Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

29.11.2021 4003

2014 жылдың рухани хроникасы 12+

2014 жылдың рухани хроникасы - adebiportal.kz

Қаңтар. 1924 жылы 10 қаңтарда ақын, көсемсөз шебері Ілияс Жансүгіров «Тілші» газетіне «Кеңседе жергілікті тілді жүргізу керек» деген мақаласын жариялаған болатын. 2014 жылы қаңтар айында осы мақаланың жарық көргеніне 90 жыл толды. Сексен жыл ішінде осы мәселе күн тәртібінен түскен емес. Қазір де өзінің маңыздылығын жойған жоқ. Мемлекеттік тілді құрметтейтін әрбір қазақстандық Құлагер ақынның осы жазбасын естен шығармағаны абзал.

1934 жылы әдебиет пен мәдениетке арналған «Қазақ әдебиеті» апталық газеті шыға бастады. 2014 жылғы қаңтар айында аталмыш газетке 80 жыл толды. «Қазақ әдебиеті» газетінің алғашқы редакторы – жазушы Бейімбет Майлин. Газет белгілі себептермен ортада он төрт жылдай үзіліс жасап, 1955 жылы қайтадан жарық көре бастады. Ұлттық әдебиетіміздің алтын арқауына айналған апталық басылым, содан бері үзіліссіз жарық көріп, қазақ әдебиетінің жаршысы болып келеді.

Ақпан. 2014 жылы 24 ақпанда, күйші, домбырашы, композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтай 70 жасқа толды. Шәміл қазақ күй өнеріндегі айтулы тұлға. Ол көптеген ел іші-сыртына танымал әндер мен күйлердің авторы. «Ұлытау» атты күй кітабы мен «Ордабасы» қатарлы күйтабақтары жарық көрген. Ол қазақ телеарнасында күйтануға, күй өнерін дәріптеуге арналған «Үкілі домбыра», «Домбыра-дастан» сияқты танымдық хабарлар жүргізген. Түркияның Измр қаласында өткен бүкіл әлемдік түркі жұртының дүниежүзілік құрылтайында өнер көрсетіп, «Озан» атағын алған. Айтулы тұлғаның мерейлі жасы республикалық деңгейде аталып өтті.

Сәуір. 2014 жылы 28 сәуір күні Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі Абай Байтоғаевтың туғанына 90 жыл толды. Ол Мәскеу қаласындағы Гнесиндер атындағы музыкалық-педагогикалық институттың түлегі. Қазақ академиялық опера және балет театрының солисі болған. «Абай», «Қамар сұлу», «Біржан-Сара» сынды опералық шығармаларда басты партияларды орындаған.

Маусым. 4 маусым Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күні. 1992 жылы дәл осы күні Тәуелсіз Қазақ елі өзінің алғашқы мемлекеттік рәміздерін бекіткен болатын. Содан бері осы тарихи күн – мемлекеттің мызғымас бірлігі болып саналатын мемлекеттік рәміздер құрметіне мәңгі есте қалып, жыл сайын аталып өтіп келеді.

Тамыз. 2014 жылы 13 тамызда Берлин симфониялық оркестрінің тарихында тұңғыш рет қазақстандық скрипкашы, халқаралық сыйлықтардың лауреаты, Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаеваның жеке концерті өтті. Концертке дирижерлік еткен Берлин симфониялық оркестрінің дирижері Лиора Шамбал.

Қыркүйек. 2014 жылы 14 қыркүйекте, белгілі фольклорист, ауыз әдебиетін жинап, зерттеуші, қоғам қайраткері Ахмет Баржақсинның туғанына 120 жыл толды. Ол өз өмірінде қазақтың 1710 мақал-мәтелін жинаған. Әңгімелері мен фольклорлық материялдары «Сарыарқа», «Қазақ», «Алаш», «Айқап», «Үш жүз» сынды газет-журналдарда жарияланып тұрған.

Қазан. 2014 жылы 14 қазанда жазушы, драматург Роза Мұқанова 50 жасқа толды. Астанадағы Өнер университетінде ұстаздық қызымет атқаратын жазушының мерейтойы осы оқу орынының шаңырағында аталып өтті. Шығармашылық кеш ұйымдастырылып, драматургтың студенттері «Шатыр астындағы мен» атты қойылымын сахналады. Жазушының елу жылдық мерекелік кешіне замандастары, қаламдастары, қызыметтестері қатысты.

Қараша. 2014 жылы 7 қараша күні «Шабыт» ХVII халқаралық шығармашылық жастардың жастардың фестивалінің жеңімпаздары марапатталды. Осы реткі «Шабыт» фестивалінің бас жүлдесін ақын Батырхан Сәрсенхан алса, І орынды ақын Олжас Қасым, ІІ орынды ақын Хамит Есаман алды.

Желтоқсан. 2014 жылы 26 желтоқсанда мемлекет және қоғам қайраткері, Түркісб темір жол құрлысының негізін салушылардың бірі Тұрар Ырысқұловтың туғанына 120 жыл толды. Тұрар Ырысқұловтың өмірі мен күрескерлік жолы жазушы Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» атты бес кітаптан тұратын роман-хамсасында жан-жақтылы баяндалған. Қайраткердің мерейтойы туған жерінен басталып, республика көлемінде салтанатты түрде аталып өтті.

2014 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алған қаламгерлер:

Жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы «Тар кезең» тарихи-романы үшін Мемлекеттік сыйлық алды. Роман еліміздің батыс өңіріндегі қиын кезеңдерді, аласапыранды уақытты нақты, тарихи деректер арқылы көркем бейнелейді.

Ақын Гүлнәр Салықбаева «Кешіріңдер келгенімді өмірге» атты лирикалық өлеңдер жинағы үшін Мемлекеттік сыйлық алды. Гүлнәр Салықбаева қазақ поэзиясында өз өрнегі, өз қолтаңбасы бар ақын. Бұл күнде Гүлнәрға еліктеп өлең жазбайтын ақын қыздар аз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар