Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Тұман тауы

БЛОГТАР

04 қыркүйек 2017
4524
0

Тұман тауы

                                                                       Тұман тауы

Таулардың заңғар болуы шартпа ?!
Өмірдің өзі өлшесін.
Қарағай өспей қорулы баққа,
Қар басып жатыр еңсесін.

Қар басып жатыр, қақсатар дауыл,
Шоқысы кетті жоғалып.
Шырқын бұзып тұр, ақшақар ару,
Шыңырауына оралып.

Иілтпес белін елсіз шынардың,
Қақаған суық анжырлы.
Естелік болар енсіз мұнардың,
Есімі тауда жаңғырды.

Таулар бар бізде, талқаны шыққан,
Болса да биік өлшемі.
Таулар бар бізде, арқалы бұлттан,
Өз тұрқыменен еңселі.

Ботана нөсер боздайды көкте,
Мұзарт шыңдарды терлетіп.
Жүрегі жырдың маздаған сәтте,
Жасын алады көлдетіп.

Оқышы өлең, бағы нұрланып,
Шайырдың жаны шалқысын.
Талабың болса, бағындыр барып,
Тұман тауының Альпісін.

Қара нар қалпын өзекті дерсің,
Қаламнан соққан шерменде.
Гималайларды қажетсінбейсің,
Тұманбай тауын көргенде.

Сол таудың зеңгір ұшына шықта,
Тұманбай көзбен қарашы.
Жұмақтай болып көрінер жұртқа,
Қазақтың байтақ даласы.

 

 

 

Отан

Отан.

Сен жайлы не дей алам,

Әуеден төмен түскен медиана.

Сен барда бай боздауық, жомарт жұтаң,

Көңілшек келеді екен кедей адам.

 

Отан.

О, баста Құдайға анық,

Бозторғай босағамды шыр айналып.

Бозінген ботасына ертек айтып,

Бақасы батпағың да жүр лайланып.

 

Отан.

Сендегі тас тұғырлы

Сен бар да іс қайырлы, ас сіңімді.

Жалаңаяқ бұйраттар жатыр жастап,

Жаңғырығы жер жарған жастығымды.

 

Отан.

Осы маң. Осы көше.

Көзтартар көкте күні есінесе.

Әжептәуір марқайып қалам, сені

Әңгімеге қосқанда әсіресе.

 

Отан.

Сөзімнің тоқетері:

Саған деген сезімнің жоқ өтемі.

Сен барда сезіледі қызға ары,

                  еркекке ержүректік тән екені.

 

Отан.

Осы сөз ең дұрысы,

Сен бар да қоңды тұяқ, өңді кісі.

Бабалардың қанында бұрынғысы,

Баласының қолында ендігісі.

 

Мұхтар КҮМІСБЕК

 


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha