One of the reasons people in a vicious addiction - idleness. When he had tilled the land, engaged in trade, how could he lead an idle life?
Abay Kunanbayev

Home
Blogs
АҢСАУҒА АУҒАН АҢСАР ЯКИ ПОСТМОДЕРНИЗМДІ АҢСАУ

BLOGS

13 november 2020
514
0

АҢСАУҒА АУҒАН АҢСАР ЯКИ ПОСТМОДЕРНИЗМДІ АҢСАУ

АҢСАУҒА АУҒАН АҢСАР ЯКИ ПОСТМОДЕРНИЗМДІ АҢСАУ

(Жазушы Абдырақын Нұрқалықтың әңгімелер жинағын оқығанда)

         Қазіргі қазақ прозасының орта буын көшіне ілесіп келе жатқан қаламгердің бірі - Абдырақын Нұрқалық. Өзінің табиғи қабілеті арқасында сөз өнерінің түрлі қиындығын бір кісідей көтеріп, жазушылық деген жанкешті өнердің бар ауыртпашылығын толығымен сезінген, сөйтіп, әдебиет айдынында жүзуге бар жауапкершілігімен келген Нұрқалық өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаруға кіріскен.

         Көркемөнердің көгінде тұрған әдебиет - кез келген адамның кенеттен кіріп кетуіне рұқсат бермейді. Абдырақын Нұрқалықтың әдебиетке келуі кездейсоқтық емес. Ұзақ ізденістер, сан түрлі тәжірибелерді басынан өткеріп, ойлана-толғана атқарған істің жемісі екендігі, оның шығармаларның тек уқиғағана емес, ойдың негізіндегі уқиға құрылатындығынан көріледі және оқырманын қалың ойдың ішіне тастап кетеді, бүгінгі таңда әдебиеті кино жаулап жатқан заманда, осындай нәзік ойдың иірімдері сол шабуылға төтеп береі хақ.

         Шығыстанушы-синолог Нұрқалық әдебиетпен айналыса жүріп ғылымға да терең бойлады. Оның қаламынан туған Қазіргі қытай тілінің грамматикасы, Жаңа заман қытай әдебиеті, Қытайша-қазақша фразеологиялық сөздік, Қазақша-орысша-ағылшынша-қытайша-арабша-түрікше этнографиялық қысқаша сөздік, Елтануға қатысты мәтіндер топтамасы, Көне қытай әдебиеті сынды оқулықтары, Қытай және қазақ тілдеріндегі бастауыш-баяндауыштық сөйлемді салғастыра зерттеу атты монографиясы тәлімгерлердің, жас ғалымдардың мамандануына өз септігін тигізуде.

         Н.Абдырақынның ендігі бір қыры - оның аударма саласындағы еңбегі. Қытай жазушыларының әңгімелерін аудара жүріп, күрделі еңбектерді де тәржімалауға тырысты. Нәтижесінде Ван Бонанның Даналықтың дәйегі және Қытай мифтері атты еңбектері дүниеге келді. Оның аударма саласында қытай қаламгерлерінің көркем шығармаларын аудару ісі болашақта жалғасын табарына сенеміз.

         Жазушы Н.Абдырақынның алғашқы әңгімелері «Үркер», «Қазақ әдебиеті» сынды түрлі әдеби басылымдарда, «Абай. Кz» , «Қамшы. Кz» «Кітап. Кz», «Мезгіл.Кz», «Мәдениет порталы», «Әдебиет порталы» қатарлы әдеби сайттарда жарық көре бастады. Түрлі басылымдарға әдебиетте болып жатқан жаңалықтар турасында сұхбаттар беріп, өз пікірін ортаға салып жүруі - оның әдеби үдерістерден қалыс қалмағандығын аңғартады. 2010 жылы оның Ан-арыс баспасынан Иірім атты романы жарық көрді. Бұл роман туралы баспасөз беттерінде біраз сын айтылды. Ол сынның барлығын көкейіне түйген жас қаламгер, өзінің жазушылық шеберлігін арықарай шыңдай түсті. Енді міне, әңгімелерін жинастырып, кітап етіп шығарып отыр.

         Әңгіме жанры - күрделі сала екендігі белгілі. Жазылу тұрғысынан түрлі стильдерге негіз артатын әңгіме жанры - кейде оқиға желісіне тікелей байланысты болса, енді бірде ол сол жағдайдың өзіне бағынышты болады. Алғашқы оқиға негізді стильді кейде - Мопассан стилі десе, жағдаятқа тікелей қатысты түрін - Чехов стилі деп атайды. Ал ХХ ғасырда Франц Кафка дамытқан Мен негізді әңгіме автордың тікелей өз атынан баяндаудан бастау алады. Кейде оны тұлғаны тұлға ретінде әңгімелеу деп те атайды.

         Н.Абдырақын шығармашылығында осылардың ішінде жағдайды суреттеу стилі басымырақ. Дегенмен автордың өзінің рухани жағдайын, қиял әлемін суреттуі де аракідік кездесіп отырады.  

         Қаламгер өз дәуірінің, өзі өмір сүріп отырған қоғамның реалды шындығын баяндаушы, сондықтан да қоғамдық құбылыстардан тыс қалмай соның барлығын тізіп отыруы оның байқампаздық және сезімталдық қабілетіне тікелей байланысты. Осы тұрғыдан келгенде Н.Абдырақынның қоғамда болып жатқан түрлі өзгерістерді дәл байқап, оған үн қатуы оның азаматтық борышының белгісі.

         Прозаик Н.Абдырақын әңгімелерінің тақырыптық-идеялық әртүрлілігі оның осы бақылаушылық қабілетінде жатса керек. Ол қазіргі өзгермелі, үдемелі, жылдам дамушы заманда болып жатқан тақырыптардың барлығына өз көзқарасын анық байқатады. Басты тақырып әрине - әлеуметтік сала екендігі белгілі. Қазіргі дәуір адамының әлеуметтік жағдайы оны ойландырмай қоймайды. Өзі де осы үдерістің ішінде дәл сондай жағдайда болғандықтан және өзін осы қоғамның бір мүшесі ретінде сезінгендіктен уақыт артқан ауыртпашылықтарға мойымай күресіуге шыққан. Әсіресе қоғамда орын алып жатқан түрлі әлеуметтік әділетсіздіктер, бюрократизм, қағазбастылық, парақорлық, имансыздық, қатігездік - Нұрқалық әңгімелерінің басты тақырыбы. Сонымен бірге Отанға, елге, ауылға деген сағыныш, тіл мәселесі, тарихи әңгімелер де оның назарынан тыс қалмайды. Өзі туып-өскен Өртекестің тылсым табиғаты, Ақдалада өткізген балалық шақтың тәтті сезімдері әңгімелерінде көрініс табады. Туған жеріне деген сағыныш, туған-туысқа деген аңсары ауып тұрады. Олай болуы табиғи құбылыс: туған жерін жоғары бағаламай жатып жазушы болу қайдам.

         Н.Абдырақынды өзге қаламгерлерден бөліп-жарып тұрған өзгешелу тақырып - ол қазақ ғылымының жәй-күйі, қазіргі заман ғалымдарының әлеуметтік жағдайы, жоғары оқу орнындағы оқытушылардың тағдыр-тәлкегі ерекше сөз болады. Қазіргі заман ғалымының портретін жасайды. Қағазбастылыққа көмілген ғалым-оқытушылардың маман дайындау ісіндегі қиыншылықтар Ит тірлік әңгімесіне арқау болған.

         Енді бірде ол кәрі әке-шешесін, ауылдағы зәуілім үйін тастап, үлкендердің сөзіне қарсы шығып қалаға тартқан жастардың қазіргі келбетін суреттейді. Осы Қала деп аталатын әңгімесінде бір пақыр жігіттің өзінің жақсы тұрмысынан баз кешіп, жастар қалаға кетіп жатыр мен де кетемге салып, бала-шағасын еңірете ертіп, әке-шешесін қан құстырып, тастап кеткен безбүйрек жастың қаладағы қиын өмірін  әдемі жеткізеді.

         Зілмауыр әңгімесінің көтеріп тұрған жүгі де ауыр. Өйткені ол қазіргі қоғамымызда өте өткір тұрған діни мәселеге арналған. Құдайды танимыз деп адасып, түрлі діни ағымдарға еріксіз еніп жатқан қазақ жастарының тағдыр-талайы сөз болады. Баласы - шоқша сақал қойып, шолақ шалбар киінді, келіні - бет-жүзін бүркеп тұмшалап, етегі жер сыпыратын ұзын көйлек киген олар Абайды білмейді, қазақта дәстүрлі пайғамбар жасы 63 дегенді 40 жасқа ауыстырады,пайғамбарымызға пайғамбарлық 40 жасында келді деп қазақи түсінікті мүлде терістейді баласы әкесіне. Кеш болды сұхбатқа барамыз деп әкесіне қарсы шығып, оны түбінде қарттар үйіне апарып тығады. Бір кездері бүкіл ауылға сыйлы болған бас агроном Тасқынның бала тәрбиесінде жіберген қателіктерін мойындайды,  жат жерде шейіт болған жалғыз ұлының  суретіне қарап зар еңірейді.

         Ал Әмірбек әңгімесінде қазіргі қоғамның жегір-құртына айналған айықпас дерт - парақорлық сөз болып, құдайын танымай өткен Әмірбектің бала-шағасына берер өнегесі жоқ шал деп мінейді. Алланы аузына еш алмайды, беретінге беріп, алатыннан алып, айналасына тамыр-таныс, туған-туысты жинаған Әмірбек аварияға түсіп өлім аузынан қалса да, қанағат пен ынсапты білмей өткен қазіргі заманның шікірейген шенеунігінің жинақы образы десек болғандай.

         Орақбай  әңгімесі күздегі сар жапырақтарды сатырлата аяусыз басып, шулаған шашын қолымен тарап, Орақбай келеді деп басталады, онда МАИ қызметкерінің ұлы Орақбай әкесі секілді оңай жолмен ақша тауып, жүргізушілерді қан қақсатуды көксейді. Жүргізушілер байқай бермес жол шетіндегі қуыста тығылып, тышқан аңдыған мысықтай жан қинамай ақша табуды әдетке айналдырған әкесі бұл өнеріне ұлын да үйретеді. Алайда ұлы әкесінен асып түседі. Ол басқа сала бойынша машықтана бастайды. Сорақысы сол - жол апаты оқиғасын желеу етіп, қайғыдан қан құсып отырған отбасына өлі денені бергізбей мәйітханаға апаруы, ол жерде денені саудаға салып, қомақты ақша табуы - нағыз азғындықтың көрінісі. Көзін шел басып, арам ақшаның астында қалған Орақбай өзгенің қайғысын, етегі жасқа толған ананың көз жасын шыбын шаққандай көрмейді. Аяушылық, мейірім, адамгершілік түсінігінен тым алшақ Орақбай керісінше, бұл жақсы тірлік екен, күндіз бойы жол тосып телміргенше, аз жұмыс жасап көп ақша табу әлде қайда тиімді деп масайрайды. Қазіргі заманның азғын адамы. Имандылықтан ада, ынсап пен қанағаттан жұрдай Орақбайлар қазіргі біздің қоғамда көбеймесе азайған жоқ. Тасбауыр, безбүйрек адамдардың қоғамымызды жайлап бара жатқандығы қаламгерді қатты толғандырады. Құдайдан қорықпағаннан қорық дегендей, ондайлардың жазасыз қалмайтындығы сөзсіз.

         Абдырақын Нұрқалық өзінің әңгімелерінде адам баласының ішкі дүниесіне, оның рухани өзгерісіне, рухани арпалысына, өзге өмір мен өз өміріндегі параллельдікке, өз ішіндегі өзімен шиеленіске, қос ғаламшарда қатар өмір сүріп жатқан өмірді суреттеуге деген иілім байқалады. Мұны кейде базбіреулер метафизикалық тақырыпқа сайып жатады. Дегенмен мұны қазіргі әдебиеттегі постмодернистік сарын десек болғандай. Н.Абдырақын шығармашылығында постмодернизмдік сарынға бет бұрушылық байқалады.         

         Постмодернизм – әдебиеттанушылардың көп талқылап келе жатқан қазіргі заманның әдеби құбылысы. Постмодернизм - белгілі бір даму деңгейіне жеткен қоғамның негізгі тенденцияларын, бағыт-бағдарын білдіретін дүниеге деген көзқарас. Сондай-ақ, бұл көзқарас біртекті теорияға немесе ілімге сәйкес келмейді, ол ғылымның алуан түрлі саласын қамтып, түрлі ыңғайлар мен көзқарастардың ауқымды спектрін түзеді. Осыған қарамастан оларды біріктіретін ортақ тұжырым бар екендігі белгілі. Нақты бір дәуірдің кез келген интеллектуалдық іс-әрекетінің негізін жалпы «уақыт рухы» деп атау дәстүрге айналған. Постмодернизм кешендік идеялық ағым ретінде осы уақыт рухының квинтэссенциясын білдіреді. Қалай болғанда да, ол (постмодернизм) бүгінгі күннің рухани ахуалын бейнелеп көрсетеді. Постмодернизмнің басты ерекшелігі һәм бірден-бір дұрыс тұжырымы - жалпы теорияның көмегі арқылы әлемді біртұтас әрі бөлінбейтін бүтін деп қарастыруға мүмкіндік бермейтіндігінде.

         Постмодернизмнің сыртқы көрінісі қандай деген сауалға жауап беретін болсақ дейді, - әдебиеттанушы-ғалым С.Қасқабасов, - өмірдің бейнесінен алыстап кету, ойда жоқ нәрсені айту, я болмаса елес қуып адамның екіге бөлінуі, екі ойлы болуы, сандырақтап бір нәрсені айтуы». Бұл пікірмен келісуге болады, дей тұрғанмен, бұның өзі әрине толық анықтама емес.

         Постмодернизм поэтикасына қатысты мына тұжырымды айналып өтпеген дұрыс: Америка ғалымы Ихаб Хасан бұл бағыттағы қаламгерлерге тұйықтық, бұлдырлық тән, олар ешнәрсені ашып айтпайды, соңғы ақиқат жайлы сөз қозғаудан аулақ десе, Алан Уайлд постмодернизм өмір көріністерінің бәріне дерлік өзгеше ирониямен қарайтынын атап өтеді.

         Француздың белгілі философтары - Жак Деррида, Мишель Фуко, Жан Бодрийяр постиндустриялық өркениет тұрғындарының санасын қорқыныш пен үрей және түрлі мазасыздық билейтіні туралы жазады. Постмодернист ойшылдардың пікірінше постиндустриялық қоғамда төрт нәрсе үстемдік етеді:

         Біріншісі – агностицизм (ақиқат - лингвистикалық туынды, сөздің ішінде ғана өмір сүретін құбылыс; білім кеңістігі - тілдің ойын көрсететін алаңы, ақиқаты - жалпы, интеллектуалдар бекітіп, қоғамның қабылдаған көзқарасы, қорытынды түйіні, толғам ешқандай болмыстың не өмірдің бейнесі емес).

         Екіншісі – прагматизм (интеллект белгісі - табыс, ал табыстың қазіргі капиталистік қоғамдағы келбеті - байлық пен дәулет).

         Үшіншісі – эклектизм (ақиқатқа емес табысқа ұмтылыс, соның жолында - жеке немесе аралас-құралас күйде - түрлі айла-амал, іс-әрекет, қулық-сұмдық, әдіс-тәсіл қолданылады, сол себепті әлемнің бейнесі, көрінісі - коллаж, мұражай коллекциясы).

         Төртіншісі – Анархо-демократизм (ақиқаттың болмауы, сол ақиқатқа жете алмаушылық, дүниеде ақиқат жайында бұлдыр түсініктің қалыптасуы, әртүрлі ұйымдарды және тұлғаларды езіп-жаншитын қиянатшыл күшке айналуы).

         Абдырақын Нұрқалықтың Аңсау атты әңгімесінде Сәулеттің шекті ақылы шексіз әлемді түсінбей дел-дал болады. Ол өзінің қай ғаламда жүргенін нақты білмей, соған өзі таңырқайды. Іші бір шындықты іздеп, шарқ ұрады. Ғайыпта жүріп өзінің атасын, қыстауын көреді. Өзі сол бала кезінде қой баққан Көпжасардың бастауын да анық байқайды. Алайда олар жоқ. Жете алмай жанталасады. Пайғамбарымыздың миғражға көтерілуі құлағында жаңғырады. Сәулет ақылға симайтын басқа әлемде келеді. Өз еркінен тыс бұл күйге таңқалады.

         Сәулет шарқ ұрып шындық іздейді. Шындық қандай болмақ?! Шындықтың жоғалып кетуі - постмодернизм тәсілдерінің бірі. Онымен қоса Сәулет беделді бизнесмен. Байлығы асып-тасады. Әлемде араламаған жері қалмаған. Барлығы қолжетімді. Ал беделдінің күйреуі де постмодернизм тәсілі.

         Байлықтың арқасында барлығын көріп-білген, танып-түйсінген, соңында барлығынан жалыққан Сәулет өзгеше бір дүние іздейді. Ол - шындық дүниесі. Сәулеттің рухы шаршаған. Оны жаңалау, жаңғырту керек. Сол үшінде жаңа өмір, жаңа шындық ләзім.

         Оның құлағына азан үні естіледі.  Рух қалауымен Сәулет сол жаққа бет түзеді. Іздегенін тапқандай болды. Алайда ол оны қанағаттандыра ма?! Сәулеттің аңсауы не?! Ол жағы беймәлім, оқырманның ішкі әлеміне қалдырады. Жазушының «Монолог», «Сюприз», «Зауал» әңгімелері осы бағытта жазылған. Аталмыш әңгімелерінде  бір бүтін адамды тән мен рух сынды екі бөлекке бөліп, сөйлестіріп отырады. «Ғашықтық» әңгімесі тіптен бөлек, рухына азығын толық берген, өз нәпісін тізгіндеген тақуаның Аллаға ғашықтығымен, өмірдегі қарапайым адамның Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің ғылыми қызметкеріне ғашық болып өліп-өшкен сезімі қатар суреттеліп, екі әңгіме сияқты салыстрмалы баяндалады, оқырманын терең ойға жетелейді. «Әдебиет» әңгімесі сиқрлы реалзмнің үлгісінде жазған жаңа туынды. Бұл аталған әңгімелерді бөлек-бөлек таладауға әбден болады, әйтседе, зымыран заманда көп созбай оқырманның өзіне қадырдық, деседе жазушы үнемі шабыттың үстінде жүрмейтіні де шындық, шабытсыз жазылған әңгімелерде әр едік кездеседі, «Кітап», «Жабайы мысық» әне сондай шығарма. Нұрқалық светтік жүйедегі тек уқиға қуалайтын, шығарма көлемін арттырып қалам ақысын молайтатын ауырудан аулақ, әңгімелері қысқа, қызыл сөзі аз, ойы терең жазушы.

         Нұрқалық Абдырақын - ізденімпаз, байқампаз, сезімтал суреткер. Прозасында түрлі тәсілдерге барып, әдеби-көркемдік әдісті, тақырыптық-идеялық әртүрлілікті, әдеби-эстетикалық көзқарастарды барынша дамытуға тырысады. Сондықтан постмодернистік сарындарға бет бұруы құптарлық іс. Базбір ғалымдардың қазақ әдебиетінде постмодернизм жоқ, ол тек постиндустриалды елдерге тән қасиет дегені қате ұғым. Қазақ әдебиетінде постмодернистік әдіс-тәсілдер бар екендігі дәлелденіп, оған үлес қосып жүрген қаламгерлер қатарында Ә.Кекілбаев, Т.Әбдік, Д.Амантай, А.Кемелбаева және т.б. бар екендігі дәлелденіп жүр.

         Әрине әр сурткер өз дәуірінің шындығын жазады. Нұрқалық та бұл ретте өз дәуірін шынайылықпен суреттейді. Қазіргі өзгермелі, аумалы-төкпелі заманда адам мінезі мың құбылып, сан өзгеріп тұрғанда шынайы шындықты нақты көрсету, оны дөп басу оңай шаруа емес. Алайда ол қаламгердің мақсаты. Осы тұрғыдан келгенде Н.Абдырақын өзіне жүктелген жауапкершілікті барынша атқаруда. Одан алдыңғы уақытта жақсы шығармалар күтетініміз ақиқат.

 

Жеңісбек Әкімбекұлы

Әдебиттанушы ғалым, PhD доктор.


Share:
     
Leave a comment:
Captcha