Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Тереземнің түбінен түн ұлыды

БЛОГТАР

17 мамыр 2019
2930
0

Тереземнің түбінен түн ұлыды


Тереземнің түбінен түн ұлыды,
Үрей ойдың ірісі іргемді ұрып.
Аспан жақтың салбырап тірі нұры ,
Бөлме ішін жіберді гүлдендіріп.

 

Көше кезген тіршілік, қала түні,
Үзілердей сығыр көз көше шамы.
Адам атты имани жаратылыс,
Адамилық сезімнің өшер шағы.

 

Жасы жуып жүректің  жара бетін,
Дәтім қысқан,
жұлынған ақ қанатым
Сүт арынан айрылған қара жетім,
Сүндетсіздер астында тапталатын.

 

Нәпсі ұратын түндерде ұрғашыны,
Еркектердің сұйылып сілекейі.
Жер үстінің көрініп тұрды ашығы,
Көбелектің күңі еді Күнекейім.

 

Заманаға жыр айтан 3 ақын ек,
Құса түнек ішінде ұлып қалған.
Ауыр мұңды жырға ұрып ұсатып ек,
Темір торы сыртына құлыпталған.

 

Көктен келген қонаққа жүзім бергем,
Қос мүйізді қызылдан құтқар мені.
Жындылардың үйінде үзілгеннен,
Тіршілікке көңілдің құштар демі.

 

Сағатым сорып бітті тағатымды,
Көңілімнің көзінен жас парлатқам.
Көктен түскен қайтаршы қанатымды,
Не өзіңмен алып кет аспан жаққа.

 

Бас ұрдым әміріңе,
Не жанымды ал. сәлем айт Тәңіріме.

 

 

***

 

 

Көңілдің тұман аспаны,
Атпапты таңның күмәні.
Арудың солғын жас жаны,
Бәріне менмін кінәлі.  

 

Жастығым шығар желіккен,
Бұлаған жаным боздасын.
Тас жүрек мұзды еріткем,
Бұл бәлкім жауған көз жасың.

 

Тамыпты жасың жаныма,
Жүкекке ауыр шоқ басу.
Қанағаты жоқ тағыда,
Кездесулер мен қоштасу.

 

Бозжігіт күнмен жасты аңдып,
Аз айтып жүрген шындығын.
Аруды сүйген бас қаңғып,
Үзіп ап қашқан шылбырын.

 

Айттырған ару, білді кім?
Біткені бәрі, бөтенбіз!
..................................
..................................

 

Танымайтынбыз  бір бірін,
Таныспаған да екенбіз... .

 

 

***

 

 

Сезімді таптағандар,  
Арамдық сақтағандар. 
Бұларға басқа амал бар.  
Бастары қақпағандар.

 

Күйіп қалған әңгіме,
Сүйіп қалған сәндіге.

Суып қалған шай сынды,
Басым бос!
Сүйіп өтейін қайсыңды?

 

Менсіз уақыт мәнді ме,
Бұлттар шырқап әнді де.
Мен де оны тастадым,
Ол да мені мәңгіге!
Айғыз сүрткен айнасын,
Қуып кеткен пайдасын.
Мені сүйген сол ару,
Сағынып жүр, қайдасың?
Сезімге жат па оралу?
Сізді сүю әңгіме,
Шылқып тұрған тоналу.
Айтып жатыр Ай да сын,

Ойыңда бар ма оралу?
Жалғыз айтқан әңгіме!
Ботам қайдасың!?.

 

 

Мәңгілік ел

 

Сүйемін! Сүйем нар Алашымды,
Қадірін сенде білесің.
Қазақия елі Тағала сынды,
Екінші бізге ұлы есім.

 

Арлығып баққан, арлығып туып,
Аналар әлди жыры бар.
Елімді менің Мәңгілік қылып,
Төсінде жатыр ұлылар.

 

Бұл жерде ханға, жырын құлға арнап,
Ақындар өткен арқырап.
Келер күн қалай бұлыңғыр болмақ?
Тарихым тұрса жарқырап.

 

Бұл жерде билер ісімен ғана,
Тас қылып түйген қауымын.
Батырлар өткен мысымен ғана,
Жүрегін жарған жауының

 

Шытырман талай шырғалаңдар да,
Бабамнан өшпес жыр қалды.
Тілім деп жүрген тұлғалар бар да
Біз мәңгі болмай кім мәңгі?.

 

Елімді сүйем бар асылымнан,
Жерімді сүйем құлай да.
Қазақтай елдің баласы қылған,
Құдайға шүкір! Құдайға.

 

 

* * *

 

 

Көбелек сынды түсімде,
Кіресің неге жиі сен.
Еңсеңді түсір түсірме,
Өлең болуға тиіс ең.

 

Іңкәрлігіңді арнадың,
Құштарлық болып жолықтың.
Тағдырдың тартып салмағын,
Жанарың жасқа толып тұр.

 

Кіндігін кесіп пәктіктің,
Махаббат біздің сорлады.
Байғызбен келер бақ күттім,
Болмады бірақ болмады.

 

Ып ыстық қандай бір түні,
Шегіне кеттік құмардың.
Жоғалттық сосын күлкіні,
Кінәлі екен бұған кім.

 

Таппадым басқа амалды,
Таптадым сосын гүліңді.
Ақын ғып жібердің адамды,
Айнамкөзім-ау бұрымды...

 

 

* * *

 

 

Көңілдің тұман аспаны,
Атпапты таңның күмәні.
Арудың солған жас жаны,
Бәріне өзім кінәлі.  

 

Жастығым шығар желіккен,
Бұлаған жаным боздасын.
Тас жүрек мұзды еріткем,
Бұл бәлкім жауған көз жасың.

 

Тамыпты жасың жаныма,
Жүкекке ауыр шоқ басу.
Қанағаты жоқ тағыда,
Кездесулер мен қоштасу.

 

Бозжігіт күнмен жасты аңдып,
Аз айтып жүрген шындығын.
Аруды сүйген бас қаңғып,
Үзіп ап қашқан шылбырын.

 

Айттырған ару, білді кім?

Біткені бәрі, бөтенбіз!
..................................
..................................
Танымайтынбыз  бір бірін,
Таныспаған да екенбіз... .


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha