Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Ұқпасыңа қояр ма?..

БЛОГТАР

30 желтоқсан 2021
965
0

Ұқпасыңа қояр ма?..

«Өмір жолы - тар соқпақ, бір иген жақ,

Иілтіп екі басын ұстаған хақ.

Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ,

Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ, -

 

дейді хакім Абай. Жас балаға мұндай ұлағаттың шынайы мәніне жеткенше, оны ұғып, түйін түйгенше біраз уақыт керек болса да, бірақ оны ерте ме, кеш пе бір түйсінері хақ. Данышпан Абай да соқтықпай өтпейтінін меңзеп, одан құламай өтудің оңай еместігін алдын-ала ескертіп, «абайлашы» деп алаң боп тұрғандай. Ал алмағайып кезеңге тап боп, қылдырықтай жолдан әупірмдеп өткен буынның бірі Мара Исенғалиқызының өміріне үңіліп көрсек...

 

 

* * *

 

 

Әуелі әкемнің кім болғаны туралы айтпас бұрын, сәби жадымда қалған мына бір суретті еске алайыншы. Жалпы бала кішкене кезінде ата-анасы қасында болғанын қалап, көбіне солардың жанын айналсоқтап шықпайды емес пе.

 

Мен әкем қолы жұмыстан қалт етсе, онымен бірге серуендеуді ұнататын едім. Бір де екеуміз орталық саябаққа бет алдық. Бақтың аты бақ, айналаны көмкерген жап-жасыл теректер өзіне баурап, желпілдеп алып-ұшқан көңіл дес бармей орталық алаңға қарай тұра жүгіргенмін, кенет кілт тоқтадым.

 

Мұндайды бұрын көрмедім бе, әлде ағармағанмын ба?.. Мүмкін абыр-сабыры аз тыныштықта көзге түскен зат анығырақ көрінетін шығар, әйтеуір балалық әуестік жеңіп, таңырқап қалдым.

 

...Қарсыдағы жапырақ жайған мәуелі ағаш түбінде сіңіріне ілінп, арса-арсасы шыққан адам алба-жұлба киімінің битін сығып отыр екен. Мен аспаннан түсіп, жат, тосын дүниеге тап болғандаймын. Тапжылмай қимыл-қозғалысты қалт жібермей бағып тұрмын. Соңымнан әкем жеткен, қасыма сәл кідіріп, қалтасынан ақша алып ұсынды. Анау риза боп, әлденелерді айтып жатыр.

 

Оның қасынан үнсіз ұзай бергенде өзіме түсініксіз көріністен бірнәрсе айтпас па екен деп, әке бетіне қарағанмын, күтпеген нәрсені көріп қобалжып қалдым. Көзде мөлтілдеген жас.

 

- Әке, неге жыладың?

 

- Жай...

 

- Неге жай?..

 

- Оны өскен соң біліп аласың...

 

Құмыққан жауапқа қанағаттанбай, дүдәмалды шешкім кеп:

 

Жаңағы адам кім, ол неге кір- кір, үйіне барып жуынбай ма, тамақты жақсылап ішсе сондай арық болмайды ғой? - Деп көкей тескен сұрақты жаудырып, ежіктей бастадым.

 

Оны да балам, ержеткен де ұғарсың...

 

Дұрыс жауап алмау ренжітіп, тосарып қалғанмын. Іштей; дәп қазір айта салса болмай ма, өскенше анығына жете алмай жүре беру керк пе?.. деп бұрқансам да, - мүмкін айтуға болмайтын шығар? Жарайды, бәрібір біліп аламын... – деп, өзімді-өзім кәдімгідей сабаға түсіріп, дүдәмал сұраққа толы көңілді тыныштандырып келемін.

 

...Әкем Исенғали Керейұлы Қасболатов 1989 жылы Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданында дүниеге келіпті.. 1915 жылы Саратов қаласындағы медицина институтын бітіріп, еңбек жолын студент кезінде бастапты. Өйткені, ол оқып жүрген кезде ел арасын оба ауруы жайлап, соның бетін алудағы шараларға, бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан солдаттардың жараларын емдеуге атсалысыпты.

 

Ал 1931-33 жылдары Алматыда дәрігерлік институттың ашылуына атасалысып, өзі тұңғыш ректор болған. Ол ғасыр басынан түрлі зобалаңға түсіп, тұрмысы, әл-ауқаты, денсаулығы нашарлаған халқына қалай да жәрдем етуді ойластырса керек, кадр саясатына ерекше көңіл бөліп, Кеңес Одағының түрлі қалаларынан білімді мамандарды шақырта бастайды. Оның ішінде кейін аты баршаға мәлім болған Баккал, Малинин, Сызғанов сияқты профессорлар бар.

 

Менің әке-шешем көп ағайынды, туған-туыстылар. Ешкімді жатырқамаймыз, өйткені, төрден адам арылмайды. Заманның қиын кезеңі, елден келіп оқитын қазақ жастары ішіп-жемнен таршылық көріп үйге келсе, анам барымен базар қып жібреді. Сондағы студенттердің ішінен кейнгі білікті дәрігерлер Қарақұлов пен Чумаковты атасам да жетер.

 

Үлкендерден естуімше, Исенғали Қасболатов жаратылысынан турашыл, өтірікті, екіжүзділкті жаны сүймеген. Ол халқының жартысын жалмап кеткен ашаршылық жылдары Голощекиннің қолдан жасаған індетіне қарсы шығып, партия конференцияларында ашық айтып, оған ұлтшыл деген ат жабысады.

 

Сол кездегі баспасөз беттеріндегі «қасболатовшылар», «мендешевшілер» анықтамалары содан пайда болған көрінеді. Оны сол пікірі үшін партия қатарынан екі рет шығарып, қайыра қабылдапты.

 

Ата-анам бала-шағалы. Олардың ең үлкені мен. Сондықтан көп нәрселер есімде, көз алдымда. 1937 жылы 14-тамыз күні әкем жұмыстан келе іле-шала аулаға бір машина тоқтаған, одан түскендер үйге кеп:

 

- Сіз Қасболатовсыз ба? - Деп сұрады. Түстері суық, үндері зілді.

 

- Иә.

 

- Онда ішке өтейік.

 

Әкем одан әрі не боларын берден шамалаған шығар, үнсіз алға озды. Бөлмелерді бірден тінту басталып, қопарылмаған нәрсе қалмаған, ойларына алғаны біткен соң керегін де, әкені де бірге ала кетті.

 

Ол кетіп бара жатқанда үйдегілердің үрейден есі шығып кетсе керек, тіл-ауыз байланып, міз бақпаған, тек кенже Шәміл тұра жүгіріп: «Әкемді неге, қайда апарасыңдер?..» - деп ұзай берген машинаның соңынан қалмай шырылдап, ботадай боздап қайтып келгенде, ес жиылып, еңіреу басталды.

 

Ең алғаш - біреуден жазықсыз жәбір көріп, оған қарсы қояр шара таппау жан-жүректі қанқақсататынын сонда ұқтым.

 

Анам Ғайнижамал әкем ұсталып кеткеннен кейін 1938 жылы мамыр айында жетінші құрсақ қызын дүниеге әкелген. Ораудан тұрысымен оны НКВД шақырып, сұрақтың астына ап, күйеуімен пікірлес деп айыптап, Совет Одағы Ішкі істер комиссариатының (НКВД) қабылдаған Ерекше қарары бойынша 1938 жылы 10 маусымда 24 сағат ішінде, Алматыдан Оңтүстік Қазақстан облысына балалаларымен жер аударылды.

 

Бұл облыста әуелі Мақтаарал совхозына келдік. Мұнда әкемнің достарының бірі Орлов директор екен. Ол орауды есіркеп, үйде қалуға рұқсат етіп, оның орнына балалары - біз жұмыс істедік.

 

Бірақ мұнда ұзақ тұрмадық. Шамасы директордың біздің отбасымен таныстығын білсе керек, енді Жамбыл облысының Михайлов селосына ауыстырды. Мұнда егіс даласында ертеден қара кешке дейін тұқшыңдауға тура келді. Жұмыста белгіленген меже тым үлкен. Егер оны орындай алмасаң негізінен ішіп-жем наннан қағыласың. Сол мөлшерді орындай алмаған кез аз емес.

 

Бұл ауылда сырттан, тіпті Ленинград пен Москвадан да жер аударылған әйелдер жеткілікті еді. Әйелдің аты әйел, өздері қанша таршылық көріп жүрсе де, ауызға алар бұйырмаған күні сол сорлылар өз напақаларынан бөлісетін.

 

Адамның қайырымдылығы оның бар-жоғына қатысты емес, жанының кеңдігіне байланыстылығын сол кезеңде ұқтым.

 

Жер аударылған мерзім аяқталуға таяу қалғанда әжем келіп, балалардың кішілерін алып кетті. Ал мерзім біткен соң анам Оңтүстік Қазақстан облысының Абай базар ауылындағы әке-шешесіне келді. Себебі, оған әлі ірі қалалар мен облыс орталығында тұруға рұқсат жоқ.

 

Нағашым Дәулетшах Күсепқалидың да өз балалары Шайхалы мен Ғафар, менің әкемнен басқа тағы бір күйеу баласы Ғабдул Бөкейханов ұсталған-тын. Отбасында өзінікімен қатар немерелері толып жүр. Оның үстіне біз үйілдік.

 

Қайран ешкімді ауырсынбайтын кең жүрек нағашылар. Азып-тозып жеткенде қабақ шытпай қарсы алып, пана болды. Олар өмір құқайын қаумалаған үрім-бұтағына жолатқысы келмей, қанат астына жасырғандай. Тағдыр ерте қырына алған бүлдіршіндерді маңдайға сипап, балалық еркеліктен ажыратпай мүсіркеп, бар ауырлықты көтеріп еді.

 

1947 жылы Ғайнижамал Қасболатоваға Алматыда тұруға рұқсат берілді. Анам туған-туыс, ағайынға, қатарларына өте кішпейіл, қайрымды еді. Оның осы мінезінен біз өзіміз араласқандардың бәрінен де рақым көріп, ел қатарлы білім алып, бәріміз де жоғары оқу орнын бітіруге мүмкіндік таптық.

 

Бірақ «Қайда барсаң Қорқыттың көрі», демекші «халық жауының» баласы соңнан ажырар емес. Институтты бітірген соң жолдамамен Қазақ ССР Академиясында қызмет істеуге келгенмін. Біраз күннен соң кадр бөліміне шақырып, мұнда қалуға болмайтынын айтты.

 

Жұбайым Кәрім Махмудов осында аспиранттар бөлімін басқаратын. Қайтерге білмей абдырап қалдық. Егер Ғылым академиясының президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаев болмағанда қалай болар еді. Ол кісі бізді Өскемен қаласындағы академияның ғылыми бөліміне ауыстырған, мұнда да соңнан от алып түскендер тыныштық бермей шығарып тастады.

 

Ендігі айла – жолдасымның Зырян қорғасын комбинатына орналасуы. Комбинат құпия орын, мені қабылдамады. Бірақ, әйтеуір Алла жол оңғарарда адамгершілігі бар біреу кез келеді екен, комбинаттың бас инженері Федор Иванович Волков қол ұшын берді. Мың да бір ракмет!

 

Мұнда 1957 жылға дейін істеп, Кәрімнің Жоғары партия мектебінде оқуына байланысты сол жылы Алматыға көшіп келенбіз, мен Қазақ ССР Мемлекеттік жоспарлау мекемесіне қызметке орналасып, 1982 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін істедім. Еңбегім «Құрмет белгісімен», Құрмет грамоталарымен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің грамотасымен және көптеген медельдармен аталды.

 

Қазір әжемін, екі қызым, Сәбина, Томас деген жиендерім бар. Томас Берлин университетінде оқиды. Тілеуім, жастардың өмір сырын жете ұғып, бейбіт күннің қызығымен өмір сүруі. Алла қайғы-қасіреттен сақтасын!

 

Біз көріп-білгеннен аулақ, қорлық-зорлықтан, жазықсыздың назасынан сақтасын. Кейде көшеден қол жайған бала, мүсәпір қарияны көргенде, дене түршігіп, сондағы әкем сияқты көз жасым лықсып қоя береді. Адамға рақым берсін деп тілейік!..


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha