Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
ТАНЫС, БЕЙТАНЫС

БЛОГТАР

04 қыркүйек 2021
243
0

ТАНЫС, БЕЙТАНЫС

- Уһ! Үркер көтеріліп, шілде мен саршатамыздың өлпеңін сырып кең тыныстадық-ау! Айдыннан ескен кәусар жігер тасытып, бір керемет іс тындырғың келеді. Егер самал ас болса, тоя алмай соға берер едім.

- О-о-о! Онда маған түк қалмас. Құдай сақтапты. - Аймұнар жымқырынып, кері шегінді.

- Жоғ-ә. Қорықпа. Әуелі сені тойдырып, содан соң ғана жеймін де. - Жігіт күліп: - «Келші бері, маңдайдан бір иіскейін», - деп бұртиған жұбын бауырға басты.

Айқасқан құшақ, бойға қуат.

- Қасымызда кішкентай болса, ол екеуміз әйәй әбитас теріп мәз боп, жағалау үнге көмілер еді. Жылдар жылжуда, ал...

- Уайымдап, тарықпашы. Қартайған жоқпыз, ден сау, жағдай жақсы, сәтін салар. - Ардин кеудедегі басты көтеріп, мұңлы жүзден өбкен, - Жүр, жартастан түсіп, су жалдайық, бой сергиді, – деп жарын жетектей жөнеліп, желпілдеген етек күмп бергенде, күміс күлкі ақ лағылға астасып, көкке атылып, шашу шашты.

Жағалау кезген әсерден кейін, ерлі-зайыптылар дастарханға жайғасқан. Ардин қимыл бағып:

- Ай, ғылымдағы жетістігімді айтсам, құлақ қояр ма едің, - деді.

- О, не дегенің? Қуанышты бөлісе алмасам, кім болғаным?! Тоқта... Әлде... Күмәнді...

- Олай емес. Тек бұл жаңалықты қабылдау...

- Әуелі айт, көрейік.

Еркек асықпай саусақпен шаш тарақтап, сонсоң жұдырық зіттеп:

- Роботтың осыған дейін миға келмеген түрін жасадым. Бала. Аты – Темір. Екі жаста. Бұған көзқарас қалай?.. - деді.

- Айтарсың. Әлем оның үлкенін де, кішісін де жетілдіріп, жарысуда емес пе. Адамнан адамның айырмашылығы шамалы болса, темір бір-бірінен қаншалықты басқаша болуы мүмкін. Сенікі біткен істің бір тетігін сәл өзгеше бұрау болар, - тұжырым сенімді, күлкі үйірілді.

- Тұра тұр. Әуелі тыңдасайшы.

- Естідік. Ұқпайтын не бар?

- Бар. Егер оны бала қылсақ ...

Оқыс сөз. Долырған бет, шарадан шыққан көз. Сұп-сұр. Күйеу атып түрегеліп, қол созған:

Мазағың ба?!. - деп қағып жіберді.

Жо-о-оқ!

- Сонда қалай?.. Темір құшамын ба?.. А-а-а. Түсінікті. Бала асырап алуға неге келіспейді десем... Жоба іске қосылса, бедеулер... Иә, дүниені темірге билетпексің...

Атама! Айтаққа қосылатынға кезікпепсің. Құрт көзін! - Көгеріп, қуарып, қалшылдаған бейбақ алдындағы бокалды бір қойып, быт-шыты шыққан шыны қол сойып, есі шыққан күйеу жалма-жан таңғыш әкеп әуреге түсті.

Аймұнардың қансыраған тек қолы емес... Кеуде лықсып, қан басқа шауып, теңселіп отыр. Тыншығанда, ашу сырғып, дене босап, сабасына түскен, төсегіне кеп қисайып, көз жауыны астында жатты.

Орнынан тұрып, қонақ бөлмеге келсе, қосағы терезе алдында кітап оқып отыр. Ол елпілдеп:

Кел, - деп диванға жайғастырып, үнсіздіктен соң:

- Ай, есті емеспе ең. Саған жүзеге асуы тиіс, қисапсыз еңбекті ұқтыру артық шығар. Егер түп нәтиже ойдағыдай болса, ғылым саласына зор жаңалық келеді. Адамдар жетістік артында зор абырой, мол ақша барын сезіп құлшынса, сенің шошығаның қалай?..

Қорқынышты ештеңе жоқ. Кәдімгі баладан өзгешелігі аз. Алдыңғылардай тоққа байлаулы емес, нанатехнология арқасында адам денесіндегідей қан мөлшері бар және күннен қуат алады, Интернетпен де байланысты. Өз жаратылысымды бердім, мейрімнен ада емес. Ақылға сап, жабырқамай келісші.

Сонда не істе дейсің?

- Тәрбие ықпалын дәлелдеу керек.

Яғни, тексізден текті жасаймыз. Оның темірге қажеті не?..

- Таусыла бермеші. Болмысы адамдікі, енді сана деңгейін анықтамаймыз ба. Өз жасына лайық ұғымы, сөзі бар. Ауырмайды, онша қиындық көрмейсің. Өтінемін.

- А-а-а. Қондырмалы, бұйрыққа байлаулы. Ол жетіліп, сен сияқты бір пәлені ойлап тапса ше?.. Не болмақ сонда?.. - Қабақ шытынап, ызғар шашты.

- Шынайы адамзатқа қастандық жасаудан аулақ болса да, егер қоғамға қажеттілік туса, түрлі әрекетке бас тігуі мүмкін. Бұл қаракет те соған қатысты. Келіссең туған күніңе тарту етейін.

Әйел қиылған жүзді қия алмай бас изеген, табалдырық аттаған екеудің егіздердей ұқсастығын көргенде сілейіп:

Апасы, төрлетіңдер десейші, - дегенде бой жиды.

- Иә, жоғары шығыңдар, - апалақтап қол созған, денеге тиген салқындау саусақтан дір етіп, таскөзден тіксінді.

Ұл жымиып, аяқ киімін сілки сап, төрге еркін өтті.

Дастарқанда Темірдің не істерін білмей тосылғанын аңғарған отанасы ненәрсені қалай пайдалануды ұқтырып еді, әкесі ас қайырғанда қайталап, рақмет айтты.

«Үш күннен соң, көрге де үйренесің». Тіршілік уақыт санатпайды. Темір есейіп келеді. Тілалғыш, ұққыш. Айтқан ертекті қағып ап, майын тамызып айтады. Әліппені де меңгеріп, суреттерден әңгіме құрастыруға шебер. Бір күні:

- Есік алдына шығып, ойнасам қайтеді? - деген, шеше меселін қайтара алмай:

- Жарайды, - деп келісіп: - Тек балалармен өзге тілде сөйлессең де, үлкендермен ана тіліңде тілдесіп, үйде де сол қағиданы бұлжытпай, сонсоң сырттан келгенде күндегідей аяқ киімді сілкімей шешіп, қабырғаға қарай қоясың, - деді нақтылап.

- Иә! Сүйіп жіберейінші, - қуаныштан құлдыраған беттен шөп еткізіп. топқа барып қосылғанда, Аймұнар «әлдеқалай» деп, сырттай бақылаған, шапқылауға сүйсініп тұр.

Ал ұл балабақшаға баруды қалағанда маңайдағы садикке апарған, жатар алдында күндіз тыңдаған ертегіні әуелі орыс тілінде айтқызып, сонсоң «түсіне алмадым» сылтауымен аудартуды қалыптастырды.

Бала екі тілді де меңгере бастап, сөз жүйесі ширағанда, қос тілдің аражігін ажыратуға көмектескен, оның жаңа жылда Абай атасының «Бес нәрсеге асық болын» мәнерлеп жеткізгені таңқалдырды.

Аймұнар Темірдің жасандылығына көндіксе де, көкірек түбіндегі - жылы саусақты, жұпар иісті сәби түсінде кеудеге бас қойып, аңсау күшейіп, бала асырап алу жайын қайыра қозғаған, көңіл қойған Ардин:

- Онда екеуі жасты болсын, - деді.

Ақыры тілек орындалып, өң жайнады.

- Анашым, көйлегің әдемі. Бір жаққа барамыз ба?

- Иә. Сенің серігіңе. Жинал.

Аймұнар мен Ардин Темірді ортаға ап жетектеп, ғимарат алдына келгенде жаутаңкөздерге аңтарылған, бір бүлдіршін: «Апа!» - деп енесіне кісінеген құлындай етекке орала кетіп, жас ыршып, Ардин:

- Бауырыңды қарсы ал! - деп құшақ айқара ашылды.

Алмас үйге келген күні: «Қасыңа жатайыншы», - деп қиылып:

- Келе ғой, бота! - дегенде ортаға топ ете түскен, одан әрі тымауратса қойынға мұрын тығу әдетке айналды.

Бет аймалау, ғажап жұпар. «Бала таппаған туса, қоярға жер таппайды» дегендей, бар ынта балапандары үстінде.

Ойын құмар тапжылмауды білмейді. Ана қос қозы секеңін, беймаза қылықты қызықтаса да, олар сүрінсе жаны шығардай, зәресі ұшады.

Алмас айтқанды тыңдай қоймайтін қиқарлау. Оның өзінікі болмаса қитығып, тайталасуға дайын әлімжеттілігіне Темір қарсыласа:

Ұрды, - деп шағымданып шыға келеді.

- Таяқ жемеу үшін, әуелі өзің тиісіпе. Содан соң тірескен шектен шықпаса, үндемей қоя сал.

Не айтып, неге дағдыландырсаң да Алмастың бас изеуі оңай болғанымен шалт мінез ауытқымай, шатасуға, таяқтасуға дайын. «Бірге болсын», - деп, балабақшаға апарып еді, ондағыларға қырғидай тиіп, ата-аналар шағымынан шығарып алды.

Ол бірде ойыншыққа таласып, жұдырық жұмсағанда Темірдің жүзі күлгін тартып, тесірейген көз өңменнен өтіп, ойға «жасандыны» оралтқан, Аймұнар сілтеуге оқталған қол кілт тоқтағанда демін алып:

- Айтқанды неге екі етесің. Егесуді қашан қоясың? - деп қиқарға зекіп, кәр төкті.

- Ұмытшақ, тиянақсыз, ызақорға ұрыспай-ақ ғой. Апа, мен сенің: «Сабыр, сабыр. Тоқта! Тоқтам керек. Ақыл алда, ашу артта», - дегеніңді естен шығармай, ұрғанды сабағым келгенде, айтқаның сақ етіп, қоя саламын. «Апа» дегенде жүз бал-бұл жанып, әсем мойыншаққа айналған таскөз жүрек елжіреткен, жан төгіліп, шеше бауырға басып, маңдайдан өбті.

Ал Алмас болса дөрекілікті қоймай, тағы бірде жәйбарақат тұрған сыңарын мұрттай түсіріп, қолын тас сырып қанқақсатқанда жалған денеге не істерін білмей дағдарған әйел:

- Құлыншақ, - деп бәйек боп көтеріп, сасқалақтап күйеуіне қоңырау шалған, ол:

- Демікпе. Ештеме етпейді. Өзі жазылып кетеді. Сонда да «сақтықта қорлық жоқ», сөмкеңдегі H2O2-мен жақсылап сүртіп жібер, - деді.

Бой бермейтін мінез Аймұнарды қамықтырған. Оны аңғарған күйеу:

- Не болды? Өзгеріп кеттің ғой, - деді.

- Екуін бөліп-жармаймыз. Қыдырсақ та, ойнатсақ та, оқытсақ та - бәрі ортақ. Кейін мектепке де бірге барады. Мені адамнан жаралғанның ырыққа көнбейтіні шошытады. Өзің де аңғарған шығарсың. Алмас не ұстаса да әп-сәтте паршалап, быт-шытын шығаратынын көріп жүрсің.

Жалыққыш. Орнықсыз. Қай ортаға барса да шу шығарып, қорқу, сескенуді білмейді. Тыйсаң боздап қоя береді. «Тыйым көрмеген, қазанға ...» деген. Еркіндіктің де шегі бар. Оны түйсінбеген орға құлайды. Ессіз ұрыншақтық кісі өлтіреді, не кісіден өледі. Арты кісәпірлік. Ертеңін ойласам, жүрек мұздайды.

Кінә неден?.. Мүмкін өзімнен тумаған соң, оған ойыншықтай қарап, балалық қылық үркітетін шығар. Иә, қағанағы жарылмаған нені ұғып, қалай ұқтырмақ?!. - Жанар жасқа толды. - Айтшы енді, не істеу керек?..

- Қойшы, мүжілмей. Туғанның бәрі ұшпаққа шығарғанын кім айтты. Қажыма, ыңғайын табамыз. Атақты ғалым-психиаторға көрсетейік.

- Кішкентайды психиологқа емес, психиаторға ма?.. Бір түрлі емес пе?.. - Біз оның әке-шешесін білмейміз. Мәселе тұқым қуалауда болуы мүмкін. Себебін нақтылау үшін, көзін анықтау керек. Сонда ғана бірдеме шығады.

Ертеңіне Алмас дәрігерге барып, сараптама өткізіп, нәтиже психиатор алдына келгенде, ол әр талдауға мұқият үңіліп, дофамин, серотонин гормондары, триптофан, аминоқышқылы азайып, не артса, бойда туындайтын өзгеріс салдары неге соқтыратынын айтып, әр атауға жеке тоқталып, тәтпіштеп түсіндіруге көшті.

- Дофаминнің жеткілікті мөлшері мінезді орнықтырып, ұқтырғанды есте ұстатып, қиындықтан шығуда сенімділік береді десек те, ол ағзада азайып, не көбейсе мінез ауытқып, сіреспе көкбеттілік (шизофреник), ұмытшақтық, ұрыншақтық, мазасыздық, ортадан шеттеу, карта ойынына, есірткіге, ішімдікке құмарлық, жыныстық әсерге икемділік, қатені түзеуге тырыспау, семіздік нәтижесі салдарынан ұлғайғанда ми кішірейіп, қол-аяқ қалтырап, ес ауысу, құлазу, айтқанды ұға алмау, бойды әзер билеп, жүріс кібіртіктеуі сияқты дәрменсіздікке әкеледі.

Ал серотонин мен дофамин бірлессе, қиындыққа қарсы қуат артып, ми гормоны жүйесі жақсарады. Дегенмен, олардың да бойда көбейіп, кемуінен қыс пен күз айларында күннің күлгін сәулесі төмендеуінен күйкілік пайда болып, қияли-елес туындаса, қалыпты жағдайда, ішек дұрыс жұмыс істейді.

Бұлар жетістікке итермелейтін гормондар. (Нейрон – жүйке жасушасының талшықтары). Дофамин мен серотонин жүйке жасушыларының электорлық әсер-әрекеті мен химиялық белгілерін реттейді. Серотонин жүйке талшықтарын реттеуші (нейромедиатор), сондықтан оны шаттық гормоны деп атайды.

Триптофан - серотонин жасаушы аминоқышқылы, бұл ет пен сүтте мол.

Аминоқышқылы – денедегі ақуызды құраушы. Адамның генетикалық кодындағы 22 нақты аминоқышқылының әрқайсы ақуыз түрлері түзілуіне көмектеседі. Олар глицин, аргинин, лизин тағы да басқалар. Сондай-ақ, ферменттер мен гормондарды құрауға және ақуыздағы көп процестердің жүзеге асуына себепші боп, әдемілік сақталуға, ұйқы мен жыныстық қатынастың дұрыстығына, тін, сіңір, бұлшық еттерінің қалыптылығына қызмет етеді.

Егер аминоқышқылы жетіспесе буын аурулары пайда боп, тері, шаш пен тырнақтың әрі кетіп, ұйқы, көңіл-күй бұзылып, талма туындап, салмақ кеміп, қан қысымы артады. Адам жүйке ауруына, талмаға немесе шалықтауға шалдықса, жүйке талшықтары қысқарып, жасушылар өледі.

Сондықтан миды дамыту керек. Ол үшін информация алу, спортпен айналысу, сурет салып, тіл үйреніп, кітап оқылса талшықтар өсіп, жетіліп, олардың өзара байланысы тез артады. Мұндайда минерал, витамин, аминоқыщқылын, майларды қолдану да жақсаруды жеделдетеді.

Міне, сіздерге біраз ақпарат берілді. Баланың денсаулығы, мінез-құлқы дұрыс болсын десек, қалай тамақтандырып және қандай қоспаны қай мөлшерде қосуды түсіндіретін еңбекті пайдаланған жөн.

Қазіргі тағам құнарсыз, нәрсіз, онда ағзаға аса қажет көптеген витаминдер, минералдар жоқ. Сондықтан денсаулық үшін, білгір маман айтқанына құлақ асқан дұрыс.

Ерлі-зайыпты дәрігерден шығып, таяу маңдағы бақ ішіне кеп отырған.

Аймұнар:

- Немере апамыз Айбаланың жалғыз ұлы «есекті отқа айдаса, боққа қашады» дегендей жасынан терісбаққан қасынан табылып, мектепті аяқсыз қалдырып, ұрлыққа түсіп сотталып, қайтып келгенде әдетіне басқан соң, қарсыласқан әкесін бетбақтырмай, пышақтап өлтіріпті.

Марқұм әжем: «Әке-шешесі итке де зекімеуші еді, мұндай бұзықтық қайдан десек?.. Түп түгендемегенде екі жақтан қосылатын жеті атаның ішіп-жем, қам-қаракетін, істеген ісі мен мінез-құлқын білмейміз ғой. Тегінде пері соққан біреу бар да. Әйтпесе, осындай қанпезерлік көктен түспеген шығар», - дейтін. Жаңа ғалымның уәжін тыңдап, ойға қалдым.

Біз де арыға бармай-ақ өткен ғасырда жұрт басынан өткерген; төңкеріс, бір қол екі көрінген ашаршылық нәубәтінен туындаған шешек, алапес, қырғұлақты, яғни, кетеуі кеткен әлжуаз ағзадан туып, талайды қубас қалдырған бала өлімін, одан соң қуғын-сүргін зұлматы, соғыс, тоқтаусыз жалғасқан жоқшылық, жарты ғасырға созылған полигон жарылысын еске алсақ та жетер.

Айтшы, осындай алапат зардабынан кейінгі ұрпақ - қаншалықты есті?!. Қазіргі көз ұялатын, құлақ сарситын бейберекеттік, бейбастақтық... Ауыз аштырмай шаптыққан бетпақтық, ойға алғанды істеп бетімен кету, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық етек алуы?.. Қыржыңның жасқа артылуы, есік көрмегеннің әкесіндейдің қойнына қойып кетуі қалай қалыпқа айналды?.. Алдыңғылардан үлкендік неге үрікті?.. Арсыздықты, ерсілікті махаббатпен ақтап, махаббаты неге айыпты еттік?.. Жауапкершілік қайда кетті?.. Адамгершілік адасқаны қалай?.. Белгілі бір халықтың қызы балиғатқа толса әкесінен сүйінші сұрап, оның: «Сен енді әйелсің», - деуінен балақыз шалбарлыға қылмаңдай бастайды.

Міне, ойсыз сөз, орынсыз дәстүр. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады». Біреуден алмағаның жоқ. Қолы ұзындар құлқыны қалағанын дәріптеу үшін, хайуандық қалыпты алға сүйретіп, әлемдік қоғам жын-ойнақ ордасына айналды.

Безбүйректер табиғатты қалай аяусыз пайдаланса, адам саудасы мен қатынқұмарлықта да дәл солай, өзгені өзіне қалауынша қызмет еткізуден, қыз-қатынның көгендікке көнбістігі көбейді. Бүгінгі сауатты ғасырда атамзаманнан жалғасқан жалғандық атаулының беті ашылып, шындық айтылмай, әділдік пен ойлылық орнықпайды.

- Иә, адамның ісі-әрекетінде өткеннің ізі тұр. Халықтың: «Тексіз, жатыры жаман, қағынып туған, жобасыз», - деуі тегін емес. Тәрбиесі еппен сіңірілген, тегі қуаттыдан сөз бастаған көсем, қол бастаған батыр шығыпты. Ендігілердің кім болмағы - кешегі мен бүгінгі жоба-жоспардың қалай екшеліп, қай дәрежеде жүзеге асуына байланысты. Жүр тұрайық, мойынға алған міндет бар

Аймұнар тәрбиеде әжесін жиі еске алады. Ол: «Баланы алдап, алдарқатпай төмпештесең, шарылдап абырой төгеді. Бұрынғылардың беталды зекіп, ұрып, ұрыспай, ұрпағын тәлпіш, тәйтік, естұрқа қылмауы - оларды жасынан қас-қабақ бағуға, ымды ұғуға дағдыландыруында.

«Ымды түсінбеген, дымды түсінбейді». Рас, балғынында дым ұқпасаң, есейгенде нені жетістіресің», - деп келіндеріне ақыл қосып, бір қатарласы қылығына: «Үйге қонақ келсе, есалаң бала түгілі, естісі де құтырып кететін әдеті. Рақима ондайда маза алып, тыныштық бермегенді «бері келші», - деп шақырып, сұстанып ақырын шымшып, содан кейін тентек аты аталса жым болуші еді», - деп күлетін.

Қазір шетелге шыққан кейбіреулер жапон, корея баланы бес жасқа дейін бетімен жіберіп, әрі қарай талапты күшейтіп, айтқанды қалт еткізбей орындатады екен», - деп, беймәлім әдісті алға тартады.

«Біреудің қаңсығы, біреуге таңсық». Мұндайды өз көмбесі аузын ашып, ондағыны саралап, зерделеп көрмеген айтады. Бетқақпағанды үйіру қандай қиын болса, ал күштеу жүйке сетінетіп, баядан әпербақан шығады.

Көргеніңнің бәрі алтын емес. Дұрысы – уақыт тезінен өткен тәлімді жоғалтпау. Ішкі түйсік осылай дейді.

Аймұнар балалары мектепке барысымен Темірді өз қалауымен суретке, Алмасты домбыраға сүйреген. Спорттың міндеті әкеде. Ұлдарының жетістігі әке-шеше үшін айт пен той. Еркін мінезді Алмас:

Апа, өскенде кім болам, айтайын ба! - деп қасқаяды.

Ал айт.

- Ғалым-космонавт. Марста үй салып, сені апарып, домбыра ойнап берем.

Аймұнардың шек-сілесі қатқан, күміс күлкі сағақтап, күмбірге айналды.

- Ке-ре-мет, ақылдым! Апарсаң болды, тұра берем.

Көктен сұрағаны жерден табылған Аймұнар, құлынындары қылығына тоя алмайтын, сүйсінуді қоя алмайтын бақытты еді. Әттең... зырлап келе жатқанда зулаған машина соғып, Ардин тіл тартпай кетіп, есірік әйел атып шықса, Алмас өкіріп машинаға бас сүйеп, Темір шөкиіпті.

Жанұшырған шеше: «Балам!», - деп құшақтай алған, ол көзін әзер ашып: «Апа, жылама! Алмасың бар...» - дегенді зорға айтып, дем бет үрді.

Бұрау босап, жас моншақтаған, Алмас анасын бауырға басты.


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha