Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні...

14.02.2023 5455

14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні 14+

14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні - adebiportal.kz

14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні. Яғни адамдар бір біріне құрмет пен сыйластықтың белгісі ретінде сыйлыққа кітап ұсынатын күн. Кітап – адамзат қоғамының ұлы жетістігі, ұлы ұстазы. Кітап сыйлау дәстүрі туралы айтқан кезде мына жағдайды ескеруіміз керек: кітап басып шығару өндірісі жолға қойылу тарихы сегіз ғасырға, ал кітапты қол еңбегімен беттеп-қаттап құрастырып, оны көбейтіп көшіріп оқудың тарихы ондаған ғасырға кетеді дегенімізбен, кітап сыйлау күні – салыстырмалы түрде өте жас. Яғни бұл бүгіннен, 2012 жылдың 14 ақпанынан бастау алады. Бұл күнді белгілеп өткізудің мән-мағынасы – адамдар бір-біріне, әсіресе ересектердің балаларға кітап сыйлау арқылы оларды кітап оқу дағдысына баулу және өзара мәдени сипаттағы жылы қарым-қатынасты дамыту болып саналады.

Дүниежүзі халқы тарапынан қызу қолдау тауып, қалыпқа ене бастаған бұл ізгі мерекенің тұңғыш бастамашысы – АҚШ-тық Эмми Бродмур деген әйел заты екен. Ол сонымен қатар АҚШ-тағы балалар кітаптары сайтының да негізін қалаушы.

«Ебепке себеп» демекші, әрбір жаңадан туып қалыптасқан дүниенің шығуына түрткі болатын себеп болады. Осы сияқты, үш баланың анасы Эммидің басына да кітап сыйлау күнін белгілеу туралы идея кездейсоқ келген тарихы бар екен. Эммидің ұлдарының бірі анасынан: «Осы туған күніне орай немесе басқа бір себептерге байланысты адамдар бір-біріне кітап сыйлайтын күн бар ма?» - деп сұрайды. Баласының сұрағына: «Жоқ», - деп жауап бере отырып Эммидің басына: «Расымен де осындай бір күнді неге белгілеп жыл сайын дәстүрге айналдырмасқа?» - деген ой келеді. Бұл ойды жүзеге асыру әрекетіне бірден-ақ кіріскен ол әлеуметтік желілердегі өзінің достығында отырған адамдарға, таныс блоггерлерге, сайт бойынша әріптестеріне хабарласады. Кітап сыйлау күні деген арнайы күнді белгілеп, кеңінен насихаттап дәстүрге енгізу қажеттігін айтып түсіндіреді. Міне осылайша қуатты ақпараттық қолдаудың арқасында адамзат тарихындағы ежелгі ізгі дәстүрлерге негізделген жарасымды жаңа үрдіс арнайы бір күннің арнасында жаңғырып, әлем жұртшылығына ортақ жылпарақ бетінде Халықаралық кітап сыйлау күні пайда болды. Әдетте ғасырлар, жылдар бойы «Әулие Валентин» атты күнмен өрнектеліп келген он төртінші ақпанның маңызы осылайша құнды мерекемен артты. Әлемнің кітапсүйер жұртшлығынан қызу қолдау тапқан мереке өзінің азғана жылдық қалыптасу тарихында үлкен танымалдыққа ие болып келе жатыр. Әсіресе бүгіндері осы күні ең алдымен балаларға кітап сыйлау кеңінен қалыптасты. Және сонымен қатар қандай бір себептермен кітап оқу мүмкіндігі шектеулі болған жандарға кітап сыйлау дәстүрі қалыптасып үлгерді. Кітапты сыйлық ретінде қабылдап алу – тек балаларға ғана емес, ересектер үшін де қуанышты сезім екені анық. Бұл ең әуелі – кітапты сыйға тартушы мен сыйға алушы арасындағы өзара сыйластықтағы жақсы қарым-қатынастың нышаны Себебі сыйлықты кез келген көлденең көк аттыға бере бермейді ғой. «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» дейтін халқымыздың мақалына саятын болсақ, кітап – әрқашан адам баласына өмірлік қажеттіліктерге қатысты қандай да болмасын білім-тәжірибелік, танымдық-тәрбиелік ақпараттарды беруші болып саналады. Кітап сыйлаушы да өзі кітап сыйламақ адамының білім-білігіне, өмірлік қызығушылығына, таным-түсінігінің көкжиегіне, әлеуметтік ортасына, жас ерекшелігін ескере отырып, лайықты сыйлықты таңдап алмай ма? «Көрінген кітапты оқи берген жарамайды, көңілде туған сауалдарға жауап бере алатын кітаптарды оқыған абзал», - деп Лев Толстой айтқанындай, сыйлыққа ұсынылатын кітаптың оқырман үшін қандай да бір позитив сыйлауын да ескерген дұрыс қой. Кітаптың мазмұнымен қатар оның тауар ретіндегі әзірлену сапасы, оқуға, ұзақ жылдар пайдалануға қолайлылығы туралы да көптеген талаптар ескеріледі.

Ертеңім еңселі, келешегім кемел болсын дейтін халық – кітап оқуды берік әдетке айналдырған халық. Мемлекеттің халқы кітапты көп оқитын болса, ол елдің адамдары гуманизмге бейім болады. Мұның нақты мысалы – кешегі коммунистік лагерь елдері. Себебі Кеңес Одағы бастаған коммунистік идеяны ұстанатын елдер әлем жұртшылығы арасында кітап оқушылар қатары мол болды. Дегенмен бұл режимде қандай кітапты, кімнің кітабын оқу немесе оқымау керек деген шектеу болғанын ескеруіміз керек. Осыған қарап: «Барлық кітап советтік идеология ауқымында болды, бүгінгі күннің мұраттарына мүлде үйлеспейді, мазмұны қызықсыз», - деген ойда жүрушілер болуы мүмкін. Бірақ біржақты түрде мұндай қорытынды шығаруға болмайды. Отандық, шетелдік қаламгерлердің үздік деген туындыларымен сусындап, әлемдік классиканың пролетариат кеңістігінде тыйым салынғандарынан өзгесін жата-жастана парақтап, кітап оқуды өмірлік дағдысына айналдырып өскен кітапсүйер аға буын өкілдері қазір де кітап оқудан қол үзген жоқ деп сеніммен айта аламыз. Оларға кітап сыйласа, әрине қуанып қалады. Дегенмен қоғамдық құрылым өзгеріске ұшырап, дағдарыс дендеп, қаржылық жетіспеушілік пен қымбатшылық меңдеткен күні кешегі онжылдықтарда кітап оқушылардың қатары біршама сирегені де анық. Бұл – өмірдің ақиқат шындығы. 

Кітапты да кез келген ересек адамға емес, осыны қажет етіп оқиды-ау деген жанға сыйланбай ма? Осы тұрғындан алғанда біздің елімізде орта жастан асқандардың бәсі жоғары екені түсінікті.

Кітап сыйлау үшін оны таңдап алу да қажет қой. Таңдау мол болуы керек. Қазақстандағы ірілі-ұсақты кітап дүкендерінде кітаптар баршылық. Әлемдік классика, орыс әдебиеті – заманауи баспа өнімі толып тұр. Кейінгі кезде шыққан отандық кітаптар да аз да болса табылып қалады. Бірақ қағазбен басып шығарып дүкенде сатылымға қойылатын кітаптардың дәурені біртіндеп өтіп барады. Сонау 1440 жылы неміс Иоганн Гутенбергтің өнертапқыштығынан бастау алған жаппай кітап өндірісі де тап кейінгі онжылдықтар жүзінде өз қарқынын тежеуге мәжбүр болуда. Бұған негізгі себеп – кітап оқушылар санының азаюы емес, жазылған шығарманы ұсыну мен қабылдап алу форматының өзгеріске ұшырауы. Себебі электронды нұсқада әзірлеп тарату мен оны сақтап алып оқу – қай-қай жағдай тұрғысында да әлдеқайда тиімді екендігін дәлелдеп келеді. Кітапқа сұраныс бар. Өйткені әлем халқы кітап оқудан ажырай қойған жоқ. Соңғы кезде біздің Қазақстанда да кітап оқушылар қатары қайтадан молайғаны анық. Соның ішінде қазақ тіліндегі кітаптарға да сұраныс артып, осы салада үлкен серпін байқалуда. Жазушы Ұларбек Нұрғалымның «Дайағашшы» кітабы әлденеше рет баспадан шығып жатуы – осы сұраныстың бар екендігінің айғағы. Сонымен бірге қазіргі күні қазақ тілінде шығатын кітап өнімдерінің оқырман үшін пішін көлемінің ыңғайлылығына мән беріле бастады. Бұл тұрғыда Арман Әлменбет басқаратын «Muqaba» баспасының өнімдері мақтауға тұрарлық. Сонымен қатар қазіргі әлемдік үрдіс бойынша Қазақстанда да ғаламтор желісі арқылы кітап сату жақсы жолға қойыла бастады. Дегенмен осы айтылғандарға қарап Иоганн Гутенберг ізбасарлары жақын уақытта баспа өндірістеріндегі станоктарын тоқтатып, ғимаратына құлып салады деуге болмас. Электронды кітаптан гөрі осы заманғы озық үлгімен әзірленген, тамаша дизайндық орындалған баспа өнімі – қағаз кітапты алып оқу әлдеқайда әсерлі екендігі даусыз.

Кітап оқу, кітап сыйлау үрдісі – адамзат қоғамымен бірге жалғасын таба берері сөзсіз. Өзге халықтарды қайдам, біздің тарихымызда бұл – ежелден бар. Түркі халқынан шыққан әйгілі ойшыл дана Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білік» атты даналық кітабын 1070 жылы Қарахандар әулетінің (942-1210) негізін қалаушы Сүлеймен Арсылан ханға (908-955) тарту еткені тарихтан белгілі. Шығыстың ойшыл ғұламаларында ел иесі сұлтандар, хандар, патшаларға кітап тарту ету – ежелден бері қалыптасқан үрдіс.

Тіпті мұндағы, өз еліміздегі игі үрдістен мысал келтіретін болсақ, Шыңғыстау бойындағы Ырғызбай ауылдарында қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының құсни хатпен арнайы дәптерге көшірілген өлеңдерін ұзатылған қыздарының жасауына қосатын дәстүр болған екен. Мүрсейіт Бікеұлы сияқты көшірумен шұғылданған азаматтар осыдан нәпақа тапқан деседі. ХХІ ғасырда да жалғасын тауып жатқан, қыздың жасау-жабдығына кітап қосуды дәстүрге айнадырсақ тіпті ғанибет емес пе? Қазақта не көп, той-томалақ көп. Той-томалақтың мызғымас бір атрибуты – тойдан тобықтай «тойбастар» деп таратылатын ұсақ-түйек. Кейбір зиялы той иелері «тойбастар» ретінде кітап тарататын жақсы үлгіні де анда-санда ұшыратып қаламыз. Бұл да құптарлық, жаппай дәстүрге енгізерлік үрдіс емес пе?

Кітап оқу – жеке адам немесе мемлекет тұрғысында қандай бір себептермен қалыптасып, ұзақ жылдар жүзінде дәстүрге айналатын ізгі қасиет. Бұған Ресейді үлгі етуге болады. GFK халықаралық маркетингтік зерттеулер институтының сұрау салуы бойынша әлем елдері арасында кітапты оқу рейтингісі анықталған. Осы рейтинг бойынша үздік ондыққа Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы, Испания, Италия, Ұлыбритания, АҚШ, Аргентина, Бразилия, Мексика, Канада кірген екен. Кітапты көп оқитын елдерден әлемдегі айтулы әдеби сыйлықтарға ие болған танымал жазушылар да көбірек шығуында мән болса керек. Ресей қалаларында автобуста, метрода кітап оқып бара жатқан немесе жоғары оқу орындары ғимараттарының баспалдағында отырып кітапқа үңіліп отырған адамдарды көру – әдепкі жағдай. Кітапты көп оқыған сайын адамның таным көкжиегі кеңейіп отырумен қатар, кітап – ақы-пұлсыз ақылшы ретінде өмірде кездесіп жататын түрлі-түрлі қиын-қыстау жағдаяттарда сабырлылықпен, істің оңтайлы шешімін тауып, тығырықтан шығуға көмектесетіні де белгілі.

Кітап оқу дегенде, қазіргі күні үлкен демей, кіші демей қол телефонға үңілетін жағдай еске оралады. Бұл – бүгінгі өкінішті шындығымыз. Дегенмен жас ұрпақты телефоннан аулақтатып, кітапты серік етуіне мәжбүрлі немесе саналы түрде бағыттап жатқан елдер де баршылық. Солардың бірі – Жапония. Бұл елдің тәртіпке бағынатын саналы қауымы, соның ішінде оқушылар бос уақытын кітап оқуға, өзге де пайдалы істерге жұмсауға бейім тұрады екен.

Осы ретте кітап оқуға қатысты мына бір деректі ұсынуды жөн көрдік. Кітап оқуды тұрақты әдеткен айналдырған адам аптасына қалыңдығы орташа деңгейдегі бір кітап оқыса, бір жылда елу кітап оқып үлгереді екен. Демек осы оқу қарқындағы кітапқұмар жасөспірім өмір бойы осылай оқыған қалпында қарттық белеске жеткен шағында шамамен 3000-4000 кітап оқиды деген сөз. Ал әлгі жасөспірім аптасына екі кітап оқиды десек, бұл көрсеткіш тағы екі есеге артады. Ал екі аптада немесе айына екі кітап оқиды десек, екі есе азаяды. Бірақ бұл әркімнің ынта-жігеріне, қызығушылығына, мамандығына т.б. қатысты түрлі көрсеткішке ие болуы мүмкін. Жалпы алғанда Жер шарындағы адамзат баласының оқитын кітап саны орта есеппен бес жүз дана екен. Бұл сан бір адамның ғұмыры үшін көп пе, аз ба, өзіңіз сараларсыз. Және өзіңіз осы жасқа дейін қанша кітап оқып үлгердіңіз? Қазір бос уақыт тауып кітап оқып жүрсіз бе? Жоқ әлде қызықты кітапты парақтай, құныға оқитын қайран алтын уақытыңызды фейсбук пен вацап, телеграмм мен туйттер, ютуб және басқа да әлемжелілерге еріксіз қалай «ұрлатып» алғаныңызды аңғармаған сарындағы өмірді бастан өткеріп жатырсыз ба? Әрине, қазіргі замандағы ақпарат алмасу форматының жетістігіне негізделген әлеуметтік желілерді, олар арқылы ұсынылып жататын сансыз ақпараттардың сізге еш пайдасы жоқ, оларды қарамаңыз демейміз. Бірақ талғам таразысына сала отырып, қызығушылықпен оқыған көркем әдеби немесе тарихи танымдық, ғылыми т.б. жанрлардағы кітаптың білім көкжиегін кеңейту, рухани жан азық алудағы ықпалы өлшеусіз ғой. Кітаптардың оқырманға психологиялық, эстетикалық тұрғыдағы сыйлайтын әсері бойынша тигізер пайдасы орасан екендігін кім жоққа шығарар? «Жақсы кітап – жан азығы», - деген осы емес пе?

Пролетариат көсемі «Адамды адам еткен – еңбек», - деген болатын. Ал қазақтың заңғар жазушы Әбіш Кекілбай бұл ой жөнінде басқаша тұжырым жасайды: «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана». Иә, адамды адам еткен – кітап. Ол рас. Адамзат баласының алғаш сонау тас пен сазға түрлі ақпараттарды жазуының өзі – кітаптың бастамасы емес пе? Жазушы Әбіш Кекілбай айтқанындай, кітапхана – адамзат ақыл-ойының сенімді қоймасы. Кешегі кеңес заманының адамдарында үйіне өмір бойы тірнектеп кітап жинайтын дәстүр бар еді. Өзін зиялы азаматпын деп санайтын әрбір оқырманның үйінде жүздеген, тіпті мыңдаған кітабы бар кітапхана болатын. Мұны өкінішке қарай электронды тасымалдағыштар дәуірінде туып-өскен қазіргі буын түсінбейтін де шығар. Өмір бойы жинаған кітаптары ұрпақтарына қажет болмай, қажет деп тапқанын сатылымға шығарып, қалғанын қоқысқа лақтырып жатқан адамар қаншама? Кітаптың қадірін білетін дәуірге қайта оралар болсақ бұл жағымсыз үрдіс азаяр еді. 

Кітап сыйлау күні деп арнайы белгіленгені болмаса, бұл – біздің қоғамымызда бұрыннан қалыптасқан ізгі дәстүр екендігіне тағы бір мысал – ақын-жазушылар өздерінің баспадан жаңа шыққан, сиясы кеппеген кітаптарын қаламдастарына, шығармашылығын шын бағалайтын оқырмандарына қолтаңбасымен сыйлайтын үрдіс болған, ол қазір де бар. Бірақ айта кетерлігі: сол сыйланған кітаптардың барлығы бірдей оқылып жатыр ма, сұраныс бар ма? Ол жағы белгісіз. Кей жағдайларда көпшіліктің алдында тұсауы кесіліп, жаппай таратылған мұқабасы жылтыраған небір көлемді-шағын кітаптардың әр бұрышта елеусіз шаң басып жататыны да рас. Бұл – кітаптың барлығы бірдей адамды оқуға қызықтыра білуі мүмкін емес деген ақиқаттың көрсеткіші. «Жетектеген тазы түлкі алмас», - дегендей, таланттың емес қалтаның буымен шығарылған іші су, сырты жылтыр, оқырманның қызығушылығын тудырып, сұранысын қанағаттандырмайтын кітаптың барар жері – макулатура қабылдау орны десек те болар. Ал оқырманды ойландыратын, өмірге құлшындыратын мықты туынды жазған автордың шымыр туындысы қай дәуірде де сұранысқа ие. Бұл – нарықтық экономика дәуірінің заңдылығы. Тауар неғұрлым өтімді болуы – оны базарлаушы үшін маңызды. Жақсы кітап – өтімді тауар деген сөз. Сондықтан кітап сыйлаушы да мұны міндетті түрде ескереді.

Эмми Бродмур ойлап тауып өмірге енгізген Халықаралық кітап сыйлау күні осылайша кітап өндірісіне де тың серпін бергендей. Ендеше тәуелсіз мемлекеттің саналы азаматтары біз де Халықаралық кітап сыйлау күнінде айналамыздағы адамдарға, әсіресе еліміздің болашағы бүлдіршін балақайларға кітап сыйлап қуантайық!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар