Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
АЗАПТЫ АЛАСТАҒАН АРУЛАР (деректі әңгімелер)

БЛОГТАР

26 қараша 2021
309
0

АЗАПТЫ АЛАСТАҒАН АРУЛАР (деректі әңгімелер)

Қоғам - сәйкессіздіктен жасыған жігер, жабырқаған жан.

* * *

Ғасыр - апандағы қым-қуыт, аласұрған женкештілік.

* * *

Әр адамның жан-жүрегінде ата-анасы жайлы

айтып тауыса алмас аңыз бар.

М Ұ Ң

Егер XX ғасырға «мұңлы ғасыр» айдарын тақсақ, «неге олай?..» дей қою екіталай шығар. Өйткені, ғасыр әуселесінен сүргінге түскендер басынан өткерген қияметті арада көп жылдар жылжығанымен, зауал зардабын тартқан ұрпақ жүзін мұң шалып жабырқамай, көкірегін ащы запыран уы жалап өтпей еске алмайды. Оған – қазақ әдебиеті алыптарының бірі, мәдениетіміздің мақтанышы болған Бейімбет Майлиннің қызы Рәзия Бейімбетқызының әңгімесі-ақ айғақ.

* * *

Әкем Бейімбет Мәскеуде өткен Қазақ өнерінің бірінші он-күндігінен (17 - 27 мамыр, 1936 жыл) кейін «Аманкелді» киносының сценарийін жасауға құлшынып, Қостанайға барып, көп материалдар жинап келді де іске кірісті.

Ол кезде Қарақастекте саяжайымыз болатын, жұмысты сонда барып істейді. Оқу басталғанша біз де қасында болып, күзде мектепке баратындарымыз – Әукен, Мереке үшеуміз қалаға қайттық та, әкем мен анам, Еділ, Гүлсім қалып қойды.

Жұмыс тым шапшаң істелсе керек, 1937 жылдың қазан айының алғашқы күнінен бастап қала көшелерінде «Аманкелді» киносының көрсетілетіні туралы жарнама ілініп, оны көрген біздің мақтанышымызда шек болсайшы.

6-қазан күні таңертеңгі сағат тоғызда әкем жалғыз келді. Біз бірден қуанышымызды жеткізіп, сүйінші сұрағандай болғанбыз, ол: «Ертең бірге барып көреміз», - дегенде «уралап» кеттік. Енді ше, ертең әйбет киініп, шаттанып бара жатамыз.

Бірақ неге екені белгісіз әкемнің өңі сынық. «Тынымсыздықтан әбден шаршаған ғой деп ойладым». Ол да онымды дәлелдегендей: «Қалқам, қазір сондай шаршап келдім, демалайыншы, егер біреу сұраса, үйде жоқ деп айтарсың», - деді де ұйықтайтын бөлмеге кетті.

Әукен мен Мереке далаға ойнауға шыққан, көңілді мен ыңылдап әндетіп, оны-мұны істеуге кірісітім. Кенет есіктің қоңырауы шар ете түсті, ойымда ештеме жоқ барып ашып қалсам, әскери киімдегі еңгезердей екі орыс тұр екен. Жат адамдардан шошып қалсам да, сыр бермеуге тырысып беттеріне қарадым. Олардың бірі:

- Майлиннің квартирасы ма? – деп сұрады, үнінде зіл бар. Жасқаншақтап:

- Иә, - дедім.

- Әкең қайда?

- Үйде жоқ. Қарақастекте жұмыста, анам да сонда.

- Сен қыз, өтірік соқпа, біз сол жақтан келіп тұрмыз! - Көкіректен итеріп жіберді де, жанжақты көзбен сүзгілеп, түпке өтіп, бірі бірден: «Гражданин, Майлин! Вы арестованы!» - деді гүжілдеп.

Мен аналармен жағаласып бірге кіргенмін, әкем шырт ұйқыда жатыр екен, шошып кетіп, екі қолын көкке көтере ұшып тұрды. Келгендер шапшаң қимылдап, киімдерінің қалталарын тінтіп, төлқұжатын, партбилетін, ақшаның жинақ құжатын, жастық астында жатқан наганды алды. Мен әй-шәй жоқ басынуға шыдай алар емеспін, біреуден көмек күткендей жан-жаққа алақтадым. Ешкім жоқ. Есім шығып далаға жүгіріп, ойнап жүрген екі ұлға:

Әукен, Мереке! Папам тұтқындалды! - деп ойбай салдым.

Олар жетіп келген, астан-кестенін шығарып тінтіп жатқан үйдің босағасына сүйене кетті.

Ал мен тінтушілерге шамам келгенше түсіндіргім келіп: «Почему арестовали папу? Он только закончил кино «Аманкелді», как ваш «Чапаев». Он писатель, много пишет», - деп әкеме ара түскім келіп шыр- пыр боп, бір сөзді сан қайталап қақсай бердім.

Жақ жаппай мазаларын алған соң тынышталсын деді ме біреуі:

Девочка, ваш папа через три дня будет дома, - деді де, НКВД-ға хабарласып, кітаптар мен суреттерді, қолжазбаларды машинаға тиеді.

Кетерінде өңі аққағаздай болған қайран әке, бізді бауырына басып қоштасып, ең үлкеніміз, 16 жастағы Әукенге өзгелерімізді тапсырып, шығып кетті. Осыдан-ақ «через три дня» емес, біржола кетіп бара жатқанын білгенін ұғу қиын емес еді. Шама келсе, оны біреудің айдап әкетуіне қияр ма едік. Амал не, еңірегенде етек толып, қала бердік.

Ертеңіне Әукен Қарақастекке барғанда болған жайды жасырып: «Папам срочно командировкаға кетті, енді қалаға жүріңдер», - десе анам:

Өзі шаршап жүргенде комардировкасы несі-ей? - Деп ашуланыпты.

Ал Алматыға келген соң:

Ей, сендер неге сабаққа бармай үйде отырсыңдар? - Деп Мереке екеумізге біраз ұрсып алды.

Бізде үн жоқ. Ол шай-пайын ішіп боп, үйді реттеуге кіріскен, әкемнің жұмыс бөлмесін ашып қап ойбай сап, бет тырнап, шаш жұлды.

Бұрын мұндай сұмдықты кім көрген, шеше келгенше жылаудан құр сүлде қалғанда, енді аза бой қаза боп, қайғының қара қанын жұттық.

«Қайғы мен қасірет егіз» дейді ғой. Басталған жаманшылықтың әп-сәтте оңға бұрылуы мүмкін бе, ертеңгісін-ақ құзырлы орындар үйді босатуды талап етіп, «Иссыккульская-129» деген көшедегі бір бөлмеге шығарып тастады. Әйтеуір, далада қалмағанға шүкіршілік еткендейміз.

Біздің кебімізді Болатқа жаңа ғана босанған, Илияс ағаның зайыбы, Фатима апам да көрген екен, көрші болып шыға келдік.

Анам Күлжамал жұмыс істемейтін, үлкеніміз Әукен – 16, мен – 12, Мереке -10, Еділ 6-да-тын, ал Гүлсім - 1935 жылы ғана туған.

Жағдай қиындап, Әукен елге қаражат іздеп кетті. Анам қамаудағы әкеме күнде баратын, бірде қасына мені де ертті. Түрмеге таяғанда «қазір көрем» деп алабұртқан жүрек дүрс-дүрс етеді. Бірақ толқу босқа екен, өтініш тыңдар бір жан табылмай, жігер құм боп, жылаудан езіліп қайттық. Бұл – 1937 жылдың аяқ кезі.

Ал 1938 жылы ақпанның аяғына таман анам әкемнің киімдерін алып келді. Әншейінде жылап жүрсек те түрмеде тірі отырғаны көңілге кәдімгідей демеу еді. Енді біржола, мәңгілікке жоғын ұғып зарладық.

«Әкең өлсе де, көз көргені өлмесін», деген рас екен. Сол жылдың наурыз айында сүт кезегінде тұрғанмын, Ғабит аға машинасымен қасымнан жай ғана сырғып өтіп, әрірек барып тоқтады да, есігінен ымдап шақырып, жай-күйді сұрап: «Енді жылай бермеңдер. Күлжамалға сәлем айт. Өзің кешке үйге келіп кет, абайла біреу-міреу көрмесін», - деді де жүріп кетті. Үйге келіп айтқанды жеткіздім. Анам: «Шіркін, Бейімбетпен жаны бірлігін көрсетті-ау», - деп өксіді.

Кешкісін Ғабит аға тұратын үйдің кіреберісін сақтанып аттағанмын, біреудің төмен түскенін аңдап, зып етіп қалтарысқа тұра қалдым да, ол шығып кеткен соң ішке өттім.

Есік ашқан Құсни апам құшақтай ап, егіліп жылап алды да, бір пакет ақшаны қолыма ұстатып: «Күлжамалға сәлемде, қайтейік, заман осындай», - деп, жоғалтып алмай жеткізуді ұғындырды.

Ауыр тұрмысқа Ғабит аға мен Құсни апа қайырымының көмегі тиді, ақшаны ұқыппен ұстап күн көріп, әкенің жиған-терген көптеген кітаптарын шетінен кітапханаларға өткізіп жан сақтадық.

Әкені жоқтау аздау болғандай, сор енді қайнады. Анам Күлжамалды «халық жауының әйелі» деген желеумен 1938 жылдың көкек айының 13-де тұтқындап, есікке қара құлып салынды.

Сұмдық-ай, бауырындағы екі жасар баласына да қарамады-ау! Гүлсімді жетім сәбилер үйіне өткізіп, Мереке мен Еділ үшеумізді «детприемник» деген орынға алып кетті. Онда он бес күн ұстағаннан кейін Семейге аттандырды. Бірге кетуге өзім себепкер болдым. «Бөледі» дегенді құлақ шалып, директорға барып жылған едім, қазақ жігіті екен жаны ашыған шығар бірге жіберді.

Семейде Фатима апайды кездестірдік. Ол кісі іздеп келіп, мекен-жайды айтып кеткен, демалыс күндері барып, өз үйімізге келгендей көңіліміз көншіп қалады.

1938 жылдың аяғында анамнан хат алдық. Ол деректі НКВД арқылы тауыпты. Қуаныштан жүрек жарылып, жүгіріп Фатима апайға барғанбыз, қосылып жылап алған соң, ол кісі бізді суртке түсіртіп, оны хатқа сап, Қарлаг-қа жібердік. Одан әрі үзбей хат жазып тұрдық.

Алматыдағы үйге қара құлып ілінгеннен кейін іле-шала Қостанайға кеткен Әукен келіп, орын сипап қалғанына жылап, әуелі Гүлсімді тауып алыпты да, онымен суретке түсіп, одан соң Семейдегі бізге жетті. Оның алдында бізге нағашым келіп, хал-жайды біліп кеткен еді.

Еті тірі Әукен жетім балалар үйінің шаруашылық ісін басқарушы болып орналасты. Қасымызда ағаның барына кәдімгідей жетісіп қалғанбыз. Жетімсіреп жүргенде бас қосылғанынан артық қуаныш бола ма.

Бірақ шаттану көп көрінгендей. Әукен әскери тіреуге барса «халық жауының баласысың» деп, «штрафной батальонға» жіберіпті. Сол тұста жапондармен қақтығысып жатқан кез-тін, ұшты-күйлі хабарсыз кетті.

Қайран, ешкімге жазығы жоқ, қыршын, бауырым-ай! Ер жеткен шағыңда бой жаза алмай жоқ болдың-ау! Соны ойлаған көкірек қалай қарыс айырылмасын! Амал не, Алланың салғанына көнбейтін пенде бар ма?!.

Бұған дейін бастан кешкеніміз аздау сияқты. 1940 жылы сабақ басталарда жетім балалар үйінің директоры Мереке екеуімізді шақырып алып:

- Сендер жаудың баласысыңдар, енді мұнда тұруларыңа болмайды, деді.

Біз:

- Ағатай, ең болмаса биылша қалайықшы,- деп жалына бастадық.

Оған жалыныш өтпеді, шығарып тастады да, Еділді Аягөздің балалар үйіне жіберді.

Не істеуді білмей жүгіріп Фатима апайдың үйіне барғанбыз, шошып кеттік. Оларға да түртпек жеткен шығар, көшіп кетіпті. Енді қайттік?..

Бауырым екеуміз қол ұстасып көше кеземіз, жүрек жалғауға бір нәрсе табу керек, одан басқа шара жоқ.

Мереке әкеме тартқан сабырлы, көп сөйлемейтін, бірақ оқуға өте зерек болатын. Бір күні әдетімізше көше жағалап келе жатқанбыз, «ананы қара» деді. Таяп барып оқысақ: «Школа ФЗУ, ул.Демьяна Бедного, обеспечение общежитием» деген хабарлама. Оқи сала қуанып кетіп, Тимонюк деген директорына барып жолығып, оқу мерзімі бір жыл екен, жатақханаға орналастық.

Ал, 1941жылдың 22 маусымында соғыс басталғанда Мереке екеумізді Қарағандының № 4 ет комбинатына жіберді. Мұндағы аз күннен соң Семейдің Калинин атындағы ет комбинатына Карлагтан қой айдеп әкелетін бригадаға қосылып, анам біз оқитын ФЗУ мектебіне келсе директоры: «Неделю тому назад по просьбе детей отправили в г.Караганда», - деген соң, балаларын көре алмағанына құса болып келе жатып, арнап әкелген оны-мұнысын көшеден біреуді кідіртіп бере салыпты.

1943 жылдың мамыр айында Мерекеге әскерге шақыру қағазы келді. Жылап тұрып Қарағандының вокзалынан шығарып салдым. Нағыз жалғыздық дегеннің не екенін сонда шын ұққандаймын. Әкемнен, анамнан бауырларымнан айырылып, сопайдым да қалдым. «Алла, көз жасымыздың тыйылатын күні болар ма екен», - деп езілдім.

Ендігі бар ой - қалай да анамның жанына жету. Қарағандыдағы ет комбинатының директоры Семеновқа кіріп: «Маған Жарық станциясына дейін бір билет тауып беріңіз, ар жағында Қарлаг отыз бес шақырым жерде», - деп жағдайды айттым. Соғыс уақыты, қазір мүмкіншілік жоғын алға тартты.

Жауапқа іштей тынсам да, тынши алар емеспін. Бірақ ұшарға қанат жоқ. Бірде жұмысқа бір егде адам келіп: «Қызым, маған ст. Жарыққа қағаз жаз, бір вагон ұн артып қойдым», - деп өтініш айтты. Аяқ астынан сылтау табыла кеткеніне қуанғаннан орнымнан ұшып кете жаздап: «Ағатай, осы сапарыңызды маған қиыңыз, сіздің орныңызға мен апарйын», -деп жатып жабыстым. Ана кісі бас-аяғыма бір қарап алды да, жөнсіз көріп:

Шырағым-ау, соғыс болса мынау, өзіміз зорға жеткізіп жүргенде сені бір жаққа апарып тастай салуы ғажап емес, қараптан- қарап жауапты боп шыға келерсің, - деп безілдеді.

Айтқаны шүбәсіз, бейберекет кез, шын жанашырлығы. Бірақ көкей тескен жерге қалай да жетсем деген ойдан қайта алмай, анамды алты жыл көрмегенімді, жетімдіктің зарын тартқанымды айтып жылап қоя бердім.

Боздаған түрімді көрген аға райынан қайтып есіркеп: «Жарайды, жылама енді, қидым жолымды, тек құжаттарын ұқыптап өткізіп, тыңғылықты бол», - деп тәптіштеп кетіп қалды.

Жүгіріп директорға бардым. Ол бір айға заңды демалыс жаздырып, қолма-қол ақшасын бергізіп «жолың болсын» деп шығарып салды.

Қатыгездік жайлаған ортада қолұшын созатын қайырмды жандардың жоғалып кетпегені қандай жақсы, әйтпесе түскен шұңқырымыздан ешқашан шыға алас едік. Сөйтіп, «проводник Майлина» болып Жарыққа келдім. Қарағандыдан Жарық 120 шақырым, енді Батыққа, Купко одан әрі 4 шақырым жерде.

Оған да жеттім-ау! Керек тұсқа беттегенде кеуде сағаттай сартылдап қоя берді. Өзімше сабама түскім кеп, жол-жөнекей дем басқан боламын, алып-ұшып болар емес.

Енді қалай, ғайып боп, көзден бұлбұл ұшқан анашым! Ұзақ жыл бойы бір көруге зар сағыныштан сарғайған санам қалай тыным тауып, үнсіз жатсын. Жүрек бұлқынып, бұлқынып түседі. Тіпті, дәл қазір көретініме де сенімсіздеумін. Егер сол сәтте біреу «мұнда жоқ» десе не болар едім.

Анам сырты алба-жұлба тым сұрықсыз, көргенде дір ете түсетін баракта 7-8 әйелмен тұрады екен. Ішке кірсем өзі жоқ, отырғандар жай-жапсарды біліп, «артынан қызы іздеп келген тетя Гуля недеген бақытты еді» деп мені бірінен соң бірі құшақтап жылап алып, шешемнің жүрегі ауыратынын, бірден бас салмай сабыр сақтау керегін ептеп ескерткенін, іштей мақұлдадым.

Шамалы уақыттан соң үстінде күпәйке (фуфайка), басында малақай, аяғында керзі етік, қолында сырығы бар, қайыстай қара әйел кіріп келе жатты.

Жаңағы алдын-ала айтылған сөз естен шыққан. Шыдай алмай ұшып тұрып:

- Мама! Мен келдім ғой! - Деп бас салдым.

Оның:

АҺ! - Деуге әзер шамасы кеп, сұлап түсті.

Шешем ес-түссіз ұзақ жатты. Қасындағылар абыр-сабырмен түрлі әрекет жасап, әзер ес жиғызды. Ол көзін ашқанда жан-жағына жалтақтап, алдындағы қызы екеніне сене алмай қараған. «Алл-ау, өңім бе, түсім бе», - деп құшақтай ап, беттен сүйгіштеп, дауыс сап сарнай жөнелді.

Сөйтіп, анаммен бірге бір ай болып, қой бағысып, ескі тақтайлардан нобайлай салған үстел шетінде отырып, Қарлагтың қара көжесі мен бір тілім қара нанын жеп, сырты сияқты іші де ұсқынсыз, айқыш-ұйқыш қағылған сәкілері бар бөлменің бірінде ұйықтадым.

Мұнда жалпы отырғызылған үш мың әйел бар екен. Бәрі де ешкімге еш жазығы жоқ, менің апамның кебін кигендер. Тұрақ жүректі жаралап, жан жабырқататын орын болса да, анамның қасында бір жасап қалдым.

Ол дәл бір кішкене кезімдегідей қайта-қайта құшаққа қысып сүюден жалығар емес. Не деген жып-жылы бауыр еді, бұйығып мызғып кеткің келеді.

Әбден сағынудан екеуара әңгімені тауыса алмай, жабырқау, келеңсіз тіршілікті естен шығарып, қатар отырып, бірге жүргенге мәзбіз. Қуанышта шек жоқ.

Қуанбағанда ше?!. Былай қарағанда ол жайшылықта қалыпты нәрсе боп көрінуі мүмкін, ал біз осы сәтке әзер жеттік емес пе? Оның өзінде адамгершілігі зор азаматтардың арқасында. Олай деуге тағы бір себеп бар.

Арқаның қысқы қақаған аязына пара-пар ызғырығы қарып өтетін күздің қара суығында мал бағу оңай ма. 1944 жылдың күзінде анам қарауындағы Қарлагтың 50 қойынан айырылып қалады. Есі шыққан оған басқарма: «Халық жауының» әйелісің, егер таппасаң өтеген жылыңның үстіне тағы да мерзім қосылады, тап та тап!» - деп зіркілдейді.

Далиған, ыққан тұяқты тоқтам таппайтын, ит-құсы кез-келген тұстан қылтиятын далада жоғыңды іздеп гөр. Қажып, қара аспанды жамылып, жер сүзген әйел тонған соң «Киров» совхозының бір үйіне түсіп, жайын қалай жеткізерін білмей көзге ерік берсе, үй иелері бәйек боп уатып, көршілерін шақырып, мән-жайды түсіндіреді. Келгендер ішінде совхоз директоры да бар екен. Ол:

- Апа, енді сабыр сақтаңыз, қазір біраз жігіттерді жоқ қарауға аттандырып, егер табылмаса ел-жұртқа сауын айтып, әр үйден 6ір бас шығарып, шығынды түгендеп береміз, - деп кез-келген ауызға ала алмасты айтып, табанда шешім қабылдайтын нар жігіт екен. Кісі-ақ.

Басшының ақ пейілі далаға кетсін бе, сәтін сап, жоқшылар қотанды түгел тауып келеді. Алланың адамдарды әртүрлі ғып жаратқаны не деген әділдік, егер бәрі тек жамандықтың қалыбынан шықса қалай болар еді, ә?..

Өмірдің жолы қанша бұралаң болса да, өз арнасын табады екен, 1944 жылы Әбілқасым Сейітжанов деген жігітке тұрмысқа шыққаннан кейін анама тағы да бардым, осы жолы ол:

Әбден қажыдым, әлім құрып барады, Долинкадағы басқармаға барып жолығып, мені қасыңа алуға рұқсат сұра, - деп өтінді.

Басқарма бастығы Соколовский деген кісі екен. Өтінішті тыңдап болып: «Өйте қоюға әлі жарлық жоқ, егер мүмкіндік туа қалса есте тұрады», - деп шығарып салды.

Апам үйге 1945 жылы желтоқсан айында келді. Бұдан сәл бұрын Еділді қасыма алғанмын, оны шахтаға слесарьдың оқушысы етіп орналастырып едім, меңгерушісі Әңгібай Әлиханов деген аға бір бөлмелі пәтер беріп жағдай жасап, шешем екеуі бөлек шықты. Ептеп ес жия бастаған соң, енді Талдықорған облысының Сарқанд қаласындағы жетім балалар үйіндегі 7 сыныпта (класста) оқитын Гүлсімді алғыздық. Күзде Мереке соғыстан келді де, Максим Горький атындағы № 2 шахтада маркшейдер (немістің markscheider сөзінен шыққан; тау инженері, жер асты кендерін геодезиялық суретке түсіретін маман) болып орналасты. Анамша айтқанда: «Тәубә, тәубә!»

Бас бірігуі – тартқан азап пен көрген қорлықты бір күнгідей етіп, өте шыққандай. Еңсе көтердік. Бірақ жазықсыз көрген құқай қайдан бір күнгідей болсын, есіңе түсе-ақ жүрек қаңқақсап жаншылып, жаныңды жауатын қара бұлттай мұң басып шыға келеді. Ондай ауырлықты оп-оңай серпе салу мүмкін бе?.. Ал XX ғасырдың өнебойы мұңға тұтасып тұрған жоқ па?..

Тағдырымыз талапайға түскенде ес білетініміздің көрген күніміз мынау, ал бесіктен белі шықпаған, аузынан ана сүтінің уызы кеппеген екі жасар Гүлсім ше?..

Оны айтарға сөз жетпесе, тыңдарға жүйке жұқарар еді. Панасыз, арашасы жоқ, «халық жауының» күшігін кім есіркеуші еді. Сәбиге деген үлкендер пейілінің ыңғайын бағып, жек көрініштіні өздерінше қырына алатын қасыңдағы балалардың түртпегі-ақ бір басыңа жетеді.

Сорлылар өздерінің жетімдігіне қарамай, ішсе тамаққа, кисе киімге жарымай жүріп, біреуді қорлауға әзірін айтсайшы. Егер қарсы тұра алмайтын нәшекілеу болсаң - сорың, басыңнен таяқ кетпейді. Әлгі «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады», дегенде осындайды айтқан шығар. Гүлсім сондай азаптың бәрін өткеріп, ажал аузынан талай рет ғайыптан аман қалып, әзер жеткен бауырым. Нәшекілігіне қарамай қажырлығын не дерсің, мектепті, жоғары оқу орнын үздік бітірді. Азап ортасынан шықса да тым жігерлі еді, саналылықпен еңбек етті.

Өткенді айтып тауысу мүмкін емес, өйткені ол бұралаңы, соқтықпалы соқпағы тым ұзақ ауыр жол, қаншама уақытты артқа тастаса та еске орала беретін көкіректегі қамау сейілмейтін мұң. Бүгінгі ел қатарлы тырбанып өтіп жатқан тірлігіңе, бас амандығына «салауат» десең де кейде әлденеге алаңдайтындайсың. Ол не, өткен құбыжықтың сұлбасы әлі де көңілден біржола өше алмағаны ма?.. Алла сақтасын!..

Мен 1941–45 Қарағандыдағы № 4 (мелкомбинатта) диірменде жұмыс істедім де, 1949 жылдан 1992 жылға дейін, құрметті демалысқа шыққанша Қарағанды облысы, Жаңаарқа теміржол стансасының № 14-жол жол бөлігінде билет сатушы кассир болып істедім. Дүниеге он бір бала әкелдім. Тірі жүрген сегізінен жұбайым Әбілқасым Сейітжанов екеуміз 25 немере, 5 шөбере сүйдік.

Ес жидық, ендігі тілек біз көргенді кейінгілер көрмесін, жазықсыз жапа шекпесін. Тек адамға Алла шыдам берсін де...

Кейде әлдеқайдан: «Қалқам, қазір сондай шаршап келдім...» деген дауыс жетеді... Жазықсыз қажып, қалжыраған жан әкем!.. Санадан үзілер ме сол бір үн...

Біздің соншама көрген қағажуымыздың орнын бір-ақ нәрсе әкеміз Б.Майлиннің аты ортаға оралып, халқының тарихында алтын әріппен жазылып қалуы ғана ақтап тұрғандай.

 

* * *

Иә, өткеннің бәрі ертегі іспетті. Бұл тек аты кеңінен танымал жазушы Б.Майлиннің отбасының ғана көрген құқайы, ал өзге, жалпы жұртқа келген зауал ше?.. Оны жоқтап, түбіне дейін түгендеп тізіп шығу мүмкін бе?.. Қараптан-қарап жазаланып у ішіп, ит тіршілік кешкен аналардың, қыршынынан қиылған ағалардың, жетімдіктің зардабын тартып еңірегенде етегі толған балалардың мұңлы зарын жайбарақат тыңдап, толқымай отырып жазу мүмкін бе?..

Ойнамалы саясаттың салдарынан әлденеше тығырыққа тіреліп қажудан зорыққан, жоқтық пен жәбірдің не бір зобалаңын басынан өткерген, атом жарылысы уынан тынысы тарылған халықтың кейінгі ұрпағының денсаулығы, зердесі қандай болмақ?.. Бүгінгі көз алдында туып жатқан құбыжық сәбилер, кембағал балалар, өсіп бара жатқан жүйке аурулары, ішкіштер, нашақорлар, адамды қолы қалтырамай өлтіруді әдетке айналдырғандар қайдан пайда болды?.. Оларды жұмсауға дағдыланып, ізін жасырып отыра беретін қалталылар ше?.. Мұндай көз көруге, құлақ естуге ұят, бетке шіркеу болатын сұмдықтар XX ғасыр нәубаты мен зобалаңының жалғасындай болып көрінбей ме?..

Тамыры тереңге тартылған шіліктің желісін үзіп, адамдар өз ортасынан қорықпай-үрікпей күн кеше алатын тұрмысты орнатуды шынайы ойлайтындар, оны қолға алып, жүзеге асыруды құр дақпыртқа айналдырып, қолы тигенін бедел жинауға желеу етпейтін, нағыз болашақ үшін күресетіндер қазір табыла қояр ма екен?..

Ал егер бар болса, мына араны ашылған заманымыздың қиясынан жол тауып, көздегеніне жете ала ма?.. Күмәнді ойлар тізбегі түзіле береді...

 

 


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha