Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Бір құшақ гүл

БЛОГТАР

24 наурыз 2022
161
0

Бір құшақ гүл

 

 

                   

 

Қалалық өнер музейінің ауласында қыз бала әрі-бері жүр. Үстіне кигені жұқалау келген көгілдір түсті тізеден төмен түскен кең етекті көйлек. Ұзын шашын өріп, жинап қойыпты. Ақ бетіне құстың қанатындай болып жараса кеткен қап-қара шашы қиылмаған ұзын, кең маңдайынан құлағына, одан мойнына қарай тәртіппен таралған осы шаш бет әлпетіне өзгеше сән беріп тұр. Бұл – сән өнері колледжінің студенті Кәлима еді. Оның күтіп жүргені сурет өнері тарихынан сабақ беретін апайы Тәнзилә. Достары оны Таня дейді. Апайын Таня деуге Кәлиманың аузы бармайды. Жай ғана апай дейді. Өзінің ақырын шығатын жұмсақ дауысымен сөйлей бастаса апайы дауысын қатайта түсіп;

–Дауысыңды қаттырақ шығар,–дейді. Үні болса құлаққа жағымсыз, жайшылықта тарғылданып шығатын қырылдақ әрі қатқыл. Осы бұрмасыз, тік сөйлейтін, үнемі бір жаққа асығып жүретін  апайдың оқыс мінезі Кәлимаға да ұнамайды. Соны айтпай біліп алған адамша әр түрлі тапсырмалар беріп, үнемі артынан салпақтатып, анда кел, мұнда кел деп іздетіп қоятын әдетін Кәлимаға басқалардан көбірек жасайды. Мені бұл адам ұнатпай қалды-ау, немесе басқаларға неге өйтпейді деген сұрау оқушы қыздың ойына келген емес. Тапсырма берсе орындап, қанша қатқыл сөйлеп жатса да иіліп, апайлап тұрғаны.

Колледждегі көпшілік қыздар апайдан ығып, қашып жүреді. Өзі дардай ғылым докторы. Емтихан болса оқушыларды небір сұрақпен қинап, көңіл күйі болмаса түк оқымапсыңдар, пәлен күні түген жерге келіңдер деп сандалтып қойғанды ұнатады. Оның артынан іздеген студенттер, сабақ беріп жатқан аудиториясына, емтихан алып жатқан бөлмесіне, офис деп өзі атап кеткен өнер мұражайындағы бөлмесіне топ болып шұбырып келіп жүргені.   Адамның бәріне бірдей қараймын дегені болса керек, алдына кім келсе де осы қатқыл, тарғыл дауысымен қиын сұрағын қойып, инеше қадалып, көзбен ішіп-жеп құр сүлдері қалған оқушыны қинаудан рахат сезіміне бөленетіндей  осы отырыстан Таня апай оқыс жадырап, ширақ адымдап шығатын. Әшейінде бойы құрысып, шекесі тырысып, қабағын болмашыға шытып, оны-мұны адамды жақтырмай жүретін адамның емтихан алғанда жүзіне ерекше рахаттану, адамның ойланып қиналғанын көргенде содан ләззат алу сезіміне бөленуін қанша ойланса да өзге жан түсіне алмас еді.

Сыпылдаған сөзшең қыздар Таня апайдың қалай доктор болғанын, ағасы әлдебір үлкен шенеунік екенін, апайдың күйеуіне бұйыра сөйлеп тұқсырып ұстайтынын, өзінен қашып жүретін екі ұлының әлі үйленбегенін, отбасының осы төрт мүшесі  іші атшаптырым коттеджде тұратынын біліп алған. Пысық қыздар кейде апайдың үйін жинауға да барады. Қызметін істетіп алған соң, қаланың бір шетінен келіп өздері әрең жүрген студенттердің бір тілім нан мен бір стуқан шайға зар болып, жатақханаға тәлтіректеп әрең жеткендерін талай көрген. Кәлиманың апайды тосқанына бірталай уақыт өтті. Аула іші кең еді. Жол жиегінде өсіп тұрған ағаш көлеңкесінде бірталай отырған студент қыз біраздан соң жалыға бастады. Кішкене қол сөмкесінен арасына картап салып пісірген екі ораманы жеп, кішкене бөтелкедегі судан ішіп, тағы да айнала қарап бірталай отырды.

 

                                                     ***

 

Бұл мамыр айының соңғы күндері болатын. Оқушылар да сабақтарын аяқтап каникулға шыққан. Мектеп бітірушілер топ-топ болып жиналып, өздерінің қоштасу кештерін әр жерлерде өткізіп, оқушылық өмірдің соңғы күндерімен қимай қоштасуда.

Аула ішінде көктемнің шыққанын білдіргендей жеміс ағаштары гүлдеп, жапырақ жая бастаған. Жайқалып өсе бастаған неше түрлі шөп пен гүлдердің  жұпар иісі адамға ерекше тыныс береді, таза ау жұтқан сайын жақсы көңіл-күй сыйлайтындай.

Кәлима телефонмен сөйлесіп отыр. Бірге оқитын Жантас деген бала группа болып қала сыртына, тауға шығайық,– деген өткендегі әңгімесін тағы бастады.

–Бүгін бара алмаймын.

–Неге?!!

–Таня апайдың тапсырма беріп қалуы мүмкін.

–Оны ертең істерсің. Біз бүгін түстен кейін шығып кетейік.

–Жоқ болмайды. Үлгіре алмаймын. Кеш батып кетеді. Мен түнде жүре алмаймын.

–Басқа қыздар жүре береді ғой.

–Мен жүре алмаймын.

–Жарайды онда Таня апайыңның жұмыстарын істеп жүре бер. Біз басқа қыздармен бара береміз.

–Мен музей ауласында отырмын. Мұнда өте жақсы. Гүлдер өсіп тұр.

–Сен гүлді жақсы көрсесің бе?!!

–Иә.   

–Тауда неше түрлі гүлдер бар. Қазір саған гүл сыйлайын онда.

–...Сабақтан қалай шығасың?

–Апайдан сұранармын.

–Жарайды мен өнер мұражайындамын.

–Иә, қазір келем.

 

                                                      ***

 

–Әй қыз! Сен қашан келдің? Неге келгеніңді айтпай тығылып отырсың. Мен азаннан бері сені тосып отырсам, телефонмен сөйлесіп отырсың ғой өзің рақаттанып. Жүр бері,–деп Таня апай тарғыл дауысымен мұны сөге жүріп ішке кіріп кетті.

Кәлима кіре берісте тоқтап телефонды терді де –Жандос сен келмей-ақ қойсаң қайтеді,–деді.

–Неге? Мен гүл алып келе жатырмын ғой саған. Мен апайға кіріп бара жатырмын. Сен әкелген гүліңді кіре берістегі шоланның сыртындағы гүл өсіп тұрған домалақ құманның ішіне қоя саласың ба? Апайға кірсем– неге шыға бересің?– деп ренжуі мүмкін.

–Жарайды. Айтқаның болсын. Мен таяп қалдым.

Кәлима апайға келгенде ылғи отырып жазу жазатын терезеге таяу орналасқан компьютерге келіп отырды. Апайдан тапсырмаларын алып, жұмысқа кірісуге даярланды. Өзі ісімен бола берген тынымсыз апайдан көзін айыра беріп терезеге ұрлана көз тастады. Қақпаның есігі ширақ ашылып, бір құшақ гүл көтерген Жандос Кәлима айтқан жерге қарай күлімсірей басып келе жатты. Қыз терезеден көзін тайдырып әкетіп, өзінің ісімен бола берді.

                                                                                                 27.05.2021. 

 

                                        


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha