БЛОГТАР
ҚАЛАЙ БОЛДЫ БҰ ЗАМАН
Шашубай ШАЙМЕРДЕН
Қалай болды бұ заман, аққан заман,
Жер алам деп әкімге жаққан заман.
Мұнай менен ақшаның былығына,
Үкіметім белшеден батқан заман.
Есі барды миғұла қапқан заман,
Көзі ашықты шетінен атқан заман.
Бай арланып кедейдің сәлеміне,
Қазағымның жүрегі қатқан заман.
Үлкеннің балалары асқан заман,
Бар байлықты астына басқан заман.
Жатар жер жоқ, қаладан нан табам деп,
Ауылдың балалары сасқан заман.
Әкімдер кеудеге орден таққан заман,
Алдап–сулап арқадан қаққан заман.
Он түгіл бір балаға үй ала алмай,
Қарапайым көзден жас аққан заман.
Мұнай көп деп асыра мақтан заман,
Туған жерді шет елге сатқан заман.
Қарақұстай шүйірілген дөкейлерден,
Байлығың аса алмай–ақ жатқан заман.
2008