Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Жастарға арналған «Жол картасы»

БЛОГТАР

10 маусым 2021
1438
0

Жастарға арналған «Жол картасы»

 

 

      АҚШ-тың президенті Кеннеди айтып еді, «ел сен үшін не жасады деп сұрама, мен ел үшін не жасадым деп сұра» деп айтқан болатын. Осы қанатты сөзді негізге ала отырып, менің өзім де жас журналист ретінде, мақаламда еңбексүйгіш, отансүйгіш және қабілетті жастарға арналған мемлекеттік бағдарлама жайлы толғануға ниет білдіріп отырмын.

   18 наурыз күні Орталық коммуникациялар қызметінде Жастар жылына арналған жол картасы туралы баспасөз конференциясы өтті. Жиынға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы міндетін атқарушы Асхат Оралов пен Жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты.

   Жоғарыдағы жиынға қатыса отырып, бірнеше жақсы жобалардан хабардар болдым. Конференцияда: жалдамалы тұрғын үй (арендалы тұрғын үйді несилеу жүйесі бойынша) тақырыбы, жас отандық кәсіпкерлерді қолдау (стартап идеялар аясында) тақырыбы, «Дипломмен ауылға» атты мемлекеттік жобасына қатысты тақырып, орталықтан алыс тұратын дегенмен, күнделікті тәжірибе жүзінде белсенді жас мамандарды (плотник, слесарь, электрик және т.б.) демеу, жалпы ғылыми тұрғыдан алдыңғы қатардағы жас мамандарды (инженер, физик, қаржыгер т.б.) қолдау тақырыптары іспеттес түйіткілді мәселелер сөз болды.

Баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап беру барысында Асхат Оралов жоғарыда көрсетіліп отырған барлық мәселелер тізімдерінің мемлекеттік назарда және бақылауда тұрғандығына әлеуметті сендірді. Барлық спикерлердің айтуы бойынша соңғы жылдары жалпы жастар мәселесінде жетістіктер жеткілікті. Сонымен қатар, спикерлердің жағымды жаңалықтарының бірі – «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша кейінгі он жылда 54 мың жас маман жұмыспен қамтылып үлгерді, десек те, бұл жоба алдыңғы уақытта әлі дами түсетіндігі туралы да айтылды. Тағы Қазақстан Республикасында белсенді жүзеге асырылып жатқан цифрландыру, техникалық ғылым саласын белсенді дамыту (аталмыш сала біздің елде гуманитарлық білімнен кенже қалған еді), сондықтан осы мәселелерді шешу үшін Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастауымен және «Нұр Отан» партиясының «Жас отан» жастар қанатының қолдауымен жас ғалымдар мен жас инженерлерді ұлттық жобаларға тарту сәтті түрде жүзеге асуда.

     Жиын нәтижесінде мен (Жас журналист ретінде де, қарапайым жас азамат ретінде де) оптимистік сарынға толы көңіл-күйде қайттым. Есімде қалған бір деталь сұрақ қою барысында сарапшылар жастардың отандық өнімді қолдау қажеттігін айтып жатқан тұста, өздерінің үстіндегі костюм-шалбардың отандық өнім екендігін ауыз толтырып тұрып мақтана айтты.

   Жаңағы конференциядан туған тағы бірнеше жеке ойымды қоса кетейін. Техникалық білімді қолдау өте маңызды, әйткенмен, менің ойымша, рухани жаңғыру бағдарламасын ұмытпай, гуманитарлы білім мен техникалық білім арасында үйлесімділік сақталуы ләзім. Бұл республикамыздағы салалар арасындағы тепе-теңдікті нығайта түсіп, елімізді жылдамырақ түрде бәсекеге қабілетті елдер қатарына қоспақ.

    Келесі бір жағымды жаңалық. Әр жас кәсіпкер мемлекеттік тараптан 3 000 000 теңге несиелік жәрдемақыға ие болуға мүмкіндік алмақ. Бұл - өте маңызды демеу! Өзімнің жеке қосар ұсынысым – логикаға сүйенсек, кейбір жобалар расында да шикілеу және сәтсіз болуы мүмкін. Алайда, олардың авторларының арасында бірең-сараң дарынды жастар болуы мүмкін. Оларды жоғалтып алмауы үшін,   оларға жұбату сыйлығы ретінде 500 000 теңгеден бастап, 1 000 000 теңгеге дейін жәрдемақы немесе тегін кәсіби ақпараттық көмек (жеңілдігі бар 3-4 семинар-тренинг, шеберлік сағаттары, квалификациясын арттыру курстары және т.б.) берілсе, бұл бұрын соңды көзге көрінбей, түспей жүрген «ұяң» жас дарын иелері үшін өздерін танытуға қосымша мүмкіндік болар еді. Бірақ, сол қаражатты және көмекті берер алдында келесі басты шартты орындауды ұсынамын! Ол шарт – ҰБТ сияқты формада(!) өткізілетін қосымша жанама, алайда болашақ жас кәсіпкерлерге арналған тағы бір республикалық тест - «Шығармашылық және  Оригиналды Ойлау Емтиханы»-нан өту. Соның да жеңімпазы болуы міндетті! Егер бұл ойым келешекте жүзеге асса, онда осы байқауға жұмыссыз жүрген жастар мен жоғарғы курс студенттеріне де қатысуға рұқсат етілуін де қарастыра кеткен жөн. Сонда жас таланттардың табылу статистикасы тағы да кеңейе түсер еді... Тағы бір шарт – ол жұмыссыз жастың қолында жоғары білім немесе кәсіби орта білім (шын) дипломы болуы шарт. Және егер ол студент (магистрант) болса, оның ресми оқу үлгерімінің орташа бағасының көрсеткішінің үздік болуы керек! Әйтпесе, тым белсенді, бірақ интеллектуалды деңгейі халықаралық аренаға  тұрмақ, тіпті республика ішіндегі аренаға да қатысуға да жете алмайтын «үміткерлер» субсидиялық бюджеттік қорға ілініп кетпеуі тиісті. Бұл қосымша сақтық шарасы бір шетінен, мемлекеттік қаражатты одан да бетер үнемдесе, екінші шетінен шын дарындарға көбірек жол ашатын еді, егер жоғары жақтан қолдау тапса.

    Енді өзімнің (ресми жиындарда әлі айтылмаған) ойларымды айта бермей, спикерлерге де тоқталып өтейін. Дәулет Жұмабайұлы («Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы) да игі жаңалықтарымен бөлісті. Оның жеке азаматтық патриоттық көзқарасы да мені сүйсіндірді: «Мемлекеттік тілді насихаттау өзімнен бастау алады. 3-4 тілді білсем де, үнемі мемлекеттік тілде - ана тілімде сөйлеуге тырысамын. Өйткені, ол - анамның тілі!». Ал үш тілдік білім жүйесіне қатысты, ол былай деді: «Ауылдық жерлерде қазақ оқушыларына ағылшын тілін қазақша оқыту әдістемелерін дамытып жатырмыз. Сонымен қатар, классикалық әдебиетті насихаттау бойынша кітапханаларды дамыту бойынша да, облыстық, ауылдық орталықтарында да іс-шаралар екі жылда жүзеге асырылып жатыр. Таза қазақ тілін сақтау бойынша, қазақ тілінде бұрыс, қатемен жазылған дүкендердің немесе басқа да мемекемелердің атаулары өзгертіледі». Жаңа заман да бір орында тұрған жоқ, сондықтан инновация жайлы да Дәулет Жұмабайұлы айтып өтті, оның пікірінше тіпті ауылды жерде де цифрлі технология (мобильное приложение) қажет нәрсе, себебі фермерлік кәсіпкерлікке де нарыққа ілесу үшін ақпараттандыру маңызды.

   Жыл сайын Астана қаласына еліміздің түкпір-түкпірінен, облыстық орталықтарынан үздіксіз жастар келіп жатыр (олардың арасында дарынды да, ерекше білімді де жастар бар). Әйтсе де, неліктен ол жастардың бір бөлігі қайтадан туған өлкелеріне оралып жатыр десеңіз, бұның себебі біреу ғана – олар заманауи ұлттық даму үрдісіне түрлі себеппен ілесіп үлгермей жатыр. Бұны шешу үшін мен Жастар жылына орай, бір ұсыныс жасағым келіп отыр. Жастарды бағдарлау Республикалық қосымша және жартылай жекеменшік орталығын жастар тарапынан ашу. Ол орталық жастарды тікелей жұмыспен қамтып, тұрғын үй мәселесін шешпейді, ол орталық жас мамандарды (қабілеттеріне қарай) Мемлекет үшін маңызды түрлі бағыттарға және салаларға іріктеп жібереміз. Біреулерін бизнеске, біреулерін «Жас Отан» партиясының қатарына шақырып, жастар мәслихатына, біреулерін волонтерлік қызметке, біреулерін ғылыми зерттеу институттарына, біреулерін агроөнеркәсіпке, біреулерін ірі компанияларға. Осы бастамамды Астана қаласы жастар мәслихаты немесе Астана  қаласы әкімдігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Білім мен Ғылым министрлігі және жастардың дамуына бейжай қарамайтын мекемелер қолдайды деген ойдамын.

Риза ЫСҚАҚ

18 наурыз 2019 жыл.


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha