Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
АЛЛА БЕРЕР ТІЛЕКТІ

БЛОГТАР

18 наурыз 2022
184
0

АЛЛА БЕРЕР ТІЛЕКТІ

«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпес» дегендей, ақсары, көрікті жүзінің өңі әлі кете қоймаған 73 жастағы кейуана -Сәуле Базарбайқызының жасында әнді әдемі айтқанын айғақтайтын сыңғырлаған ашық үнін, сабырлы әңгімесін тыңдап отырмын.

* * *

... «Шын тілекті бір күні берер Алла!» әкенің жан тебіренісімен айтқан осы бір сөздері өмір бойы құлағымнан кеткен емес. Аруағыңнан айналайын, жан әке!.. Шынайы тілектің қабыл боларын Алла шығар саған білдірген...

... Әкем Базарбай Мәметов 1888 жылы Талдықорған облысы, Сарқанд ауылығ Тастұма ауылында туған. 1917 жылы Қазан университетінің заң факультетін бітіріпті. Сол жылы Семей қаласында құрылған Алашорда үкіметі «Алаш» партиясының, Саяи бюросы он бес мүшесінің бірі болғандықтан 1928 жылы ұсталып, Алматы түрмесінен Россияның Саратов қаласына отбасымен 1931 жылға дейін жер аударылады.

Ол топыраққа аяқ басқанда мен үш жарым, сіңлім - Азия бір жарым жаста екен. Еш нәрсенің байыбына бармайтын сәби - кімге қандай айып тағылып, неге тентіреп жүргенін қайдан ұқсын, әйтеуір ес тоқтата бастағанда тұрған жерде шешем мен әкемнің сөздеріне ұқсамайтын тілде сөйлейтін халықтың (олардың орыс деп аталатынын), цыгандардың көптігін білгенім.

«Көп терең батырады» демей ме. Араласып, бірге ойнайтынымыз орыс балалары, тіл орысша қалыптасты. Себебі, ондағы орыс балалары бізден тілінің құдіретінен ғана емес, тұрмыс-тіршілігінен де қыр басында тұр еді.

Олардың жақсы үйлері – мал-мүліктері, ішетін тәтті тағамдары, киетін әдемі киімдері бар. Ал бізде түк - не тамақ, не киім жоқ. Тек тақ-тұқ, өзек жалғау. Ұнды суға шылап бұрқ еткізіп, быламық көже ішетін біздер (мен сияқты қазақ балалары) - еңсесі биік орыс балаларына қатты қызығып, олар не істесе де өзімізге үлгі етеміз. Тіпті, олармен ілесіп шіркеуге барып, шырақ ұстау рақат көрінеді.

Көрші балалардың үйіне кіріп жүріп, бұрыштарында үнемі сурет тұратынын аңғардым. Ол «икон» деп аталады. Тамақ ішерде ата-аналары, балалары осы бұрышқа барып шоқынады. Өзімізде мұндай нәрсе болмаған соң. Бірде құрбыларымнан мұның не екенін, оның алдына неге барып тұратындарын сұрадым. Олар: Бұл - жарылқаушы, егер шындап сұрасаң, саған керегіңнің, тілігеніңнің бәрін береді», - деп түсіндірді. Бала жаныма бұл сөздер қона кеткен, үйге тезірек жетіп, орыстарда, цыгандарда бардың бәрін беруді тілеп жалбарынуға асықтым.

Азия екеуміз ішке енгенде шешем дастарқанға оны-мұны қойып жатты. Дереу сіңлімді жетектеп кеп, бұрышқа қарама-қарсы тұра қап иіліп, шоқына бастадық. Мен көзді тарс жұмып, асығып-аптығып ауызға түскен, ойға келгеннің бірін қалдырмауға тырыстым. Ой - тілек жарылқаушыға жетіп, тез қабыл болсын. Егер сол сәтте айта алмай сүрініп қалсам, жалбарынушым ренжіп, ниет текке кетер қорқынышы ерік билеп дір-дір етіп, алаңдамағаным сонша, ту сыртымдағы анамды сезбедім. Болды-ау деген кезде шешем: «Бұларың не?» - деп сұрады. Мен ересекпін ғой:

- Шоқынып жатырмыз, - дедім.

- Неге?..

- Егер шындап сұрасақ, жарылқаушы бізге бәрін береді.

Анам үндемей қалды. Бетіне қарасам, жас моншақтары жүзін айғыздай бастапты. Бір нәрсені бүлдіріп ренжіткенімді білсем де, бірақ не істеп қойғанымды ұқпадым. Ол қасына шақырып, біздің қазақтар екенімізді, Аллаға сыйынатынымызды, ол үшін жаңағыдай тұрудың қажеті жоғын жайлап ұғындырды.

Кешкісін апам біздің бүгінгі қылығымызды айтып, ағыл-тегіл жылағанын әкем біраз үнсіз тыңдады да, сақылдап күліп: «Қой, жылама! Шын тілекті бір күні берер Алла! Сәби ниет ескерусіз қалмас далада», - деп жұбатты.

Әкеге іштей риза боп жымидым. «Бәсе, яғни қабыл болатыны рас» - шүбәсіздік қуантты.

Ал «шын тілекті бір күні берер Алла!» - әке үнімен мәңгі жадымда жаңғырып қала берді.

Анам - Зейнеп Жақыпқызы найман, қарағұла-тобышық руынан шыққан Нияз батырдың тұқымы. Ескіше, орысша оқыған. Жер ауғанда әжелерінің көзі - алтын, күмістерін жасырып қалуға тырысыпты. Асыл заттардың ішінде 12 алтын қасық бар екен.

Цемент заводында істейтін әкенің жалақысы ештемеге жетпейтін мардымыз, күнкөріске осы 12 алтын қасықтың себі тиген. Оларды апам ебін тауып тамаққа айырбастағанда, біреуін маған арнап қалдырыпты.

Белгіленген мерзім өтелсе де, елге бірден қайтуға рұқсат болмай, енді Арал, Сырдария арқылы пароходта бит пен қандалаға таланып, аптап ыстыққа қақталып Қарақалпақстандағы Төрткүлге келдік. Мұнда сауаттылықтың пайдасы тиіп, әкем ГПУ-де аудармашы боп, шешем паспорт бөлімінде істеді.

Ашаршылық жайлаған жыл. Жағдайдың нашарлығы сондай, адамдар жоңышқадан бірнәрсе дайындап, өзек жалғайды. Ал ата-анам ГПУ-дің асханасы өздеріне беретін болмашы тамақтың жартысын балалары аузына тосады. Содан аман қалсақ та, Ресейде туған Русия бәрібір аштық құрбаны болды.

Асханада көбіне тұзды балық береді. Соны ашқарынға жей беруден буын-буынды тұз алып, 33-жылы мектепке барсам да, оқуды жалғай алмадым. Өзің қатарлылар мектепке бара жатқанда, көз жәудіреп қорлануды айтсайшы.

Ата-анам уақыт ұзартпай жергілікті білгер дәрігерге көрсетті. Ол: «Тұзсыз нан жегізе беріңдер, сонда барып жүруі мүмкін», - деді.

Нан қайда?.. Анамның есіне он екінші алтын қасық түскен. Оны 16 пұт ұнға айырбастағанда қуанышында шек болмады. Сол ұн мені сал төсектен құтқарып, 1934 жылы қайыра мектепке бардым.

1935 жылдан Жамбыл облысындағы Бурное стансасында тұрдық. Ал 1937 жылдан бастап әке тыныштығын қайыра алып, қайта-қайта тексеру басталды. Ол кісіге жабылмаған жала қалмай, тіпті, «Қытай шекарасындағы сақшыларды өлтірткен» деген қисынсыз айып та тағылды. Бірақ кінәні дәлелдей алмай, Алланың сақтауымен, түрмеден аман қалды да, бұдан кейін Жуалы ауданындағы Казанкаға ауыстық. Кірген үй ескі жапырайған там. Күздің ызарлы суығында бір қабырғасы құлап қап, әке-шешеме соны қалауға тур келді. Бейнет пен суықтан анама дерт жабысып, 1942 жылы 9 майда құрт ауруынан қайтыс болды.

Қайран анам - жарының басына түскен зобалаңды: «Байдың қызы едім, әрі әкеңнен көп жас кішімін, ерке көңілді астамшылық билеп, оның бақытына кесе көлденеңдеген кесапат тиген шығар», - деп өзін кінәлайтын. Әрине, олай емес еді. Балаларын біреудің ала жібін аттамауға үйреткен ол - қайдан кесапат арқалап жүрсін.

Әлі есімде Саратовта тұрғанда 4-5 шамасындағы сіңлім бірге ойнап отырып, жүгіріп әрі кетті. Сөйтсем, көршілердің бірі тауығы күнде жұмыртқалайтын жерді байқапты. Төрт-бес жұмыртқаны етегіне сап келе жатқан, анам қарсы жолығып:

- Мынау не? - Деді.

- Жұмыртқа ғой.

- Оны не істйсің?

- Пісіріп жейміз.

- Бері әкел! - Алды да дым қоймай быт-шытын шығарып:

- Енді қайтіп біреудің нәрсесін ұстасаң сөз басқаша! - Деді.

Азия жыламады. Томсарып төмен қарап, жұтынып қойды. Болған жайға қарап тұрып, мен де байқамай солай істедім.

Өйткені, Азия сияқты менің де жегім келген еді. Мүмкін, апамның да жегісі келген шығар. Бірақ ол бізге аңырайған ажал аузында жүрсек те, суық қолдылықтан, ұрлықтан аулақ болуды үйретіп, оны өмір қағидасына айналдырды. Қазір күнде болып жатқан есепсіз ұрлық туралы естісем, оның сол бір сұсты келбеті көз алдыма келе қалады.

Анам қайтыс болған соң, әкеге көмектесу үшін колхозға мүшелікке кірдім. Мұнда шөп шауып, шөмеле саламыз. Сондағы жеті соттық жердің бидайын бір күнде орып, қырманға апарып ұшырып, қамбаға үю азабына сөз жетпес. Оған қабырғасы қатпаған біз түгілі, үлкендрдің өзі шыдай алмайды. Қайтеміз тырбанып жүріп, әзер орындаймыз. Әйтеуір ебекке екі қап бидай беретіні көңілге қуат.

Кейде сол бір бейнетті жылдары жас келіншектерді, жас қыздарды иектеп, күн көрсетпейтін арсыз, қырқылжың колхоз председателі еске түседі. «Күн бір жауса, терек екі жауды-ау», - депті бір соры қайнаған. Сондай-ақ, адамдар тағдыр тәлкегіне бір, пенде оңбағандығына екі ұшырады ғой.

1943 жылы ағайын-жұрт арасына келуге мүмкіндік туды. Әуелі Лепсі стансасының ауылдық советіне хатшы, кейін өндіріс комбинаты бастығының орынбасары, аудандық атқару комитетінде экономист болдым. Еңбекті адал істесек те, қауіпсіздік комитеті сол баяғы қырына алғанын қоймады. Енді олар маған ауыз салған. Талап - бірге істейтіндердің «оқыс тықырын» бағып, тыңшы болу. Және бұл жайлы әкем білмеуі керек. Ескерту қатаң.

Жас болсам да өткен жолдан көкірекке түйген бар, «қазақшаны дұрыс түсінбеймін, аузыма сөз тұрмайды. Сумақай, жеңілтекпін» деп, ат-тон ала қаштым. Олар қанша ескертсе де, бәрібір әкеме жасырын айтқанмын. «Айтқаныңнан қайтпа», - деді. Солай болды да.

Әкем 1946 жылы өкпесіне суық тиіп, 58 жасында қайтыс болды. Сол жылы соғыстан елге оралған Тәкен Майшенов деген жігітке тұрмысқа шықтым. Ол майданда Брест қамалын құтқаруда, Курск доғасын жаудан тазартуда III дәрежелі бір Даңқ, екі Ержүрек жауынгер ордендерімен, көптеген алғыстармен марапатталған. 1983 жылы Ескендір Тынышпаев «Соғыс ардагерлерінің Қазақстандағы кездесуі» атты деректі фильм түсірді. Ол Совет Одағының Батыры Н.К. Дьяконов пен командир Г.В. Репкин, аға-сержант Тәкен Майшеновтар жайында.

Сөйтіп, қырсоңнан қалмаған қорлықты да, азапты үрейді де артқа тастадық. Алты бала тәрбиелеп, бәрінің жоғары білім алуына мүмкіндік туғыздық. Қазір құдай берген он үш немере бар. Тәкен екеуміз де ұзақ жыл сауда саласында адал еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққанда ол дүние салды.

«Шын тілекті бір күні берер Алла!» - Әке арманы, өзекті тілек қабыл боп, ел Тәуелсіздік алды. Нағыз қабыл болған тілек осындай-ақ болар! Сезінсең-ақ, жүректе бақыт нұры ойнап шыға келеді!

Әкем Базарбай Мәметов Қазақстан Республикасы Заңының № 1 және 2- статьясына сәйкес 1930 жылдары заңсыз айыпталып «Жапай саяси қуғынға ұшырағандарды ақтау туралы» 1988 жылы көкек айының 8-інде қабылданған Заң негізінде толық ақталды. Жүрек жарды қуанышта шек жоқ!

 


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha