One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Blogs
ЖАЗУДАН СОҢҒЫ КӨҢІЛ-КҮЙ (Соңғы сөз орнына)

BLOGS

25 march 2022
222
0

ЖАЗУДАН СОҢҒЫ КӨҢІЛ-КҮЙ (Соңғы сөз орнына)

Қоғам - сәйкессіздіктен жасыған жігер, жабырқаған жан.

* * *

Ғасыр - апандағы қым-қуыт, аласұрған женкештілік.

* * *

Әр адамның жан-жүрегінде ата-анасы жайлы

айтып тауыса алмас аңыз бар.

 

Иә, жүректі дір-дір еткізіп, төбеқұйқа шымырлатар аса ауыр оқиғалар желісі. Осы кітапты жазуда әр әңгіме әсері жүйке жұқартты десем, артық айтқандық емес. Өйткені, бұл - XX ғасыр басынан опыр-топыры шыққан бір халық өткерген тағдыр-талайынан қазақ қыздары тартқан тауқыметтің қандай болғанын түйсіну.

Төңкеріс деген аждаһаның қырып-жоюымен ен даланы иемденуді көздеген залым саясат тасырларға ерік беріп, ел-жұртты топалаң тигендей етті. Ал сол топырда қолына тізгін тигендердің шоқпар сілтесін-ай...

Олар - байлардың отбасын ойрандап, қыздарын, тоқалдарын өз қалауынша әйелдікке алып масайрап, көнбегендерін тастай суға сап, шыбықпен сабап шыңғыртып, мал-мүлікті тәркілеп, жер аудару, түрмеге қамау, адамдарды жасырын апарып атып тастау сияқты әрекеттерді белсене атқарды.

Жәбір мен зорлық арты неге ұрындырды?..

Әрине, жүйкелеуден, жоқшылықтан тұралаған жұрт талғажау таппай шыбынша қырылып, ата-анасыз қалған балалар жетімдер үйіне тоғытылып, олар онда да аштықтан ісініп көз жұмды.

Қатыгездік тоқтамды білмейді. Ұзақ жыл басынан өткергені аздай-ақ, енді осы алба-дұлбасы шыққан панасыз жұртқа отыз жетінің ойраны кеп қосылды. Бұл - атылған азамат, түрмеде азапқа түскен әйел, қайыр сұрап қаңғып кеткен бала, өксіген өмір...

Адамдарға қанды қолымен тартқызған қасіреті ешбір жасырып, мәймөңкелеуге келмейтін – 37, 38! Оның беті - жапа шеккендердің көз жасымен сатпақталған! Оның қазаны - жәбір назасына толтырылған! Жазықсыздар тақсіреті... Ой жүгіртсең құлақ шыңылдар сұмдық!..

Азап жүгін адам қаншалықты көтере алады?.. Ал шыдам тапқан бейбақта шапағат дейтіннен бірдеме қалуы мүмкін бе?..

Сол алмағайыпта араша таппай аңырап, бордай үгітіліп жүріп аман қалғандардың ептеп-септеп ел боп, жаға түзегеніне не дерсіз... Үңіліп көрерлік өмір сабағы...

Бүгінгілер ше?.. Әке бауырында, шеше алақанның аясында өскендер жамандыққа үйірлікті қайдан алады және одан бас тартуы неге қиын? Әлде біз тәрбиеге атүсті қарайтын болдық па, мүмкін аса маңызды салада мемлекет жүргізетін жұмыста олқылық көп шығар?..

Өз аранын толтыруды күйіттейтін жоғары оқу орындары даярлаған кадрлар - балаларды келешекке жетелеуде дәрменсіздік танытуы қазір ешкімге жасырын емес. Білімді, салауаттылықты қалыптастыра алмаған ортаның болашағы қандай?.. Көз жұмып, жүрдім-бардым қарауға келмейтін нағыз көкейтесті мәселе!

Қазақстан Республикасы Статистика жөніндегі агенттік мынадай деректерді ұсынған екен.

«Елімізде 7 миллион 751 мың 200 әйел-ана бар. Олардан (100 мыңға шаққанда, ескерту: деректер осы көлемде алынған) 126,2 әйел туберкулез дертіне ұшырапты. Анемия (қан аздығы) ауруына шалдыққан аналар саны 1122,5. Қатерлі ісікке ұрынғандар 189,9 адам. Ғасыр дерті - СПИД-пен ауырғандар 1171 әйелге жетіп, 2001 жылға қарағанда 3,4%-ке өсіп отыр» («(Ана тілі». Наурыздың 7-сі. Жылан жылы, 2002).

Көңіл көншітер мәлімет емес, бірақ ащы шындық. Түйсінсең бойды суық алады. Бұл анықтамадан басқа өмірде кең етек жайған ішкіштік зардабы, есірткі әкелген есалаңдық, нақұрыстық, қайыршылық, жезөкшелік, кембағал боп туатын нәрестелердің көбеюі, қатары өсіп бара жатқан жетімдер үйі; ең сұмдығы - аңша аңдып адам ату кесапатын немен ақтармыз.

Қазақ - қу басы домалағанша тойға тоймайтын, бір желіксе қоймайтын ел болғандықтан арақ ішуде ең ішкіш дейтіндермен иық тірестіргені белгілі, енді адам өлтіру керуеніне ілескені аңғарылады. Бұны XXI ғасыр әкелген індет демеуге шара жоқ, егер алды алынбаса; итті аяқпен тепкізбейтін, біреудің жазықсыз мұрны қанағанын қаламайтын қазақтың кейінгілері қанішер боп шыға келмесіне айтар уәж, берер кепілдік жоқ.

Өйткені, тарихта өркениетке үлес қосқан кейбір халықтар ұрпағының азып-тозған мысалдары бар. Ондайлармен де иін тіресер болсақ, өзімізді «кең пейілді, жомартпыз» деп далиюға хақымыз жоқ. Құныкерде қайдағы пейіл?.. Тіпті, әкесін кісәпір (киллер) жалдап өлтірткен қыз туралы да естідік ғой.

Міне, бұл «күресіп жатырмыз» дей салудан гөрі күрделірек мәселе. (Өйткені, күресте жығылған қайыра бой тіктейді). Сондай-ақ, «бұл әлемдік құбылыс» деп бас арашалауға бой артып, оңай сылтау таба кету; туған халқыңның тағдырына алаңдамау деген сөз.

Мемлекет болам деген елдің үнемі назарда ұстайтыны – әл-ауқат пен ұрпақ тәрбиесі. Өйткені, алға озу үшін де, ел басына аумалы-төкпелі (бұрынғылар заманның бір орында тұрмайтын аумалы-төкпелілігін айтып кеткен. Оған «Елімай» санасынан өшпеген халықтың «кемелденген социализмді» толық орнатып, коммунизмге нық қадам бастық» деп бір ғасырға таяу алаулатып-жалаулатып, ұрандатқан қоғамның табан астынан қалай сырғығанын көруі нақты мысал. Аждаһадай айбынды мемлекет құлап қалар деген ой ешбір жанның миына келмеген) күн туа қалса да, жұртын аман сақтап, жер бетінен өшіріп алмауды әріден ойлай алатын ақылды, саналы адам керек және ол әр қазақтың баласы болуы керек.

Қай кезеңде де ұрпақ қалыптастыру оңай болмаған, дәл қазір де шешімі қиын, өткір тұс. Кім болса да тез гүлденіп, көркеюін неге жек көрсін, бірақ ең негізгі шаруадан басқаны; оған нұқсан келмейтіндей оңтайлап атқару нағыз ақылдылық.

Тарихта ауыр тұрмысқа қарамай, адамдардың сүйегі үстінен қала салып, «терезе ашып» мақтанғандардың кейінгілері сапасының қанадай болғанын аңғару қиын емес. Бұл - күшену де, күштеу де жақсы емесін, оның арты тасырлыққа апаратынын көрсетеді. Тасырлық қырып-жоюды көздейтінін өткен тарих жеткілікті дәлелдеді.

Түзелген тұрмыс жайлы айтуға пейілміз. Иә, нақты мәліметтер қай кезеңде де жаман ахуал болмады десе де, көз үнемі көңілсіз көріністердің куәсі... Жеке басқа табынушылық болдыруынан кейінгі жылымықтан соңғы тоң-торыста да жаға жайылмай, қалт-құлт күн кешкен жоқ па едік?..

Ал тәуелсіздікпен жағаласқан жоқшылықтан жосыған әр шаңырақ ала қаптың арқасында жан сақтап қалғаны баршаға мәлім. Ендеше, оңала қалу - оңай ма?.. Жан сақтау мен жақсы тұрмыс арасы - жер мен көктей екенін қалай білмегенсуге болар?..

Ашаршылық, жоқшылық зардабын тартқандардан туған ұрпақтың денсаулығы нашар, үлкен де, кіші де аурушаң, дұрыстап емделуге қара халықтың мүмкіндігі келе бермейді. Сонымен қатар, ушыққан экология салдарын білсек те, «жауырды жаба тоқу» әдетіне үйренгенбіз...

... Суықта ұзақты күн шаруа істеп кеп, ыстық көжеге тойып алған бейшара бойы жылыған соң жата кетіп көсіліп:

- Бүгінгі күннің жылысы-ай! Ей, қатын, бар да ана қара сиыр үстіндегі жабуды шешіп таста! - Депті.

Ол - күйеу сөзін екі етпейтін кез ғой, әйел айтқанды істейді.

Ертеңіне отағасы асықпай тұрып, шай-пайын ішіп, қораға кірсе - қара сиыры серейіп жатыр дейді...

Міне, тіршіліктің бар ауыртпалығын мойынмен көтерген нар халқтың бұл оспағы көп нәрсені аңғартады. Алаңдарлық жай бар.

XX - ғасыр өтті, кетті дүние... Ал XXI ғасыр ше?.. Шапағатынан шапалығы басым өмір қойынына үңілу - көңілге тыншу бермейді... Әлдеқайдан үңірейген үрей үңгірін сезінесің... Иә, «Жау жоқ деме, жар астында...» өсиетін есте ұстаған абзал.

Өз әкелерім: «Дауыс әуені өзгерген жерде, орта ауаны өзгереді», біреу шаптыққанда қарсыласпа, тіріспе, үндемесең туысып кетесің», - деген қағиданы өнеге еткен. Ылайым пенделердің санасында сәуле боп, ауыз бірлік пен жүрек жылуы жоғалмасын. Сонда ғана адам баласының көз жасы азайып, жұмыр жер еркін тыныстар.

Алматы, 21.12.2002.

-0-


Share:
     
Leave a comment:
Captcha