Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
М.Әуезов -- семинария студенті

БЛОГТАР

15 тамыз 2021
272
0

М.Әуезов -- семинария студенті

                                                               Келіс Рахымжан, ф. ғ. к., жазушы

 

                                 Муезов – семинария студенті

 

        М.Әуезов Семейдегі бес класстық орыс-қазақ училищесін 1915 жылы өте жақсы деген бағалармен бітіріп шықты. Бұдан кейін оқуын жалғастыру мақсатымен бастауыш мектеп пен қалалық училищеге арнап оқытушылар дайындайтын мұғалімдер семинариясына түсті. Семейдегі мұғалімдер семинариясы сол кездегі губерниялық дәрежедегі ең таңдаулы оқу орындарының бірі еді. Омбыдағы батыс Сібірдің оқу орындарын бақылайтын бөлімшесіне бағынатын Семей қаласының оқу орындары ішінде орта дәрежелі мамандар даярлауға арналған семинария өз қызметін 1903 жылдан бастап жүргізе бастады. Мұнда оқитын студенттер қатарына қалалық екі сыныптық, бастауыш бес сыныптық училищелерде оқып, оны ойдағыдай бітірген оқушылардың арасынан қабілетіне қарай іріктеліп, сынақ қабылдай отырып оқуды жалғастыруға мүмкіндігі жететін зерек балалар таңдалып алынды. Бұл оқу орнын бітірген шәкірттер ауылдық мектептердің бастауыш сыныптарына, бастауыш училищелер мен бастауыш орыс-қазақ мектептеріне оқытушы болып қызмет істеуге даярланып, кейін осы салада жемісті қызмет етті.

       Бұл жайында зерттеушілер мұғалімдер семинариясы оқу мерзімі жағынан үш жылдық болғанын жазды. Оқу орнына түсу үшін дайындығы төмен болған оқушыларға арналған даярлық курсы жұмыс істегені туралы да мәліметтер берді. Осы жерде оқып білім алған көптеген қазақ жастары кейін оқытушылық, ағартушылық қызметпен айналысып өздерінің алған білімін тәжірибе жүзіне қолдануға мүмкіндік алды.

        Мұғалімдер семинариясының оқу бағдарламасы сол дәуірдегі алдыңғы қатарлы білім орындарында оқытылатын негізгі пәндерді қамтыды. Онда оқылатын пәндердің негізгілері дін сабағы, орыс тілі, шел ел тілі (неміс, француз) қазақ тілі, математика,тарих, жаратылыс тану, география, сызу, ән-күй, қол еңбегі сияқты пәндер еді. Бұл пәндердің кейбірі  бойынша бастауыш училищеде алған білімін одан ары жетілдіруге осы оқу орнында мүмкіндік берілді. Бұл кезде қаладағы медреселерде мұсылманша оқып жатқан қазақ балалары бұл оқу орнына орыс тілін білмеуіне байланысты түсе алмайтын еді. Орыс тіліндегі оқу орнына түсуді жеңілдету, онда оқыған жергілікті ұлттың балаларына жағдай жасау туралы түрлі шаралардың жасалуына байланысты мұндағы жақсы оқитын студенттерге стипендия төлеу туралы да жеңілдіктер қарастырылған. М.Әуезов осы жеңілдікті пайдаланып, жақсы оқығанына орай Шыңғыс болысының шәкірттерге берілетін земстволық стипендия алып тұрды.

      М.Әуезовтің Семейдегі мұғалімдер семинариясында оқыған жылдары туралы деректер мен мәліметтер естеліктерде көп кезіккенімен ондағы бірге оқыған адамдардың жазған анық, толық мәліметке сүйенетін зерттеулер әлі де болса сирек кезігеді. Сол дәуірдегі жазушымен студенттік жылдарын бірге өткізген қатарластары кейін сиреп қалуына, дер кезінде жазып алынбауына байланысты бұл жерде анықтауды керек ететін бірталай деректер баршылық.

        Бұл тақырыпта ертеректе қалам тартқан белгілі ғалым Қ.Мұхаметханов  кезінде жазушының әр жылдардағы атап өтілген юбилейіне байланысты жазған мақалаларымен қатар «Мұхтар–семинарист» деген тақырыпта да бірталай ізденістер жасап архив материалдарын келтіре отырып жазушының студенттік шағынан көптеген деректер береді. Өз пікірлерін әрдайым нақты деректерге сүйеніп дәлелдеген ғалым былай деп жазды:

        «Енді архив документіне келейік. Архивта Семей мұғалімдік семинариясының он жыл ішіндегі (1903-1913) жұмысын көрсететін мағлұматтардың кейбіреуін келтірейік.

        «Семипалатинская учительская семинария открыта с 1-го июля 1903 года... В состав семинарии входит четыре класса. При семинарии состоит двухклассное начальное образцовое училище», –деген. Енді Мұхтардың семинарияның бірінші класында оқыған кезіне келейік»,–деп түйіндейді де құрметті ғалым одан ары М.Әуезовтің осы оқу орнының 1-ші курсында 1912-13 жылдар оқыды дегенді алға тартатын деректерді ұсынады. Осы жерде құжатта көрсетілген нәрселердің дау тудырмайтынын айта кету керек. Бірақ мұғалімдер семинариясындағы оқу бағдарламасы икемделіп өзіне түскен оқушылардың білім дәрежесіне сәйкес оқытқан деген пікір түюге негіз бар екенін айтқымыз келеді. Әлгі құжаттағы осы семинария құрамында екі сыныптық үлгілі училище де бар дегенді айтқаны бар. Ендеше бес сыныптық бастауыш училищеде оқыған қазақ баласының семинарияда оқытылатын бағдарламаға сәйкес білім алуы үшін кейбір пәндерді қайта толықтыра оқып, сол сыныптардың тізімінде жүруі де мүмкін ғой деген ой да көкейге келеді.

       Егер шын мәнінде М.Әуезов 1912-13 жылдары семинарияның бірінші сыныбында оқығаны рас болса онда қазіргіше айтқанда орта сыныптардың бағдарламасын білу үшін қосымша курста жүруі де мүмкін деуге болады. Олай болмай шын мәнінде семинарияға бұдан кештеу келгені рас болмаса өз қолымен оқу орнына «1915 жылы түсіп, 1919 жылы бітіріп шықтым» деп жазу орнына басқаша жазған болар еді.

       М.Әуезов өмірінің Семей кезеңін зерттеген жас ғалым Р.Мұқажанова өз кітапшасында бұл туралы студент Мұхтар семинарияға 1912 жылы түссе оны оны 1916 жылы бітірсе керек еді деген пікір айтады. (14.8.) Бұдан ары 1912 жылы анасы Нұржамалдың, 1914 жылы ағасы Қасымбектің дүние салу оқиғалары оқуды ара-тұра үзе тұруға себеп болып, соған орай 1915 жылы оқуды жалғастыруға мүмкіндік болса керек деген болжам айтқан. Бұл болжам дұрыс деген кезде де М.Әуезовтің оқушылар тізімінде жүруі оның оқуды бұл мезгілде үзбегенін дәлелдейді.

         Жазушы бұл туралы оқуды арасында ауырып қалып, үзілген кезде тоқтатып қойып 1919 жылы шала-шарпы бітіргендігі жөнінде өз естелігінде айтқан. Демек оқудың арасында үзіліп барып жалғасқан  мезгілдері болғаны анық, оның бір рет емес жағдайға қарай бірнеше рет қайталануы да мүмкін еді. М.Әуезовтің жаңағы айтылған жағдайларымен бірге оқу арасында жүріп үйленгені, 1916-18 жылдардағы Семей қаласындағы тынышсыз мезгілдерде қырға шығып кетіп, дүрбелең басылғанша елде болғаны жайлы айтатын деректер баршылық. Студент Мұхтардың 1912-13 жылдары семинарияның бірінші курс оқушылары арасында жүруі оның қажет бағдарламаны толықтырып оқу курсында жүруінен болған деп айтсақ, бұл сол кездегі оқудың қиындығына сәйкес дұрыс болжам болады деп ойлаймыз.

        М.Әуезов өзінің балалық шағы туралы естелігінде 9-10 жасында қалалық училищеге келіп оқи бастағанын жазды. Бұл уақыт 1907-12 жылдар десек осы мезгілде ол бастауыш училищені бітіріп, қазіргіше айтқанда орта сыныпқа келуі керек еді. Осы арада оқушы баланың 7-9 сыныптағы білімі қайда, бұл уақыттағы бағдарламаны қалай толтырған деген заңды сұрақ туатыны анық. Осы аралықты толықтыру курсында оқи жүріп семинарияның студенті болған жасөспірімнің оқуға қандай қиындықтармен түскенін анық көруге болады. Онымен бастауыш училищеде бірге оқыған қатарластары бұл оқудың өзінің кемшіліктері мен жетпейтін жақтары болғанын, оқуды бұдан ары жалғастырып жоғары білім алғысы келген адамға тиімсіз, кедергісі көп екенін естеліктерінде айтқан. (10.57.)

       Бұл мезгілде қалай болса да М.Әуезовтің семинария студенті атанып білім жолында жүргені анықтауды қажет етпейтін дерек. Ендеше кейінгі заманның оқуынан өзіндік ерекшілігі бар сол уақыттың бағдарламасы мен оқушыларға білім беру жүйесіндегі кейбір өзгешеліктер болғанын жоққа шығаруға болмайды. Патшалық Ресей кезіндегі оқу орындары бұратана халықтардан шыққан азғана студенттердің түгелі дерлік озық білім мен мәдениетке жетуіне мүдделі болды, соларға жағдай жасауға тырысты десек шындыққа сәйкес келмес те еді. Бастауыш училищенің мақсаты да оқуға қабілеті бар қазақ балаларын орыс тілінде оқып жаза білуге үйрету, сауатын ашып жергілікті заңдарды білетін, әрі барғанда тәртіпті аудармашы, шенеунік болуға тәрбиелеу болатын. Екінші кедергі әлгі оқуды одан ары жалғастыруға деген қиындықтың болуы еді. Бұл қиындықты жас Мұхтардың жақсы оқудың нәтижесінде жеңе білгенін, сөйтіп семинария студенттерінің құрамына алынып, өзінің бұған дейін алған білімін одан ары жалғастыруға мүмкіндік алуын сөзсіз жетістік де айтуға болады. Бұл арада одан бұрын ағасы Қасымбектің де осы семинарияны ойдағыдай бітіріп оқуын жоғарыға қарай жалғастыруға талпыныс жасағанын білеміз. Оның да оқудағы мақсаты жұртқа жәрдемі тиетін пайдалы мамандық иесі болып шығу еді.

       Мұғалімдер семинариясының бұл сыныбында Қ.Мұхаметхановтың жазуы бойынша тізімде 33 оқушы тұрған. Осы балаларды шығу тегіне қарай бөлгенде шаруа баласы –18, казак (казакорыс) –5, мещан –4, шоқындырылған қазақ –1, қазақ –1 болыпты. Тізімде студент М.Әуезов аты-жөні орысша жазылып 33 болып тұрған. Оқу жылының аяғында Безпалов деген студент үлгерімінің нашар болуына қарай шығарылған. Оқу үлгерімі нашар болып шығарылған оқушылар саны үшеу болған. Үлгерімі нашар бір оқушы осы сыныпта екінші жылға қалдырылған екен. Бұл жайды құжатқа сүйене отырып келтірген ғалым:

        «Қалған 29 оқушының тоғызы каникулдан кейін емтихан тапсыруға қалдырылған (бәрі де орыс тілінен емтихан тапсыра алмаған). 26 оқушы екінші класқа көшкен. Олардың ішінде екі оқушы педсоветтің қаулысында:

«Переводится с наградой» деген баға алған. Олар: Петров Александр Матвеев (шаруа баласы), және өзіміздің Мұхтар Әуезов. (Мұхаң пениеден ғана үш алыпты)»–деп мысалға дейін оқушылардың  аты-жөнін атап жазды.

Осы мақала барысында семинарияда оқыған қазақ балаларының кейінгі өмір жолы туралы да ізденістер жасаған ғалым олар туралы кейінірек кеңейте жазбақ ойы бар екенін айтады. Соның ішінде шоқынған қазақ баласының тағдырын да сөз ете келіп, оның М.Әуезовтен 6 жас үлкен болғанын және өзінің жақсы оқығанын , балалардың арасында болашақ жазушымен жақын, сырлас дос адам осы болуы мүмкін екенін де айтқан. Осы жерде ғалым сәл тоқтап келесі ойларын жақшаға ала отырып былайша білдірген:

        «(Ол адамның Мұхтарға қатысы жайында және Әуезовтің семинарияда оқыған кезіндегі ортасы туралы кейінірек жазбақпыз)»,– деп түйіндей келе әлі де айтылатын деректердің мол екендігінің шетін шығарғандай болады. Бірақ бұл мақалада айтылған мәселелерге ғалым қайта айналып соқпаған тәрізді. Осы мақаланың соңында бұдан бұрынғы кездері де осы семинария қабырғасында көптеген қазақ балалары білім алып шыққанын айта отырып 1904 жылы мұнда білім алған бірнеше адамның аты-жөнін келтіріп  Барлыбаев (Ақтаев) Ахметолла, Зеинов Әбікей, Нуркинов Тәуекел, Хасенов Әбіш сияқты адамдардың атын атайды. Бұған қоса М.Әуезовпен бір мезгілде семинарияда оқыған Д.Ысқақов, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Ж.Аймауытов сияқты шәкірттердің осы оқу орнында білім алғандығын алға тартады. Осы деректердің бәрі М.Әуезов оқыған Семей қаласындағы алғашқы оқу орны болып есептелген мұғалімдер семинариясының қоғам өмірі мен алғашқы қазақ оқығандарының өмірінде ерекше орын алатын ағартушылық бағыты күшті, білім беруге лайық мекеме болғанын дәлелдейді.     

       М.Әуезов мұғалімдер семинариясына қай жылы түсіп, неше жыл оқығаны маңызды емес, ең бастысы оның жастық жалынды жылдарындағы қымбат кездерінің басқа өтпегендігі еді. Тиісті мекемелер бекітіп берген дұрыс бағдарламасы бар, ғылым негіздерін белгіленген тәртіппен оқытатын оқу орнында білім алу жасөспірім баланың өмір жолының жарқын болуына, дұрыс қалыптасуына орасан зор жәрдемі тиді. Семей қаласына аты белгілі болған білімді ұстаздардың көпшілігі дерлік осы жерге келіп әр түрлі пәндерден семинария шәкірттеріне сабақ беруге үлес қосты. Олардың ішінде В.Малахов, В.Попов, В.Белослюдов, С.Степанов, Н.Құлжанов, Р.Елкібаев сияқты есімі Семей жұртшылығына белгілі ұстаздармен қатар есімі түрлі себептермен аталмай ұмытылып кеткен көптеген оқытушылардың болғаны анық. Семей тәрізді губерниялық қаладағы ірі оқу орнына сабақ берудің қиындығы мен жауапкершілігіне сәйкес оған ең таңдаулы деген мектеп мұғалімдері мен оқытушылардың сабақ беруге іріктей отырып алынғанын оны бітіруші шәкірт білімінің сапасы дәлелдей түседі десек артық емес сияқты.

       Бірнеше жыл қалалық бастауыш училищеде оқи жүріп оқу орнының ішкі тәртібі мен қойған талаптарын ойдағыдай орындап келе жатқан жас шәкірт уақыт өткен сайын сабақпен бірге өзінің де ой-өрісі мен мәдениетінің өскенін, қала тәртібіндегі білімнің күшті әсерін күн өткен сайын айқынырақ сезінеді. Күнделікті оқыған жүйелі білім мен қаладағы мәдениет тәрбиесі оның өмірлік көзқарасының жастай өсіп кеңеюіне жол ашты. Ауылдағы ата-анасы берген ұлттық тәрбие қаладағы жаңа тәртіпке сүйенген жүйемен ұштаса дамып шәкірт алдына бұрын кезікпеген даңғыл жол салғандай болады. Бұдан бірнеше жыл ауыл баласы болып қала табалдырығын аттаған оқушы шәкірт енді бір сыныптан екіншісіне табыспен өте жүріп мектепте оқытылатын пәндерін аяқтап студенттік шаққа аяқ басты.

        Семей қаласындағы оқу соңында өткен бала Мұхтар бес сыныптық бастауыш училищені бітірген соң семинария студенті атанып заманына сай білім алу жолына енді ересек күйде шындап түсті. Ең бастысы өзіне ұстаздар тарапынан берілген жеңілдіктер мен мүмкіндік атаулыны дұрыс пайдалана білді. Бұған бала Мұхтардың оқуға деген қабілеті мен барлық пәндерден жақсы және өте жақсы деген бағаға оқуы жәрдемдесті, сонымен бірге ескіше тәрбие алған баланың білімге деген құштарлығымен қоса өз бейімдігі да осы жылдары ерекше білініп көріне бастайды.

       Бала Мұхтардың ерте күннен-ақ әнді сүйіп тыңдағанын, көпшілік бас қосып үлкендер әңгіме айтқан жерде өнер көрсеткен адамдардың өнерін ыждаһаттана тыңдағаны, той мен кешкілік жастар жиналатын алтыбақанға құмар болып інілері Біләл мен Ахметті ертіп алып қызық болып жатқан жерге жарыса жүгіретін жерлерін суреттеп жазған естелік иесі болашақ жазушының сезім күйін дәлме-дәл суреттеп көрсеткен. Кейде әлдебір оқиғаны көзбен көрген адамның айтқаны ондаған адамның сырттан естіп айтқан әңгімесінен құнды да ыстық болатыны бар.

       Оқудан қол босап ауылға демалысқа келген кезде студент Мұхтар көбіне жақын маңдағы ауылдардағы туыстарға сәлем беріп қайтуға барып келіп көбінше жеке үй тіктіріп, кітап оқып, оңаша жерде жазумен айналысады. Ел ішіндегі көпті  адамдармен әңгімелескен кезде кей нәрселерді қайтара сұрап ұмытып қалмай үшін жазып алып отырған. Онымен қоса өзі қатарлы ел ішіндегі өнерлі жастарды жинап олардың өнерін тамашалауды ұнатты. Олардың ішінде әнші-серілер, күйшілер, аңшы-саятшылар, жер жағдайын, ескілік әңгімелерін көп білетін адамдар жеткілікті еді. 

        Шәкірт бала Мұхтарға 1910-14 жылдар мектептегі күнделікті оқушы болумен шектелмеген тәрізді. Бастауыш училище қабырғасында орыс тілінде оқып жүрген оқушы бала осы ортада кең мәлім болып жүрген қазақ баспасөзінің сол жылдардағы басылымдарында жарияланған жаңалықтармен танысып, көркем әдебиет жүзіндегі шығып жатқан кітаптардан да мол хабардар болды деуге болады. Өзінің 1923 жылы Ахмет Байтұрсыновтың  юбилейіне арнап жазған мақаласында әйгілі жазушының қоғамдық ойларымен ерте оқушы кезінде-ақ таныс болғанын, сондағы ойлардың әсерімен тәрбиеленіп өскендігін айтқаны бар. Онда жас жазушы Мұхтар былай деп жазады:

        «Қазақ жастарының ардақты тәрбиешісі Ахаң сөйлегенде менің есіме «Қазақ» газетінің әндері түседі. Біз ол күнде мектеп ішінде жүрген бала едік. Бірақ патша саясаты темір бұғаудай мойынға батып, қазақ жұртын әлсіретіп, «кедейді шалапқа мас қылып, байды қымызға мас қылып», елдігін жоғалтып бара жатқанын тұманды оймен сезінуші едік, көмескі жауы қазақтың бесіктегі баласының көзіне де елестегендей еді.

        Сол уақыттарда «Қазақ» газетінің бетінен анда-санда оқып отырған әсерлі анық сөздер, қауіптің пішінін айқын қылып көрсетіп, мектептегі жас балалардың сезімін түзу жолға беттеткендей болушы еді. Жас буынның жаңа туып келе жатқан әлсіз ойын жол мұндалап, жетегіне алып бара жатқандай болушы еді. Мектептегі сабағын оқымайтын бала «Қазақ» газетін көрген жерде қадалып тұрып қалатын»,– дейді. (15.64.) Сол дәуірдегі қазақ мұңы деп елге ой салу үшін газет бетіне жазған мәселенің оқушы жастарға қалай әсер еткенін шәкірт Мұхтар есіне берік сақтаған еді. Бұл газет пен Ахаң еңбегінің көпшілікке пайдасы туралы сөз қозғар алдында оның жұртшылық қолына тиген кездегі әсері мен ойға қалдырған ерекшелігін жазушы кестелі сөздермен бейнелей сөйлейді.

        Сол кездегі қазақтың енді қара танып оқи бастаған мектептегі жастары мен елдің ертеңгі келешегіне бей-жай қарамайтын адамдарының барлығы да баспасөзде пікір білдіріп, қоғам өміріне кеңінен араласып отырған. Осы бағыттағы жолда жүрген сол дәуірдің саясатты білген белді қайраткерлері мен ақын-жазушыларының осы дәуір туралы не ойлар айтып жүргенінен де оқушы шәкірт баланың молынан хабардар болғанын бұдан арғы бірер жылда жарық көре бастаған мақалаларынан тани түсеміз. Оқушы шәкірт Мұхтар училищедегі жылдары тек күнделікті сабақ оқумен ғана емес қазақ еліндегі қоғамдық ойлардың дамуы барысымен де танысып, ол жайынан мол хабардар болғаны байқалады. Бұл уақыттарда ауылға келгенде де шәкірт жастың үнемі кітап оқып, каникулға қайтқанда оқитын кітаптарын өзімен бірге ала келіп, бос уақытын түгел дерлік жазу мен оқуға арнайтынын естелік айтушылар көп рет келтіріп жазған. Шәкірттік кезең бала Мұхтардың қоғамдық-әлеуметтік көзқарасының да қалыптасқан, ұшталып өскен кезеңі болды десек қателеспейміз.


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha