Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Есен батыр

БЛОГТАР

04 желтоқсан 2021
1276
0

Есен батыр

 

data-cke-saved-src=/upload/55968/2021/11/27/b8226ea1ed8c45e9447df655e921169c.jpg
 

Preface: Бұл Жүнісбек Шаймерденнің Баянауылдың Қызылтау маңын мекен еткен, Арғыннан тараған руы Ақбура, аты шулы Есен батырдың жасөспірім кезіндегі бір ерлігі туралы дастаны. Есен батыр қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан қорғауға үлкен үлес қосқан, тарих бетіне жазылуға әбден лайық батыр. Абылайдың бір қолын басқарғанымен қоса, Кіші жүздің ханына көмек көрсетіп, «Шаңды жорықта»  қалмақтарға қарсы күрескен. Есен бала кезінің өзінде дене бітімімен және ерен күшімен ерекшеленген. Шығармада қазақ–жоңғар ірілі–ұсақты қақтығыстары орын алған, аумалы–төкпелі заманда, 1710–1790 жылдар аралығында өмір сүрген адамдардың, әулиелердің, қажылардың, хазырет, билердің есімдері аталады. Ол дәуірді автор:«Екі ұдай қазақ–қалмақ заманында»,— деп суреттеген. Жырда қазіргі замандастарымыз қолданбайтын, ұмыт болған есімдерді көптеп кездестіруге болады. Сол кездегі адамдардың өмірі, дала заңдары, табиғат сұлулығы сипатталады. Қазақ өмірінің малмен тығыз байланыстылығы, жесе тамағы, кисе киімі, саудада ақша орнына жүруі, байлықтың өлшемі болғаны көркем жырланған.

 

Жүнісбек Шаймерден

 

ЕСЕН БАТЫР

(дастан)

 

Баянтау Арқаның бір мұнарасы,

Қызылтау ол егізі жалтақтаған.

Ұсақ таулар қолтықтап тұр арасын,

Сарыарқаны айнала шарбақтаған.

 

Өткізіп сан ғасырды бастарынан,

Баянтау Қызылтаумен құрған негіз.

Өлең, жыр мөлдірейді астарынан,

Тарихы толқып жатқан ұшан теңіз.

 

Таңырқап биік аспан тұрса төніп,

Ақ жаға бұлттар таумен сыр сырласқан.

Табиғаттың керемет сәнін көріп,

Сипаттап не бір дастан, жырға қосқан.

 

Баянның ең биігі Ақбет шыңы,

Қызылтауда Әулие көк тірейді.

Сұлулыққа ешкімнің болмай сыны,

Тәнті болып жүрегі елжірейді.

 

Әулиені айнала мекен еткен,

Ежелден атам қазақ шүйгін жерді.

Ұнатып Асан қайғы сынап кеткен:

«Тай құлындап, тайлағы бота берді».

 

Әсем жерге көз тіккен жоңғар–қалмақ,

Отыруға қолайлы, жайлы малға.

Қызылтауды  ер Есен алған таңдап,

Бекініске қолайлы,  мал қамауға.

 

2 бет

 

Мекендеген Қызылтауды Есен тентек,

Тентек деп елі қойған қосар есім.

Айтайын тыңдаушыға сырын мөлтек,

Тарихтағы Есеннің бір әңгімесін.

 

Құлболды дәл оныншы үлкен баба,

Айдабол, Күлік, Тұлпар бір анадан.

Екінші әйелінен Ақбура ата,

Үшіншіден Қабылан және Абылан.

 

Құлболды бабаның бар бес баласы,

Дәулеті толған екен бар баланың.

Төрт түлікке ешкімнің жоқ таласы,

Бір бурасы бар екен сол бабаның.

 

Шудасы жерге түсіп шұбатылған,

Жібектей аппақ жүні болған мата.

Екінші әйел алғанда қалың малдан,

Сұрапты сол бураны қайын ата.

 

Бураның мінездерін ел білетін,

Малшысыз малды өргізіп бағып жүрген.

Қасиеті елге несіп енгізетін,

Ұры мен ит-құстардың қолын бүрген.

 

Ақтамақ би, есімі қайын атаның,

Қайта–қайта жіберіп кісі салды.

Қалың малға бермесе ақ бураны,

Қызымды бермеймін деп жатып алды.

 

Құлболды бұл бураны еткен ырым,

Елімнің тиыштығын көремін деп.

Жануардың мен ғана білем сырын,

Өзге малдан қанша алса беремін деп.

 

Мақпал еді Құлболды бәйбішесі,

Кемеңгер ана болып аты шыққан.

Берген екен еріне зор кеңесін:

«Бура беріп алыңыз қызды жаққан».

 

Ақсақалдар жиылып қолқа салды,

Ұл туса өтелер деп әр күнінде.

Бураға қосып беріп қалың малды,

Тілегі орындалды бәрініңде.

 

 

3 бет

 

Қанжығалы руынан Ақтамақ би,

Жібек сұлу кенжесі, ұзатқаны.

Құдаласып берілді кәде мен сый,

Көңілденіп, болған соң өз айтқаны.

 

Келін түсті, той болды салтанатты,

Құдаларға ат беріп, шапан жауып.

Қариялар айтқандай бір ұл тапты,

Өзінің уақытында айлар ауып.

 

Той жасалды салтымен, дәстүрімен,

Көкпар тартып, қыз қуып, атып жамбы.

Әнші–күйші, палуан түр–түрімен,

Жеңімпаз топтан шығып келді жалқы.

 

Тарқады қымыз ішіп, еттерін жеп,

Қыз–келіншек, жігіттер, әже, ата.

Сәбиге ат қойылды Ақбура деп,

Ақсақалдар күбірлеп берді бата.

 

Ақбура әулет құрды дәулеті мол,

Бәйбіше мен тоқалы бес ұл туды.

Аққошқар, Жетібай мен Тілеулі ол,

Көкен және Кенже де жолын қуды.

 

Бұл бесеуден көптеген асыл туды,

Халыққа үлгі болды амалында.

Шәуке мен Есен тентек батыр туды,

Екі ұдай қазақ–қалмақ заманында.

 

Қарқымбай мырза атанды, жомарттығы

Орта жүзде ерекше мәлім болды.

Бөрібай, Қабыланның ақындығы,

Абайға ұнап, сынасып көңіл толды.

 

Төленбек пен Дансаттай абыз шықты,

Жаулыбайдай көріпкел  осылардан.

Алпыс жыл оқуменен болған құқты,

Ташмұхаммед хазірет туды нардан.

 

Барлығы Ақбурадан жеті әулие,

Шықты деп айтып кеткен Мәшһүр Жүсіп.

Исабай қажы менен Айтмұхаммед,

Әйгілі Лекер қажы әулие де,

Ұшып кеткен Меккеге ғайып болып.

 

4 бет

 

Жетібай Ақбураның ортаншы ұлы,

Сегіз қырлы, бір сырлы болған қатты.

Жас кезде опат болып мүшел жылы,

Артында ұл қалады ЕСЕН атты.

 

Ұлы атасы Ақбура қолына алды,

Тәрбиелеп Есенді елден ерек.

Жеті жаста жауырыны қақпақтайлы,

Жас болсада тұлғасы болды серек,

 

Бала Есен ойынға да болды бекем,
Алмады жетімдікті мойынына.

Бір қанжар әкесінен қалған екен,
Көрсетпей алды тығып қойынына.

 

Бұл Есен бала кезден болды тентек,

Шулатып, күжірейтіп желке терін.

Қойынындағы қанжарын сілтейді тек,

Төбелессе өзінен үлкендермен.

 

Өштескен бала–шаға, қатындардан,

Кек алды, жұдырығы қолағаштай.

Есеннің ашуына кез болғаннан,

Өліп кетті бір бала жағын ашпай.

 

Күрес, соғыс Есеннің ойыны тек,

Садақ, шоқпар татқаны талайының.

Әке жоқ, жетім бала көрінді жек,

Әбден кетті мазасы маңайының.

 

Ауыл–аймақ жетімнен мезі болды,

Жиналып ел боп жұрты қылды кеңес.

Тентекті аластатар кезі болды,

Осыған ешбір адам қарсы да емес.

 

Жиналып ақсақалдар биге барды,

Биде барлық жағдайға қанық екен.

Бір жетім кісі өлтіріп, басты жарды,

Жетімнен құтылу да анық екен.

 

Би тыңдады, көп екен мұндай арыз,

Көп адамдар тентектен көрді зорлық.

«Кісі өлтірген адамға өлу парыз,

Дарға асыңдар, жоғалсын енді қорлық».

 

 

 

5 бет

 

Билікті мақұл көрді ақсақалдар,

Кімнің жаны ашысын бұл жетімге.

Ертең алдап, жақындап ұстайсыңдар,

Бес жігіт дайындаңдар бұл бітімге.

 

Тілеулі үшінші ұлы Ақбураның,

Жетібайды сағынар бір туғасын.

Жетібайдан қалмауы бір тұқымның,

Қайыстырды Тілеулінің қабырғасын.

 

Жақсы көріп Есенді көрді қызық,

Сезуші еді мұны да Есен біліп.

Айт пен тойда жанына отырғызып,

Әдейлеп ұстататын арнап жілік.

 

Есенді тауып шапшаң оңашалап:

«Ертең сені өлтіретін болды елің!
Сені алып қашуды тұрмын қалап,

Аман болсын көргенше туған жерің!»

 

«Атажан, сізге мәлім менің жәйім,

Не істе десең істеймін, өзің баста.

Сізбен бірге өлуге мен де дайын!»,

Деп Есен дайындалды бір жұмысқа.

 

Аздаған қор жасалды азықпенен,

Қолға түскен бір атқа екеу мінді.

Тілеулі бай жөнелді жазықпенен,

«Қорғап қалу тентекті ісім енді!»

 

Бір атқа бала мен шал мінгесіп ап,

Елден ұзап кетуге салды күшті.

Бір–екі күн жүрген соң жол кесіп ап,

Бір ойдағы бұлаққа келіп түсті.

 

Осы жерде дәм татып, демін алды,

Айналаға көз салды дөңес жақтан.

Биіктен екеуінің көзі шалды,

Төрт, бес жүздей қалмақты келе жатқан.

 

Өзен екен сай бойлап жатқан ағып,

Қалмақтар сол өзенге тоқтасады.

Ауқатына тай сойып дабырласып,

Дем алып, аттарына кісен салды.

 

 

6 бет

 

Жас Есен мұны көріп шала сенді,

Шал сонда:«Бұл қалмақтар, қазақ жауы,

Қамсыз жатқан елімізді шабады енді».

Жүрегі Тілеулінің азаптаулы.

 

Жас тентек қабақ түйіп бойланады:

«Қамсыз ел не қылады мына әскерге?»

Көзін төмен салып ап ойланады,

Мұны бұрын білмепті құр бекерге!

 

Сонда Есен көп ойланды қарап тұрып,

Неде болса қалмақты мен көрейін!

Ауылға жібермейін  балақ түріп,

Не елімді қорғайын, не өлейін!

 

Атасына сөз салды жас жауынгер:

«Ашуыма елімді қалай сатам?

Қалмаққа өзім барам, қас қағым жер,

Қабыл болсын Есенге берген батаң!

 

Әкемнің қанжары бар жауды қуар,

Шамамның келгенінше ойран салам!

Ер жетіп, ел іздейтін заман туар,

Басқа елді, туысқанды қайдан табам!»

 

Атасы зар жылады:«Баласың»,—деп

«Күшің толып, бұғанаң қатқан да жоқ,

Рақымсыз жау қолында қаласың»,—деп

«Жылдарың жігіттікке толған да жоқ!»

 

Ауқаттанды жау саспай, күн де батты,

Қалмақ түгел жантайды қатты жерге.

Жіпке тізіп ортаға барлық атты,

Жастанып дәл ортада жатты мерген.

 

Жас болса да Есеннің істері бап,

Атасының уәжі жоқ айтар үйіп.

Ашуын шақырып тұр, тістеніп ап,

Уқалап алақанын, қабақ түйіп!

 

Қалмаққа жалғыз өзі кете барды,

Қанжарын асылына жанып алып.

Пана ғып аш арыстандай ұзын жарды,

Таяды қалың жауға танып анық.

 

7 бет

 

Ұйқысына жауының көзі жетіп,

Аяғын ептеп басып енді ордаға.

Басынан бір қалмақтың аттап өтіп,

Көп аттардың қасына келді ортаға.

 

Үрікпеді ешбір ат жолындағы,

Өткізген жорғалаумен өз күндерін.

Қайраулы қанжарымен қолындағы,

Жүздеген аттың кесті тізгіндерін.

 

Айқастырып байлаған етегіне,

Екі атқа көзі түсті, қос алаға.

Бірін мініп, бірін алмақ жетегіне,

Әп–сәтте ой кеп кірді жас балаға.

 

Босатып бүкіл атты болды лезде,

Қалмақтың зырылдауығын алды тауып.

Айғай сап зырылдауықты тартқан кезде,

Кісінеп сәйгүліктер кетті шауып.

 

Түк түсінбей қалмақтар қалды сасып,

Есі шығып, шуласып таппай ерді.

Шошыған мал еліріп шұрқырасып,

Жерде жатқан әскерін таптай берді.

 

Шуылдасып қалмақтар болды әбігер,

Қараңғыда мінерге бір ат қалмай.

Аз ба, көп пе келген жау оны білер,

Жағдайлары келмеді құр айғайлай.

 

Аттарды айдап екеуі кетті алысқа,

Мұндайда болмайды ғой дұшпанды аяу.

Жете алмады бұл жолы жау табысқа,

Түк түсінбей қалмақтар қашты жаяу.

 

Атасы ат айдасты көмектесіп,

Екі арғымақ астарында шауып берді.

«Қарағым аман бол», — деп өзек тесіп,
Шал Тілеулі ішінен бата берді.

 

Біраздан соң ағарды таң да атып,

Есен қашқан еліне жылдамдатты.

Бес жүз аттың соңында шаңға батып,

Айдап келед олжасын қос салт атты.

 

 

8 бет

 

Екеуі ауылға да кіріп келді,

Тілеулі бай көргенінің бәрін жайып.

«Есенжан, бір қателік болды енді»,—

Десті үлкендер кемсеңдеп, жуып–шайып.

 

Жас батырдың қайран қап ерлігіне,

Кішігірім тойлап таң ата берді.

«Мәңгі өшпесін есімің ел ішінде!» —

Ақсақалдар Есенге бата берді.

 

Өліп кетсең қайтер ек, құны толсын,

Бес жүз аттың бәрін де алсын деді.

Халықтың сүйікті бір ұлы болсын,

Есен батыр атанып қалсын деді.

 

Ол кезде орта жүзде хан Абылай,

Батырлығын естіген созды қолды.

Қамал бұзып жүлде алып Есен талай,

Абылайға сенімді батыр болды.

 

Жаугершілік көп еді ел арасы,

Сұлу қыз, жердің дауы, көз алалық.

Есен батыр болсымен әскер басы,

Ұсақ соғыс азайды өзаралық.

 

Нұрәлі хан болыпты кіші жүзде,

Ордасы Орынборда болса керек.

Есеннің даңқын естіп ол да күзде,

Дос болам деп, шақырып берді дерек.

 

«Шаң жорыққа» түзеді  Есен бойды,

Бауыздап қалмақтарды күшініпті.

Мың бас қып айдап барған тұсақ қойды,

Тартуым деп ханға оларды ұсыныпты.

 

Қонақ боп ханекеңе Есен батыр,

Әр түрлі сый–құрметпен кірді қосқа.

Олжасына жүз кісілік жібек шатыр,

Сыйлапты Нұрәлі хан  жаңа досқа.

 

Жеті әйел алған екен батыр Есен,

Жеті әйелде жеті мекен, жеті қыстақ.

Қызылтауды айнала қонған екен,

Ешқандай жау көрмеген оны қыстап.

 

 

9 бет

 

Кіндігінен он бір ұл туған екен,

Қарамырза, Батырбай, Балта мен Шот,

Есдәулет, Қосдәулет пен Ербай екен.

Асан, Шөгел, Айтқұл жалын мен от.

 

Малдары көптігінен бағылмаған,

Өз бетімен тауда өсіп болған тағы.

Жылқысын межелеп бір сай қамаған,

Есепсіз болған екен ұсақ малы.

 

Жеткізем деп жинапты итті жүзге,

Шарбағы иттерінің төскейде екен.

Күнде итке сойғызса да бір өгізді,

Қырылып бір–бірімен өспейді екен.

 

Екі таудың арасын таспен қалап,

«Есен асу» атайды қазыр оны.

Қорасы «Қара қуыс» деген алап,

Үлгірмепті жабуға қаза болып.

 

Есеннің зираты тұр осы кезде,

Жер сұлуы Қызылтау бауырында.

Бара қалсаң табасың оны лезде,

«Аяқ шілік» деген жер сауырында.

1949


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha