Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
14 наурыз - жылдың басы!...

13.03.2024 2650

14 наурыз - жылдың басы! 6+

14 наурыз - жылдың басы! - adebiportal.kz

Наурыз айы – жылдың басы «Әз-Наурыз» мейрамы келіп жетуімен қымбатты. Дегенмен қазақтың дәстүрлі жыл басы «Наурыз» мейрамы дәл қай күні келіп жететіндігі және оны қалай қарсы алу керектігі туралы алуан пікірлер күні-бүгінге дейін толастаған емес. «Наурыздың» күні бүгінге дейін ел ауқымында тойлану үрдісіне, ол жөнінде жазылған іргелі зерттеулер, басылым беттерінде, ғаламторда жарияланған ірілі-ұсақты мақалаларды оқығанда осындай ой қорытуға болады. 

Өткен жылдардан бері Ұлыстың ұлы күнін мемлекет ауқымында лайықты тойлату жөнінде билік өкілдері тарапынан тарихшылар, мәдениеттанушылар, этнологтар, өнертанушылар, т.б. басын қосып талқылаулар өткізіп жатқанын жағымды құбылыс деп білеміз.

«Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» - Абай. Нені меңзеп тұрмыз? Наурыз! Биыл қалай атап өтеміз? Халықтың да, Президенттің де бұл тамаша мерекені мазмұнды, мағыналы етіп өткізу туралы айтып жүргені бүгін емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та кезінде: «Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады», - деп ескерткен болатын. Содан бері де «Наурыз» мейрамын мерекелеудің бірізді ұстанымына жете алмай келеміз.  

Қазіргі күні қазақ қоғамында: «ЖЫЛ БАСЫ ретінде қай күнге басымдық бергеніміз жөн?» - деген сұрақ қызу талқылануда.  Оған себеп: еліміз аумағында 14 наурыздағы – Амал мен 22 наурыздағы – «Наурыз» мейрамына да маңыз беріліп тойлануы. Осыған орай: «Қазақ халқының дәстүрлі танымына сәйкес жылдың басы қай күн?» - деген сұрақтың нақты жауабы берілуі қажет болып отыр.

«Наурызды» мерекелеуді бүгінгі заман тұрғысында қалай ұнамды да тиімді болғыза аламыз? Кейінгі жылдары қазақ халқы қаншалықты қалаласты (урбанданды) дегенімізбен, ата дәстүрлеріміздің игі сипат-белгілерін сақтап, бүгінгі, келер ұрпаққа ұсына аламыз? «Ұлыстың ұлы күні» аталғандықтан, мерекені шынайы «ұлы күн» деп танитындай қандай қадамдар жасалуы керек? 

Осы сұрақтардың бәріне бүгінгі қоғамымыздың өскелең талабы жауап күтіп отырғаны анық.

Осы арада бір анық дүние – ежелгі кезеңдерден бері де жылдың басын қарсы алудың бірізділігін анықтауға деген талпыныс ХХ ғасырдың басында да болғандығы. Бұл мәселеге байланысты сонау ХХ ғасырдың басынан күні бүгінге дейінгі мәліметтерді сүзіп шыққандағы қорытынды: «Наурыз» мейрамын белгілеп өткізудің нақты бірізділігі болмаған. Қазақ зиялыларының бастамасымен 1988 жылдан бері атап өтіліп келе жатқан «Наурыз» мейрамы – 22 наурызға сәйкес келеді. Қазақстанның батыс өңірлері, көршілес Ресейдің Астрахань, Саратов, Орынбор облыстарының, Өзбекстан, Иран, Түркиядағы қазақтардың арасында атам заманнан бері 14 наурызды – Көрісу амалы деген атаумен жылдың басы ретінде еш мәжбүрліксіз атап өтіп келе жатыр және 22-наурызды «қызылбастың жаңа жылы» деп мойындай қоймайды. 

Осы ретте: «Жылдың басы деп санарлықтай,14 наурыздың қандай ерекшелігі бар?» - деген сұрақ туындайды. «Қызылбастың жаңа жылы» демекші, наурыз деген сөздің өзі «ноу» - жаңа, «руз» - күн деген ұғымдардың бірігуінен туындаған атау екендігін жоққа шығару қиын. 21-22 наурызда келіп жететін «Наурызды» «қызылбастың жаңа жылы» дейтін ұғымның мәні – оның парсылық атауы мен отырықшы халықтарға тән ғұрыптарында жатса керек. Алайда «наурыз» сөзі нуырыс, науырыс т.б. мағынадағы түркілік түптекті төл ұғым екендігін дәлелдейтін зерттеушілеріміз де баршылық. Дегенмен мұның анық-қанығы да алдағы кезеңде айқындала жатар деп сенеміз.

«Наурыздың 13-і – Самарқанның көк тасы еритін күн, ал он төртінші наурыз – жылдың басы», - дейтін тұжырымды негіз еткен ағайындар он төртінші наурыз күні Көрісу амалын тойлайды.

Ұлы Даланың байырғы тұрғындары түркілер мен монғолдар, мәжусилік славяндар 14-наурызды көктем мерекесі ретінде бағзыдан бері атап өтіліп келгенін ескергеніміз жөн болмақ. Моңғол халықтарының 23 желтоқсаннан басталатын тоғыз тоғыз сексен бір күндік маусым есебі бар. Осы күннен бастап әрбір тоғыз күннің суықтық сипатын белілейді. Осылайша 13 наурызға жеткенде, тоғыз тоғыз аяқталып, көктем басталды деп біледі. Ал ежелгі шығыс славяндар христиан дінін қабылдағанға дейін жылдың басын наурыз айында тойлап келгені белгілі. Тіпті І Петр заманына дейін солай болғаны туралы айтылады. Көктемнің келіп жеткен күнін славяндар «Евдокия күні» деп атап, осы күннің сыңайын бақылау арқылы келер жаздың райын болжамдаған екен. Бұл – славяндармен етене қарым-қатынастағы қазақтардың тіліндегі «Әбдөкей». Қазіргі күні бұл күннің маңызы көмескіленіп, христиандық аңызбен астасып кеткенін көреміз. Қсықасы осы «Әбдөкей» де он төртінші наурызға дөп келеді. Демек батыс өңірдегі халқымыз Көрісу амалын әбден негізде тойлап отыр. Мұны ескере отырып, Қазақстандағы жыл басын қарсы алып мерекелеудің өзіне тән дәстүрін қалыптастыруға деген құлшыныс арта түсуде.

Осыған орай «Наурыз» мейрамын 14-наурыздан бастап кемінде сегіз күн лайықты атап өту қажет деген ұсыныс айтылуда. Бұған негіз де, мысалдар да аз емес. Еуропа халықтары Рождествоны, орыстар Жаңа жылды он күн бойы мерекелейтінін көріп отырмыз. Осы және өзге халықтардың дәстүрлеріндегідей, 14 наурызда қазақтың төлтума жаңа жылы Көрісу күнін ел болып қарсы алып, ЮНЕСКО бойынша материалдық емес құндылықтар тізіміне енген халықаралық «Наурыз» мейрамымен 22 наурызда қауышып, осы аралықтағы күндерді мәнді-мазмұнды іс-шаралармен өрнектесек дұрыс болмақ дейміз. 

«Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» демекші, халқымыздың үлкен бөлігінің салт-санасына әбден қалыптасқан және 1988-89 жылдардан бергі кезеңде ел көлемінде атап өтіліп келе жатқан жыл басын қарсы алу рәсімдерінің озық атрибуттарын кіріктіре отырып, жалпы халық шын жүреген жадырай тойлайтын, жанды «Наурызды» мерекелеудің барынша нақты тәртібін бекітіп, нақыштарын айқындаудың маңызы зор.

«Наурыз» – қыстан аман-есен шығып, көктеммен қауышудың мейрамы болғандықтан, онда орындалатын кейбір ғұрыптық салттарға қарап діни мейрамға жатқыза салуға болмайды. Себебі, кез келген мейрамның өту барысындағы рәсім, дағдыларға қарап, оның түпкі шығу тегін, философиясын бағдарлауға болады. Осыға орай Наурызда орындалатын көптеген рәсімдерге (бұлақтың көзін ашу, ағаш отырғызу т.б.) қарап, бұл мерекенің малдың сүмесіне сүйенген бақташыдан гөрі, жер емшегін емген отырықшы халықтарға тән екенін анық аңғарамыз. Наурыз мерекесі деп межеленген уақытта қазақ даласының оңтүстік бөлігінде аталған рәсімдерді орындауға мүмкіндік бар. Ал осы уақытта жылымықтың лебі сәл-сәл есіп, аппақ қардың көбесі сәл-сәл сөгілгені болмаса, Алтай мен Арқада әбден жайланып жатып алған «сарыжамбас кәрі құда» қыстың ызғары әлі де болса күшінде болады.

Тағы бір ойымыз – «Наурыз» мейрамында ел назарына ұсынылып келе жатқан, дәстүрге айналып үлгерген этнографиялық көріністер мен ұлттық ойындар шеруіне қатысты нақты бір ұстанымға келуіміз қажет дейміз. Ұлттық құндылықтардың көбісі ұмытылып, көмескіленген сонау сексенінші жылдар соңында «Наурызды» жалпы халық болып мерекелеу, алаңға жұртты көптеп жинап, қызықты өткізу үшін киіз үй тігіліп, алтыбақан құрылып, ұлттық күрес, спорттық сайыстар, этношеру өткізу ас мәзірін дайындау, т.б. іс-әрекеттер өз тұсында көрнекілік тұрғысында қажет болған да шығар. 

Бүгінгі азаттық тарихымыздың отыз үш жылына аяқ басып, елдік тұрғыда есейген тұста «Наурызды» мерекелеудегі бұрынғы дәстүрлердің ендігі кезеңде қайсысы қажет, қайсысы емес немесе заманға сай жетілдіру керек дегенді де електеу дұрыс. Мұнда әр өңірдегі қазақтардың, өзге мемлекеттердегі қандастардың, көршілес, бауырлас халықтардың «Наурыз» мейрамын тойлатудағы игі дәстүрлерін ескеріп, жинақтау қажет деп білеміз.

Осылай нақты қадамдар жасау арқылы «Наурыз» мейрамын қарсы алу, тойлатудың эстетикалық, идеологиялық тиімді үлгісін шығарып, нағыз халықтық мерекеге айналдыра алатынымыз сөзсіз.  Сонда ғана «Наурыздың» өне бойынан ресми шерулік сипаттар арылып, шынайы халықтық, бояуы қанық іс-шараларға куә бола аламыз. Қазіргі күні  төлтума Көрісу амалы мен күн-түн теңелетін халықаралық меже аралығындағы уақытты ескере отырып, «Наурыз» мейрамын кешенді мерекелеудің мынадай тұжырымдамасы ұсынылып жүргенін білеміз:

14 наурыз – «Көрісу күні»; 

15 наурыз – «Жайлау күні» ;

16 наурыз – «Шежіре күні» ;

17 наурыз – «Тарихқа тағзым күні» ;

18 наурыз – «Игі істер күні»;

19 наурыз – «Шымырлық пен шеберлік күні»;

20 наурыз – «Зияткерлік күні»;  

21 наурыз – «Ұлттық тағамдар күні»;

22 наурыз – «Ұлыстың ұлы күні»;

23 наурыз – «Жоралғы күні».

Әрине бұл тұжырымдама ұлтымыздың, жалпы еліміздің тұтастығы мен бірлігін нығайтудағы маңызы зор екені анық. Дегенмен әлі де жетілдіре түсу қажет болар.

Жаңа жыл дегенде еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін асыға күтіп, ешкім мәжбүрлемесе де дайындықты бастап кететініміз сияқты, «Наурызды» да дәл солай мейрамға деген құштарлықпен ұмтылып тұратындай атмосфера қалыптасуы тиіс. Олай болмағанда, Наурыз қазақстандықтардың салт-санасына аса кіріге қоймаған қалпы, ресми, науқаншылдық сипатта өткізіле беретін болады.

Лайықты деп танылған адамдарға мемлекеттік марапаттар тапсырылып, ауқымды іс-шаралар, спорттық бәсекелер қорытындыланып, ақтық сайыстар өткізіліп, атақтар мен дәрежелер тапсырылып  жатса ғана Ұлыстың ұлы күнінің мән-мағынасы тереңдеп, салмағы арта түспек. Бұл тұрғысында соңғы кезде іс-қимылдардың бар екенін көріп жүрміз және молынан болсын дейміз. Мұнда әсіресе жас ұрпақ, балабақша мектеп оқушыларына ұлттық нақышты қалташалармен наурызкәде берілсе, олардың ой-санасында ұлттық мерекеге деген жылылық ерте қалыптасқан болар еді. Мұны жаңа жылдық «кулектің» көшірмесі ретінде қарастырмауымыз керек.

Қыс пен көктем сияқты, адамдардың да Наурызда бір-бірімен жолығып, қауышатын сәті. Қазіргі заманда алыс-жуық, ағайын-туыс, көрші-көлем түгілі, бір шаңырақтың астындағы адамдардың өзі бір-бірімен көбірек араласып, ағыл-тегіл сырласуға телміртпе телефонның еркісіз арбап мүмкіндік бермейтіні рас қой. Он төртінен бастап атап өтілетін күндер тізбесіне қатысты белгілі мәдениеттанушы, этнолог Серік Ерғали және басқа да адамдар өз нұсқасын ұсынып жүргені белгілі. Бұл ұсыныс қалай болғанда да алдағы жылдарда жетілдіріліп, қолданысқа енетіндігіне сенеміз. Осыға орай бір күн көршілік қарым-қатынасқа арналса деген ұсыныс білдіреміз. Себебі, қазіргі заман – қазақи қала қазағын қалыптастыру заманы. Қаншама жыл есіктес өмір сүрсе де, айтшылау, кіріп-шығып аяқ-табақ араластыру түгілі, аты-жөнін біліспей өтетін томаға тұйықтық дендеп бара жатқан қалалықтардың ғадетіне аз да болса жылымық енгізудің бір мүмкіндігі осы болса керек.

Сонымен 14 наурызда Ұлыстың ұлы күні, қазақша жылдың басы басталды. Көрісу күні, Амал мерекесі құтты болсын! 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар