Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Таксидегі вампир (Харуки Мураками)

БЛОГТАР

16 қазан 2017
5085
1

Таксидегі вампир (Харуки Мураками)

 

 

«Қырсық қырық ағайынды» дейді халық даналығы. Ал егер бір айналдырғанда шыр айналдырса-ше?

Бұл ешқандай даналық емес! Құрбыммен сөзге келіп қалдым, қас қылғандай, ілгегім түсті, қоғамдық көлікке отыра қойып едім, тіпті де көргім келмеген ескі танысыммен жүздестім, тісім ауырды, жаңбыр жауып кетті, такси ұстағанмын, жол-көлік оқиғасы болып, тығынға тірелдік те қалдық.

Мұндай жағдайда не істер едіңіз? «Бәле жабысты – дарбазаңды аш та, күтіп ал» демекшісіз бе?

Сіздің осылай қыларыңызға сенімдімін. Өйткені мұның да өз даналығы бар. Сондықтан да менің жұртпен бірден тіл табысып кетуім екіталай. Кейде кәдімгі есік алдында тапталып жататын кілемшеге айналып кетсем ғой деп армандаймын. Өмір бойы өзіңді қапталға таста! Бірақ кілемшелердің де өмірінде жеке проблемалары мен өзіндік даналықтары бар. Әй, жарайды, қойшы соны.

Қысқасы, таксиге отырдым. Отырғаным бар болсын, тығынға тіреліп қалдық. Далада күзгі жауын төпелеп тұр, таксометрдің әр шертпегі тап бір мылтықтың атқаны секілді басыма бытырадай тиіп барады.

Оның үстіне, шылымды тастағаныма үшінші күн... Жақсы бір жайлар туралы ойлағым келген, басыма ештеңе кіріп-шығар емес. Күнде солай! О, таптым! Оны, жаңа ғана ренжісіп қалған құрбымды, қалай шешіндіретінімді көз алдыма елестетіп көрейінші. Иә-ә-ә. Алдымен көзәйнегін шешемін, сосын сағатын, салмағы бес батпан білезік, кейін...

- Кешіріңіз, - деді кенет жүргізуші. (Менің ойым төстартқыштың бірінші түймесіне енді жетіп жатқан.) – Вампир дегендер шынымен бола ма?

- Вампир? Анау қан ішетіндерді айтасыз ба?

- Иә-ә, солар.

- Қалай... Ұшатын жарғанат-қансорғыш... Қорқынышты фильмдегі?.. Әлде шын вампирлер ме?

- Әрине! – Ол екпіндете осылай деді де, елу сантиметр алға жылжып барып кері тоқтады.

- Жоқ... Білмеймін.

- Олай болмайды. Екеуінің бірін таңдаңыз: сенесіз бе, жоқ па?

- Сенбеймін.

- Сонда вампирлер шын өмірде кездеседі дегенге сенбейсіз ғой?

- Сенбеймін. – Қалтамнан шылым шығардым. Шеккенім жоқ, жай ғана тістеледім.

- Ал аруақ, елес?

- Бар секілді.

- Сіз олай жалтармаңыз. Турасын айтсаңызшы, бар ма, жоқ па?

- Иә, - мен осылай деуге мәжбүр болдым. – Сенемін.

- Демек, жын-шайтан атаулының барына сенесіз?

- Иә.

- Бірақ вампир дегенге қарсысыз?

- Иә.

- Ендеше айтыңызшы, қансорғыштар мен шайтандардың айырмашылығы неде?

- Шайтан – бұл... бір сөзбен айтқанда, қан мен терден жаралған тіршілік иесінің антитезасы, - ойланбастан айта салдым.

- Хм-м-м.

- Ал міне, вампир – осы өсте құндылықтың өзгеріске түсуі.

- Сонда құндылықтар өзгеруіне сенесіз де, антитезаны мойындамайсыз ғой?

- Даналықты бір рет мойындап қойсаңыз, қайтып айнуыңыз екіталай.

- Сіз интеллигентсіз!

- Жеті жыл институтта оқыдым,- деп күлдім мен.

Жүргізуші жіңішке шылым алып, иір-қиыр машиналар тізбегіне қарап шеге бастады. Ментолдың иісі салонды алып кетті.

- Кәдімгі вампирмен кездесіп қалдыңыз делік. Не істер едіңіз?

- Білмеймін, бәлкім абыржып қалатын шығармын.

- Тек қана ма?

- Немене, болмайды ма?

- Әрине, болмайды. Сенім деген ұлы нәрсе ғой. Мысалы, тауды елестетсеңіз, алдыңыздан пайда бола кетеді де, жоқ десеңіз, жоғала қояды. Доновановтың әлгі бір ескі өлеңіндегідей.

- Не жайлы айтқыңыз келіп отыр?

- Бәрі жайлы.

Шекпесем де аузыма салып отырған шылымды тістелей күрсіндім.

- Ал сіз ше, сенесіз бе?

- Сенемін.

- Неге?

- Негесі не? Сенемін, болды.

- Оны қалай дәлелдер едіңіз?

- Сенім мен дәлел дегендердің арасынан байланыс көріп тұрсыз ба?

- Иә.

Осымен әңгімені аяқтағым кеп мана ғана қиялымда құндақтап отырған сұлу қыздың төстартқышына қайта келдім. Бірінші, екінші, үшінші...

- Дәлелдеуге де болады!

Ол тағы ойымның тас-талқанын шығарды.

- Немене? Шын айтасыз ба?

- Шын айтамын!

- Қалай... қалай?

- Қалайы не? Мен – вампирмін!

Тілімді тістеп алдым. Машина тағы бір бес метр алға жылжыды. Жаңбырдың толастар түрі көрінбейді.

Есептегіштің тілі бір мың жарым иенді көрсетіп тұр.

- Кешіріңіз, оттық табылмас па екен?

- Мінекейіңіз!

Үш күннен бері дәмін алмаған никотин қолқамды қауып жіберді.

- Осындай да жол болады екен...

- Сөз жоқ, - деп қостадым мен. – Вампир туралы әңгімеге...

- Иә-иә!

- Сіз шынымен вампирсіз бе?

- Маған өтіріктің не қажеті бар?

- Ал... жалпы... көп болды ма?

- Тоғыз жыл. Ол жылы Мюнхен Олимпиадасы өткен-ді. Уақыт, тоқтасаңшы! Сен – кереметсің!

- Айтпаңыз. Тағы бір сұрақ қоюға бола ма?

- Әрине, әрине!

- Онда... неге такси жүргізіп жүрсіз?

- Қансорғыштармен байланысқым келмейді! Үнемі қара күртеге орану, пәуескемен жүру, қамалда тұру – мұның қай жері жақсы? Мен, мысалы, мэрийға мөрімді тіркеттім, салық төлеп тұрамын, би кешіне барамын, пачинко ойнаймын. Не? Ерсі ме?

- Жо-жоқ, түк те олай емес. Жай, біртүрлі сенгісіз естіледі екен...

- Сенбейсіз бе?

- М-м.

- Сіз сонда менің вампир екеніме сенбей отырсыз ба?

- Әрине, сенемін, - аузым-аузыма жұқпай осылай дедім. – Көзіңе тауды елестетсең, алдыңнан шығады...

- Жарайды.

- Демек сіз арасында қан ішіп тұрасыз...

- Әрине.

- Ал қан дегеннің тәттісі де, жиіркеніштісі де болатын шығар, иә?

- Болады. Мәселен, сіздің қаныңыз әжетке аспайды. Тым көп темекі шегесіз.

- Тастағым келген, әлі еркім жетпей жүр.

- Қан ішкің келсе, жас бойжеткендерден алған дұрыс. Шіркін, дәмдісі соларда ғой!

- Мен сізді түсінетін секілдімін. Айтқандай, актисалардың арасында... кімнің қаны бәрінен тәтті?

- Кисимото Кауко. Иә-ә-ә! Сингудзи Кимиэ – ол да жаман емес! Ал кім қызықтырмайды дейсіз ғой – Момои Каори. Міне!

- Қолыңнан келсе, неге болмасқа?

- Дұрыс айтасыз!

Он бес минуттан соң біз қош айтыстық. Пәтерімнің есігін ашып, шам жақтым, тоңазытқыштан салқын сыра алып, сіміріп алдым. Сосын құрбыма қоңырау шалдым.

- Айтпақшы, Нэрима нөмірі бар қара таксиге отырмай-ақ қойшы.

- Неге? – деп сұрады ол.

 - Ондағы жүргізушілердің бірі – вампир.

- Не дейді?

- Шын.

- Немене, мен үшін алаңдайсың ба?

- Енді-ше?

- Нэрима нөмірі бар қара такси дейсің ғой?

- Иә

- Рахмет.

- Оқасы жоқ

- Қайырлы түн!

-Қайырлы...
 

 

Бөлісу:
     

Пікірлер (1)

aizhan

10.04.2019 17:03
Тамаша! жапондық стиль сезіледі... рахмет
Пікір қалдыру:
Captcha