Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Бізде қанша уақыт бар?!

БЛОГТАР

28 сәуір 2017
8047
0

Бізде қанша уақыт бар?!

«.»

 

Ең ақырғы түн сияқты. Мына түн.

Қызық емес.

Жоқ ешқандай жоспарым.

Жоқ ешқандай мақсатым.

Мұратым.

Өмiр деген – жалғыз түн.

Кеш бiлдiм.

Ешкiм менi iздеп жүр.

Iздемеймiн ешкiмдi.

Жер бетiнде ешкiм жоқ. Сол.

Себебi жоқ – себебi.

«Бiреу қайтыс болыпты...»

Күлкiм келедi.

 

«...»

 

Бізде қанша уақыт бар, сүйіктім,
еске алуға өмірді?
-?!
Бізде қанша уақыт бар, жан бауыр,
көтеруге көңілді?
-?!
Бізде қанша уақыт бар, жан аға,
үнсіз ойға шоматын?
-?!
Бізде қанша уақыт бар, жан құрдас,
әзілдесіп қалатын?

-?!

Бізде қанша уақыт бар жан апа,

Көзімнен мұң құлайды.

Бізде қанша уақыт бар, шынында,

Еске алуға Құдайды?

-?!

Бізде қанша уақыт бар, жан балам?
Өкпелетпе адамды.
Бізде қанша уақыт бар, шіркін-ай,
тану үшін ғаламды?!
-?!
Бізде қанша уақыт бар, замандас?!
Сағат тілі барады әне қозғалып...
-?!
Бізде қанша уақыт бар, қарындас?
еркелеші назданып...

 

Бізде қанша уақыт бар, Жаратқан?..

 

 

АПАТИЯ

 

Ымырт тағы өлең оқып өткенге,

Көшелерден сөз жинап жүр көп пенде...

Ертең үмiт сығалаған шығыстан,

Келер жылы қар жылап тұр көктемде.

 

Ал сен болсаң түс көресiң күнiмен,

Өмiр сүрiп ой кешесiң түнiмен.

Желдiң мұңын түсiнбеген боласың,

Ай туғанда аппақ гүлдiң түбiнен...

 

 

Уақыт көлеңкесi

 

Топыраққа айналмаған кезiмде,

Мен де сендей жалғыздықты сезiнгем.

Жарық дүние жаратылған бiр демде,

Қауышқанда Өзiммен.

Дәл осы таң маңдайымнан өпкенде,

Күзгi аспан жапырағын төккенде,

Жан анамнан жаңа туып жатқанмын,

Жаратқанның дидарына жеткенде.

Осы сәтте кездескенмiн, өмiрмен,

Өмiрiм-ай, өз-өзiнен жерiнген.

Маған арнап өлең оқып тұрарсың,

Қоштасқанда сүп-сүйкiмдi өлiммен! 

 

 

EX-LIFE... 

 

Күдiк деген – Жалғыздық пен Бiз екен,

Оны ендi үнсiздiкпен түзетем.

Түн iшiнде күйiп қалған кiрпiкке,

Кiнәлi осы – сорлы, мұңлы Күз екен.

Төбедегi түпсiз, шексiз – Бақташы,

Қарап отыр, сабыр, сабыр... 

Тоқташы.

«Судың-дағы сұрауы бар» деушi едi,

Сөз,

Сөз-екештiң сұрауы бар, шашпашы.

Үндемешi, үндемесең не етедi?!

Өкпе-назың – ол да өткiншi, өтедi.

Түсiнесiң бе, ұғасың ба-ей, Тағдырым?!

Жалғыз сөйлем ғұмырыма жетедi!

Екi дүние. 

Жо-жоқ, бесеу... Алтау – Жалғыз Iз.

Тек екеумiз Мейiрiмге жарлымыз.

Ал бiз ертең тұншығамыз күлкiге,

Темекiсiн тартқан кезде сорлы Күз. 

 

Р.S.

ex-life...

 

***

 

Бізге мәлім,
Оған беймәлім тұста,
шексіздіктен шексіздікке
күрсініп ұшқан,
осы бір сүгіретке қарап,
бүгін,
Сенің үнсіз, жассыз өксіп-өксіп 
жылағаныңды көремін, 
Күнім!

 

Жалғызбын.
Аспан жалғыз.
Жер жалғыз.
Күн де, Ай да.
Жалғыз Құдай да.
Айналам үнсіз, мұңайған...

 

Тағы да сенің
жазған сүгіретіңе қараймын,
Не жаздым саған?
Не жазды тағдыр???
Міне, өзіме қараймын 
айнадан,
Қорықтым,
қорықтым,
қайғысын тойлаған сөздерден,
селк етпес сезімнен, 
жалт етпес көздерден...

 

Сүгірет.
Мені, сені,
үнемі ойлаған көшелер,
міне, сол көшелер...
Кезіп келем, езіп келем,
екіге жарылған жүректі...

 

Дәл қазір қар жауып тұр,
сондай аяулы, 
сондай сұлу,
көз алдымда құбылған.
Сөз алдында өмірім 
сағыныш деміне жылынған,
Сұлу Өмір. Өмір сұлу!
Делік!

 

Сүгірет сөйлейді:
Ұмыту мүмкін емес. 
Мүмкін емес өмір сүру!

 

 

ҚАР 

 

Осылай еримiн,

еримiн ала-қан-ын-да заманның...

Қар.

адасқақ қар...

Сен-дағы алақанымда балқисың, 

ерисiң сен де

дiрiлдек мұңындай обалдың,

мөлт етiп, 

ерiксiз,

көзiмнiң алдында жоғалдың,

өкiндiм. 

Несiне жоладым мен саған?!

осы ма, осы ма арманым аңсаған?!

Қар.

Аппақ едiң ғой, 

кiрледiң, тапталдың табанда...

Обал жоқ саған да,

Маған да...

Өткiншi дүния-ай,

Қар...

  

АВТОРМЕН ДИАЛОГ 

 

– Барарымыз – жер, – дейсiз, 

Бәрi жалған. 

– Өлем, – дейсiз, 

өлмейсiз.

– Өлiм деген – жоғалу деп, кiм айтты?!

– Өзiңiз,

бақ пен сорды түсiнесiз, бiлесiз,

көзiңiзде мұң жылап тұр,

тұнжырап тұр сөзiңiз,

бергi жақтан күлесiз,

арғы жақта Айдың бетiн тырмалайды

көзсiздiк, 

барарымыз – Жер емес.

– Жердiң өзi – көрдiң өзi.

– Шексiздiк...

...өп-өтiрiк сенбейсiз,

бiлiп тұрып бiлмегендей боласыз,

көрiп тұрып көрмегендей боласыз...

не

Шыныменен көрмейсiз...

не

Шыныменен бiлмейсiз... 

 

Р.S.

 

Адамның дiлiне қарсы 

айналады бақыт,

Сағаттың тiлiне қарсы 

айналады уақыт. 

 

 

Егер...

 

...тағдырымды ойладым деп ойлайсың,
сенімсіздеу сеніммен. 
Ойламайсың.
Ойламайсың ойыншықпен ойнайсың,
дұрыс па?!
Барлық адам ойнап жүр,
көңілмен. 
Міне, тағы бара жатсың жұмысқа,
Келе жатсың өмірден...

 

Топырақ демі

 

Топырақ,
Мен жасанды мұңнан қорқамын…
Түннен қорқамын дұғасыз.
Соқыр сөздерден…
Қабірге айналған қараңғы-ы-ы көздерден,
кінәлі кірпікті жуған күнәсіз жастан….
тәубесіз бастан қорқамын,
Топырақ!

Алланың «Ойы» жауып тұр аспаннан,
Мейірім жауып тұр, мөп-мөлдір.
Иә, рас,
біз – жетімбіз жерге тасталған,
мастанған Жоққа,
не
Рахым Нұрына мас болған,
ұмытшақ нүктеміз – адасқақ…

Топырақ,
Мен, өзімнен қорқамын…
Төзімнен қорқамын кектенген.
көпірік дауысқа көмілген,
өтірік сезімнен,
қорқамын топыра-а-ақ…

Қарашы,
жаңбыр кетіп барады…
қайда кетіп барады?
тағдыр кетіп барады...
Қайда кетіп барады?
Қарашы,
Тамшы мөлт ете түсті…
шолп ете түсті бір өмір.
Топырақ!

 

Түн. Мен.

 

...Мен, қазір осы уақыттың 
Жанын сеземін,
демін сеземін
күрсінген...
Түн.
Момақан Түн, Түс пенен Өң сіңген,
мынау беймаза,
ұйқысы қашқан қаладан,
ұйқыда жатқан далаға 
сіңіп кеткім келеді,
Аспан жаңбырындай,
тамшы тағдырындай мөлт етіп...

 

Тағдырдың жазғанын көремін,
біреудің дұспандығын,
қастығын,
жалған достығын,
ластығын көтеріп келемін,
көтере беремін...
Бәлкім, момақан Түнім,
Саған, мұным күлкілі.
Мен өлсем, 
Сөз көтере алмай 
өлетін шығармын 
бір Күні...

 

Тағдыр

 

Осы таң үшін 
өмірге келгенмін.
Осы сәт үшін 
көздерің жаралды.
Сенгенсің Жаратқан Сертіне,
сенгенмін. 
Осы сәт үшін
ажалың жоғалды. 
Оқыдың.

Осы сәт үшін 
есігім жабылды.
Осы сәт үшін 
кірпігің қағылды.
Осы сөз үшін 
өмірге келгенсің,
оқыдың - тағдырың жазылды.

Аяулы оқырман,
неліктен ояндың ақылдым?
Осы сәт үшін бе?
Неліктен ұйқыда жатырмын?
Осы сәт үшін бе?

Ойлардан ойларың түлеген,
ұмытып қалардай атыңды,
қарайсың айнаға, 
тағы да осы сәт үшін бе?
Кім үшін жазылды бұл өлең?
Кім үшін оқылды?
Осы сәт үшін бе?
Өңім бе?
Түсім бе?

 

Ес жию

 

Ая, мен енді өзіме ауаны дос етем,
Ауамен қосылып жыладым,
Көңілі бос екен, аяулы...
Бетімнен искейді, күрсініп, жарығым,
Ол да сол... 
Мас екен.
Дерт ішкен, мұң ішкен бейбағым,
есіне түсті ме қайдағы?
Жаңбырдай жылайды,
Тағдырдай күрсініп...
Уф...
...несіне өмірді ойладым.
Білемін, 
жоғалтқан Сөздерді табамыз
бір күні.
Ал енді,
ауаның исіне қараңыз...
Несіне өмірді ойладым...
Аягүл,
бәріне кінәлі Қара Күз...

 

Құштарлық

 

Қап-қара сенің көзіңді ішкім келеді,
Қап-қара түнде
қап-қара шашыңа сүңгіп...
Құшқым келеді жаныңның үнін,
уақыт маужырап,
уақыт мүлгіп...

Тек.., тек өмір балқиды қанда,
Қып-қызыл қанда жап-жасыл жүрек.
Сезімнің әні шалқиды сонда,
Иіс тіліннен мөлт етіп тілек...

Сенің қап-қара көзіңді ішкім келеді,
Алақанымда Аспан билетіп.
Тап-таза әлемге түскім келеді,
Жаным...

 

ӘЛДИ

 

Мына Түн талыққан Үміттің дауысы секілді,
Кеңістік еркесі Ол – торсық бет кекілді.
Ол бізді бір жаққа шақырған сыңайлы,
Естісем дауысын еске алып Құдайды,
Жүрегім жылқыдай жылайды!

 

Мына Түн – о, мүмкін бағыты жоғалған Жолдарым.
(Жолдарда жанымды жұбаттым, алдадым...)
Өлімді сағынған, аңсаған –
қартайған Арманның
шаршаған елесі емес пе,
мына Түн??!


Ұйықтамай отырмын неге осы??!

 

Мына Түн –
мәңгілік әуенге билейтін Сөздердің мекені –
Анты бар төзімдей, сезімдей некелі.
Жарықты сүйеді,
Жарықта өледі...
Жарықтан келеді,
Жарыққа кетеді...

Әлди, әлди, 
әлди, әлди, Қара Түн...
 


Мен


 

...Ол қайтыс болды. Бірақ, өлген жоқ.


Р.S.


Құран самалы Құбыладан есіп тұр...
Оны тек 
соқырлар көріп,
мылқаулар оқып,
кереңдер ғана естіген,
шығып алып өсегінен бес күннің.
Есін алмай ешкімнің.

Ақиқаты – Ол, Ол емес – адасқақ.
Ол – Жан мен Тәннің сүйісінен жалығып,
Сөзге айналған махаббаты Біреудің???
Сол Біреуге ғашық еді өлердей,
ұмытты.
Ұмытты ма, жоқ, әлде уақыттан тыс жерде,
Өз хаятын өзгеше бір кітаптан 
өзі оқып,
өкінішінде уатылып отыр ма?!
........................................................
Гүл көзінен домалаған тамшыдан;
Көктемдегі жас қайыңның жапырағындағы күлкіден;
Маусымдағы көк шөптің былдыр-былдыр үнінен;
Күрең күзде билеген жапырақтың әнінен;
Өксігінен мұхиттың;
Уілінен ғарыштың,
Өткен шағы мен келер шағы қосылып,
Жылайды да күледі,
Күледі де жылайды.
Көз жасында – бұ дүнияның 
қуаныштары күлімдеп,
Күлкісінде – о дүнияның
қорқыныштары дірілдеп тұрғандай...
Қызық өзі.


Не жетпейді?
Кімді іздейді?
Қайтеді?
Сосын тағы сағынады Біреуді?
Мүмкін Оның сағынышы өтірік..,
өтірік..,
өтірік...

Ол кейде ойларынан қашып шығып,
бурыл қабақ таң туғанда шығыстан,
Жер бүйірін Күн сүйгенде елжіреп,
не
Жел ысқырса қызыл кештің өтінде,
не
Қап-қара Түн күрсінгенде солқ етіп,
Сыйынады тағы Соған,
Бәлкім, Оның құлшылығы жаттанды?!


Бісмилла...
Өмір мәнін түсініп, 
Ұмытқанын түсірсе егер есіне,
Содан соң, Ол, 
Өлімді
Өлең қылып үнсіз ғана оқыса,
Періштелер аспан жақтан түсіп кеп,
Сүйер еді ернінен..,
Әтте-е-ең!!!


 

Угай


 

Угай, угай, әй-угай....
.....................................
Көш айрылып салтынан,
Жер айрылып халқынан,
Түнге сіңіп кеткен соң көп тағдырлар жамырап,
Ермен исі аңқыған күрең сайда аңырап,
Ыңылдайды балбал тас арқар – мұңы маңырап...


Угай, угай, әй-угай....
.....................................
«Угай әні» көшеді – көшу оған жазғасын,
Бала мұңын сол сайда... (зар жұбатқан әз басын)
Сыйынады Құдайға – тасқа тамған көз жасы.
Ал, балбал тас – Тамырым, Топырағымның Киесі,
Қозғалмады, көшпеді, көкірегінде күй есіп,
Ол себебі, ай маңдай Сағыныштың Иесі.


Ер түріктің мекені Қасиетінің түсі аппақ,
Туған Жерім қалды артта балбалдарын құшақтап.
Күн астында күңіреніп, күрсінеді Дала, Аспан,
Көздерімнен сор ағып, қаңсып, талып өзегім,
Туған Жердің тау-тасын тек түсімде кеземін.


Угай, угай, әй-угай....
.....................................
Қара шалдың суретін қолына алып кешқұрым,
Кемсеңдейді қарт апам тежеп ішкі өксігін.
Менің жаным жылайды зарлығына тағдырдың,

Әжімдерін қуалап кермек, шерлі мөлдір мұң,
Апам ылғи айтады Балбалдардың ерлігін...

 

Угай, угай, әй-угай....
.....................................
Ойғыр таудың ойында қалды ма екен ойыны?!
Баян таудың сайында қалды ма екен қайыңы?!
Қобда өзеннің бойында жастық шағы қалды ма?!
Әлде, мендей түсінде
Қара шалдың бейітіне қайғы кешіп барды ма?!


Угай, угай, әй-угай....
.....................................
Көш айрылып салтынан,
Жер айрылып халқынан,
Түнге сіңіп кеткен соң көп тағдырлар жамырап,
Ермен исі аңқыған күрең сайда аңырап,
Ыңылдайды балбал тас арқар – мұңы маңырап...

 


Жоғалу


 

Бісмилла.., 
Бісмилла..,
шынында...
Үйлеспестен ешқандай бір ұғымға,
Ең алғашқы топырақтай иленген,
Және сазды сырнайдай,
Ең алғашқы жапырақтай билеген,
Есімде сол уәденің уілі...


Иә.., иә.., мына жалған – Бес Күнге,
Жағынбай-ақ, жалынбай-ақ ешкімге.
Мен Сол жақтан өзімді іздеп келгенмін,
...Біреулерге ілестім де,
Жетегінде желік қуған арманның,
Жоғалдым «Мен», саудагердей сандалдым...

...Қаңғырдым,

Тарам-тарам жолдарында тағдырдың,
жан-дүниемнен жараланған жас парлап,
сай сүйегім сырқырап,
езуімнен жынмен қоса у ағып,
әлем-жәлем көшелерде мәңгірдім.
Күрсінісі ызғарлы және өте ырымшыл –
Өкінішке Обалымды тоңдырдым.


Талай рет үсіткенмін ақыл қонған шекені!
 

Ұят өлген өлкенің ең сүйікті мекені – 
Өмір дейтін мәдениетті құлдықтан,
Бейберекет бір бейтарап сырды ұққам.
Миллиард-миллиард дүние қуған балшық ми,
Түк таппайды құрлықтан!

Түсін, күнім,
Менің сәби ойларымды жұбатқан,
Үні мұңлы, тылсымды бір музыка бар қанымда.
Білесің бе?!
Кеше тағы жыладым.
Жалғыздықты жаутаңдатып жанымда.


Түсін, күнім,
Үміттімін, іздегенім табылар,
Сосын, жаным ауыр ойдан арылар...
.............................................................
...Жанарымда жалғаннан тыс арман бар,
Маңдайымда машақаттың табы бар...
...............................................................
Кешір, кешір, енді оларға ермеймін,
Ниетімді жұтып қойды сенбеймін...


Бісмилла.., 
Бісмилла..,
сенбеймін.
Алақаныма дем салып періштелерге үрлеймін....
Сау болыңдар,
...Қайда кетіп барамын?!
...Білмеймін.
 

 


Ретро-өлең. Картина мен әйел.

 

1

 

...әрбір жылдың жауратып себептері,
бір басыма, не келіп, не кетпеді?
байлаусызын бәрінің көріп тұрып,
Өлместей өмір сүру керек пе еді???

 

Осы қазір, барлығын түсінгендей,
Күрсінемін, түкке де күшім келмей.
Бір тамшы жас, жаралған жан мұңынан,
Бір тамшы жас тәубеме түсіргендей...

 

2

 

...Үстелде сурет жатыр күлімдеген,

Күлімдеген, ешқайда ілінбеген...

Бір сөз бар сағынатын жүрегіңіз,

Бір мұң бар жаныңызды тілімдеген.

 

Сағынып бұрынғыдай келмегені,

бәлкім, ол... өзіне-өзі сенбегені?

Сіз неге түн ішінде жыладыңыз?!

Гүл неге өліп қалды бөлмедегі?!

 

Сіз неге жыладыңыз түн ішінде?

Жоқ, әлде өліп қалған гүл үшін бе?!

Сағынып күту керек махаббатты,

Гүлді де күту керек тірісінде...

 

 

Сызық

 

І

 

Көкшетаудың қартайған көшелерінде, бір нәп-нәзік қайың өсетін. Жапырақтарынан жапырақтарына жап-жасыл өлеңдер көшетін. Сол қайың түсіме кірді, кеше... Есіме түсті Аспан туралы аңғал ойыным. Менің момақан қайыңым!

Ояндым. Несіне ояндым, қайыңым? Осынша тәп-тәтті боларын білмеппін түсімнің. Көктем жанарын жылатып, мөлт етіп тамған әр тамшы - сенің мөлдір мұңың деп түсіндім.

Қайда жүр екен, менің өлеңші бауырым? Ойға - гүл екен өткен шақ. Ағам бар еді өкпелі тағдырға. Кінәмшіл еді ғой, шырмалып қалды ма сөзіне? Өртеніп кетті ме өзіне? Момақан қайыңым, жасырмай айтшы енді Аспанға. Сол бір сусардай сұлу жайнаған кездерім, есімнен кетпеді тұрсам да, жатсам да...

Сәлем айт, ауаға, қайыңым...

 

ІІ

 

Көзіңізде тұншыққан жас - Сіздің Жаныңыздың айқайы не азабы. Естімейсіз Сіз оны. Құпия сәлемге құлшынтқан бір сезім пешене жолдарын байырғы сөздерге мас болып, шынайы үн қатқан әуенге ынтығып сызады. Оны да көрмейсіз, қымбаттым.

Сөйлеспей-ақ сөйлесе алсақ қой, шіркін-ай. Жетеміз Сол Күнге. Қалыпқа құйылған ұғымға мысқылмен боялған бақыттың маскасын сый етем Сол Кезде, бағасы - өмірдің құнындай болады.

Пай, дәурен! Сіз жайлы ғаршының мұңында жанары пейіштей жайнаған ауаның күлкісі туралы жыр оқып берер ем. Сол Сәтте, шекесінен шертіп қоямын мынау есер жалғанның! Ох! Сонда маңдайым жарқырап, еркелеп, жүремін! Көресіз! ...Дәл Сол Күні артық кетсем кешіріңізші Жүрегім...

 

ІІІ

 

Күн сайын күрең таулардың күн жалаған бөктері күрең түске боялғанда, күрең-күрең қойлар өретін. Әр күні таңертең оянғанда, айналасын алқалап, шалқалап жатып алған сол күрең тауларды ғана көретін, бір бала. Атасының қарлыққан даусында қалықтап жүретін ертегілерге күмәнсіз аңқиып сенетін сол бала, өзімен өзі сөйлесіп, өзімен өзі күлетін, еш себепсіз мұңайып қалатын сол бір бұйығы баланың аты - Бауыржан болатын.

Таулар күрс-күрс жөтеліп алып, тәп-тәтті сыбырласқанда даламен, сол бір балақай Ғарыштық не Ғашықтық санамен тігілген, тұсына көркем ілінген жұмбақ түскиіз бетінде әр түні кездескен ою-ою ойларымен жараса алып па бүгінде?!

 

P.S.

 

...Осының бәрін еске алғанда, жападан жалғыз қалғанда, жалығам мынау қаладан налыған. Сосын со-о-она-а-ау қара адырда елесі ғана көшіп жүретін Қарашаңырақты сағынам, атамды сағынам.
Сол бір қырсық баланы да қатты сағынам...

 

ІV

 

О, Перизат! Осы көне қаланың қоңыр көшелерінде сенделіп, сені ойладым. Нені ойладым? Нені медет еттім сенімге?! Көзімнен бұлбұлдай ұшып, көше бердің бе көңілден? Уақыттан еркін жаралған жанарың, өкпелі сияқты өмірге. Жалыққан сияқты өмірден.

Біз неткен ақымақ едік? Біз неткен ақылын құл қылған жандармыз құлқынға? ...Бір үміт күтіп төңкерілген көктен, ұмтылған боламыз шындыққа жаны - гүл. Ұмытылған сәттерді еске түсіре алмаспыз бәрібір, Перизат.

Сенің еркін жанарың... Сенің еркін жанарың үшін у ішттім сол түні. Сүйегім қорғасындай балқыды. Жүрегім лала гүлдеріндей аңқыды. Шалқыдым өмір кешкендей мәңгі. Көзім ашылды, шырадай жанды. Достардың сатқындығын көрдім көңілді. Сенімім тағы да сорлады, көңілім су сепкендей басылды. Сосын бауырларыма жоғалған сөздер туралы мұң шақтым. Басқа кейіпке ауыстық. Қайғы шырынын сарқып іштік, тауыстық. Өзімізбен қауыштық, Перизат...

Перизат, сен маған жанымнан да жақынсың әрі жатсың. Дәл қазір жанымда жоқсың. Мүмкін тәп-тәтті ұйықтап жатсың. Перизат, желдей еркін, ерке жанарыңа сендім. Кезіп келемін көшені... Міне, Мен көне көшелердегі ағаштардың бір сәтте жүрекке айналғанын көрдім, Перизат...

 

СЫРДАРИЯ

 

Бұл Дария - елімнің аяулы аңызы, жерімнің жұмақтай маңызы, күретамыры. Менің - күретамырым. Күретамырымнан бабамның рухы, баламның арманы Қорқыттың қобызындай күңіреніп ағады... Сүмбілдей сыланып, сүлейдей сілкініп, сосын сырғып ағады, мұңданып мүлгіп ағады, ағады... Ақырған ажалды азаптап ағады, алқынған өлімді мазақтап ағады, ағады... Үнсіз ағады. Жап-жасыл Өмір ағады.

Менің күретамырымнан дәуірлер ағады. Тәңірінің сертімен, тағдырдың дертімен көзінен қан аққан, сөзінен жас аққан адамзат тарихы ағады күрсініп... О, жалған, Ар үшін жүрегі обалдан жаралған Тұмар ханшайым қолында кесілген баспенен кегім де ашынып ағады.... Мұраты асылмен, намысы жасынмен қайралған, аймаңдай Алашшыл оғланның ойлары ағады менің күретамырымнан. Қып-қызыл елеске елігіп, еңіреп, өксікке тұншыққан зарым да ағады, қайтейін...

Менің күретамырым - Сырдария ағады мөлдіреп момақан жанары. Қазаққа барлығы болсын деп ағады. Маңдайы жарқырап жансын деп ағады. Жаралы Аралы толсын деп ағады, менің күретамырым!!!

 

Қызылорда. 26.03.2017

 

Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha