Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

БЛОГТАР

08 қазан 2021
188
0

Ө Г Е Й

 Алла жаратқанның жаманы бар ма?!..

          

Сірә жоқ шығар, өйткені түпті екшеп, ілімге үңілген ғұламалар жарық дүниедегінің өніп-өсуде бір-біріне тигізер себесінін үнемі дәлелдеп келеді емес пе? Ендеше Күн мен Жер арасындағы ұлы мекен, алтын ордадағы, айналамызды қоршағанның тынысы бір, одан бізге жат немесе керексіз басы артық ештеме жоқ. Тек қана жылдың әр кезеңі хал-ахуалымызға қарай жайлы не жайсыз болып келеді.

          

Жайлы тіршілік кімге ұнамасын. Ал жоқтық ше?.. Құрысын... Не нәрсенің бағасын артырар сол болса да, адым аттатпайтын да сол емес пе?.. Шіркін, таршылық көрмей, абырой мен атақтан мерейі аспандағанның ауыр мен жеңіл, аштық пен тоқтық, арық пен семіз, суық пен жылының аражігін ажыратып әлек болмайтын ырғақты күйі кез келгенге бұйырмаған бір арман да. Қыста қызара бөртіп, көктемде шалқып, жазда щалқақтап, күзде күдірейіп жүретін оларға – құдайдың әр күні бір той.

          

Ал Зүбәржат сияқты пешенесіне түк тимей, түнерге панасы, ішерге асы, иыққа ілері жоқ кіріптарға жаз айы сағымдай сырғып өте шықпай, мәңгілікке ұласқаны дұрыс болар еді, бірақ қай қалауың орнына келген... Тіпті, көкейдегінің бәріне қол жетпесе де, ең құрығанда біреудің басынан төгілген іркіттің жұғыны жұқса ғой  бейшараға.

 

 

х х х

 

          

Анасы Әлиман қан қысымы көтеріліп, біраз күн төсек тартып жатып қайтыс болғанда, азаға жиналғандармен бірге Зүбаржат та жылады. Өйтпегенде, шешесінің өлгенін ұғып, үлкендердің сорғалаған көз жасын көріп тұрып, бедірейіп қалай тұрмақ, бода-бодасы шығып еңіреп, әлдекімдердің уатқанына әзер жұбанды. Бірақ ештеменің түп мәнісіне жете бермейтін кішкентай бала емес пе, дүрмекке ілескенімен болған жайдың қаншалықты ауырлығын түйсіне алмаған, тек анасын аттандырып салғаннан кейін ғана оның үңірейген орнынан түршігіп, безіп кетуге шақ қалғанда «өлім» дегеннің үрейлі екенін ұқты. Сол сәтте қасында үріккен көңілін аулап, алдарқатқан біреу болмағанда қайтер еді?.. Әкенің өбектеуі мұңды сейілтіп, шешесіз ғұмырдың қиын да қытымыр боларын ұмыттырып, тіршіліктің үйреншікті ырғағына ілестірген-ді.

          

...Орта бірін-бірі жақсы білетін, бірін-бірі елей салатын ауыл мес пе, Зүбаржат ертемен үйде жалғыз қалғанда есікті құлыптайды да, көршілерінің біріне барып, балалармен ойнап, кешті алаңдап тосады. Оған әкесінің қарасын көру зор қуаныш, уылжыған жүзі елжіреп, шаттанып атып тұрады да, жүгіріп барып бас салады. Ал қызымен қауышқан Балтабайда ес қалмай, қалта түгендей бастайды.

          

Балаларға да керегі осы, оның ар жағынан не шығарын қалт жібермей бағады. Тәттілер... Жапырлап кеп әрқайсысы өзіне тиесін алып жәмпеңдесіп, біріне аз, біріне көп тисе де. қалыс қалмағанға мәз.

          

Бір қалыпты әкесі: «Үйде мән жоқ», - деп үйленіп өзгертті де, Зүбәржат шамасы жеткенше оны-мұны қолғабысқа әзір тұрды. Баланы ұзақты күн есіктен түспейтін қара құлыптан құтылғаны қуантқан. Ал қастарында ас құйып беретін анасының болғанын көксегелі қашан. Шолпан сол олқылықтың орнын толтырып, құлазыған үй жанданып жүре берді. Әзірше оның Балтабайдың алдында майысып, күлімсіреп жүретіні қандай сүйкімді!

          

Зүбәржатқа осының бәрі жағымды, тек шешесінің жеке сәтте жанына тиіп дікілдіп, жәбірлеп тастайтыны жаман. Ондайда аулаққа  тұра қашқысы келсе де, қалтарысқа барып, көз жасын сыққан соң, «жай ұрысқаны ғой» деп іштей ақтап алады.

          

Шолпан - бұрын есік көрмеген кәрі қыз. Әкесі жұмыста жүріп мүгедек болып, бес баланың тауқыметін шешесі арқалаған. Бардың да, жоқтың да адам мінезіне із қалдырмай өткені бар ма?.. Жоқ-жітік жетімсіздіктен шыққанын қарсұр жүзінің қытымырлығы айғақтайтындай. Денесі де тарамыс, адамға басын қақшитып, көзінің бізін сұға, сөзін екшеп, екпіндеп сөйлегенде жұқа өңі тұлданып, тар маңдай терісі шытынап кетеді. Біреуді іш тартып, ықлас аударып, еміренуі қиын. Сондықтан болар, куйеуінің туыстары  оны көп ұзамай сырттай «тасемен келін» атай бастады.

          

Зәрлі әйелге Зүбәржаттың үйірілуі оңай болмады, сонда да әкесі ендігі «анасы екенін» айта берген соң, өзін телуге кәдімгідей тырысып, оның сәл көңіл һошына елп ете қалады. Бірақ затсыздың есіркеуін тосу қиямет, шын пейілі ескерусіз қала берген бала жатсыраудан ажырамай, ақыры шешесі ұл, қыз туып, өзін бұрынғыдан да қағажу еткеніне өгейсіп, қалт етсе бұрынғыдай көршілерін жағалауды шығарды. Ырыққа көнбеу Шолпанды шамдандырмай ма, қызына «қаңғыбас неме» деп жауығып, қит еткенді өңін айналдырып әкесіне шағыстырып, ол да бұны қырына алды.

          

Екі жақты түртпек – қыңырлық пен қырсықтың туын тікті. Тықсыру жанына қатты батқан қыз, өзін тұл жетімдей сезініп, әкесі ауыз ашса аш қасқырдай ырылдап, қасарысып шыға келетін болса да,  жек көре алмай қайыра сабасына түскенімен, оның әзәзіл тілге ергенін кешіре алмады. Ақыры есейе келе, «қалауым өзімдікі» деп, мектепті аяқсыз тастады. Зауқы соқса, бірдемеге қол ұшын созып, құлқы болмаса елең етпейді. Уақыттың көбін айна алдында өткізіп: «Не деген әдемілік, сұңғақ бой, тіп-тік кеуде, ақ жүзді көмкерген қара шаш, жәудіреген жанар мен шие ерін аппақ көйлекке сәйкесін қарашы!» - деп көркіне тоя алмай әлек. Ал көшеде қарағанның бәрі оған сұқтанатындай қылымсымай өте алмайды. Өрекпіген кеуде байыз таптырып, дегбір қоя ма?.. Алабұртып жүріп, ауыл-ауылды, қалаларды кезетін «жүрдек» қыздарға ілесіп, көп көзіне ілінуді қалады.

          

Ошақтан безу қыз баланың бағы ма, соры ма кім білсін, бір ауылдың көшесінде келе жатқандарында екі солдаттың бірі:

          

- Қарындас, шылымыңыз бар ма? - деп сұрады.

          

Зүбәржат кілт тоқтады, жігіттің өзін қасындағылардан даралағанына дырдиып қалған, қалтасынан тұтас қорапты алып:

          

- Мә, солдатсың ғой, ала бер! - деді. Лақ еткен мәртікке іші жылаған сұрамшақ:

        

 - Рақмет, қалтада көк тиын болмаған соң... - деді.

          

- Түк те етпейді, бізден солдат еместер де сұрап тартады. Ала бер! - қыз үні көтеріңкі. Анау күлмеңдеп қол созып:

          

- Танысып қоялық, мына сіздерге таяу әскери бөлімненбіз, кейде осы ауылдағы танитын жігітке кеп шай ішіп кетуші ек, бүгін үйінде жоқ. Есімім -  Балғын, ал досым Сейітжан, - деді.

          

Зүбәржат дұрыс дегендей бас изеп, тұрғандар қол алысқаннан кейін Балғын күмілжіңкіреп:

         

- Бұдан былай кездесіп тұруға бола ма?.. - деген, қуақы қиылу, ерін бағып, жауапты қағып алуға әзір.

          

Бойжеткен бұлданыңқырап үні мен жүзі құбылып, бұл ауылға қыдырып келгендерін, негізгі тұрақты, қаласа қайда болатынын айтып:

 

Тағы не білуің керек? - Деп шорт кесті.

          

Балғын риза, алғысын сан қайталап жөндеріне кетіп бара жатып, артына қарағыштап қояды. Олардың қарасы үзілген соң құрбылары алға озып, Зүбәржат кідіріп қалды. Бейтаныстардың өзіне қызығып қарағыштағанын, тіпті, Балғынның кетерінде қолын жібергісі келмей қимастықпен қоштасқанына іші қылп еткен. Алақанда жып-жылы тап. Көптен бері күткен ілтипаты ма қалай?.. Ендігі сәтті елестетіп, езу тартты.

          ... Келесіде Балғын жолығуға жүгіре басып жетіп:

          - Көп тосып қалған жоқсың ба? - деді қақалып-шашалып.

          - Жоқ! Тек келмей қала ма деп алаңдағам.

          - О не дегенің?! Аяқ астынан бірнәрсе боп қалмаса міндетті түрде келемін!

          - Өзім де солай шығар дегенмін.

          Алғашқы жеке жүздесу осылай басталып, екеуі бірге өскендей бірін-бірі жатырқамастан оны-мұны айта бастады. Бозбала ауыз жабар емес, не ойлағанын, Зүбәржатты есінен шығара алмағанын, жақында елге қайтар мерзім таяғанын, келіссе бірге кетуге әзірін жайып салды.   

          Оған сен неге бірден олай айттың деген қыз жоқ, мақұлдап,  ыржыңдаған жігіт қапсыра құшып, сүйіп алғанда осыған әзер жеткендей мойынға артыла кетті. Жылы құшақ, ыстық еріннің шәрбәтін-ай... Балғынның:

          - Менімен бірге барасың ғой, ә? Иә, деші! - деп жалбарынғанын әзер естиді.

Көреміз...

Көреміз емес, иә!

Айттым ғой енді...

          Таяғанда Зүбәржат көңілсіз жүрді. Әкесіне айтарын, не айтпасын білмей дал. Өйтсе шығандауға рұқсат етпесі анық. Ал үнсіз кетсе ше?.. Олай ойласа жүрегі шым ете түседі. Неге?.. Кенет жүрек түбінен қасарыспа әдет атойлап: «Жоқ, айтпаймын! Ең құрығанда итше ырылдаспай жоғалғаным дұрыс», - деп тұжырып, жөн білдірер бір жапырақ қағаз қалдыруды ойлады.

          ... Зүбәржат жарына еріп, бұрын естіп білмеген жат жұртқа, басқа бір қиырға, «Қызыл қиян» деген ауданға поездан түскен соң автобуспен түнделетіп жетті. Ата-анасы баласының  екеу боп келе жатқанынан хабардар екен, келінге орамал салып, табалдырық аттады. Отырғандар келгендер жайғасқан соң, құтты болсын айтып, әскерден аман оралғанға стақан соғыстырып, дуылдасып тарасты. Алыс жолдан жолсоқты боп келген Зүбәржат қонақтар кеткенше әзер шыдаған, ешкімге қарамастан, жатып қалған еді, түскен орнына ертеңіне зер салды.

          Үйдегілер – атасы, енесі және Балғыннан өзге қайнаға- қайындарымен – төрт еркек. Күйеуі ортаншылары. Олардың үстіндегі көнетоз киімдерінен шайыр иісі аңқиды. Жап-жас болса да мұрттары басылмаған, сөйлегенде кетік тістерінен түкірік шашырайды. Ас ішкенде жұтаң дастарқанға саудырап кеп жайғасқанда, біреуді жұтып жіберердей, жалаңдаған қалт қимылдан ыдыс-аяқ сатырлайды. Мауыздай бойдақтардың жұмырына болмашы тамақ жұқ бола ма, олармен бірге дәмге қол созуға жүрексінгендейсің.

          Әбден тозығы жеткен ескі нәрседен үй іші де күңгірт. Көзге ілінері оттықтың екі қапталындағы қоржын бөлмелердегі сыры ұшып, алабажақтанған темір кереуеттер. Олардың үстіндегі ескі-құсқы көрпелер жиналмайтын болса керек, құйқы-тұйқы. Түнде Балғын екеуі де осындай төсекке түнеген. Мына жүн-жұрқа, ұқыпсыздықты көргенде жұп боп, қызық дәурен кешуді аңсап келген Зүбәржаттың көңілі су сепкендей басылды. Жұмыссыздар, әке мен шешенің азын-аулақ зейнетақысына қарап отыр. Ауылда істейтін іс жоқ көрінеді, қосымша табыс ұлдардың анда-санда жота жортып жиып әкеп өткізетін темір-терсектері, болмашы олжа қай тесікті жапсын, өздерінен артылмайды.

          Зүбәржаттың көзіне бірден ерсі көрінгені енесінің түр-сипаты. Ой, Алла, құдды Шолпан дерсің. Бұл да қарасұр, тарамыс, бірақ тырысқақ емес, жанжалқой. Бір шай ішілгенше соқтықпағаны қалмайды. Оның бұнысына ұлдары өре түрегеліп, ұрыс басталып, соңы қып-қызыл ерегіске ұласып, дастарқан ауып түсуге шақ қалады. Тек үнсіз, үйіп қойған обадай омалатын бір-ақ адам, ол – атасы. «Сен тимесең, мен тимен». Шайын құлағы салбырап міз бақпай сораптайды да, етек-жеңін сілкіп, далаға шығып кетеді.

         Берекесіздік, бая шеше бажылдап, боғауыз ұлдардың керілі басылмайды. Келіншек кейінірек мұндағыларды көршілерінің тасада «бес бақсы» атайтынын білді. Айтса айтқандай, білегін білеген бейбастақтардың керілі жұдырықтаспай тынбайды. Оған «бұларың не, ей?!» дейтін әке-шеше жоқ, еті үйреніп кеткен бе, өз жөндерімен жүреді. Тіпті, бассыздары қырқысып жатқанда, анда-санда бір қылқиып қарап қойғандары болмаса, аяқасты боп, жайбарақат жата беретіндерін айтсайшы. Ой, сұмдық-ай, көрмегенің көп шығар, сөз жетпес! Шіркіндердің ішінде көп болып тірлігімізді түзейік дейтін бірі болсайшы. Күш – ауырды көтеруге, қиынды жеңуге, төбелес ауанын шешуге керек-ақ, ал еркектің тасырлығы – зорлық пен зомбылықтың, жұттың, сордың мекені ғой. Әйтпесе сойдауыттай немелерге жер шұқитындай не болды?!. Тыныш отырмай есірткіге әуестері де бар екен.

          Зүбәржат та осыған дейін темекі тартуды машық қылған қыздарға ілесіп, қағаберісте езулей қоятын. Ал мұнда келгелі неге екені белгісіз өйтуге жасқанады. «Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығар», - дегендей, бітпейтін қырқыс өзінің бет бақтырмайтын мінезінен жерітіп, туған босағасын жиі еске алғызатын болды. Тіпті, суқаны сүймейтін Шолпанды ақтағандай  ма қалай?.. Ол тымырсық болғанымен тірлікке мығым, не істесе де ығын келтіріп, күйеуінің тапқан табысын іске жарататын міршеп.. Әкесінің де ес білгелі есік күзеткен кезін білген емес, соның арқасында таршылық көрмепті. Осының бәрін бағамдаса, есіз қыстауда қалғандай. Өкінгеннен пайда не, енді қалай түзейді?.. Салы суға кетіп, әншейіндегі тәлпіштігінен тыйылып, ойсырап қалды.               

          Мұнда келгелі көңілін тағат таптырмайтыны – қалдырған хаты. Бекер-ақ істеген екен, егер біреу-міреу іздеп келсе масқара, мұнан да із-түзсіз жоғалғаны әлдеқайда жақсы еді! Намыс, ұят дегенді енді түсінді. Қап, әттеген-ай!..

          Абыройсыз болғанда көп ұзамай қашып кеткен қыз артынан қуғыншы жетіп, өз шешесі жағынан нағашы жеңгесі мен немере сіңлісі келіп, ішері тақ-тұқтар не істерін білмей сасып қалды. Әйтеуір атасы ыбылжып сыртқа шығып кеткен, ел орынға отыра ағайындарының бірінен арық серкеш тауып әкеп қазан көтеріліп, енесі іргелестерінен телмеңдеп сұрап әкелген ұннан бауырсақ піскенде, асты сарылып тосқандар дәмнен тәбетсіз ауыз тиіп, дем алуға ыңғай білдірді.

          Сәскелік шай үстінде жеңгесі:

          - Айналайын, «есің бар да, еліңді тап». Дұрыстау болса, бұйрық  деп кете берер ек, мынауың жарамайды. Байдан қайтқанның алды-арты сен емес, біз мұнда енді келе алмай, айдалада көмусіз қаларсың, осындай қара бала ауылда да толып жүр тәйірі, - деді.

Зүбәржат жер шұқыды.

          - Шырағым, әрине, кері оралу қиын, көрмейтін, ұқпайтын не бар, ел болмасың алақандағыдай. Айып қылмас, дәулетің қайсы демейік, бірақ сілкіп тізеге басар көрпе жоқ, қалай жан сақталмақ. Ақымақ болма, қызым жинал!

          Әшейінде біреумен байланыспаса отыра алмайтын енесі мынаны естіп, қалай тек қалсын.

          - Ей, құдағи, көкейіңді қалың мал тескен болса, қаңғып келген қызға кәде жүрмейді, алып кетсең қой демейміз!-  деп шаңқ ете қалды.

Әне, естимісің? - деді жеңгесі қажыған сыңаймен, - жүр, киін!

          Зүбәржат мөймілдесе де, мізбақпауға тырысты. Өйткені, Шолпанға таба болуды жөн көрмеген. Жеңгесі тағы да бірнәрсе деуге шайлығып қалғандай, орнынан томсарып тұрып қоштасарда:

          - Ұқыпты бол, жоғалтып алма, қиналсаң қарайлама, - деді жыламсырап, тиын-тебен тыққыштап.

          Зүбәржат келгендер кетісімен оны-мұны сатып алып, көлік ағылатын жолды торитын болды. Мұнысы жаман емес, қолына ілінері бар, өңештері жібіп, артық-ауысын ірке бастаған. Ойы – ырың-жырың күйді түзеп, отбасын жаңалау. Ерте кетіп, түнделетіп оралғанда қорылдап жататындардан қалған су-суанды місе тұтады. Сатуға арқалайтын ауыр нәрселерді әрі-бері сүйреу оңай емес. Бұған «болдырады-ау» қолғабысын жасай қояр күйеу бар ма?.. Ортасынан озар шамалы, аға-інілерінің ықпалынан шықпайды. Мейлі... Әйеншектеп қайыршы бола алмас. Есіл-дерті ақша жинау.

          Бірақ оны ірку оңай болмады. Болмашы нәрсесін қайда тықса да тінтіп, тауып алғыштар баршылық.  Ақыры ойлағанын алға бастыра алмай діңкелеп:

         - Ақшамды алған кім? Кәне, қайсың болсаң да тауып бер! Әкел де, әкел! - деп қиғылық салды. 

          Сөзді үлкен қайнағасы бастап: 

          - Ол бар ма еді?.. Біз алды деп кім айтты? - деп тарқылдай беріп еді, шашпау көтергіштер:

          - Жер жұтқан шығар?

          - Жоғ-ә, жұтқыш өзі болмағай?! - деп қиқулай жөнелді.

          Зүбәржат тосылып, жәбірленіп қалған, оны аяған Балғын:

Ей, қойыңдар да, қане, беріңдер! - деп тікірейді.

Қатыншылын! Бермесек, не істемексің?

          Кенже інісінің жыртыңына ызыланған Балғын оны жағасынан ала түскен, қалғаны ұмыр-жұмырға ұмтылып, қи-қотан төбелес басталды да кетті.

          Зүбәржат шарбақ сыртына ытып шықты. Мына сұмдықтан біржола безіп кеткісі келген, бірақ аяқ астында қайда барады? Үй айналып көз жасын төгіп-төгіп жіберді. Сыртта ұзақ отырды, оның кемігенін елеп, «қоя ғой» деп уатар, «қайда кетті» деп алаңдар кім бар, болдырған соң төсегіне кеп қисайды.

          Көзі ілінер емес, миына нелер келіп-кетпеді. Қасындағы таяқ жеп, ыңырсып жатқанды жексұрын көріп, итеріп жіберуге шақ қалды. Суқаны сүймегеннің лебі қандай  жиіркенішті, шетке ығысты. Енді не істесе екен?! Басы дыңылдап, көзі ілініп кетті.

          Оянғанда үй ішінде екеуі, басқалары сыртта шығар. Кешегі көңіл күйі өзгермеген әйел күйеуін:

Тұрмаймысың? - деп нұқып қалды.

          Былқ етсейші. Жыны ұстап:

          - Тұр! - жұлқи беріп шошынып, далаға атып шыққан:

Өліп қапты! - деп ойбай салды.

          Шуақтап манаурағандар лап қойды, шынында солай. Қаза есерсоқтың көзінен де жас шығарады, әншейінде бірімен бірі қырық пышақ боп қырқысатындар «ой, бауырымдап», әке-шешесі сықсыңдап жылай бастады. Зүбаржат көршілерге жүгіріп хабар берді. Аяқ астынан болған жайға көптің қабырғасы қайысқан.  Шақыртылған дәрігер кінәрат жүректен болғанын айтты. Ел емес пе, демде бар-жоқты білдірмей қонақасы кәдесін көтеріп, бауырлары Балғынның қабірін қазып, жер қойнына тапсыруда қатты қимыл жасады.

          ... Күйеуі көзден таса болған соң, Зүбәржат айдалада қалғандай. Сонда да сабыр сақтап, «ең құрығанда қырқын тосып», содан соң рұқсат сұрауды ойлаған. Бірақ аяқ астынан басқаша шешілді.

          Бұл босағаны аттағалы отбасындағы бітпейтін кикілжіңнен жаны бір жайланып көрмеген келіншек, енді жалғыз қалғанда әлденеден елеңдеуді шығарды. Өйткені, ойда жоқта енесінің «дәрігер айта береді, баламыздың өлімі ана салдақыдан келген жоқ па...» - деген ыбыр-жыбырын құлағы шалып, төбе шашы тік тұрғанда, атасының: «Өй, сен де ауыз өзімдікі деп көки береді екенсің!» - дегеніне шүкіршілік етсе де, кеудесі май ішкендей кілкіді. Оның үстіне қайнаға-қайындарының жүріп-тұрса алдын кескестеп ырбаңдауынан секем алып, жатар алдында қобалжып, үйдегілер әбден ұйықтағанша төсегінде отырғаны болмаса, шешіне де, қисая да қоймайды. Бірақ неге екені белгісіэ кейінгі кезде бос жүріс көбейіп, ешкім жатуға асықпайтын болған, аяқ астынан үлкен қайнағасы кіріп келіп, қасына отыра кетті де:

Неге ұйықтамайсың? - деді.

          Зүбәржат итінуден шошып, әрі сырғи берем дегенде екіншісі жетіп, ортада қалды.

Ей, саған не жоқ? Кет бар, қане!

Кетсең кет, қайын тұрғанда қайнағаға не бар?

         - Не, дейді-ей мынау, аузыңды... Көрсетейін мен саған! - інісіне тап берді. Шаң-шұң... Әдеттегідей қол құшыры қанатын жұлыс басталды.

          Зүбәржат итжығыста қалай сытылғанын білмей қалды. Жүрегін  ұстап зытып кеп, қара жолға жеткенде өтіп бара жатқан машинаға қол көтерген, тоқтап ала кетті. Қатты жүгіргеннен өкпесі өшіп, алғысты алқынып айтқан, ентігі басылғанша маңдайын алақанына сүйеді де, солығы түскен соң алға қарады.

          Қараңғы түнде зымырап келеді. Ақырын ғана қасына көз қиығын салған, шопыр мосқалдау кісі, үнсіз отыр. Ет қызуда не істеп, не қойғанының байыбына бармаған, енді айдалада жат біреудің қасында жалғыз екенін ұғып, тітіркеніп кетті. Жапақтап қарағыштап қояды, басқа лаж жоқ. Әлсіреп, қалғып кеткісі келсе де, болжырамауға тырысты. Үлкен адам жаутаңдаудан әлдене пайымдаған болар.

          - Қызым, сескенбей мызғып ал, - деді әкенің қамқор үнімен. Қалжырағанға «жақсы сөз, жарым ырыс», қисая беріп ұйықтап кеткен, таң сарғая оянды. Облыс орталығына таяған, жеткен соң, үстінен тастамайтын қамзолының қалтасындағы азын-аулақ тиын-тебенінен ұсынған, алмады. Есіркеудің не екенін ұмыта бастаған Зүбәржат жаттың ақ пейіліне:

          - Аға, сізге алғыстан басқа не дейін, көп рақмет, жолыңыз болсын! - деді тебіреніп. 

Саған да, айналайын, өзің де аман-есен бол!

          Енді еліне бару үшін тағы бір қалаға жетіп, сол жерден отыруы керек. Билет алып, жолға шықты. Аш қарын поездың ырғағынан үзіліп кетердей, сонда да барын рәсуа етпеуге шыдап келеді. Ашықса да әйтеуір сергек. Қасындағылардың «кел, айналайын» деген мезіретінен жүрек жалғады.

          ... Енді үлкен қалада не істеу керек екенін ойлады. Әрине ауыл қайдасың деуге даяр, бірақ қай бетімен бармақ... Қападан жүрек сыздайды. Ойланбай істегеннің ақыры осылай. Қайтсе де біраз осында қалып, ебін тауып «әруәй неме» болмай жөнделіп барғаны дұрыс.

          Алакөбеңде жан-жағына қарап, жол бойындағы жатаған үйлердің біріне таяды. Аласа шарбақтың аржағында оны-мұны істеп жүрген етженділеу әйелден «түнеп шығуға бола ма?» деп сұрап еді, анау пәтерақыны алдын-ала қонған сағатына алып, келім-кетімдерді қабылдайтынын айтты.

         Қиналмай жолы болғанына мұндай қуанбас, көрсеткен бөлмеде шешініп, бірден жуынып-шайынуға кірісті. Туған ауылынан кеткелі иығындағы зіл-батпанды ысырып, еркін сезінгені осы. Әйелге ұқсап қабырғадағы айнаға бұрылды. Жүдеу, беті тотыққан шаршаңқы болса да, көңіл көншігені байқалады. Жымиып қойды. Қазір жатып, жақсылап дем алады да, ертең қолға алар ісінің ыңғайын қарастырады. Есік жақтауының жанына іле салған, көптен үстінен түспеген киіміне қарап, «мұнда ешкім тиісе қоймас» деп, теріс аунап түсті.

          Оянып таранып алды да, көшеге шықты. Ойы – су-суан болса да, әуелі оразасын ашпақшы. Жолындағы асқанаға кірерде жан қалтасына қол сұқты.

          Бос. Дір ете түсіп, «дұрыстап қарамаған шығармын»  деп, қалтасы онша терең болмаса да, тесіп жіберердей тінткіледі. Сонда түсіріп алғаны ма?.. Жүрген жолын сүзсе де, шалынбады. Шыққан үйге қайыра кеп, ақшасы жоғалғанын, «бөлмеде түсіп қалмады ма екен?» ойын айтқан, әйел шаптығып:

          - Сен не, мені ұрлықшы дейсің бе? Жаңа жатқан орныңды сілкіп, еденін жуып шықтым. Түк те жоқ, жоғал, әйтпесе ұстатып жіберемін! - деп баж ете түсті. Шара не?.. Көше кезіп, алақан жаюдан басқа амал қалмады...

          Алақанды қалай, қайда жаюдың ретін білмей сандалып, әбден шаршап, қалжырап келе жатып, қаладағылардың боқтық тастайтын орындары бірінің маңындағы кезбелерге жақындады. 

          Еркек пен әйелдің өзгеде шаруасы жоқ, алдарындағы жыртық қағазға жайып қойған оны-мұныларын қаужап отыр. Тамақты мына маңнан неге әрі барып жеуге болмайтыны түсініксіз. Үсті-бастары кір, тым кәрі болмаса да көз алдары көлкілдеп, беттері мыж-мыж боп кеткен. Екеуара әлденеге келіспей дауласып қояды. Дамылсыз қимылдаған ауыздарға қараған Зүбәржаттың ішегі шұрқырай бастаған, байқамай жөткірініп қалды. Сонда ғана аналар басқа біреудің барын аңғарып, таңырқай самарқау мойын бұрды да, еркек:

          - Неге тұрсың? - деді селқостау.

Жай.

          - Неге жай? Қарның ашса жақында! - Бастан-аяқ сүзіп шықты.

          Теріс айналарға шама жоқ-тын, ақырын келді де, орындықшалап қойған тасқа отырды. Екеуі пейіл беріп, алдарындағыдан сырып, жөн сұрасты.

          Жағдайын айтып еді, серіктері есіркеп:

          - Беталды қаңғығаннан түк таппайсың, одан да бірге бол, аштан өлмейсің, мына орын біздікі, егер алыс кетсек, басқалар иемденіп алады, жаман емес, үстіге киер де осы жерден табылады, түнде таяу үйдің астыңғы қабатына барып жатамыз, - деді ықыласпен.

          Сөйтіп, Зүбәржат жаңа қожайын тауып олардың айтқандарын екі етпей, «бар, тұр» деген орыннан күнделікті нәпақа тауып келеді. Тек бір жаманы, екеуі қолға түскенге арақ ішіп, не болса соған  кеңірдектеседі. «Қайда барсаң да, Қорқыттың көрі». Мұнда да ұрыс. Бет жыртысудан әбден мезі болған. Болат көтерілсе зәресі қалмайды. Ал Маша қарсыласуға төселген.

          Біраздан кейін Зүбәржат айқай-шудан жалығып, кезуге кеткеннен қайтып оралмады. Енді өз бетінше тірнектеуді ойлаған. Алғашқыдағыдай емес көп көшелерді біледі. Үйреншікті маңайдағы бақты жағалап жүріп, қалың жыныстан астына шөп төселген орын тауып алды. Кішігірім қос сияқты, шамасы бұрын да біреу түнесе керек. Ешкім аяқ баспайтын шеткері, қорқынышты болғанымен, тыныш. Алаңсыз тамақтанып, ұйықтауға болады.

          Бірақ қағаберіс бұрыш жоқ шығар. Соңғы кезде үш-төрт еркек осы маңға кеп, карта ойнауды әдетке айналдырды да, еркін жүріп-тұру қиынға түсті. Олар қызыққа берілсе, кейде қасқарайғанша кетпейді, іштеріндегі біреуі жан-жағына алақтап-жұлақтап отырады. Зүбәржат жатын орнына жуықтауға жасқанып айналсоқтап өтіп бара жатқан, бірі:

Ей, ананы қараңдар! - деді.

Нені??

Қатынды айтам, ешкім жоқ, қағып түсірмейміз бе?!

Ей, қойшы, қайыршы емес пе?!

          - Болса ше, жап-жас, қыпша белді көрмеймісің?! Анарын қара, сығып уызын шығарып жіберер ме еді! - арсыз саңқылдап, қалғандары сақылдап, мәз-мәйрам. Сұңқылдаған дауыс төбе ойып жіберердей, жүрісінен жаңылып, шоқырақтап қалды. Одан кейін мұнда жоламай кеткен, қолайлы орын таба алмай, қайтып келді. 

          ... Ел орынға отырып, бақ ішінде тыныштық тұна қалды. Айнала Ай жарығынан алақандағыдай ап-айқын. Әйел жатуға ыңғайлана берген, оқыс дыбыстан селк етіп, сыртқа шықса, қарсы алдында қарташылар тұр. Тіл-ауыз байланып, бой ұйып барады.

          - Қорықпа, - деді мырс еткені, - өзің шешінесің бе, әлде көмектесейік пе?..

          - Хи! Саудаласуға уақыт қайда? - нұқып қалғаны шалқасынан түсірді.

          Дүние даңғыр-дүңгір, қаңғыр-күңгір, көнін сүйреп әзер жүргенде, боршалаған көкпардан талықсып кетті. Әлден кейін: «Ертең сыртымыздан шұқып жүрмесін, сұрауы жоқты өлтіре салсақ қайтеді?» - дегенді естіді.

          - Ей, қойшы, қол былғап, оны тыңдайтын кім? Жата берсін!

          Дүние құлазыған тұңғиық. Зорлауға қыстығып, өксіп-өксіп алды. Енді жұрт төбесі көрінетін тұсты сағаламаса болмас. 

          ... Таңдайға басарды әзер тауып, ілініп-салынып жүргенде жаз да өтті. Ал, биылғы қыс «сорлыға күн бір жауса, терек екі жауыптыдай» - ерекше. Мүмкін мұндай суық бала кезінде болған да шығар, бірақ есіне түсіре алмайды. Тамағы тоқ, киімі жылы кезде қарға аунауға тоймай, ойын қызығымен еліріп, шұнақ аяздан шощымақ түгілі, бірінің бетін бірі қармен ысқылап асыр салған ересектерден қалыспайтын. Үлкендердің «Күннің жаманы кетер, адамның жаманын айтсайшы», дегені рас-ау, бұған суықтың зәрінен бұрын жәбір өтіп кетті емес пе?! Енді, міне, дұрыстау жатын қуыс таптырмайды.

          Ой, Аллай! Мұндай күйге түсері үш ұйықтаса ойына келген бе?.. Балалықтың базары түгілі, таяуда ғана өткен күздің соңғы шағырмағы есіне түскенде біреу алақанына жылы су құйып жібергендей тұла бойы жылып қоя береді.

          Биыл қоңыр күз ұзақ тұрып, жылы болған соң, қысылып-қымтырынбай тапқанын түбірге жайып жеп, шуақтап отыратын. Ештеңе елең еткізбейді, тек әрі-бері өткендердің өзіне назар аударып, сыбырласқанын ғана байқайды. Неге өйтеді, аяй ма, айыптай ма? Мейлі, кімге не дері өзіне аян. Көйлегі көктің әрекетіне көз жетсе де, сөз жетер ме? Олардың ақылы алжаспайды, ал ащы – уайым улап өлтіреді.Зүбәржатта қазір ақыл да, уайым да жоқ, жапа шеккен жанын ешкім мазаламаса, қасына кеп біреу-міреу түртпектеп иектемей,  тыным тапса болғаны. Айналасына мәнсіз көз тастап, өңменге итеріп, көкірекке түйгеннен басқа шапағаты шамалы өгей жалғанға жабырқап қарайды. Қайда асықпақ, қаласа мызғи салады. 

          Ал күн суытқалы паналаған бұрышынан тым жұқа киімінен жасқанып, сыртқа жиі шыға алмай қалған. Сақырлаған аязда жарғақ күртешенің астындағы шыт көйлек пен басындағы жұқа шаршы, қысқа, кенеп аяқ киімінің панасы жоқ. Бірақ өңештің қинауы отырғызар емес.

         Боқтықтан әзер тауып алған, үстіндегісіне де тәуба. Әсіресе, орамалдың қызыл боп іліккеніне кәдімгідей қуанып қалған, тек қанша тінтсе де шұлық болмады, табылғанда жалаң аяқтан гөрі жұлығы ашылған кенеп ішінен жылылау болар еді. Көшедегілер сирағы сидиып, беті күлкілдеген бұған бірі аяп, бірі жағасын ұстап таңқалып, қалай тірі жүргеніне қайран қалатындай, көз тоқтатпай өте алмайды. Әрине, қайсысы болса да дені дұрысқа баламас. Көбісі есуас санайтынын жанарлар айтады. Қайтеді, ондайды көрмеуге, сезбеуге үйренді емес пе, сазарып тұра береді, бірақ шаңғытқан аяздың беті жаман. Жайылған қолы селкілдеп, ырық бермейді. Енді қайтті?.. Оның үстіне аурушаң боп қалды.

          Бүгін күн қақаған. Суықтың солығы түсуін тосып далаға түс ауа шыққанымен бет ұшы дыз ете түсті. Сескеніп қалса да, өңештен өтерге бірнәрсе табыларына дәметіп, үйреншікті орнынан тапжылмауға тырысқан, түк ілінбей, қатып-семіп кеп, жата кетті. Әбден тонғаннан бүркенген жаман-жәутікте пана жоқ. Қалшылдаған денесімен тізесін қаусырып бауырына тартқанынан жылынар емес. Миы солқылдап, безгек болғандай тістері сақылдай бастады. Бірнеше күннен бері нәр татпағаннан татып кеткен түкірігін жұтынып, «ең құрығанда аздап дәрі ішсем, сауығып қалармын» ойы орнынан көтерді.

          Қиналғанда есіне Бола пен Маша түсіп, көмек сұрағысы келген. Сүйретіліп кеп түнеу есігін тартып еді, жабық. Күш жиып қаттырақ соққан, дыбыс бермеді. Не істерін білмей абдырап, жылжып алғашқы жолыққан жерге жетті. Мұнда да көрінбеді. Қайда кеткен сорлылар, Әлде олар да бұралып қалған ба?.. Кетуге ыңғайланған, тілерсегі дірілдеп, әлі құрыған соң, баяғы тасқа отыра кетті. Тастайын-ай! Шекеге біз сұғып алғандай шың ете түсті.

         Ыршып тұрған, ығы кетіп, батқан түндей көзі қарауытты. Теңселе бастаған, қарсы алдында әкесі. Жымыңдап гүл ұсынды.

          Не деген хош иіс! Шоқтай жайнаған гүл! Дүние құбылып, ынтықтырып, ілестіріп барады. Кідірмек емес, бірақ алдынан анасы тосып, бауырына басып, әлдилей бастады. Жаны тыншып тербеліп, мүлгіген, кенет ақ көйлегі қанаттай желбіреп көкке көтеріп, шырқау шыңға самғап шықты. Тек?!. Мұнысы несі, қайыра құлдилағаны қалай?!.

          ... Келесі күні боқтық тастауға келіп, мәйітті көргеннің бірі одырайып есіркесе, ал бірі оған «и т  ө л і м» деп жиіркене қарады.

 


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha