміз». Сонда, жоғарыда атап өткен, талдап кеткен мәселелердің ең шырқау биігінен көркем философия орын алады. Қорыта келгенде, адамның бақытқа жетуіне басты нұсқаулық әл-Фараби бабамыздың осы еңбегінде тамаша талқыланып көрсетілген. Фелицитология (феличита – бақыт, бақыт туралы ғылым) ғылымының бастау арнасында әл-Фараби пікірлері өте құнды пікірлер десек, қателеспейміз. Бақыт туралы ғылым – өз алдына бір сала, осы салада әл-Фарабидің еңбектері – талай шығыс, батыс еуропа, ағылшын философиясына, тіпті әлемдік ғылымға өзек болды десек, жалған айтқанымыз емес. 

Әбу Насыр әл-Фарабидің «Бақыт жолын сілтеу» еңбегі – фелицитология ғылымындағы ең бастаушы еңбектердің бірі болса, ғалымның «Бақытқа жету жайында» еңбегінің идеясы – философиялық мәндегі «бақыт» ұғымының ғылыми негізін саралау. Ғалым екі дүниеде де рахатқа бөленіп, бақытқа жеткізер төрт нәрсе бар деп, оларға мыналарды жатқызады: теориялық ізгіліктер, ойшылдық ізгіліктер, этикалық ізгіліктер және практикалық өнерлер. Ғалымның түсінігінде жалпы бақыттың кілті – философияда, осылайша ол кез келген құбылысты философиядан таратады. Ғалымның теориялық ізгіліктер деп отырғаны – дүниені, қоршаған ортаны гносеологиялық тұрғыда тану, әр құбылыстың шығу негізін жан-жақты ашу, түрлі білімдерді іске қосу, әрекеттерді жүзеге асыру. Мәселен, зерттеу, салыстыру, ой түю деген секілді істер. Оқып-тексерудің екі жағы бар, жай тексеру мен зерттей тексерудің ара жігі – өзін ой, тексеріс үстінде дамытып, зерттеу – ұмтылысқа жетелеуінде. Ал осылайша бір нәрсені көздей, зерделей отырып қарастыру – мақсатқа, арманға жетелеп, интуция, шығармашылық, интеллект секілді ұғымдармен ақиқатты танып білеуге бастайды. Ал ақиқатты танудың ең биігі – ақыл-парасат пен ақылдың ұштасуында. Кез келген зерделенген нәрсе бізді ақиқатқа апармауы да мүмкін, біздің ақиқат дегеніміз жалған болуы тіпті ықтимал. Өзімізге тон пішіп, жалғанды ақиқат деуіміз де ғажап емес, осы ретте бізге көмек келетін әрекет – айырмашылықты тану, ерекшелікті ажырата білу, өнер, білім арасындағы шынайы ұғымдарды меңгеру. Ғалымның бақыт жолына жетелейтін күш деп ғылымды айтуы тегін емес, ақиқатты танудың өзіне «тани салайын» деген ой емес, абсолютті ғылымның кілті керек. 

Ғалымның трактаттарын оқи отырып, соның ішінде «бақыт» туралы трактаттарын қарап отырсақ, философ жұрт ойлағандай «бақыт дегеніміз – мынау» деп ақыл айтып, нотация оқып, көрген-білгенін мақтан етіп, ғибрат айтпайды (көбі солай күтеді). Ғалым бір ғана бақыт ұғымының негізін философия деп алып, оны медицинамен, өнермен, математикамен, риторика, логикамен салыстырады. Жоғарыда, бақытқа жетелейтін фактор зерттеу десек, ғалым ендігі бер жерде: «өмірдегі заттардың зерттелетін, адамды ақыл-ойы ауытқуы мен абыржуынан оп-оңай құтқаратын бірінші тегі – сан мен шама. Сан мен шаманы қамтитын ғылым – математика», - дейді. Математика тек сандардың қатынасын, есептеуді қарастырмайды, ақыл-ойдың, жалпы сананың мөлшерлі деңгейде ойлап, мидың үздіксіз әрі белгілі ритммен адамға қызмет етіп, ал адам өзінің шама-шарқымен кез келген білімді сіңіре алуы тиіс болатын мәндерге де жауап береді. Адамның миы – небір миллиардаған ақпаратты сыйдыратын, өте жүйрік, әлеуеті мол шебер жаратылыс. Біз компьютерді керемет деп, роботқа аузымызды ашып, техникаға бас шайқаймыз, ғалымдардың еңбектеріне, ерекше картинаға, әдемі әуенге таңдайымызды қағамыз, ал шын мәнінде осы компьютерді, роботты, өнер туындысын дүниеге әкелетін - адам, сондықтан олардың бәрі адам миынан артық емес. Міне, әл-Фарабидің да айтпағы осы, адамның білімді игеріп, игілікті ой ойлап, ақиқатты тануда өз миының шамасы мен мөлшерінің толыққанды жеткілікті екендігін математика ілімімен сабақтастырып түсіндіреді. Ғалым өмірдегі жағдаяттардың табиғи жәе адамның еркімен болатынын айта келе, адамның еркімен болатын іс-әрекеттерді ойшылдық ізгіліктерге жатқызады. Алғашқысы теориялық ізгілікке жататыны белгілі. Ойлау ізгіліктері тек пайдалы нәрсені діттесе ғана түпкі мақсатқа жетуге мүмкіндік береді. Осы жердегі ойшылдық ізгілік дегеніміз де – ойды тек сұмпайы емес, кәдеге жарайтын, жақсылық әкелетін арнаға бұру. Ғалымның осы жерде мынадай сөздері ұрандай сезіледі: «Ізгі мақсаттағы ең пайдалы нәрсе – ең әдемі нәрсе». Шынында, ең көркем, көз тоятындай, адамның жаны рахат, ләззат алатын нәрсе – жақсы, пайдалы іске ойды бағыттау. Ғалымның бақытқа жетелейтін үшінші ізгілік деп көрсеткен этикалық ізгілігі осы ойшылдықты тікелей жалғастырып алып кетеді. Ғалым түсінігіндегі бақытқа жету – тек бір адамның басындағы бақыт емес, қоғам, қала, ел, ұлт секілді типтік негіздегі идеяға келіп саяды. Этикалық ізгіліктер деп отырғанымыз да осы ойшылдық ізгілікті іліп әкетіп, тек адамның жеке қара басы емес, қаласы, ұлысы, тіпті айналасы үшін игілікті ой ойлау. Бұл – қарапайым мысал. Ал өнерге, ғылымға келетін болсақ, өнер саласында да, мәселен, бір әдемі музыка, керемет сурет дүниеге келер болса, тек шығарушының эмоциясы, соның әлемімен емес, көрерменнің көңілімен, жалпы адамзаттық тұрғыда жүректен шығуы тиіс. Ғалым жауынгерлік, батырлық оқиға негізде түсіндірсе, мен этикалық ізгілік дегенді былай түсіндім. Мәселен, ұлы Абай қарасөз жазды, тек өз түйгенін, өмірде көрген-білгенін қағазға еріккеннен түсірген жоқ, ол жалпы қазақ ұлтының тұтас менталитетіне, сол кездегі жағдайына, ұлттың мінезіне, құлқына, әрекетіне, ісіне орай ой айтты, сол секілді кез келген этикалық ізгілік өз арнасына осындай халықтық идеяны сыйғызады. Этикалық ізгілікті жүзеге асырудың бірден бір құралы ретінде ғалым өнер деп көрсетеді, шынында да, ғылымнан гөрі этикалық процесс өнермен астасып жатқаны белгілі, әдебиет, музыка, кескін, сурет, мүсін өнерін алсақ (классикалық өз алдына), әр ұлттың өзіндік этикалық рамкасы болады, сол рамаға сай ұлттың құндылықтары, дүниелері туады. 

Енді ғалым негіздеген бақытқа жетудің төртінші сатысы практикалық ізгіліктерге тоқталайық. Олар адамдардың өздерінің әрекет ету дағдысына орай жүзеге асады. Аты айтып тұрғандай, бақытқа жету үшін қоғам мен адам қатынасы аталған ізгіліктерге бағынуы не бағынбауы, іске асыруы не асырмауы мүмкін. Жоғарыда келтірген теориялық, ойшылдық, этикалық ізгіліктер бір-бірімен алқа секілді жалғасып жатқанын айттық. Адам баласы осы айтылғандармен жүріп, шынайы бақытқа жетуі үшін әрекет етіп, тәжірибелік мақсатта «қимылдау» керек. Әл-Фараби практикалық ізгілікті адамның дағдылық қабілетіне қарай жүзеге асады дей келе, осыларды іске асыру үшін екі бағыттың қолданылатынын айтады. Оның біріншісі – иландыру, екіншісі – күштеу. Иландыру деп отырғанымыз – риторика, яғни шешендік сөздер, нақыл сөздермен халықты ізгілендіру, дұрыс жолға салу, аталған үш ізгілікті бойына «қабылдату» үшін риторика ғылымының көмегімен жұмыс жасау. Шын мәнінде, риторика ғылым ретінде грек заманынан, атап айтқанда, Аристотельден бері келе жатқан ерекше «тәсіл» деуге болады, халықты иландырудың оңтайлы жолы – шешендік өнер. Бұл қазір де «сәнді» болып тұрғаны өтірік емес. Қажыған, шаршаған халық «шешен» жандардың (Құралай ханым, Айнұр, Қуаныш Шоңбай, Омар Жәлел т.с.с.) сөзінен мотивация алып, өмірге «қайта келіп», «қайта тұрып» дұрыс жолға талпынып, ізгілікке ұмтылуы – осы риториканың жемісі. Әл-Фарабидің де діттеген ойы – осы, иландыру тәсілі. Ал екінші күштеу тәсілі – ол ең соңғы, ешқандай тәсіл мен айла қалмағандықтан, халықтың еш нәрсеге бағынбай, өз қалауымен, өз еркімен дұрыс жолға түспек түгілі, талпынбай, кертартпалыққа салынып, елге бүлік салып, қала тұрғындары арасында қоғамдық пікір қалыптастырушылар арасында күш қолдану. Міне, осы бір аса бір философиялық астарға толы трактаттардан ұғатынымыз – бақытқа жеткізу, адамдарды ізгілендіру – өнер, өмірді осылайша басқару – шын бақытқа әкелетін құбылыс екені. Әл-Фараби бақытқа жетуді осылайша біржақты дүние деп емес, көпқырлы, өнер мен ғылым ерекше үлес қосатын, тек олар ғана емес, жалпы өнер адамы мен қайырымды адамдардың да зор еңбегі төгілген кешенді құбылыс деп қарайды. Жаны бар тіршілік иесінің бәрі – мақсат қойып, сол үшін күресіп, еңбек етіп, бақытқа жетуге талпынғандар. Адам тірі тұрғанда, алға қойған мақсатын іске асыруды алдына талап ретінде қояды. 

Бұл еңбекте ғалым сондай-ақ басшылардың, әкімдердің, заң шығарушылардың образдарын жасайды, яки, билік басындағылар ең бірінші ретте философ болу керектігін алға тартады. Философияны меңгерген адам – діни ілімді меңгереді, шынайы ізгілікті мақсат тұтаты, ақыл-парасатты, ақиқатты негізге алады. Осы талаптарға сай болғанда ғана, заң шығару құқыға ие екенін айтады. Міне, ғалымның бақытқа жету жолы деп отырғаны – жеке бір адамның мақсатына жетуі емес, қоғам, әлеумет, ұлт, басшылар (иман, философ, әкім, заң шығарушы), ұлыс, қала болып ортақ ізгілік мәмілеге келе отырып жұмыс жасау, жұмыс жасай отырып, адамның жеке индивид ретінде дамуына кешенді түрде ықпал ету, бақытқа жету жолында түрткі болу. 

Міне, сайып келгенде, ғалымның «Бақытқа жету жайында» деп аталатын трактатында төрт түрлі құрылымның өзек болатынын байқадық. Оны осы еңбегінде математика, логика, риторика, жаратылыстану ғылымдары арқылы зерделеген ғалымның айтар ойы да тереңірек, қарабайыр дүние емес, бір қаралық туынды. Сонымен қатар, «Азаматтық саясат», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», «Қайырымды қала басшысының қасиеттері», «Мемлекет қайраткерінің нақыл сөздері» атты трактаттарында да «бақыт» ұғымына түсінік беріп, әр трактатында бақытқа жету процесіндегі мақсат-міндеттерді одан әрі жетілдіре, нығайта түсіп, тереңірек бойлайды. Әл-Фарабидің түсінігінше бақытқа жету – кемелдену, кемелдікке жету. Осы жерден оның «кемел адам» түсінігі шығады. «Анық бақ деп айтарлық үш нәрсе бар: кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек» деп Шәкәрім жырласа, Абайдағы «толық адам» – ыстық қайрат, жылы жүрек, нұрлы ақылды бойына жинаған тұлға. Философтардың ұстазы ретінде әл-Фарабидің еңбегіндегі ең биік адам – кемел адам, жетілген адам моделі. Осы модельді ғалым барлық трактаттарында аша білді. Бақыт туралы ғалымның ойлары саяси философияға көп негізделген. Олай дейтініміз, ғалым барлық дерлік жазбаларында адамның, ұлттың бақытты болуы басшысыны байланысты деген тұжырымды бірнеше жерде келтіреді. Яки, басшысы «кемел» болғанда ғана, саяси қоғам бақытқа кенеліп, оның мүшелері де жайлылық пен жақсылықта, бақыт пен ізгілікте өмір сүреді деген ой түйеді. Осылайша, оның негізгі ойы – бақытты қоғам құру. 

Сайып келгенде, айтпағымыз, әл-Фараби түсінігіндегі бақыт философиясының мәні мынада:

Бақыт – рухани және физикалық мақсаттарды жүзеге асыру барысындағы ең биік категория.

Бақыт – ақиқатқа ұмтылудың көрнекті формасы.

Бақыт – мақсатты жетілудің шыңы.

Бақыт – философияның көркем әрі мәнді іргетасы.

Бақыт – ізгіліктің (теориялық, ойшылдық, этикалық, практикалық) қайнар бұлағы.

Бақыт – өмірмәнді сипаттың ерекше көрінісі.

Бақыт – тек жеке индивидтің емес, қоғамның бірлескен, кешенді жұмысының жемісі.

Бақыт – «кемел басшы», философтың тікелей араласуымен орнайтын құрылым.

Міне, біз осы жұмысымызда, әл-Фараби еңбектеріндегі «бақыт» категориясына осындай түсінік бердік. Сайып келгенде, ғалымның ойы этикалық, философиялық, моральдық негізге сәйкес, ғалымның қай пікірін алсақ та, экзистенциалдық (өмір сүру), гносеологиялық ойды басты ту етіп ұстайды. Осылайша біз әл-Фараби еңбектеріндегі бақыт философиясын барымызша бажайладық, біздің де айтпағымыз – бақытқа жету – адамның жүрегіндегі, болмысындағы шынайы мақсаткерлікті игілікті, ізгілікті негізде жұмсап, бақыт жолына «әдемі» баспалдақпен көтерілу, өйткені бақыт – жанның тазалығы, жүректің тыныштығы, бойдың тазалығы, болмыстың әдемілігі, тәннің пәктігі. 

Абдуллина Анар Боранқызы

докторант


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар