Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Топтама өлеңдер

БЛОГТАР

19 қаңтар 2018
6755
0

Топтама өлеңдер

Ұстаз сыры

Сыныптамын, менен аулақ соқыр мұң,

Кейпіндемін тас жолдағы шопырдың.

Сан тағдырдың жүгін іліп мойныма,

Періштелер ортасында отырмын.

 

Болашаққа бағыт бұрып барамын,

Бүгін бала, ертең тұлға, дана мың.

Сенім, міндет, талап, тілек үндесті,

Ара жігін жалғап екі араның.

 

Сан мінезбен, еркелікпен күресіп,

Еріп келем жылдар бойы ілесіп.

Періштелер пенделікпен білмейді,

Жастығымды алғандарын үлесіп.

 

Еңбек дәмін таттым, талмап бал іштім.

Қиындықты жеңемін деп алыстым.

Босағада жастық шақты қалдырып,

Тақта алдында егделікпен табыстым.

 

Сыныптамын, қолымда бор жазамын.

Бала оқыту- менің тәтті азабым.

Арлы, ойлы, таза ұғыммен жол салу,

Менің мұңым- бала мұңы, таза мұң.

 

Мен қазақпын.

Мен қазақпын!

Ойы мен даласы кең.

Жүрегі адал, көңілінің аласы кем.

Ниеті ақ, қонақжай халықпын мен,

Дос боламын бар ұлттың баласымен.

 

Мен қазақпын!

Ерекше санасымен,

Сыйласатын інісі-ағасымен.

Аңғал, өжет, кең пейіл халықпын мен,

Жауларының азайған жаласымен.

 

Мен қазақпын!

Ақынмын арындайтын,

Мен жұмбақпын ,шешуі табылмайтын

Ынтымақты сүйетін халықпын мен,

Бар адамды өзім деп қабылдайтын.

 

Мен қазақпын!

Жолынан жаңылмайтын,

Мен жомартпын, ешқашан тарылмайтын.

Тура сөзге тоқтайтын халықпын мен,

Ал, жауына бас иіп бағынбайтын.

 

Мен қазақпын!

Мың жылдық туыстығым.

Қадірлейтін ұлтының ұлыс күнін.

Құшағы кең, бауырмал халықпын мен,

Сүйетұғын әлемнің тыныштығын.

 

Апа

Апа!

Алаңдаушы едің алыста жүрсем,

Ескертуші едің ерсілеу күлсем,

Жетелеп жүріп, тастадың неге?

Деген ем мәңгі сенерім бір сен.

 

Апа!

Гүлімсің деуші ең қауызын жарған,

Көремін деуші ең төріңді барған,

Оқуға кеткем, күтпедің неге?

Көрсін дедің бе өмірді жалған.

 

Апа!

Көргенде соңғы қалып ең жылап,

Сақ бол,- деп,- күнім жүргенде жырақ.

Көріспесіңді сездің бе апа?

Көкейде қалды жауапсыз сұрақ.

 

Апа!

Таппаушы ең тыным жоқтан бар құрап,

Мазалаушы едің сырымды сұрап.

Жасауым қайда жасаймын деген?

Төрімде жатар қайынға ұнап.

 

Апа!

Үйретуші едің өмірдің сырын,

Қайғының дертін білмеппін бұрын.

Жаныңды күтіп емделмедің бе?

Өмірге тәтті қарамай қырын.

 

Апа!

Не болды енді қарашы күйді,

Тастадың бәрін жар, бала, үйді.

Тірнектеп жүріп, тәрк еткенің не?

Болып едің ғой туысқа сыйлы.

 

Апа!

Өкпелеп қалдым жас емес пе едің?

Сенбедім мүлдем, рас емес дедім.

Немере-жиен бағамын деуші ең,

Өмірдің сәні осы емес пе еді?

 

Апа!

Жылатып кеттің аямай бізді,

Күйіміз болды даладай күзгі.

Жылжыған жылдар, сырғыған сағат,

Сендіріп бізді, күдерді үзді.

 

Балалықтан даналыққа..

Бала шағың- болашағың келешек,

Деп өнеге айтты әпкем ересек,

Қалайша?- деп қиылсам да соншама

Асықпады берейін деп ол есеп.

 

Көк аспан тұр түнеріп бұлт торлаған,

Жаным жүдеп тітіркеніп қорғанам.

Қабағыңды түйме орынсыз,-деп әпкем

Үлкен болып көрсетуде жол маған.

 

Ой орманы жұмбақ күйі түнерді,

Түсінуден үзе бер деп күдерді.

Күркіреді аспанда бір алапат

Ойымды да  быт-шыт етіп жіберді.

 

Шатырлаған найзағайға үңіліп,

Қабақ  шытты әпкем тағы  түңіліп.

Шатыр мінез-  ақымақтың серігі

Бала шақтан ақылға жүр жүгініп.

 

Тағы ойландым, жұмбағына таңданып,

Әпкем отыр көкке қарап паңданып.

Тырс-тырс етіп жауды жаңбыр сіркіреп

Қолшатырды көтерді әпкем қамданып.

 

Әпкем тосып алақанын тамшыға,

«Асығымыз тұрсын десең алшыға, 

Көз жасына қалма ешкімнің» деп салды,

Үнсіздіктен жан езілді жаншыла.

 

Жел желпініп, бұлтты көктен қашырды,

Күн шапағы жер-Анаға шашылды.

Жақсы адамның ашуындай,-деді әпкем

Шәйі орамал кепкенше күн ашылды.

 

Кемпірқосақ көтерілді арайлы,

Таңырқасам әпкем тағы  қарайды,

Шуақты бол мынау кемпірқосақтай ,

Бар жақсылық,-деді,-өзіңнен тарайды.

 

Бала шақта айтылды осы өсиет.

Дегендей-ақ, ойлан, өзің шешім ет.

Сол әпкемнен өнеге боп қалыпты

Болашаққа азық асыл қасиет.

 

Сезімдер шайқасы

Шамырқанды сабырым  жүрегіме өкпелеп,

Ақыл отыр  көлгірсіп: «Сабыр, сабыр сөкпе!» деп

Төзім тілсіз тістенсе,   «абыройды төкпе» деп,

Тасыр мінез атылды алқын-жұлқын көкке кеп.

 

Ынтық жүрек үлбіреп «Сүйдім!» деді шарасыз

Қырсықтық кеп қыстықты, қалмасын деп жазасыз.

Жан қиналды шырылдап бозторғайдай   панасыз,

Ар жиналды  жалаңаш ұяттан безген «санасыз».

 

Намыс найза ұсынып, ашу атқа қарғыды,

Ықты нәпсі, құмарлық бас-қайғы боп  зар-мұңы.

Мең-зең сезім жол таппай есалаң боп қаңғыды,

Айла  арбауға кірісті сылқ-сылқ күліп  барлығын.

 

У-шу  миым ормандай, сезім өлді-ау сормаңдай!

 

Ақ тілек (әні бар)

Ханзадаға ханшайым ұнап қалып,

Бауырлардан барады жырақтанып.

Жас отауға ене алмай босағада,

Қоштасуда қыз-ғұмыр жылап қалып.

Балалығың қалады осы  арада,

Қол бұлғайды төбелер сыр ақтарып.

 

Төрімдегі  қырмызы қызғалдағым,

Ханшайымым, жырымды сізге  арнадым.

Тербетіліп    сезімнің  самалында,

Бойжеттің  бе  үлбіреп  ізгі арманың?

Қол ұстасып сенімнің аралында,

Бір кешіңдер бақыттың  қызған бағын.

 

Сырлы  сезім шалқысын ұлан-асыр,

Жаурамасын жүрегің жыламасын.

Жұлдызбенен сырласқан күн мен айым,

Мәңгі мекен-аспаның құламасын!

Періштелер ақ қанат  бірге дәйім,

Орнатыңдар махаббат мұнарасын.

 

Адалдық-ардың иесі

Тұнықтан таңдап су ішкен, 
Кұралай тектес туыс кем...
Жалғанга жатып тойғаннан, 
Шындықтан адал у ішкен. 

Санадан ұят тоналды.
Каңғы ойлар кұрды коғамды. 
Тіл жұтып қожа «Қой» дейтін,
«Әй» дейтін әже жоғалды, 
 

Күлгенде күнә құсатын, 
Күрсінсе кесір ұшатын,
Жымысқы жігіт жылжып жүр,
Іс қылмай іші пысатын.

Сезімін тартпай тиятын,
Қыз-ару құртты сый-атын
Сенімін таппай төрінде 
Тербетіп отыр ұятын...

 

Қазақстан

Қайырлап кеме қалғандай кездер болғанда,                                                                                          

Арыстар талай азаппен гүлдей солғанда,

Заманым ауып, зұлмат жыл  елге қонғанда,

Аязда сонау желтоқсанда да тонғанда,

Қаһарлы күнде шындықтың өңі оңғанда,

Сабырмен бабам бұл күнді күтіп толғанған!

Татулық туын ұстатып халық-орманға,

Айнымас бірлік болса деп Отан-ордамда,

Нұрсұлтан басшым айналды алып қорғанға!          

 

Досыма

Тағы да телефонды көтермедің,

Мазасын алғаным ба бекер,- дедім.

Түсаулы екі аяғым қайтем енді,

Бұрынғы хәлім болса, жетер едім.

 

Телефон үндемейді, ұнамады,

Түйсіктің түсінігі тұман әлі.

Тірліктің жүрген шығар  қамымен деп,

Жүрегім жақсыны ойлап жұбанады.

 

Телефон сыңарымды сағындырдың,

Жақыным, егіз еді жаным құрбым.

Ала жіп арамызға түскені ме?

Қандай жел сені ырқына бағындырды?

 

Телефон. Күту. Жолдау хабарлама.

Дедің бе: Енді маған алаңдама.

Досым-ау, адам деген алуан түрлі,

Сен бірақ мені ешкімге жамандама.

 

Телефон. Құттықтауды жолдағанмын,

Тыңқ етті. Сезсең қандай сонда халім?!

Қуандым, алдамапты сенімім де,

Түсіндім достық гүлі солмағанын.

 

Телефон шырылдады, жұмыс бабы,

Кешікпей үлгеруге тырысқанмын.

Қазылар алқасына келем шұғыл,

Жастардың бағалауға тыныстырын.

 

Телефон қарап отыр таныс бейне,

Осылай тоғыстырар ағыс кейде.

Санамның сыбырлаған сыры маған,

Ал енді досыңменен табыс дей ме?

 

Телефон бұзылды,- деп күлімдедің,

Алшақтық арадағы білінбеді.

Ашылды сыр сандықтың кілті сәтте,

Сезіндім өшкен үміт тірілгенін.

 

Жан досым, сүйенішім, күнім менің!

 

Дәстүрі елдің сақталды

Жаратқан қолдап бөбегім,

Шаттыққа елді бөледің.

Қырық күн толған думанда,

Өзіңді , міне, еледім!

 

Ит көйлек, жаға  тағынып,

Сүт тырнақ  әсте алынып,

Су  құйды  қырық қасықпен,

Күмістен теңге салынып.

 

Салтымда сыр бар астарлы,

Қарын шаш қырып тасталды.

Тұмарша тақтың  иыққа,

Дәстүрі елдің сақталды.

 

Жайнаса  көктеп бағың шын,

Шапағат жаның тағынсын.

«Қырықтың бірі-Қыдырым»

Жаныңнан әркез табылсын!

 

Батыр бол елді қолдаған,

Ақын бол жырды жолдаған.

Қара қыл басын қақ жарған,

Шындық бол елге орнаған.

 

Халқына тиіп пайдасы,

Дұшпаннан ассын айласы.

Жиынның болшы көсемі,

Заманның болшы шешені.

 

Жүрегің  нұрға малынып,

Жаһанға айдай танылып,

Бауырмал болшы туысқа

Көрісер әркез сағынып.

 

Жасындай болсын намысың,

Тұлпардай болсын шабысың.

Табаның тозып еңбек қыл,

Еліңнің елдік қамы үшін!

 

Сескенбей істің нарқынан,

Үрікпей ауыр  талқыдан,

Жұлдыздай биік өрлеп шық,

Киелі Қазақ халқынан!

 

Жалғыздық-ай...

Жалғыздық атын жақтырмасам да жамылдым,

Жалғыздық болды жаурасам түнде жамылғым,

Жарқылдап жүзім жүргенмен жаным жаралы,

Жастығым менің оралшы қайта сағындым.

 

Жалғыздық  алған жанымды менің паналап,

Жақсымын деймін денім сау сол да қанағат.

Жалықтым сенен жалғыздық мені босатшы,

Жүректі жүрсің уақытпен бірге жаралап.

 

Жалғыздық атың құлаққа естір жаман-ақ,

Жүрсің-ау жылы орынды қимай жағалап.

Жүйкені жеген жаманды көшірсем бе екен?

Жыр-бәдік айтсам, кетер ме сайды жағалап.

                                                                

Ұстазыма

Білім – мұхит, бара жатыр тереңдеп,

Тұңғиықтан жүрмін маржан терем деп.

Ұстаз – желкен, бағыт берген жолыма,

Ақ желкенге ақ арманмен ерем кеп.

 

Дидары нұр, жүрегі жыр-жылылық,

Өсиетін өсіп келем ұғынып.

Ұстаз! Ұстаз – данышпандық, даналық!

Ұстаз деген әлемдегі ұлылық!

 

Қауышамын  анашымдай сағынып,

Тәлімінен көргенім жоқ  жалығып.

Ұстаз! Ұстаз-мамандық ол киелі,

Қасиетіне бас иемін табынып.

 

Ғылым шыңын кім игерсе сол алып,

Еткен еңбек еш кетпейді жоғалып.

Өр мұхитты бағындырып мен әлі,

Ақ маржанды сыйға тартам оралып.

 

Қазақ тілі

Тіл-халықтың айнасы, қазынасы

Тілмен жетер адамзат базынасы.

Бар бәлені тілінен тауып қазақ,

Тілмен берген терең ой мағынасын.

 

Мақал - тілдің өзегі, сөз анасы,

Мәтел –тілдің мәйегі, бір саласы.

Сөз шырайын келтірген маржан мұра,

Жаңғыртады ұрпақтың ой санасын.

 

Атым қазақ шешендік мақсатымыз,

Даналықпен танылсын жақсы атымыз.

Тас жаратын алдаспан тілім барда,

Шаршы топта сеніп сөз бастатыңыз.

 

Біз-шешенбіз, ділмәрміз, дарындымыз

Біз-өрелі, шабытты, жалындымыз.

Біз-тәлімді, елжанды, білімдіміз,

Біз-қазақпыз, таныстық, таныдыңыз!

 

Әкеге

Тектілік мінез  әкеден тарап  әдемі,

Таныдық  дендеп тамырлы  тірлік әлемін

Кісілік келбет, кемелді сана  деңгейі

Өрелі ойдан дарыған тәлім дәлелі

 

Береке  сөзі,  татулық- тілек байламы,

Сыйласса лайық ағайын, туыс, аймағы

Шежіре сөзі, көкірек көзі  сыр сандық,

Дұшпанға қату, досына жаздай жайдары.

 

Түнгі сыр

Жазығың бар ма жаураған жасқа, жастығым,

Сағынтып жүр ме сыбырлы, сырлы жастық үн.

Мұңымды тыңдап, сырымды ұрлап аунайсың,

Алмасты қалай дейсің-ау шерге шаттығың?

 

Жатырсың қалай жарылмай жұмбақ жұмсағым,

Шағынам шаршап, ұйқымды сұрап ұрсамын.

Күрсінсем сені толассыз толғақ қысады,

Қападан жүкті тыпыршып томпақ құрсағың.

 

Аймалап жатып аманатымды айтамын,

Демессің елге жаманатымды байқадым.

Шалықтап қайтсам шошытып нәпсі шайтанын,

Анықтап айтсам, анамдай болып шайқадың.

 

Атырау- әнім

(әні бар)

Атырау  сәнің лайық сәулетіңе

Атырап  куә күллі дәулетіңе

Жаңа нұр  жылдар сыйлап келбетіңе

Жайығың қос құрлықты, қос құрлықты тербетуде.

Қайырмасы:                           

Атырау атырабым,

Жұлдыздай жарқырағын.

Жайдары ерке Жайық

Ән салып жатыр әне!

Шабыттты шақтарымда,

Сыр шерттім ақтарыла,

Жағаңда қайығыңда,

Жыр арнап Жайығыма.

 

Жомарт жер,  қойнауы  кен, қазыналым,

Еңселі ел шежірең боп жазыламын.

Сар дала самалының сыбырынан,

Ғасырдан сырға толы, мұңға толы наз ұғамын.

 

Ғашықпын жұлдызды түн, ақ таңыңа,

Шабытты шағым туды шаттануға.

Бейбарыс, Дина анам мен Құрманғазы,

Төрімде, кезім келді, кезім келді мақтануға.

 

Сәбиге тұңғыш атты күн

Жарығын сыйлап, сәбиге тұңғыш атты күн,

Ата-ана басты қуанышпенен аптығын.

«Іңгәләп» ән сап Дарханым келіп өмірге,

Шалқытып жатыр шаңырағының шаттығын.

 

Саулығы болғай тап-таза кәусар ауадай,

Көңілі болғай жазира дархан даладай,

Кемеңгер болғай Бауыржан батыр данадай,

Қажырлы болғай Қажымұқан балуан бабадай.

 

Шешен боп өссін нәрлі сөз толы таңдайы,

Бақытты болсын жарқырап аппақ маңдайы,

Ағаға іні, әкеге ұл бол қамшы ұстар,

Апаңның  шексіз тілегі  осы арнайы.

 

Әкең де сыйлы, анаң бар сені баптаған

Игілік толы болсыншы қадам аттаған.

Айтамыз енді  шаттыққа толы думанда,

Құттықтау жырын өзіңе арнап  жаттаған.

 

Жақсылық болсын жаныңда дәйім сенерің,

Еліңе мәшһүр болсыншы  өрлеп өнерің.

Он жаста ойлы сөз айт та, он үш жасыңда,

Тірлігін жаса ақылды текті төренің.

 

АЛЛАдан мадақ болсын да барша ісіңе,

Кішілік жаса айнала таныс кісіге.

Парасат толы пайымды іске лайық бол.

Білімге сенер, білектің сенбес күшіне.

 

Қызықты өтсін балдай боп тәтті балалық,

Бүлдіршін бала, серігің болсын даналық.

Бабалар жолы –ақылдың кені, қарағым!

Тектілер жолын жалғарсың өсіп таралып!

 

Айтылмаған сыр

Жабырқап қалдың, жалының өшіп жанардан.

Жанымды жеді, жылусыз жүзің қабарған

 Жұбаныш іздеп қарадың сосын жалынып,

 Кейіппен қалың күнәдан жаңа тазарған.

 

Арылғанменен азаптан ауыр жаншыған,

¥яттың жасы жүректен тұр -ау тамшылап.

Сыбырлап тұрып, сырыңды жаймақ боласың,

Ауыр да болса, арыңның атын қамшылап.

 

Күдіктің күрең қоңырауын күмбір қақтырып,

 Көрсеттің және өзіңе мүлдем жат қылық.

Өкініш өртін өшіре алмастай күй кештің.

Өзіңмен бірге мені де мұңға батырып.

 

Қамқорлық күтіп қарайсың қайта қайрылып,

Аласың сосын жанарды нұрсыз тайдырып.

Көкірегің тұр күрсіністерден күркіреп.

Сескеніп қалдым қалардай қазір айрылып.

 

Жұбатам не деп, сол сәтте қалдым біле алмай.

Теңселіп кеттің, теректей сынып құлардай.

Қайрадым сөзбен, қалпыңа кел деп қайтадан.

Кейпіңнен шошып, шағынып сәтте жылардай.

 

Оқталдың-дағы айтар бір сырым бар дедің.

Не болды сонша? Ақылды едің, арлы едің.

Бұрылып кеттің: айтармын кейін,- дедің де,

Түсінбей қалдым, жетпеді неге дәрменің?...

 

Білмейтін, білгеннің тілін алмайтын балаға...

Тауды көрсең, тарлық қылып қырат де,

Теңіз көрсең,   тебіренбей бұлақ де.

Сағым көрсең, сырын білмей  сынап де,

Шалғын көрсең,  шабыттанбай  құмақ де.

 

Барды көрмей, жоқты айтып жүре бер,

Жылап жатса, көр соқыр боп күле бер.

Өзің білмей, демес ешкім біле гөр,

Қанға сіңген әдетің ғой бұл «өнер»

 

Тура жолда тұраладың, қайтемін!?

Бар болмысты бұраладың, қайтемін?

Дертім  не деп сұрамадың, қайтемін?

Дәру бар ма, о, жаратқан айт емін?!


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha