Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПОЭЗИЯ
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: Әр адам өз ісінің ақыны бола білу керек

Блогтар

29.04.2017
8984

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: Әр адам өз ісінің ақыны бола білу керек

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: Әр адам өз ісінің ақыны бола білу керек

«Түйе мінгенінің өзі төрт ауыз өлең білетін» Қазақ – ақын халық. Ондай ақын халықтың ішінен, «Сөйлесем – даусым аңқыған!» деп Ер Махамбет айтпақшы, періштедей жұпар сөйлеп дараланып шығу дегеніңіз – «мүйізін бұлтқа бұлаған» бақшылық тылсымға араласу деген сөз. Біздің ата-бабалық Салтатты Жақшылар  дәуірінде «аузынан шыққан лебізге аламаны қайыған» құпия Сөз Иелері – Ақындар аз болмаған. Мен шынында – ақынмын, ақиқатында – ақын емеспін. ***   «Сөздің маңызы кетіп, самалы қалды. Адамның жақсысы кетіп, жаманы қалды» деп Мөңке бабамыз айтты дейді; біз Сөзді танымайтын, Сөзге тоқтамайтын соқыр да дөкір заманға дөп келдік. Қазір Сөздің маңызы тұрмақ, самалы да жоқ... Мәселе мынада: Ақын – Тәңірдің елшісі! Біз соны, албасты басып, ұмытып кеттік. Мысалы, Агни (байырғы үнділіктерде – «Күн Құдайы»), Огонь (орыс. От), Ақын деген сөздердің бәрінің түп-тегі – Ағын сөзі. Қазақтың өлеңі түзелмей, өмірі ешуақытта түзелмек емес.  

 

***  

«Өлең – Сөздің Патшасы!» Білесің. Демек, ондай Патша Сөзді жарату үшін Патша Тіл қажет. Ал, Қазақтың бұрындары Ақын халық болғаны – онда сондай Патша Тіл бар еді. Біз сол Патша Тілді Елдік Ес тағынан тексіздіктің тепкісіне салып, баяғыда қуып түсірдік. Содан ол байғұс орыс тілінің тұтқын малайы болып та қаншама тақсірет тартты десеңші. Ол да ештеңе емес-ау, біз сол Ата Тілімізді, Аталы Сөзімізді, топастықтың «хирургиялық столы» арқылы, «Ана Тілі» қылып та жібердік!  

 

***  

Біз үшін Ата Тілдің көркем де кемел болуы – ел өмірінің өлеңге, ел өлеңінің өмірге айналуы деген сөз! Бұрынғы Ақын Қазақ үшін өз Ата Тілі жасампаздығының, яғни өзінің өмір сүруінің жайқалған кеңістігі-кеңдігі «Өлең» деп аталған. «Түйе мінген әр қазақ төрт ауыз өлең біледі» немесе «Ауылдың алты ауызы» деген мәтелдер, әне, сол кездерде құлындаған. Абайдың «Туғанда Дүние есігін ашады Өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең. Өмірдегі қызығың бәрі – Өлеңмен, Ойласаңшы, бос қақпай  елең-селең!» дегені де – сол, Қазақтың өмір сүруінің – өнер, өнерінің өмір сүру екендігінің, яки, тума Ақындығының тәңірлік хақнамасы. Әлемде Ақын Қазақтай, Ер Қазақтай ел болмаған!..  

***  

Сайдағы қойшымыздан бастап, сарайдағы патшамызға дейінгі баршамыз Ақындыққа ұмтыла білуіміз қажет. Өйткені, кемел адам болуға асығу дегеніңіз де – Ұнармадыққа, Өнерпаздыққа, Ақындыққа ұмтылу деген сөз! Ал азаматтық (мәрттік) – ақындықтың бір қыры ғана. Мықты Ақынның өлеңі қандай мүлтіксіз болса, кез келген мамандық иелері шаруасының да солайша мүлтіксіз кемел болмағы – міндет әрі парыз. Яғни, әр адам өз ісінің ақыны бола білу керек. Өйткені, дүниенің бәрі Оймен (Сөзбен) жасалады.  

***  

Ақын болу – әрбіреуімізге міндет әрі парыз. Әр қазақтан бар қазаққа дейін Ақын бола білсек, онда Абайдай хәкімі «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деген кешегі Қазақтың Тәңірі дарытқан байырғы Ақындық Мәртебесіне біздің қайыра ие болғанымыз. Нұрлы болашағымыздың кепілі де – сондай жалпыхалықтық ақындықта! Және сол жалпыхалықтық ақындықтың алғы шебінде көркем де аңқыр Тіл (Тіл: Ес,Ой, Сөз, Дүниетаным, Салт-Дәстүр, Әдет-Ғұрып) Шеберлері ретіндегі нағыз Ақындар жүруге тиіс. Өйткені, «Өнер алды – қызыл Тіл!», «Өнер Көкке (Тәңіріге) жеткізеді» дейді Ақын Қазақ.  

***  

Жаратушы Иенің Өзі де – Ақын. Ана шексіз де көркем жайнаған Көкке қараңыз, мына қисапсыз тіршілік қайнаған Жерге қараңыз, соның бәрі – Тәңрдің ғажайып үйлесіммен, үздіксіз кереметпен көркем де кемел «сөйлеп отырған» мәңгі-бақи құлпырулы-құбылулы «Көркем Шығармасы!» Таңғажайып Өлең! Құдіретті Ақыл-Ес Иесі ретінде, Құдайдың ең әуелі Ақын болатын себебі де сол.  

***  

Адамның әрбір Сөзді (оның табиғатын көктей өтіп) көре білетін көкірек көзі болуы шарт. Абайша айтқанда, «Нұрын, сырын көруге көкірегінде болсын көз». Кез келген Сөзде өзіндік «иіс» те, өзіндік «дәм» де, керек десеңіз, өзіндік «жан» да болады... Өлең – ойланулы ми мен толғанулы жүрек шағылысынан пайда болатын «перзент». Рух перзенті. Өлеңнің «Ән» (Сөз бен Саздың, яки лебіз бен әуездің ортақ үйлесімі) дегенді білдіретіні де сондықтан... Өлеңнің өзі мен формасы көкейден бір мезетте бірге құйылып түседі. Ол заңдылық та жазмыш сияқты, өзгерте алмайсың.  

***  

Нағыз ақынның ақындығы сонда, оның жүрегінен жылап өткен ел қасіреті аузынан қасиетті Сөз болып қайта аңқылдайды. Басында Бағы, көңілінде Қошы барларға ғана тән үшінші бір керемет гармонияның нәтижесі. Ондай үйлесімнің хақнамаларының бірі: «Жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі-дүр!» Шынында да Сөзбен ойнауға болмайды. Кейбір Сөздің жаңғырығының өзі-ақ жан дүниеңнің жайқалған егінін жайпап кетеді.  

***  

Тіл (Ой, Сөз) – образды жасаушы құрал ғана. Кез келген өлеңде тіл болса да, музыка бола бермейді. Ал, ізгі де, мұңлы тілден жаратылған кез келген образға өзіндік музыка тән. Ондай музыка – рухани әуез, сана самаласы мен сезім самалы. Аңқылдаған Қазақта кез келген жасампаз Сөз (мейлі, ол лирикалық өлең болсын, қара сөз болсын, сәлем болсын, басқа болсын) өзінше ән болып шырқалып тұрады. Лирикалық өлеңдердегі музыка мен образдың ерекшелігі – адам жанын аяулы мұңға бөлеуі, көңілстанды көркем нұрға толтыруы.  

***  

Өлең –өлі тасының да өткір обалы бар Табиғат, адамдығы аңқыған қасиет пен қасірет шексіздігі!.. Поэзия – ақиқат емес. Ақиқат, мысалы, –тас тұғырда тұрған ақын ескерткіші.  Поэзия – ең жоғарғы жасампаздық. Онда білімнің де, ғылымның да, еңбектің де жойдасыз қуаты мен имани мол қазынасы бар. Себебі, ол – рухани жағынан сол үшеуінен де биік тұрған өнер дің, яғни ақыл-естің ең жоғары дәрежелі жасампаздығының туындысы, өнердің өзі.  

***  

Білім бар ма – бар, ғылым бар ма – бар, еңбек бар ма – бар. Соның бәрін қамтып тұрған осы сөздер өлең ретінде өлең аңқыған қара сөз ретінде өнер ме – өнер. Осы өнердің құпиясын ақтық па – жоқ! Мұндай өнер – мінез-құлыққа бай, кемел ес иелеріне ғана тән. Поэзия – ғылым атаулының айтарға тілі, ұстарға тілі жетпейтін тылсымдарды да əдемі бейнелеп, əйбəт жүйелеп беретін керемет рухани субстанция. Мәңкілдеген біздер не білеміз, кешегі аңқылдаған нағыз қазақтар үшін өлеңнің ең қасиетті ұғым, ең әруақты құбылыс болғандығы да сол себепті.  

***  

Рух пен Естің нендей керемет екендігі жайында әлемде әлі күнге дейін жөні түзу бір анықтама жоқ. Арғықазақтар бәрін де білген. Сол ғажайып Білімді меңгеру үшін, бізге өз Ата Тіліміздің бай қазынасын, дүниетанымымызды, салт-дәстүрімізді, бақсыларымыз бен әулиелеріміз айтып кеткен барша нақылиятты, бәрін-бәрін зерттеп-зерделеуге тырысуымыз аздық етеді, әуелі сол ата-бабаларымыздың төл қасиеті – аңқылдақтыққа жетуіміз шарт. Аңқылдақтық – ешқандай мүңкір пиғылы жоқ адамның ізгі ойлап, ізгі сөйлей білу қасиеті, жердегі періштелік психология. Сондықтан біздің ерекше аңқылдап, мінезімізді, Есімізді түзеп, барынша мейірленуіміз қажет.  

***  

Ән-Өлең – ең басты өнер. «Өнер» (бұл парсының сөзі емес, өзіміздікі; түбірі – «өн», мағынасы – «Жұпар искусство») сөзінің өзі де жұпар аңқып тұрады. Адам рухының қошы ретінде, ән жарықтық көңілді жұпарлайды, жұпар көңіл ақылды жұпарлайды, жұпар ақыл көңілге қайыра қош бүркеді. Адамның рухани кемелдену барысындағы мәңгілік аңқыр айналайын! Аңқылдақтыққа жетудің бір сыры сонда.  

***  

Қазақта «бастағы Бақ», «маңдайдағы Бақ» деген де қасиетті ұғым болған. Ол да ежелгі Аңқыманың о бастағы философиялық мағынасы қазір мүлде ұмытылған ең басты рухани танымдарының бірі еді. Айтары – Жұмақ Естің, Ес Жұмағының ғажабы-тын. Қош Еге иелік етер ондай Жұмақ Естің де жұпар болатындығы заңды. «Бас – Бақ, ауыз – дарбаза, Сөз – самал» деу содан шыққан. Яғни, Есі жұпардың сөзі де – жұпар леп («самал»), жұпар лепес. «Басында Бағы барларды» қазақтың «аңқылдақ» дегені де содан. Ал, ол «Бақтан» қош аңқи сөйленетін «жұпарлардың» ең таңдаулысы – біз айтып отырған ӨЛӨҢ («жұпар шөп»-жұпар сөз-жұпар ән) жарықтық болатын.  

***  

Аңқылдақтықтың атасы – бақсылық еді. «Бақсы» (негізгі нұсқасы – «Бақшы»; сол секілді, «жақсы» сөзінің түп нұсқасы – «Жақшы») сөзінің тура мағынасы – «басында Бағы бар адам, Бақ иесі» яки, Жұмақ Ес иесі. Бақсының басты бір қасиеті – ойшыл ақындық.  «Бақшы» деп ертеде моңолша – ұстазды, түрменше – ақынды айтқанын Шоқан Уәлиханов та жазып кеткен.  

***  

Не істемек керек? Ең алдымен Есті түзеудің, Есті жұпарлаудың ең басты кепілі еңбек те, ғылым да, білім де емес, тек Өнер (жұпар искусство) ғана екендігін ұғып, ізгілікпен еркін ойлау арқылы дүниеге ұлы жаңалықтар әкелетін өнер адамдарына алдымен жағдай жасау керек. Ал олардың бірінші қатарында ақындар тұрады. Арғы ата-бабалар мүлтіксіз ұстанған Аңқыманы да солар түзіп беріп кеткен. Ханзада Шоқанның бақсы туралы сөзін тағы еске алайықшы: «ол ақын да, күйші де, сәуегей және емші, сегіз қырлы, бір сырлы адам болған... Біздің кез келгеніміз ақын бола алмаймыз, сол сияқты, қазақтарда да көрінген кісі шаман бола алмайды». Бұдан біз нағыз ақындық (нағыз жазушылық деуге де болар) қасиет – бақсылықтың келе-келе бұтарлана бөлшектенген рухани қырларының ең бастысы екендігін көреміз. Нағыз ақында бақсы (бақшы – Бақ Ес иесі) сияқты – «маңдайында Бағы бар» рухани зор тұлға.  

***  

Өмірдің қай саласында болсын, адамдарға ең әуелі ақындық қажет. Олардың іс-әрекетінің бәрі де өлең аңқыған өнер болмағы абзал. Патшаға да, пақырға да – сол талап, ортақ ақындық. Нағыз ақынның өлеңі – іші-сырты бірдей өзара сингармонизмдік құпия үйлесім түзе, жұпары ерекше аңқыған көркем де көсем сөздер. Ондай өлеңмен (поэзиямен) қайғырған елді жұбатуға да, қағынған билікті құлатуға да болады. Сондай қош та қаһарман сөздерді жүректің көбірек қабылдауы керек. Жүрек – көңіл аспабы, қош көңіл – бастағы Бақтың кепілі.   

***  

Жазсаң жаз! Тек мына үш шартты əсте ұмытпа: 

1) Қаламыңның ұшы құбылнаманың тіліндей құрыш қозғалып, үнемі Ақиқатты нұсқап тұрсын! 

2) Қаламыңның ізімен еріп отырған Əділет өзінің сонысы үшін мəңгі өкінбейтін болсын!

3) Қаламың Махаббатты ұдайы төбесіне тік көтеріп жүрсін! Қабырғасы қайыса қалса, Халқың демеп жібереді!   (Ақынның әр жылғы мақалалары мен сұқбаттарынан)

 

Әзірлеген: Асылбек Жаңбырбай


 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: