Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Блогтар

10.02.2024
3684

Қызыл гүл

Қызыл гүл

Қала орталығындағы саябақта жақын маңда тұратын апа үйінде өсіретін әдемі гүлдерін әкеліп сатып отыратын. Соңғы алты айда күн батып салқындаған уақытта жас жігіт келіп қызыл раушан гүлін сатып алып, қарсы тұрған орындықта біреуді күтіп отырғандай болатын. Сыртынан қарап тамсанған апа ең бірінші көргенде: «Е-е, өзінің сүйіктісін күтіп отырған болар» - деп ойлаған. Бірақ, ол жігіт қанша уақыт күткенімен ешкім келмейтін. Ақыры түнге қарай апа жинала бастағанда, жігіт те белгісіз жаққа қарай беттейтін.

Бір күні жігіт келіп қайта раушан гүлін сатып алғанда:

- Балам, осы сен күнде менен келіп гүл алып, анау тұрған орындықта біреуді күтесің. Бірақ, саған кездесуге ешкім келмей сол жалғыз болған күйі кете бересің. Бүгін уақыт өтпегендей күй кешіп отырмын, менен алған раушан гүлдерді кімге арнайсың? – деп әңгімесін бастады.

Сонда реңінен мұң байқатқысы келмеген жігіт:

- Амансыз ба, апатай? Соңғы кездері адамдармен араласуды да ұмытыппын. Тіпті, қанша уақыт өткенін білмеймін ешкім менің жағдайымды сұрап білмепті. Әйтеуір өмірдің ағысымен тіршілік етіп жүрмін. Жұмыс, үй, жұмыс. Үйдегілер де, жұмыстағылар да менен ештеңе сұрамайды. Күндіз күйбелең тіршіліктің арқасында тынығып, ойлануға уақыт жоқ, осылай кеш батқанда өзімнің қиял әлеміме барып келемін. Оған осы сіздің қызыл гүлдеріңіз себепкер.

- Е, балам, жас та болсаң өмірдің қиындығын көрген сияқтысың. Іштегі мұңыңды жасыру үшін күлімдесең де, көздеріңнен мұң еседі, - деп апа гүлдерін сипады.

- Апатай, неге менде мұң бар деп ойладыңыз?

- Балам-ау, менің жасым сексеннен асты. Мен өмірде мұңға батқан талай адамдарды көрдім. Сыртқа білінбесе де, мұңның өз бейнесі бар. Адамның көзінен ішіндегі бар сырын байқауға болады. Мұңды да, махаббатты да.

Жас жігіт біраз үнсіз отырып әңгімесін жалғастырды:

- Апатай, ол қыздың көздері сондай әдемі, тұнық еді. Ол қызды көргенде менің көз алдымдағы дүние көктемнің шуағы таралғандай гүлденіп кететін. Әдемі көздері мына жарық ғаламдағы кереметтердің бірі еді.

Ең алғашқы кездесуіміз осы саябақта болды. Мен ол кезде студентпін. Күнде таңертең осы саябаққа келіп бірнеше айнала жүгіріп, артынан анау орындықтың маңында жаттығу жасайтынмын. Бір күні таңертең күн сәулесі жер бетіне жайыла бастағанда жүгіріп келе жаттым. Байқамай аяғым шалынып кетті, артыма бұрылып қарасам елдің тастап кеткен бос бөтелкесі екен. Дәл сол кезде бір ойға шомып кетіп, айналадағыны аса байқамадым. Содан қайта бұрылып жүгіре бастаған едім әлгі қыз алдымнан шыққаны, кеудеммен қағып жібердім. Ол қызды кешірім сұрап жатып орнынан көтеріп алдым. Ол болса бірден артқы қалтасынан телефонын ала салып: «Түу, жаңа ғана кредитке сатып алып едім, сіз де жан-жағыңызға қарамайсыз ба?» - деп  тұрған орнында тыпыршып кетті. Телефонының экранынан дым қалмай шытынап кетіпті, түк көрінбейді. Кішкене қарады да, жылап телефонын лақтырып жіберді. Не істерімді білмедім. Қайта-қайта кешірім сұрай бердім. Сәл уақыттан кейін ол қыз телефонын көтеріп: «Жарайды, сізден кінә жоқ, қайткенмен де сіз де байқамадыңыз ғой» - деп экранына қарап ары қарай жүре берді. Артынан барып тоқтатып сөйлеспекші едім ол қыз маған қарады. Сол сәтте менің аузыма құм құйылып, тілім байланып қалды. Әдемі, тұнық көздерінен менің көз алдымдағы әлем төңкерілгендей болды. Көздерінің әдемілігіне тамсандым. Үнсіз тұрдым. «Не болды?» деген кейіппен қолын бұлғаған соң ғана есім жиылды. Содан бар жағдайды түсіндіріп жаңа телефон алып беремін деп көндірдім. Ол кезде жағдайым жақсы еді. Қосымша жұмысымда табысым жоғары болған. Содан екеуміз кездесетін күнді келісіп, сол күні сындырып алған телефонның жап-жаңасын сатып алдым. Сол телефонды бергенше өзімді мойнымнан кінә түспегендей сезіндім. Ол қызбен анау тұрған «Фиалка» кафесінде кездестік. Көргенде тағы әдемі көздеріне бата кеттім. Ұзақ әңгімелестік. Жақынырақ таныстық. Содан осы саябақ біздің таныстығымыздың куәсі деп кездесіп тұруға келістік.

Уақыт өте аптасына екі-үш рет кездестік. Бірге жүгіріп, жаттығу жасадық. Үйінде жиналмалы кішкентай үстелі бар, соны көтеріп келіп екеумізге кішігірім дастарқанын жаятын. Тіпті, осы саябақта отырып та жұмысымызды бірге жасаған күндеріміз болды. Жай ғана кездейсоқ таныстықтың арты үлкен сезімге ұласатынын екеуміз де білмедік. Шамамен бір жыл өткеннен кейін жасырмай сезімімді білдірдім. Жұп болдық. Арман қудық. Жоспарладық. Болашаққа талпындық.

8 наурыз күні үлкен букет гүл мен ойыншығын алып осы маңда күттім. Телефонмен хабарласып келе жатқанын айтты. Ол қыз келе жатқанда жолдың арғы бетінен бері өткенше асығатынмын. Сол күні де сондай сұлу қалпымен жолдан өтіп келе жатты. Орындықта тұрған гүл мен ойыншықты ала бергенім сол еді, қатты соққының дауысы шықты. Бұрылып қарағанда сүйіктімді көрмедім. Жүрегім біртүрлі күйде болды. Жолда тоқтап тұрған көліктің маңайына жұрт жинала кетті. Жүгіріп барып жерде жатқан сүйіктімді көрген сәттен ары қарай есімді жоғалтып алдым. Не істегенімді білмеймін. Үш күннен кейін ауруханада ояндым. Жүрегімнің дүрсілін сезбедім. Түс кезі болған соң ауруханадағы адамдар үзіліске кетіпті. Ешкімге көрінбей ауруханадан шығып кеттім. Жолда келе жатып әлгі сәт есімнен кетпеді. Сол сәт жүрегімді күйдіріп, әлемге сыймағандай күйде болдым. Есім бірде бар, бірде жоқ болып сүйіктімнің мазарына келдім. Енді не істей аламын? Сол мазарда үш ай үнсіз отырдым. Сол кездері сізден келіп гүл сатып алып жүргенімде сіз мені байқамадыңыз, апатай. Осы орындықта өткен күндерді есіме түсіремін. Қиялдап сол шақтарға қайта барамын. Кеш батар сәтте сізден алған гүлімді мазарда сүйіктімнің басына отырғызып кетемін. Апатай, сондағы сезімнің құдіретін айтамын да, осы күнге дейін отырғызған гүлдерімнің ешқайсысы солмады, - деп жігіт әңгімесін аяқтаған сәтте көзінен жас тамды. Апаға білдірмейін деп басқа жаққа бұрылды.

Сонда апа:

- Балам-ау, өкінішті-ақ. Алла қаласа жұмақта мәңгі бірге боласыңдар, - деп көзжасын сүртіп гүлдерін алды да, үйіне қарай беттеді.

Жас жігіт көкке қарап:

- Сүйіктім... – деп жымиды. Орнынан тұрып қызыл гүлін иіскеп, сүйіктісіне қарай кете берді.      


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: