Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Заман – мерген, адам – бүгін құралай

БЛОГТАР

15 мамыр 2017
4855
0

Заман – мерген, адам – бүгін құралай

ӨЗЕН – ҚЫЗ ЖАТЫР АУНАҚШЫП,

ҚАЗОТЫ ЖАЙҒАН МАМЫҚТА

 

Толқыған шабыт кеудемде,

ескегін есіп жыр – қайық,

қасқа атқа мініп мен бірде,

өзенге келдім қой жайып.

 

Су шайған үлкен арнаға,

шөліркеп жеткен шыбық – тал,

таласып жатыр жағаға,

айырауық  пенен  құрақтар.

 

Өлеңшөп, түйежапырақ,

шығыпты бітік маңайға,

қарайды күнге шатынап,

кәріқыз  бенен  шоғайна.

 

Әнқұмар өзен түсінген,

ән салған құсқа – күйсандық.

көделер тынып ішінен,

көк жусан жатыр исі аңқып.

 

Өгіз  шағала өкіріп,

тынышын судың алғандай,

балықтар жатыр секіріп,

тас атып біреу тұрғандай.

 

Қарабай* дейтін – қармақшы,

шығыпты бүгін балыққа,

өзен – қыз жатыр аунақшып,

қазоты жайған мамықта.

 

Көргенді миға қондырып,

некесін қидым ойлардың,

суатқа шөлін қандырып,

жайылып кеткен қойларым.

 

Жел соқса қамыс бұлқынып,

сыбдырға құлақ түретін,

күзетші – қурай, тал – құлып,

суаты қақпа кіретін.

 

Қараймын қойға өріске,

алыста шекшек шырылдап,

қорбиған аю – шегіртке,

ұшады көкке пырылдап,

кезерген өңір – еріндей,

өзеннің арғы еңісі –

тазының қысқа – жүніндей,

қара оттың – шымыр терісі.

 

Самалды соққан елемей,

шырмауық талға асылып,

жабысқан жерге кенедей,

көкпектер жатыр шашылып,

 

қой – жотаның адасқан,

астары түк, сырты май,

тобылғылар топтасқан,

үйір – үйір жылқыдай,

 

қараймын қимай қызықты,

жайылып кеткен ұзап қой,

төркіндеп келген қыз – бұлтты,

қарсы алды туыс – қырат, ой.

 

Отырмын салып жыр – өрнек,

толқынға қарап ойланып.

Қасқа атты қойғам шідерлеп,

қой бағып жүрмін, ой бағып.

 

Қарабай* – балықшы құс

 

1.06.2001

 

       

 

 

 ЖАЛҒЫЗ САРЫ ЖАПЫРАҚ

 

Сары күздің жазған сары хатын ап,

тұнжырайды бағы тайған атырап,

жел өтінде қу бұтаққа ілінген,

зар қағады, жалғыз сары жапырақ.

 

Тағдырына мойынсұнған қалтырап,

жапырақты тұр ғой әлем бақылап,

адам – сынды қимай жатқан жарықты,

сары уайым жеген сары жапырақ.

 

Зар қағады ол  сабағында қалтырап,

мұңлы әуенге құлақ тігіп отыр бақ,

жылы жаққа кете алмаған оқ тиіп,

сары ала қаз, бәлкім – сары жапырақ.

 

Күз тағдырдың келерінен қапы қап,

жаз бойына әндетті ме ақымақ!

Қайық па екен бағытынан адасқан,

сары желкен таққан сары жапырақ.

 

Жел өтінде тұр ғой өмір қалтырап,

ажал жетсе, құлар жері – топырақ.

Болашақтан үміт үзген адамдай,

жаздан күдер үзген сары жапырақ.

 

Жел өтінде тұрған оның қалтырап,

ей, табиғат, арызына сал құлақ!

Сары күзге шағым айтып жатқандай,

сара тілін сарқып сары жапырақ.

 

Cалып өтіп нөсерімен шапалақ,

 түнеріп кеп қарайды аспан шатынап,

кәрі ағашқа таққан медаль секілді

теңселеді  жылтыр сары жапырақ.

 

Тағдырына мойынсұнған қалтырап,

жапырақты тұр ғой әлем бақылап,

адам – сынды қимай жатқан өмірді,

жел өтінде әлсіреген жапырақ.

                                                   

17.06.2001

                              

             

 ҚАРАША АУЫЛ – ҚАРА ШАЛ

 

Қара бұлттың – қара тай,

қара тері моншақтап.

Қара сирақ – қарағай,

қарап тұрды тайсақтап.

 

Қара жартас бетінде,

қара тамшы секіріп.

Қара табын өтінде,

қара Бұқа өкіріп.

 

Қара суда домалақ,

қара балық құтырып.

Қара талды паналап,

Қарабай жүр күтініп.

                     

Қара қазан  қайнаған,

қара кемпір алаң боп,

қара жолға қараған,

қарайғанды балам деп.

                                  

Қара басын күйттеген,

қара төбет қыңсылап.

Қара қырды көктеген,

қара нөсер тұр сынап.

 

Қарашыл Ат секілді,

қарайғанға қырындап.

Қара дауыл  жегілді,

қара бұлтты мойындап.

        

Қара ескегін сүзеген,

қара дауыл есіп жүр,

қара бала тізеден,

қара қақты кешіп жүр.

        

Қараша ауыл, қара шал,

қора айналған бүкжектеп.

Қара құмда – қара жол,

қара жидек бүршіктеп.

       

Қарауытқан қара аспан,

қара тулақ күйге енген.

Қара батпақ жабысқан,

қара қайыс иленген.

                 

Қараша қаз жолымен,

қара түтін будақтап.

Қарайды аспан, қолымен,

қара бұлтты салмақтап.

                           

 Қара бұлттан ықпаған,

 қара бұйра бөктердің,

 қара төсін қақтаған,

 қара желі көктемнің.

     

  2001 жыл, сәуір

 

           

       АУЫЛДЫҢ БАЛАСЫМЫН

 

Ауылдың баласымын – қырға ғашық,

құмға ғашық, әдемі жырға ғашық,

түлкінің құйрығындай бұлаңдаған,

қашаған – жол барады қырдан асып.

 

Ауылдың баласымын – гүлге ғашық,

күнге ғашық, сыр бүккен түнге ғашық,

Суретші – табиғат сан бояумен,

жатыр, әне, даланың көркін ашып.

 

Ауылдың баласымын – айға ғашық,

таңға ғашық, тербеткен ойға ғашық,

қып – қызыл боп ұялған, Күн – келіншек,

жатыр, әне, қырқамен аймаласып.

 

Ауылдың баласымын – жерге ғашық,

желге ғашық, ақ пейіл елге ғашық,

бұлттың өзі жетеді бұл далаға,

сағынышын жаңбыр қып, белден асып.

 

Ауылдың баласымын – далалықпын,

кең, жомарт, мәрт мінезден – жаралыппын,

ойына келе бермес қалалықтың,

сырын ұқтым даладан – даналықтың!!!

                   

2002 жыл, сәуір

 

  ЖІГІТТІ ҚАЙРАУ

 

Бас бермеген арыныңды,

ауыздықтап алу үшін күш керек,

жалыны бар азаматқа,

керек сосын үш тірек!

Ақыл – қалқан, төзім – көбе,

қайсарлығы – найзасы,

жігіт батыр сол найзасын

жауға салса үшкірлеп,

бірақ, бірақ,

қызға деген – махаббаттан есті алған,

елге деген махаббаттың

от – жалыны күштірек!

 

Шаңырағың – туған елің,

туырлығың – берген тәлім – өнеге,

адам – уық шаншылатын,

Отан – панаң, кереге.

Тілің – ұстаз, Дін – тазалық,

Ұят – адал серігің,

мұның бәрі қақ секілді,

сіңу керек денеңе.

Мұның бәрі бойға сіңсе

қыз сенімін ақтарсың,

бірақ, бірақ,

ел сенімін ақтау қолдан келе ме?!

 

Дұшпаныңды қаймықтырып,

еркін шығып тұру үшін тынысың,

қайсар қолдан түспеу керек,

намыс дейтін – қылышың.

Отаның мен сүйгеніңді,

жат қолына қалдырып,

қорқақ болып бас сауғалап,

кешкен ғұмыр құрысын!

«Махаббаттың құлы» дейді

егер өлсең, қыз үшін.

«Нар халықтың ұлы!» дейді,

егер өлсең, ел үшін!!!

          

 9.06.2001.

                   

 

           ЖАҚСЫ АДАМДАР

 

Үміт – баған құласа тірек қылған,

кетер еді тіршілік жүдеп мұңнан,

шаңырағы өмірдің шайқалар ед,

жақсы адамдар болмаса тіреп тұрған.

 

Тауқыметпен сұрапыл алысқанда,

көмек әсте келмейді ғарыштан да,

кіріптар боп ақ жүрек  жақсы адамдар

жүреді ылғи біреудің қол астында.

 

Сенеді ғой бәріне балаша аңғал,

көрінуді қаламай топта заңғар,

қызықтан да кеш қалып, атақ – бидің

сарқытын жеп жүреді  жақсы адамдар.

 

Адал жандар сүрініп, құлай берген,

 бейнет жерде қалмайды құдай көрген,

 қиналғанға қарасқан жақсы адамдар,

сендер – мынау өмірге шырай берген.

 

 Кедергілер, тұрса да қажап сындар,

мүжілмеген тұлғалар,  ғажапсыңдар!

Неге екенін кім білсін, ей, жақсылар,

ат төбелі секілді аз – ақсыңдар.

                                 

 2001 жыл, сәуір

 

БАСЫМНАН ОЙ БОП КӨШТІ БҰЛТ

 

Бұлттарды қара Толағай,

ымыртта жауған ақ қардай,

кигіз үй қырға қонақжай,

түстеніп бара жатқандай,

 

барады бұлттар жөңкіліп,

үріккен үйір жылқыдай,

қай жерде бөздей жыртылып,

тарқарын білер бір Құдай.

 

Барады бұлттар сырғанап,

көпіріктеніп сабындай,

дұшпаннан жанын сауғалап,

үдіре көшкен ауылдай.

 

Барады бұлттар шұбырып,

түскендей сынға – жарысқа,

көк белде аздап тынығып,

кетпек – ау, сосын алысқа!

 

Барады бұлттар қырды асып,

басымнан ой боп көшті бұлт,

қырқадай жаным құлазып,

мұңды әуен тұрды естіліп!

                              

 8.10.2001

       

                ТАУ ТУРАЛЫ ОДА

 

О, алып тау,

сені биік деп жатады шыққандар,

сені тұйық деп жатады ұққандар,

мен де сені, жиі еске алам, толғанам,

бірақ сені, күндеп жатқан бұлттар бар.

   

О, алып тау,

 саған тыным жоқ шығар,

 сенің жаның – кеудеңдегі топ шынар,

 сені жер қып кету үшін найзағай,

 ең алдымен, соған келіп соқтығар!

 

 О, алып тау,

 мұңыңды ұғар қай кісі,

 даралықтан азап шектің, байғұсым,

 құзар шыңнан құлар болса бір тасың,

 саған батар оның батпан қайғысы.

 

 2001жыл, мамыр

 

                                       КҮЗГІ КӨРІНІС

 

Бала – нөсер себелеп, кәрі еменнен хал сұрар,

қара бұлттың күркірі – аспан салған ән шығар,

сазына елтіп сол әннің бұталарға асылып,

жапырақтың үстінде билейді қыз – тамшылар!

 

Жапырақ – ау сарғайған, жаздан күдер үзбегін,

мезгіл дейтін – керуен, тонап кеткен түз кенін,

сары белге сыр айтып, сайрандаса сағым – қыз,

жоталарға асылып, алады әрең күз демін.

 

Үйір бұлтты шапқылап, қуып көрді жүдеу – жел,

тынбай жауған нөсерді сыбап жатыр біреулер.

Жаздай жаумай безеріп, күзге иіген жауынға,

жаны күйіп тістеніп, жылап алды күйеу – бел.

 

Қыз – тамшылар қыдырып, барады әне біз – өкше,

күндіз тамшы болғанмен, түнде болар мұз – бөксе.

Бақ ішінде жалаңаш, жалаң аяқ ағаштар,

дүр сілкініп қояды, табанынан сыз өтсе...

                                          

2001 жыл, қараша

 

 

ЕРЕЙМЕНГЕ САПАР

 

«Ерейменнің имек тұмсық таулары,

Желге қарсы ұшатұғын бүркіттей...»

                                             С.Мәуленов.

 

Аспан – перде дірілдеп,

көкжиегі мұнартқан,

қатпар – қатпар сілімдер

түйе – сынды жүк артқан.

 

 Ұстап желдің өтіне,

суретші  қыз – әлем,

жықпыл тастың бетіне

бояу жаққан қынамен.

 

Таудан құлап жол – кебіс,

кедір – бұдыр табаны,

қарағайлар альпинист,

тауға өрмелеп барады.

 

Құздан құлап өріске,

тау жаңғыртып дүбірі,

шұбатылған еңіске,

бұлақ – тайдың шылбыры.

 

Қайта – қайта ойқастап,

жету үшін бұлаққа,

шашыраған қой – тастар,

құлап жатыр суатқа.

 

Қос жотаны – қос өркеш,

атайды екен Күншалған,

таң сәріде қос теке,

күнді сонда қарсы алған.

 

Ерте тұрып көргенде,

төніп тұрар жаныштап,

Күн тағына мінгенде,

кете барар алыстап.

 

Таудың ұшар басына

ұя салған қыран – бұлт,

таудың киік – тасына

түспек болып жүр аңдып.

 

Қара күшін байқатып,

жел – баһадүр,  ойда жүр,

тас – қалқанды қаусатып,

тесіп шыққан найза – гүл!

 

 

Сағым – қыздың алып тау,

құшағына еніп бір,

байланбаған шың – бұзау,

Сиыр – бұлтты еміп тұр!

 

Тауды көру арманы,

қырдың ұлы келіп ем:

Ерейменнің таулары,

шет – шегі жоқ керуен!

 

2000 жыл, сәуір

 

             

     САРЫ КҮЗ

 

Сүмбіледе даланың,

 сыздап шиқан – суығы.

Самарқаулау бала – күн,

сызды жерден қуады.

 

Сары күзім келді деп,

сыбызғы жел – сайрандап,

сары шашы желбіреп,

сары уайым жеген бақ.

 

Саусақ – тамшы түртуде,

сақау – қырды сіркіреп.

Сырылдайды бұлт – кеуде,

сырқат – аспан күркіреп.

 

Секем алып қаңбақта,

сұр көжектей қашады.

Сары бидай алқапта,

сары алтындай масағы.

 

Сары далаға симай бір,

сапарына сайланып,

сарыала қаз қимай жүр,

сары өзенді айналып.

 

Сәби – толқын сылдырап,

сүйіп жатыр жағаны.

Сағым – өзен бұлдырап,

сынап болып ағады.

 

Сарай – жерге, түн қатып,

соғып ылғи дамылсыз.

Сыпырғышпен шаңдатып,

сыпырып жүр – дауыл қыз.

                   

 2001жыл, қазан

 

                     

                         ӨМІР...

 

Балалықтың ауылында пана да көп,

әке де көп, сенетін аға да көп,

саяқ кетіп, бұл күнде адастым мен

Өмір дейтін беймәлім қалаға кеп.

 

Шарабына байлықтың қызып қалған,

қашып жүрдім, соқтыққан бұзықтардан,

Өмір дейтін қалада аузымды ашып,

үлкендердің күресін қызықтағам.

 

Көрдім сонда шындыққа мін артқанын,

қырандарды торғайға сынатқанын,

соңғы сәтте қиянат төреші боп,

әлділерді  әлсіздің құлатқанын.

 

Елестерді ойдағы жырмен күштеп,

қайтем енді олардың түрін түстеп,

қиянатты көрсе де көрмеген боп,

кей жақсылар тұрған – ды тілін тістеп.

 

Тоқтығыма риза шат көңілмен,

келіп едім, барлығы жат көрінген,

қиянаттың балтасы бір салғанда,

үмітімнің емені қақ бөлінген.

 

Сонда ұққанмын өмірдің бір қатпарын,

шешпек болғам өзімше жұмбақтарын,

әділетсіз істерді көре тұра,

Құдайым – ау, сен неге, үн қатпадың?!

 

Мойынсұндым, байға да, айлаға да,

бұлай жүріп  бақ табам  қайдан  ғана...

Көз алдымда сайқалдай құбылады

 мені өзіне телміртіп қойған қала...

            

 2001 жыл, мамыр

                        

           

          БИЫЛҒЫ КӨКТЕМ

 

Шөкім бұлт жоқ,

аспан бүгін көкпеңбек,

көк белдерді аралап жүр Көктем кеп,

көк теректе қыс – құдаға риза,

менің – дағы өткен қысқа өкпем жоқ.

 

Өмір – Көктем,

 Адам – шыбық тұр көктеп,

тіршілік ол – сауат ашар бір Мектеп,

көк теректің бұтағына жабысып,

сәби – бүршік барады, әне, еңбектеп.

 

Кәрі қырдың қолтығынан көк демеп,

тақыр төбе,  көп ұзамай көктемек,

табиғаттың құрсағында жетілген

бақшаларда шығып жатыр көк түйнек.

 

Шөкім бұлт жоқ,

аспан бүгін көкпеңбек,

қаз – тырналар келеді, әне, Көктем боп,

ауыл маңы - асыр салған қозы – лақ,

олар да әлі алысқа ұзап кеткен жоқ.

 

Жеңілтек – жел, өскен қыздай бұлғақтап,

соғып өтер, қарамайды салмақтап,

дала жатыр  қар – көрпеден ашылған,

сирақтарын бауырына жинақтап.

 

Тұла бойын тұмшалаған көк тіреп,

көк мұнарға ашулы ма көк Терек,

көкбеттеніп маған алған жауығып,

мен де жүрмін бір адамға өкпелеп.

                                          

10.06.2001

                     

 

                              СОНАР

 

Ойым – бүркіт, қиял – тазы, санам – дала,

ұшқыр – қалам қолымда шапқан дара,

ақ қағазға – ақ көбік үңілемін,

қансонарға шыққандай жаңа ғана.

 

Шиырлаған көп ізге қараймын да,

үлкен ізді қасқырға балаймын да,

тартып берем қиялды ізге салып,

ұшқыр  қалам жетсе егер, аяймын ба?!.

 

Бүркіт – ойым маңайын алды қарап,

тазы – қиял тұр, әне, қарды жалап,

көбік қарды шиырлап тастапты ғой,

менен бұрын шыққандар алдымды орап.

 

Менің түскен ізіме жанасқанда,

соғып алған олжаға таластым да,

қасқыр – теңеу қарасын көрсетпей жүр,

қоян деген өріп жүр қыр астында.

 

(Қарау керек теңеудің түр түсіне),

қалу оңай біреудің күлкісіне,

бүркіт – ойды қорқамын ұшыруға

түсе ме деп біреудің түлкісіне.

 

Қос бүйірін соғып жүр бағы ашылмай,

ұшқыр  қалам  мінген соң, таң асырмай,

бүркіт – ойды қоянға салып қайтем,

оны Қиял алып жүр қыр асырмай.

 

Іздесем де көзімді қызықтырған,

теңеу – түлкі таппадым сүзіп қырдан,

аңшысымық – жазғыштар көп деседі,

мен де соның бірімін – ау, қызық қуған.

                                             

 29.05.2001

                   

 

          БІЗДІҢ АУЫЛ

 

 

Тамылжытып ән шырқаған,

тұйық қара – қызға арнап,

тентек біткен қырқадан,

теретін едік қызғалдақ.

 

Туған жер – күретамырым,

тағатсыз жаным – жас киік,

Тентексай – менің ауылым,

терек тұр, әне, қасқиып.

 

Тербесе дауыл тоқтар ма?

Теңіздей толқып май – құмдар.

Таласып үйір – бұлттарға,

тебісер көкте айғырлар!

 

Тұрса да босап буының,

тамсанып ішіп, қанып ал,

Табылды, Естек суының,

таңдайдан кетпес дәмі бал!

 

Теректі көрсең,  жыр тұнған,

тұлпардай жүрек   жұлқынар,

төбенің анау  бұлт қонған

тебіндеп қалған мұрты бар.

 

Терең бе, ойы қауымның,

таразыла, өзің салмақта,

таныссаң, бәрі – бауырың,

тамаша жандар сол жақта.

 

Туып ем осы өлке де,

тұрамын қалай мақтанбай,

тымырсық болса – шілдеде,

тамызда түні – ақпандай.

 

Тазыдай тілді жүгіртіп,

тапқырлық сөзбен  қылжақта,

тіліңді сенің мүдіртіп,

табиғат сөйлер бұл жақта!

 

Терең бе ойы қауымның,

талғаммен өзің – салмақта,

таныссаң, бәрі – бауырың,

тамаша жандар сол жақта!!!

     

3.01. 2002 ж

 

             КҮЗ КЕЛДІ...

 

Күз келіп жомарт далаға,

жайқалды билеп, сары егін,

жел дейтін – сәнқой мырза аға,

алмай жүр қырдың сәлемін.

 

Оқ атып аңшы – найзағай,

күз келді, сауық басталды,

дабылын қағып аямай,

үркітіп жатыр құстарды.

 

Ызғырық желден есірген,

шулайды қамыс – зар илеп,

Жаркөлдің* аппақ төсінен

мамырлап ұшты қаз – үйрек,

 

артында қалды кеңесіп,

құмдауыт төбе, бедеу – бел,

қорамсақ толы – жебесі,

шашы ағарған селеулер.

 

Тұрса да қанша тіресіп,

болмады жаздың күтімі,

ауылдың кетті – ілесіп,

көшпелі бұлтқа түтіні.

 

Жаркөл*– Торғайдағы көл аты.

 

1.12. 2001 жыл

 

ОҢАЙ ЕМЕС ЖЫР ЖАЗУ

 

Жырымды оқып, ойлы інім,

кінә  бәлкім  артасың,

жайдақ мініп ойлардың,

жауыр қылды деп арқасын.

 

Кінәла ма, ойлы жас,

іздесем де ой – қырдан,

таптырмай жүр ол рас,

теңеу дейтін ер –тұрман.

 

Кінә тақпа, түсін тек,

Өлең – менің сырласым,

көрмек едім мүсіндеп,

кербез жырдың тұлғасын.

 

Ой дегенің – толқын жыр,

жар кеудені жаншыған,

оңай емес толқып бір,

теңіз құрау тамшыдан.

 

Не табасың кінәлап,

оңай емес  жыр жазу.

Ой дегенің – күрек ап,

емес шығар жер қазу.

 

Жылқы – шабыт келгенде,

сыздап кетер желіндей,

өлең жазу үшін де,

төзім керек темірдей.

 

Осы мені қинайды,

айтқаныңа көнейін,

жауыр болған ойларды,

құр жіберіп көрейін.

 

20.04.2001.

 

             ЕГІС БАСЫНДА

 

Қарап тұрып табиғаттың сыйына,

сан – сапалақ ой келеді миыңа,

Сары бидай – жаратқанның тартуы,

жомарт – күздің шашу қылып тойына.

 

Сары бидай – сарқыраған ақ бұлақ,

желмен толқып, алатындай шапқылап,

тірлігіне тәубе жасар  кей сәтте,

жерге басын соққылап.

 

Жолың түсіп мол егінге – несіпке,

келе қалсаң, таң ата кел, кешікпе!

Жер – ананың төсін еміп, маужырап

сәби – масақ тербеледі бесікте.

 

Сары бидай  –  құт – береке шашылған,

нәр алған ол, аспан шашқан шашудан,

масақ – қыздар күндіз түрін жасырған,

түнде ғана күлім қағып ашылған.

 

Сары бидай – өзен болып тасыған,

өте алмайсың, таңдай қақпай қасынан,

диханшылар сипайды екен масақты,

сипағандай баласының шашынан.

 

Сары бидай – тартып қалсаң қиылған,

алақанға маңдай тердей  құйылған,

ен байлыққа қарағандай қарайсың,

уысыңда тұрған алтын тиынға...

   

 8.06.2001                         

 

                

      БҰЛТТАР КӨШІП БАРАДЫ

 

Бұлттар көшіп барады, нөсерден соң,

қимайды оны көк барқыт төсенген жон,

көңілімнен менің де көшті бір бұлт,

айтыңдаршы, ағайын, не істеген жөн?!

 

Тұрақ таппай барады бұлттар ауып,

тарқатты олар шерлерін, сыртқа жауып,

бұлт – көңілім бір тамшы тамызбады,

ойға шауып, біресе, қырға шауып.

 

Бұлттар кетіп барады ошағына,

дала – бала, шат сезім құшағында.

Менде келем көңілдің ырқыменен,

желден жүйрік  әз – ойдың ұшағында.

 

Бұлт мақсаты – қалайда тауға жету,

мендік мақсат – қиялды азық ету,

бұлттың ойы – қалайда жауып өту,

менің ойым – қалайда жазып кету.

 

Бұлт арманы – жиылып қайта келу,

мендегі арман – жыр күшін байқап өлу,

бұлт арманы – жиғанын жерге төгу,

мендегі арман – барымды елге беру.

 

Бұлттар көшіп барады, менде көшем,

бұлт боп жауам, болмаса мүлде өшем,

еркімді алған шабытым – жасын ойнат,

(жел ырқында кетеміз), үндемесең...

                                      

 2.06.2001

 

                     

               КҮЗДІҢ СОҢЫ

 

Сары далада өткізіп күшті сынақ,

түсті тақтан күз – батыр қысты сынап,

тырналардың ерем деп тізбегіне,

құс – жапырақ, ағаштан ұшты жырақ.

 

Көрік кеткен өзеннің жағасынан,

толқын да жоқ тулаған, аласұрған,

қыс – патшаны көзінше сынаймын деп,

қуылды әне, күз – батыр даласынан.

 

Далаға да қыс – патша салмақ тұзақ,

енді мал да алысқа бармас ұзап,

 ақ көрпе – мұз өзенді қымтап алған,

сүт бетіне жиналған қаймақ құсап!

 

Жағымпаз – бұлт, жағынып тамшылаған,

семіз – белді найзағай қамшылаған,

Қоян – қырды үркітіп алмайын деп,

жер бауырлап жылжыған аңшы – тұман!

 

Күз – батырды қия алмай қырқаны асқан,

қар ұшқындап, даладан маза қашқан,

қар – тарыны ұнтақтап, келі – бұлтты,

дүңкілдетіп қояды келсап – аспан.

 

Сары далада өткізіп күшті сынақ,

қудаланды күз – батыр қысты сынап.

Таққа мінсе қыс – патша қаһарланып,                                   

биігінен күз – батыр түсті құлап.

 

Қасарысқан батырды, аласұрған,

жел – саусақпен алды қыс жағасынан,

үкім кесіп ақыры күз – батырды,

жер аударып жіберді даласынан.

                                     

 12.06.2001.

                 

 

             ҰЛЫ АБАЙҒА

 

О, өлеңнің падишасы, королі,

мойындаған сені ойдың әлемі,

даналықтың асқарына шықтың сен,

болып жүрек жұлдыздан да дәмелі.

 

О, өлеңнің қолбасшысы, королі,

қазір сөздің кетіп – ақ тұр мәнері,

оқымайды жылап жазған жырыңды,

кей адамдар «ақ киімді, денелі».

 

Тіршіліктің арбасына дөңгелек,

болды жырың, барады әне дөңгелеп,

түсінгенге ақыл – ойдың шыңысың,

шыңға шығу оңай емес өрмелеп.

 

Жылдар өтті, күндер жетті сырғанай,

Заман – мерген, адам – бүгін құралай, 

мыңмен жалғыз алысатын қаймықпай,                   

бұл заманға керек боп тұр бір Абай.

 

Ей, қажының өлең сіңген қара ұлы,

қазақты әлем сен арқылы таныды,

әлі күнге сәуле шашып тұрғандай,

өзің жаққан жыр отының жарығы.

 

Поэзия – шалқып жатқан көк майса,

Ми – өнімді көп береді  тыңайса,

жазу керек ақындарға Абайша,

ал, Абайша жазу керек  қалайша?!

 

Жаза алмадық, ұмтылсақ та құлшынып,

бізге сырын ашпай жатыр тіршілік,

тұңғиықтан жыр – маржанын терем деп,

демі жетпей қалғандар көп тұншығып.

 

Жылдар өтті, күндер жетті сырғанай,

Заман – мерген, адам – бүгін құралай,

мыңмен жалғыз алысатын қаймықпай,                   

бұл заманға керек боп тұр бір Абай.

 

17. 09. 2002.

 

                    

 

Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha