Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
14 наурыз – сөре, 22 наурыз – мәре болса...

20.03.2023 1524

14 наурыз – сөре, 22 наурыз – мәре болса 14+

14 наурыз – сөре, 22 наурыз – мәре болса - adebiportal.kz

Ұлыстың ұлы күні, Әз Наурыз меркесі де келіп жетті. Қазақ даласында 2023 жылы отыз алтыншы рет атап өтілгелі отырған Әз Наурыз тойлаудың әзелгі жосығы қандай? Әз Наурыз туралы өткен ғасырларда өмір сүрген зиялыларымыз қандай ой-пікірлер қалдырған екен? Бұл – қызықты сұрақ. Және де Наурыз мейрамын атап өту жөн-жосығын әлі де болса жетілдіре түсу халқымыздың қалауы тарапынан күн тәртібінде тұрғанын ескере отырып, өткенге үңіліп, мәнісін табуға септігін тигізері анық.

Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз дейтін болсақ, мұндағы «ұлыс» қай ұлыс болмақ? Біздіңше мұндағы ұлыс – Еуразияның жалпақ төсінде қалыптасып, кезегімен тарих сахнасына шығып, айқын да көмескі із қалдырып өткен көшпелі мемлекеттер. Тарихта Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы, Әбілқайыр ұлысы деп аталған мемлекеттер – Қазақ хандығы құрылуының тікелей баспалдағы. Демек Әз Наурыз – жалпы тарихы үш мың жылдыққа ұласып жатқан көшпелі ұлыстардың ұлық мерекесі. Әрине «көшпелі ұлыстардың мерекесі» деп тұжырымдап тастауға болмайды. «Наурыз» атауының өзі парсы тіліндегі жаңа күн деген мағыналы сөз екенін, күн шыға қарсы алуда жасалатын ғұрыптық әрекеттерде жер емшегін емген отырықшы халықтарға тән элементтер басымырақ екенін ескере отырып, оның жалпыадамзаттық сипатын танимыз. Қалай болғанда да көшпелі жұрт қыс аяқталып, көктем жетер аңсарлы кезең – Ұлыстың Ұлы күнін қуана қарсы алып тойлап келгендігі анық.

Қазақ хандығына дейінгі дәуірде өмір сүрген «Қобыланды батыр» эпосындағы: «Қаз жайлауын саз деймін, Наурыздан соң жаз деймін» немесе «Көлден ұшқан қаздаймын, Наурыздан соңғы жаздаймын» деген қолданыстарды Алтынорда заманында бұл мерекенің танымал болғандығының айғағы десек болатын шығар. Ал арғы дәуірлер туралы қандай дерекке сүйене аламыз?

«Ұлы Дала көшпелілерінің Ұлыс тойын тойлайтыны байырғы грек пен қытай жазбаларына түскен. Грек тарихшысы Квинт Курций Руф (б.з.д. І ғ.) өзінің «Ескендір жорығы» деп аталатын еңбегінде Орта Азия көшпелілерінің ұлыс тойын қалай тойлайтынын тамсана жазады. Ұлыстың ұлы күні таң шапақ шашып, күн шығар сәтте қаған ордасының үстіне күн бейнелі жалау көтеріліп, қотанға шымқай қызыл мауытыдан киім киген 365 бозбала шығатын болған. Балалардың саны бір жыл ішіндегі тәулік санына тең. Бүтін бір жыл ішіндегі тәуліктердің айғағындай болып 365 өнерпаз бозбала тойдың шырайын келтірген. Бір жыл ішіндегі әрбір тәуліктің шежіре-баяны сияқты 365 күй тартылған. Сонан соң, бүкіл елдің батагөй абызы, Тәңірмен тілдес бақсысы ортаға шығып, қағанаттың үміт-тілегін Тәңірге жеткізетін 9 күй тартқан. Бұл тоғыз күй міндетті түрде қобызбен тартылатын болған. Мұнан әрі, Ұлыстың ұлы күнін тойлау бүкілхалықтық қуаныш-қызыққа ұласқан», - деген мәліметті белгілі этнограф зерттеуші Ақселеу Сейдімбек өзінің «Қазақ әлемі» атты еңбегінде (227-бет) атап көрсетеді.

Қазақ халқының тарихы, рулық құрамы, діні, әдебиеті, мәдениеті туралы тұщымды танымдық деректер қалдырған ғалым Шоқан Уәлихановтың еңбегінде қазақ жылнамасы туралы сызбасында он екі айдың атауын тізбелей отырып, бірінші айды орысша – март, араб қарпімен отамалы деп жазып белгілеген екен. 

Ал он екінші айды орысша – февраль, араб қарпімен – наурұз деп көрсетеді. Шоқан Уәлихановтың сызба жылнамасында отамалы неге бірінші, наурыз неге соңғы болып тұр дегенге қатысты көптеген мәліметтерді қарастыруға болады. Шын мәнісінде бұл сызба дөңгелек пішінді болғандықтан, наурыз – бірінші ай болып саналады. От амалы – әдетте сәуірдің ішінде кіретін табиғат құбылысы. «Ота малы жақсы болса, от алғанша, Жаман болса оталғанша» дейтіні – жайлы болса жер оты тебіндеп өсіп, мал тезірек көкке тойып үлгеретінін, жайсыз болса, тесілген ақсүйек жұт болатындығын тұспалдаған тұжырым. Ал ұлыс күнінің күн райын бақылаған қазақ мынадай қорытынды айтады:

Ұлыс күні құмалақ қарға бармақ бойы батса,

Қырық күндік жерге арбамен шық.

Құмалақ қар бетінде қыдырып жатса,

Қырық күндік жерге шанамен шық.

Бұл дағы жаңа жыл, жаңа айдың туған мезетіне ерекше мән беріп, жіті бақылаудан туған қорытынды. Ұлыстың ұлы күні Наурызға қатысты әзелгі деректер дегенде қазақтың бас ақыны, ойшыл ғұламасы Абайдың өлеңдері мен қарасөздеріне соқпай өте алмаймыз. Абайдың «Жазғытұры» атты өлеңінде:

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып, - 

дейтін жолдар Ұлыстың ұлы күні Наурыз айында атап өітілетін Көрісу амалын еске түсіріп тұрғандай. Абайдың Бір сөз, қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» атты зерттеу мақаласында Наурыз жайында біршама толық мәлімет береді. Ең әуелі ол қазақ халқының шыққан тегіне қатысты мынадай мәліметті ұсынады: «..Біздің қазақтың ықыласы атасын ғарабтан шықты дегенді, яки бәни Исраилден шықты дегенді ұнатқандай. Онысы – әрне тауарихтан хабар тисе, сол жақтан тигендіктен, ислам діні бұрынғы ата-бабаларды ұмыттырып, діндестерді жақын көрсеткендіктен һәм артқы жағы хабарсыз қараңғылықта қалғандықтан болған іс». Хакім Абайдың бұл еңбегіндегі әрбір сөйлемнің астарында қалың-қалың тарихтың қатпары жатыр. Атап айтқанда, жоғарыда алынып отырған үзіндіден қазақ халқының діни наным-сенім алмасулар барысында арғы тарихынан қол үзіп қалғандығы айтылып отыр. Мұны жоғарыда аталған еңбектен алынған мына үзіндіде өте айқын баяндап береді: «...Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен. Сол күнін «ұлыстың ұлы күні» дейді екен. Бұл күнде бұл сөз құрбан айтына айтылады, ол уақытта жаңа дінге кірген соң енді бір Бұхардан басқа шәһарлардың да, жер-сулардың да, халықтың да бұрынғы аттарын бұзыпты. Сондықтан да болғанға ұқсайды. Әйтеуір сонан соң қазақ аталыпты». Кез келген ақпарат, ұғым-түсінік, салт-дәстүр, наным-сенім ғасырлар жүзінде көптеген факторларға байланысты өзгеріске ұшырап отыратындығы Ұлыстың ұлы күнін де айналып өтпеген екен. Сол дәуірден жеткен біршама жзабаша дереккөздерге қарағанда Абай тұсындағы Наурызды ел болып жаппай атап өтудің қарқыны да аса қатты болмағанға ұқсайды. Міржақып Дулатұлының: «Мұсылман жұрттарына ортақ, жылына екі рет келетін Ораза, Құрбан айттарын есепке алмағанда, бізде жалғыз мейрам бар, ол – Наурыз», - деген сөзін есте ұстай отырып, Алаш зиялыларының Ұлыстың ұлы күні Наурызды атап өтуге қатысты бірізділікке ұмтылғанын көреміз. Бұған 1913 жылы алғаш жарық көрген «Қазақ» газетінің осы жылдың 9 наурызында жарық көрген санында Ұлыстың ұлы күні Наурызды белгілеп өткізу күніне қатысты: «Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында әр түрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілер тоғызында келеді деседі. ...Рустың жаңа жылы қыс ортасында, нағыз сақылдап тұрған суықта келеді, біздің Жаңа жылымыз – «Наурыз» марттың басында болсын, ортасында болсын, әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынасымен Жаңа жыл деп айтуға лайық. ...Наурыз туып, ата ғұрпымызды ұмытпай, белгілі бір күнді басы қылып алсақ ұнамды іс болар еді. Осы туралы білетін адамдар «Қазаққа» жазса екен, біздің Жаңа жыл – Наурыз анық жылдың қай айында һәм қай күнінде басталады. Біз оқушыларымызды Жаңа жылмен құттықтауға Наурыздың анық қай күні туатынын біле алмадық, ғафу өтінеміз». Алаш арысының бұл сауалына халықтың қалай жауап беріп, ортақ пәтуаласқаны туралы дерек қолымызда жоқ. Бізге белгілісі – сол заманның өзінде де Ұлыстың ұлы күнін наурыздың бірінде немесе тоғызында деуінен қазіргі күнгі ай жаңаланған күнгі Көрісу амалы мен күн мен түн теңелген 21 наурызды атап өту арасындағы межені болжағандаймыз. Алаш арыстары тұсында, осы мақала шыққаннан кейін 13 жыл бойы қазақ даласының әр түкпірінде Ұлыстың ұлы күні атап өтіліп келді. 1926-1987 жылдар арасында тойлауға тыйым салынғандықтан, Ұлыстың ұлы күніне қатысты қаншама ұғымдар мен түсініктер, салт-дәстүр, дағдылар ұмытылып үлгерді. 1988 жылдан бергі кезеңнің өзі жаттанды декорациялық қойылым деңгейінен тым алыстан кете қойған жоқ. 

Тарих ғылымдарының докторы, этнограф Биқұмар Кәмалашұлы «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты кітабында «Ертеде қазақтар Наурыз мерекесін 3-9 күнге дейін тойлап келген. Наурыз мерекесі кезінде жүрілетін әдет-ғұрыптар өте ерте заманнан бері қарай жалғасып келе жатқанын тарих айғақтайды. Бұлай болғанда сақ, скиф, массагеттер, ғұн, түркі тектес тайпалардан бері таралғандықтан, бұл мейрам – көшпелілердің төл мейрамы, жаңа жыл тойы. Кейін келе ислам дінін кейбірі көшпелілер қабылдағандықтан, діни сипат алса керек. Өкініштісі сол, осы көне мереке көп жылдар бойы ақтаңдаққа ұрынып тойланбай, ұмыт қалды», (264 б) – деп атап көрсетеді.

Наурызға қатысты кең көлемді жазып қалдырған, қазақтың көрнекті этнографы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының айтуынша, қазақ даласында Наурызды тойлаған және жоғарыда Биқұмар Кәмалашұлының жазғанындай, наурыздама сегіз күнге ұласқан. Ұлыстың ұлы күні туралы Мәшһүр былай дейді: «Ұлыс – түркінің ата-бабаларынан қалған ескі тіл. Біздің қазақта Ұлыстың ұлы күні – Наурыз». Мәшһүр Жүсіптің жазуынша Наурыз сонау Нұқ пайғамбар заманынан қалған мереке және оны кейінгі белгілеп өткізуде араб жылнамасының әсері бар. Бұхарада болып, сондағы жұрттың Наурызды қалай тойлататындығы туралы біршама баяндап жазады.

ЮНЕСКО-ның заттай емес мәдени құндылықтары тізіміне енгізілген халықаралық мереке ретінде атап өтілетін Әз-Наурызды тойлатудың сипат атмосферасы, ауқымы, салмағы да әр елде әр түрлі екендігін көреміз. Осы тұрғыдан алып қарағанда, халықтың ішкі жан дүниесімен, шынайы болмыс-бітімінен астасып, тереңнен буырқанып шығып жатпаса, кез келген іс-әрекеттің, идеяның, идеологияның табиғилығы кемшін соғып тұратыны рас қой. Әйтеуір тойлау керек болғасын тойлау – сіңімді әсер беріп, өнімді нәтиже тудыра алмайды. Қазіргі Наурыздың қазақ әлемінде атап өтіліп жүрген ресми ұзын-ырғасына қатысты осылай сыни ой айтсақ келісетіндер де, келіспейтіндер де табылады. Мәшекең жазған Бұхарада немесе Самарқандағы, Душанбедегі, теңіздің ар жағындағы Бакудегі отырықшы жұрттың Наурыз туралы түсінігі де, тойлау үрдісі де кешегі көшпелінің ұрпағы қазақ пен қырғыздан басқарақ. Тіпті «Самарқанның көк тасы еру» деген түсініктің өзі де мерекенің әу бастағы қайнар көзінің отырықшы соғдылар т.б. тарапынан екендігін аңдатады. Сондықтан да болар, біздің қазақтың Наурызы бір түстік көже мен шапанның, яғни этнографиялық қойылымның ауқымынан әлі көтеріле алмай келеді. 

Ғасырлар жүзіндегі хандар көшінде Жәнібек пен Тәукеге ғана бұйырған «Әз» деген айшықты анықтауыш Наурызға да бекерден-бекер жалғанбаған ғой. Біздің ендігі кезектегі ел болып атқаратын миссиямыз – Наурызды ел-жұрт айдан ай, күннен күн санай күтіп қауышарлықтай, салмағы мен ажары ұлыстың ұлық мерекесіне лайықты мереке қылуға атсалысу болмақ. Ол үшін өткен мен бүгінді елеп-екшей отырып Ұлыстың ұлы күнін атап өтудің кешенді бағдарламасын қалыптастырып ұсынуымыз керек. Осы ретте біз 14 наурызда атап өтілетін Амал мерекесі немесе Көрісуді нағыз ұлтымызға тән жыл басы, яғни жаңа жылымызды тойлаудың сөресі, ал күн мен түн теңелетін әдепкі Наурызымызды қорытынды мәресі деп алсақ дұрыс болар еді. Жоғарыда Мәшһүр бабамыз айтқан Наурыздаманы жаңғырта отырып, сегіз күн бойы атап өтсек қандай жарасымды болар еді. Бұл әрине, сегіз күн бойы алашапқын тойлау емес, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттар достығын бекемдейтін, мемлекет тұрғындарының тән саулығы мен жан саулығын, ауыл мен қаланың экологиясын жақсартуға арналған іс-шаралар белгіленіп, ел бойынша жүріліп қорытындыланып жатса, идеологиялық тұтастық деген – осы емес пе? 

Наурызды атап өтетін күндері жыл бойы жүрілген музыкалық, спорттық, әдеби, мәдени жаппай іс-шаралар қорытындыланып, осыған орай жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ведомстволық, мемлекеттік марапаттар, наградалар тапсырылып, атақтар беріліп, қылмыстық жаза жүктеушілерге тиісті мөлшердегі кешірім жарияланып деген сияқты игі істер кезек-кезегімен атқарылып жатуы тиіс. Олай болмаған жағдайда сол баяғы жаттанды алашапқын киім прокатын қыздырып, тігетін киіз үй іздеудің әлегін бастан кешіп жүре беретініміз анық. 14-наурыздағы Амалды Маңғыстау жұрты жоғарыдан ешкімнің бұйрығынсыз, мемлекеттік ресурстан қолдаусыз-ақ атқарып тамаша халықтық мейрам қылып өткізіп жүрген жоқ па? «Ұлттың өз ішінен шынайы бұрқырып шығатын» дегеніміз осы ғой. Міне осы рухани мүмкіндікті заманға, еліміздің аймақтық әлеуметтік, географиялық, климаттық ерекшеліктеріне сәйкестендіре отырып сөреден мәреге дейін ұласқан, ҰЛТТЫҚ ЖАҢА ЖЫЛ – ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІН атап өтудің біртұтас тиімді дәстүрін қалыптастыруға толық мүмкіндігіміз бар. Оған рухани, қаржылай әлеуетіміз де жетеді. Бұған дейін ұсынылып жүрген тамаша нұсқалар да баршылық. Тек Жаңа Қазақстанның жаңа билігінің шынайы зейін-ықыласы ғана қажет. Ұлыс оң болсын! Әз Наурыз құтты болсын!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар