Одна из причин пристрастия людей к порочному – безделье. Когда б он возделывал землю, занимался торговлей, разве мог бы он вести праздную жизнь?
Абай Кунанбаев

Главная
Спецпроекты
Жігер Нысан

Жігер Нысан


ЖІГЕР НЫСАН – 1994 жылы 16 наурызда дүниеге келген. Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық қонсерваториясын бітірген. Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері.

ТАҢЖАРЫҚ

Таңжарық Жолдыұлының рухына терең тағзыммен арнадым!

 

«Көзіңді аш, езілген ел, таң – сенікі...»

 

Таңжарық Жолдыұлының «Осы таң кімнің таңы?» өлеңінен

 

«Таңжарық есімінде тылсым сыр бардай көрінді...»

 

Автор

 

Түн еді... жұлдыз-айсыз... қап-қара түн...

Киенің кескілеген ақ қанатын...

Ел үшін күрескендер, тірескендер

Түрменің түнегіне аттанатын.

 

Керзаман, кесір заман – қап-қара түн,

Ар-ождан аяқ асты тапталатын.

Парыз қып түйсінгендер елдің жайын,

Жауыздық жалынында қақталатын.

 

Тосып бір қалың қазақ таң атқанын,

Шуағын шартарапқа таратқанын.

Аңсады, армандады Бостандық Күн,

Даңқына дүниені қаратқанын...

 

Таң атты – Тәуелсіздік жарық таңы,

Көк Байрақ көтерілді – жанып бағы.

Бостандық КҮН көрініп көкжиектен

Қыран-ұлт еркін көкте қалықтады.

 

Кетпеді мұрат құрдым, арман жұрдай,

Қуаныш көп төгілді алдан нұрдай.

Жазылды Тәуелсіздік тағдыр болып –

ТАҢЖАРЫҚ қаламынан жауған жырдай.

 

Болмады заһардайын заман құлы,

Біледі, бағалайды далам бұны.

Айналдым Таңжарықтай ақынымнан,

Қаламммен қақ айырған қараңғыны.

 

Заманның запыранын, зарын жұтып,

Уа, халқым, көп күйзелдің халің бітіп.

Ақынның атын жаздың жүрегіңе,

Алдағы Тәуелсіздік таңын күтіп.

 

Шіркін-ай, шайырымыз қандай еді,

Халқына жарқыраған маңдай еді.

Сан жетім, сан жесірдің жасын сүрткен,

Әр жыры сәуле төккен таңдай еді.

 

Тәлімді, тағылымды, тұлға текті,

Ақ таңын Азаттықтың жырлап өтті.

Өр ақын өлең жазып, өз өмірін,

Ұлт үшін, ұрпақ үшін құрбан етті.

 

Үкілеп, үрметтеген, үміт көрген,

Түнектің көкірегін тіліп-керген.

Болжап бір таң атарын, «ТАҢЖАРЫҚ» деп,

Бабалар Ер Есімін біліп-берген.

 

Бодандық бұғауында сан зарыққан,

Аңсады Бостандықтай бар халық таң.

«Осы таң кімнің таңы» десеңіздер,

Мынау таң – мұра бізге ТАҢЖАРЫҚТАН.

 

Асқанын Алатаудан күші-демі,

Алты Алаш ардақ тұтып, түсінеді.

Атқан таң Бостандық боп арайланып,

Ақынның атын еске түсіреді...

 

ТАҢЖАРЫҚ атын еске түсіреді...

 

 

СӨЗ

 

Ұлағаттарыңды, ақылдарыңды,

Ұлықтап өсер қазағың.

Баһадүр Баба, батыл-дарынды,

Арайлап атқан ғажабым.

 

Бостандық таңы жайнап тұрады,

Болашақ жарқын СӨЗІҢМЕН.

Атыңды ұрпақ байрақ қылады,

Перзенттік кәусар сезіммен.

 

Жүрекке жазған Құраны барға,

Құрметің, Баба, ерек-тін.

Ұлтыңа айтқан ұраның – «алға!»

Сен едің нұры себептің.

 

Береке тұнған бағбандай едің,

Көп өлеңдерің – көшеттер.

Сауабы сансыз бағлан-бай едің,

Елінің бағын есептер.

 

Ессіздер жүрді Ұлы Даланың,

Тиынын санап күні-түн.

Қолыңды жайып құбылаға мың,

Сен жүрдің санап үмітін.

 

Шығып кеткенде саналы шектен,

Толғантқан елдің есені.

Дегенсің, Баба: «Адам-есептен

Алланың жүйрік есебі!»

 

Иман қосыңдар амалдарыңа,

Елінің қамын жейтіндер.

Тең келмес Алла санауларына,

Ешқандай алго-ритмдер.

 

Үміт қып елдің таңына жарық,

Маржандай өлең көп тіздің.

Ақындық дарын қаныңа дарып,

Алланың СӨЗІН жеткіздің.

 

 

АҚЫН-АЙНА

 

«Айнадай жарқыратып көрсетеді,

Мін бар ма, қолыңа алып, көр өзіңді...»

 

Таңжарық ақынның жыр жолдарынан

 

 

Аспандап, жетті бүгін атың айға,

Күш берді, қуат берді хатың ойға!

Алаштың арлы жүзін алға тартқан,

Армысың, асылтекті ақын-айна!

 

Айнаға қарадым да, мұрат көрдім,

Жүзінен қайғы көрдім, сұрақ көрдім.

Гүл көрдім тасты жарған талантымен,

Және де тасты жарған бұлақ көрдім.

 

Айнаға анықтап бір қарадым да,

Көрдім мен батқанын, шын, дала мұңға.

Жаһанға жырын оқып Ұлы Дала,

Жас тұрды жәудіреген жанарында.

 

Айнаға қарағанда – көрдім өлең,

Тұп-тұнық көрдім өлең – мөлдіреген.

Тұлғасын сұм саясат сындырмады,

Сөз оған жараспайды «өлді» деген.

 

Айнада – аспан нұры шағылысқан,

Айнада – кәміл сенім, кәміл ұстам.

Айнадан ардың жүзін айқын көріп,

Айнадан қазақ біткен мән ұғысқан.

 

Айнадан – қанжосалы қазақ көрдім,

Құдай-ау, қазақ көрдім – азап көрдім.

Аяулы арман көрдім ақ дұғалы,

Шыңына шықсам деген азат төрдің.

 

Айнадан – Қамысты мен Күнес көрдім,

Құлжада «ХАЛҚЫМ» деген күрес көрдім.

Үзілмес Үрімжіден үміт көрдім,

Әділдік әнін айтқан үлес көрдім.

 

Әділдік – Әлемдегі ән-дарқаным,

Әділдік – атқандығы алдан таңым.

Алыстан Тәуелсіздік «сәлем» деді,

Ақынның оқығанда «Армантауын!» [1].

 

Босаған бодандықтан – абақтыдан,

Айнада – қағып барад қанат қыран.

Жүз емес, жүрегіңді көру үшін,

Мен, саған, АҚЫН-АЙНА, қарап тұрам.

 

Аспандап, жетті бүгін атың айға,

Күш берді, қуат берді хатың ойға!

Алаштың арлы жүзін алға тартқан,

Армысың, асылтекті ақын-айна!

 

1 — Ақынның 1974 жылы жарық көрген жыр жинағы

 

Оставить комментарий:
Captcha