Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ӨНЕР
Бүгінгі өнер заман айнасы ма?

Блогтар

14.11.2017
10490

Бүгінгі өнер заман айнасы ма?

Бүгінгі өнер заман айнасы ма?

Біздің бүгінгі күнделікті өмірімізде үлкен орын алып жатса да, тиісті дәрежесінде не бұқаралық ақпарат құралдарында, не шығармашылық өрісте көрініс таппай жатқан тақырып баршылық. Сол тақырыптардың біреуін мен еліміздің шығармашыл тұлғаларына, өнер қайраткерлеріне, драматургтер мен режиссерларға осы мақалада ұсынбақпын.
    Шамамен 17 жыл бұрын «Электроника Ғасыры» деп атауға келетін тұтастай тарихи Дәуір басталған болатын. Қазір біз сол Дәуір қоғамына айналдық. Иә, иә, бүгінгі «Нетбук» сынды ықшам компьютерден бастап, ең жаңа айфон-планшетке дейін қаншама ақпараттық-техникалық жаңалықтар бізді өз саналуандығымен жылдан жылға қуантып келуде. Тіпті, кеше жақын ғана таңсық болған «интернет» деген ұғым бүгінде «микротолқынды пеш» немесе «теледидар» сияқты үйреншікті заттардың біріне айналып кетті. Қазіргі таңда, осындай өмір сүрудің формасының, көбінесе жағымды жақтарын атайды. Ол, ең алдымен, жылдамдық пен ыңғайлылылық. Алайда, бұл біз ойлағаннан немесе ойлағымыз келгеннен әлдеқайда терең әрі нәзік мәселенің екінші тұсы да бар. Кез-келген құрал (әсіресе бүгінгі жаһандану аясындағы қуатты ақпараттық-электронды жүйе) өткір пышақ іспеттес. Оны сақ пайдаланбаса қауіп туғызуы мүмкін. Алайда мен бұл мақалада сәл басқа нәрсе туралы айтқым келіп тұр. 
     Менің бұл мақаламен айтқым келгені, өнерде болсын, баспада болсын әділетсіз түрде назардан тыс қалып жатқан бір тарихи ақиқат бар. 1990-шы жылдардың бірінші жартысында Қазақстанда туылған буынның, яғни Тәуелсіздік құрдастарының (жаһандық үрдіске ілескен елдер арасындағы) әлі «электронды емес» дәуірдің шетін өз көзімен көріп үлгерген «соңғы буын». Ол рас. Содан кейінгі балалар буындары үшін, әрине, компьютер мен соткасыз өмір сүруге мүмкін емес Заман басталып кетті емес пе!? Міне, ал енді неліктен отандық өнер саласында оригиналды көркем шығармалар мен тың идеялар ретінде осы тақырыптар көрініс таппай жатыр? Сюжеттердің көбісі таза мелодрамалық немесе «батыстық» үлгідегі «экшн» сарынына еліктеу бағытында болып тұр. Иә, фильмдерде сотка да бар, компьютер де бар, тіпті ғаламтор да бар, алайда сол БҮГІНГІ АДАМ мен БҮГІНГІ ТЕХНИКА арасындағы шынайы, күнделікті, күрделі психологиялық қарымқатынастар көрінбейді!? Қалай Техника адам мен адам арасындағы қарымқатынас жасау үрдісіне әсер етіп жатыр?! Өте ақылды Деректі фильмдер болмаса да, тіпті тым болмағанда, әсірелеп айтқанда, әжем инстаграммға қосылып еді, ауылдас әжелермен сөйлеспей қалды. Сөйлессе, тек инстаграмм арқылы сөйлеседі енді сияқты фраза деңгейінде түсірілген кішігірім комедиялық фильмнің өзі жоқ боп тұр ғой қазір! Ал өмір қатты өзгерді...  
    Өмір өзгерді. Мысалы, құрдастарым еске түсірсе, біздің, яғни бүгінгі жиырма бестегілердің балалық шағы әлдеқайда табиғи және МАЗМҰНДЫ еді. Осыдан 15-20 жыл бұрын әр аула саябақ немесе балабақша алаңқайына көбірек ұқсас болатын. Ал қазір жас буын ауланы тек автотұрақ ретінде қабылдауға мәжбүр. Жастар қазіргідегідей ғаламтордағы дайын өнімді ойланбастан көшіре салмай, қажетті ақпаратты сөредегі оқулықтардан зейін сала іздеуші еді. Ал рухани азықты 100-ден астам «коммерциялық» арнасы бар теледидардан емес, көбінесе ата-анасы сақтаған көркем әдебиеттен іздеуші еді. Жалқылыққа және «қанішерлікке» баулыған виртуалды ойындардың орнына таза ауадағы салауатты ойындар мен үстелде ойнайтын интеллектуалды ойындар пайдалы да қызықты еді. Әрі ұжымда қарым-қатынас жасауға және достыққа тәрбиелеуші еді. Уақыт-сағатымен ғана бағдарламалар көрсететін бар-жоғы 5 арнада бір күнде бір рет кеңестік болса да, «мейірімді» мультфильм көрсетуші еді. Ешқандай «ұсқынсыз әрі ақымақ теңіз өсімдіктерін» кейіпкер етіп алған шетелдің 24 сағаттық арналары жоқ болатын. Бос уақытта және мерекелерде ата-әжесіне, туыстарына және барлық көршілерге қонаққа бару немесе солармен бірге қыдыру сияқты жақсы «дәстүрлер» болатын. Міне, бұған дейін осындай «виртуалды емес» өмір болған. Неге!? Осы уақытқа дейін біздің суреткерлеріміз осы мәселені көрмейді, неге сезінбейді, бұл тақырыпты өз деңгейінде неге көтермейді?
     Ең бастысы, ол кезде адамның (әсіресе, жастар мен балалардың) жеке уақыты мен кеңістігі, жеке назары мен қызығушылығы өзінің ғана «меншігі» іспеттес болатын. Ал қазір сол «меншіктің» көп бөлігін электрондық-ақпараттық техникалық құралдар: ұялы телефондар, интернет, әлеуметтік желілер, спутниктің телеарналар, айфондар және т.б. «ұрылауда». Бұл үрдіс күшеюде. Демек, біздің замандас адамның бейнесі 15 немесе 20 жыл бұрынғы адам бейнесінен гөрі ой-санасы, психикалық (тіпті физикалық) және ақпараттық иммунитет жағынан әлдеқайда әлсіз және қорғансыз болып шығатыны түсінікті. Себебі, расында да, адами сана үшін қазіргі ультра-жаңашыл техника мен ақпараттық ортада өмір сүру формацияға ДҰРЫС БЕЙІМДЕЛІП, ТИІМДІ ҮЙЛЕСІМ табу әзірше қиындау болып түрғаны рас. Сондықтан, мәселен, біздің біраз замандастарда компьютерлерге, соткаларға қатысты шынымен психологиялық тәуелділік проблемалары пайда болып жатқандығы жоқ емес. Одан басқа да,  адам мен техника арасындағы, өнер тілімен айтқанда, көре білетін автор үшін драматургиялық конфликттері қаншама! Енді осының барлығы бүгін жаңа әдеби, драматургия, театр немесе кино сюжеттер үшін аса маңызды, аса құнарлы ТАҚЫРЫП. Иә, тақырып. Ендеше, неге сол тақырып әзірше өз дәрежесінде көрініс тауып жатқан жоқ?! Жиырма бірінші ғасыр қиындықтарына толы күделікті Өмір БАР ма? Бар, алайда өкінішке қарай, сол күнделікті Өмірдің ӨНЕРДЕГІ айқын әрі дарынды ірі БЕЙНЕСІ әзірше бізде жоқ.      
     Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: әзірше жоғарыда аталып өтілген мәселені шеше алмасақ та, уақытты артқа жылжыта алмасақ та, лажы болмаса, өзіміз өмір сүріп отырған заманды толыққанды тақырып ете отырып, бүгінгі адам мен техникалық прогресс арасындағы шынайы әрі күрделі қарым-қатынастар туралы отандық ЖАҢА, ең бастысы дарынды да жарқын өнер туындыларын неге жасамасқа!?


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: